2. Қайта қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган:
1) нұсқаманы өзгеріссіз қалдыруы;
2) нұсқаманы өзгертуі;
3) нұсқаманың күшін жоюы;
4) жаңа нұсқама шығаруы мүмкін.
3. Монополияға қарсы орган мүдделі тұлғаның өтініші бойынша нұсқаманы қайта қараған кезде өтініш (шағым) берген тұлғаның немесе мүддесіне орай өтініш (шағым) берілген тұлғаның жағдайын нашарлатуға құқылы емес.
72-бап. Монополияға қарсы органның аумақтық органдарының нұсқамаларын тексеру
Монополияға қарсы органның аумақтық органдары қабылдаған нұсқамалар нарық субъектілерінің өтініштері бойынша немесе жоғары тұрған монополияға қарсы органның бастамасы бойынша тексерілуі мүмкін.
73-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамаларына шағым жасау
1. Монополияға қарсы органның нұсқамаларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2. Аумақтық органдардың нұсқамаларына монополияға қарсы органға шағым жасау үшін:
1) іс үшін маңызы бар мән-жайлардың толық анықталмауы;
2) іс үшін маңызы бар және анықталған деп танылған мән-жайлардың дәлелденбеуі;
3) шешімде жазылған тұжырымдардың істің мән-жайларына сәйкес келмеуі;
4) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзу немесе дұрыс қолданбау негіз болып табылады.
3. Нарық субъектісі монополияға қарсы органның аумақтық органының нұсқамасы өзіне тапсырылған күннен бастап үш ай ішінде оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органға не сотқа шағым жасай алады.
74-бап. Үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланған жағдайларда мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару
1. Егер үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі осы Заңның 10, 11 және 13-баптарында көзделген бұзушылықтар үшін күнтізбелік бір жыл ішінде екі рет әкімшілік жауапқа тартылса және бәсекелестікті шектейтін іс-әрекеттер жасауды жалғастырса, монополияға қарсы орган бәсекелестікті дамыту мақсатында осы нарық субъектісін мәжбүрлеп бөлу немесе оның құрамынан құрылымдық бөлімшелері базасында бір немесе бірнеше заңды тұлғаларды бөліп шығару туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы.
2. Сот, егер жиынтығында:
1) құрылымдық бөлімшелердің технологиялық негізделген өзара байланысы болмаса;
2) тиісті тауар нарығында қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған заңды тұлғалардың дербес қызметі мүмкіндігінің болу талаптары орындалса, бәсекелестікті дамыту мақсатында мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару туралы шешім қабылдайды.
3. Соттың мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару туралы шешімі меншік иесінің немесе оның уәкілетті органының аталған шешімде көзделген талаптарды ескере отырып және аталған шешімде айқындалған, бірақ алты айдан аспайтын мерзімде орындауына жатады.
11-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
75-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
76-бап. Монополиялық табысты аударудан босату
1. Монополияға қарсы орган, нарық субъектілерін, жиынтығында мынадай талаптар сақталған:
1) нарық субъектісі монополияға қарсы органға бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер туралы мәлімдеген кезде, монополиялық орган басқа көздерден бәсекелестікке қарсы осы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер туралы ақпарат алмаған;
2) нарық субъектісі бәсекелестікке қарсы келісімдерге немесе келісілген іс-әрекеттерге өзінің қатысуын тоқтату жөнінде шұғыл шаралар қабылдаған;
3) нарық субъектісі мәлімдеген кезден бастап бүкіл тергеу барысында бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер фактілері туралы бар ақпаратты хабарлаған;
4) нарық субъектісі бәсекелестікке қарсы келісімдерді немесе келісілген іс-әрекеттерді жасау салдарынан тұтынушыларға келтірілген нұқсанды ерікті түрде өтеген жағдайда, бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер жасау салдарынан алған монополиялық табысын алып қоюдан босату туралы өтінішхатпен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.
2. Нарық субъектісінің шын өкінуіне байланысты монополиялық табысын алып қоюдан босату туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының қылмыстық және әкімшілік заңнамаларының нормаларына сәйкес қабылдайды.
5-БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
12-тарау. ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
77-бап. Жұмыс істеп тұрған мемлекеттік кәсіпорындардың қызметі
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған мемлекеттік кәсіпорындар ол қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде өзінің тиісті тауар нарығында одан әрі жүргізетін қызметіне монополияға қарсы органның оң қорытындысын алуға міндетті.
2. Монополияға қарсы орган осы мерзімде мемлекеттік кәсіпорындар жұмыс істейтін тауар нарықтарын зерттеп-тексеруге және осы тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің даму деңгейі туралы, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың осы тауар нарығындағы одан әрі жүргізетін қызметінің орындылығы туралы қорытындылар дайындауға міндетті.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған және өзінің одан әрі жүргізетін қызметіне осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім ішінде монополияға қарсы органның оң қорытындысын алмаған мемлекеттік кәсіпорындар осы мерзім өткеннен кейін үш ай ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жекешелендірілуге немесе мемлекеттік мекеме болып қайта құрылуға тиіс.
78-бап. Акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген тұлғалардың қызметі
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген тұлғалар, мұндай құру Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде өзінің тиісті тауар нарығында одан әрі жүргізетін қызметіне монополияға қарсы органның оң қорытындысын алуға міндетті.
2. Монополияға қарсы орган осы мерзімде осы нарық субъектілері жұмыс істейтін тауар нарықтарын зерттеп-тексеруге және осы нарықтардағы бәсекелестіктің даму деңгейі туралы, оның ішінде осы нарықта мемлекеттің шаруашылық жүргізуші серіктестік немесе акционерлік қоғам арқылы одан әрі қатысуының орындылығы туралы қорытынды дайындауға міндетті.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған және тиісті саладағы одан әрі жүргізетін қызметіне монополияға қарсы органның оң қорытындысын алмаған, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген тұлғалардың акциялары (үлестері) осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін үш ай ішінде сауда-саттыққа шығарылуға тиіс. Осы нарық субъектілерінің акциялары (үлестері), акцияларының (үлестерінің) жиырма бес проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, заңды тұлғаларға сатылады.
79-бап. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
80-бап. Осы Заңды қолдану тәртібі
Осы Заң, осы Заңның 77 және 78-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған қоғамдық қатынастарға қолданылады. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған басқа құқықтық қатынастар бойынша ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттерге қолданылады.
81-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Жосықсыз бәсеке туралы» 1998 жылғы 9 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 9-10, 84-құжат; 2000 ж., № 21, 397-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 95-құжат);
2) «Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., № 15, 94-құжат; 2007 ж., № 19, 148-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2008 жылғы желтоқсанның 25-і.
№ 112-ІV ҚРЗ.