Қазақстан Республикасының
Заңы
Дамуға ресми көмек туралы
(2023.01.05. берілген өзгерістермен)
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы заңнамасы
3-бап. Дамуға ресми көмектің мақсаттары мен міндеттері
4-бап. Дамуға ресми көмектің қағидаттары
5-бап. Дамуға ресми көмектің секторлық басымдықтары
2-тарау. ДАМУҒА РЕСМИ КӨМЕК САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
8-бап. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының құзыреті
9-бап. Оператордың құзыреті
10-бап. Дамуға ресми көмек саласындағы халықаралық ынтымақтастық
3-тарау. ДАМУҒА РЕСМИ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ
11-бап. Дамуға ресми көмекті қаржыландыру
12-бап. Дамуға ресми көмекті іске асыру
13-бап. Дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарын қалыптастыру
14-бап. Дамуға ресми көмек жобасының іске асырылу тиімділігін бағалау
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
15-бап. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
16-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жасайтын мемлекеттерге дамуға ресми көмек көрсетуге байланысты құқықтық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әріптес донор - Қазақстан Республикасымен бірлесе отырып дамуға ресми көмек жобасын іске асыруға қатысатын шет мемлекет, халықаралық ұйым, шетелдік қоғамдық ұйым және (немесе) қор;
2) әріптес ел - Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жасайтын және дамуға ресми көмек алатын мемлекет;
3) дамуға ресми көмек - әріптес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның азаматтарының әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасы әріптес елге өтеусіз не жеңілдікті негізде көрсететін көмек;
4) дамуға ресми көмек жобасы - әріптес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның азаматтарының әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған және осы Заңда көзделген нысандарда жүзеге асырылатын іс-шаралар кешені;
5) дамуға ресми көмек саласындағы оператор (бұдан әрі - оператор) - міндеті Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыруға қатысу болып табылатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылатын заңды тұлға;
6) дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі;
7) сыртқы әріптес - әріптес елдің дамуға ресми көмектің түпкі алушысы болып табылатын мемлекеттік органы немесе басқа да ұйымы;
8) техникалық көмек - әріптес елге білім, дағдылар, ғылыми-техникалық тәжірибе беру, тауарлар беруді жүзеге асыру немесе ұйымдастыру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету;
9) халықаралық грант - әріптес елге ұсынылатын өтеусіз қаржылық және (немесе) техникалық көмек.
2-бап. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Дамуға ресми көмектің мақсаттары мен міндеттері
1. Дамуға ресми көмек:
1) Қазақстан Республикасының өңірлік және халықаралық байланыстар жүйесіне одан әрі интеграциялануына;
2) Қазақстан Республикасының стратегиялары мен даму бағдарламаларын табысты іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасауға;
3) бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға;
4) әріптес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның азаматтарының әл-ауқатын арттыруға;
5) әріптес елдің қоршаған ортаны қорғау және климатты сақтау мәселелерін басым түрде іске асыруға кезең-кезеңмен көшуіне жәрдемдесу мақсаттарында жүзеге асырылады.
2. Дамуға ресми көмектің міндеттері:
1) дамуға ресми көмек саласында Қазақстан Республикасы қолдайтын халықаралық мақсаттарға қол жеткізуге жәрдемдесу;
2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының әріптес елмен саяси, экономикалық, білім беру, қоғамдық, мәдени, ғылыми және басқа да байланыстарын дамыту;
4) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін және халықаралық жағдайды ескере отырып айқындалатын әріптес елдің дамуына жәрдемдесу;
5) өңірлік ынтымақтастықты дамыту және өңірлік проблемаларды шешуге жәрдемдесу;
6) кедейлікті азайту;
7) қоршаған ортаны қорғау және климатты сақтау мәселелерін шешуге жәрдемдесу;
8) дамуға ресми көмек саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары және басқа да міндеттемелері шеңберінде басқа да мәселелерді шешуге жәрдемдесу болып табылады.
4-бап. Дамуға ресми көмектің қағидаттары
Дамуға ресми көмек мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сәйкес келу;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларына сәйкес келу;
3) әріптес елдің егемендігін, ұлттық мүдделерін және заңдарын құрметтеу;
4) халықаралық стандарттарға сәйкес дамуға ресми көмекті ұсыну туралы және пайдалану туралы шешімдер қабылдау процесінің ашықтығы мен есептілігі;
5) дамуға ресми көмектің өлшемді нәтижелеріне бағдарлану;
6) дамуға ресми көмек жобаларының әлеуметтік және экологиялық салдарын есепке алу.
5-бап. Дамуға ресми көмектің секторлық басымдықтары
Дамуға ресми көмек әріптес елдің мынадай секторларын дамытуға бағытталады:
1) ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі;
2) жаһандық және өңірлік экологиялық бастамаларды дамытуға жәрдемдесуді қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау;
3) табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
4) трансшекаралық су мәселелерін шешуге жәрдемдесу;
5) шекараларды кесіп өту рәсімдерін оңайлатуға ықпал ету;
6) қақтығыстарды болғызбау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
7) адам саудасын, заңсыз көші-қонды және қарудың заңсыз айналымын қоса алғанда, есірткінің заңсыз айналымына және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес;
8) білім беру және ғылым;
9) денсаулық сақтау;
10) мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру;
11) кәсіпкерлікті қолдау және бизнес-ахуалды жақсарту;
12) өңірлік және халықаралық сауданы, оның ішінде теңізге шыға алмайтын елдердің көліктік және өзге де инфрақұрылымға қол жеткізуін жақсарту арқылы дамыту;
13) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарында айқындалатын өзге де секторлар.
2-тарау. ДАМУҒА РЕСМИ КӨМЕК САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсынады;
2) дамуға ресми көмек саласында халықаралық шарттар жасасады;
3) операторды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды;
4) 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарын әзірлейді және бекітеді;
2) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың дамуға ресми көмек саласындағы өзара іс-қимыл жасау тәртібін бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы қызметін ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді;
4) дамуға ресми көмектің жобалық ұсынысының (бұдан әрі - жобалық ұсыныс) нысанын әзірлейді және бекітеді;
5) мемлекеттік органдардың, оператордың және өзге де ұйымдардың дамуға ресми көмек саласындағы қызметін үйлестіреді;
6) дамуға ресми көмекті есепке алуды және талдауды жүзеге асырады;
7) халықаралық ұйымдарға дамуға ресми көмекке арналған ерікті жарналарды төлеу жоспарын бекітеді және оны іске асыруды жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметіне дамуға ресми көмектің іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы есепті ұсынады;
9) дамуға ресми көмек үшін бөлінген бюджет қаражатын пайдалану саласында оператордың қызметіне мониторингті жүзеге асырады;
10) дамуға ресми көмек жобаларының іске асырылу тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;
11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері:
1) әріптес елде дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі ахуалдың мониторингін және оны талдауды жүзеге асырады;
2) уәкілетті органға жобалық ұсыныстар, дамуға ресми көмектің қолданыстағы жобаларын тоқтата тұру және тоқтату, сондай-ақ тоқтатыла тұрған жобаларды қайта бастау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) әріптес елде дамуға ресми көмек жобаларының іске асырылуын үйлестіреді және оған жәрдемдеседі.
8-бап. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
1) уәкілетті органға жобалық ұсыныстар енгізеді;
2) дамуға ресми көмекті ұйымдық-техникалық қолдауды жүзеге асырады және уәкілетті органға дамуға ресми көмек жобаларын іске асыру мәселелері бойынша есепті ақпарат ұсынады;
3) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша дамуға ресми көмек жобаларын іске асыруға жәрдем көрсетеді;
4) дамуға ресми көмек жобаларының іске асырылу тиімділігін бағалауды жүзеге асырған кезде уәкілетті органға жәрдемдеседі.
9-бап. Оператордың құзыреті
1. Оператор өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Оператор құрылғанға дейін оның функцияларын уәкілетті орган іске асырады.
2. Оператор:
1) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыруға қатысады;
2) уәкілетті органға жобалық ұсыныстар енгізеді;
3) дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарын әзірлеуге қатысады және іске асырады;
4) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен дамуға ресми көмек саласында өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасы дербес не әріптес донорлармен бірлесе отырып қаржыландыратын дамуға ресми көмек жобаларын іске асыру бойынша сыртқы әріптестердің қызметіне мониторингті және бақылауды жүзеге асырады;
6) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
7) дамуға ресми көмек саласында есепке алуды жүргізеді және уәкілетті органның талап етуі бойынша жүзеге асырылатын қызмет туралы есепті табыс етеді;
8) уәкілетті органға дамуға ресми көмектің көлемдері мен секторлық басымдықтары жөнінде ұсыныстар енгізеді;
9) дамуға ресми көмек саласындағы ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
10) Қазақстан Республикасының аумағында да, оның шегінен тыс жерде де жеке және заңды тұлғалармен дамуға ресми көмек саласында келісімдер жасасады;
11) дамуға ресми көмек саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетеді;
12) осы Заңда және Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Дамуға ресми көмек саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Дамуға ресми көмек саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық бастамаларға, бағдарламаларға және жобаларға қатысуы арқылы жүзеге асырылады.
2. Дамуға ресми көмек жобаларын бірлесе отырып қаржыландыру және іске асыру, институционалдық қамтамасыз ету және тәжірибе мен білім алмасу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен, шетелдік қоғамдық ұйымдармен және қорлармен дамытылуы мүмкін.
3-тарау. ДАМУҒА РЕСМИ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ
11-бап. Дамуға ресми көмекті қаржыландыру
Дамуға ресми көмектің Қазақстан Республикасындағы қаржыландыру көздері:
1) бюджет қаражаты;
2) жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары мен аударымдары;
3) оператордың қызметінен түсетін кірістер;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да түсімдер болып табылады.
12-бап. Дамуға ресми көмекті іске асыру
1. Дамуға ресми көмек мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) халықаралық гранттар;
2) осы Заңда көзделген басым секторларда жаңа объектілерді құру (салу) не қолда бар объектілерді реконструкциялау;
3) жеңілдікті шарттардағы кредиттер;
4) халықаралық ұйымдарға дамуға ресми көмекке арналған ерікті жарналар;
5) әріптес елмен бірлескен қорлар құру;
6) техникалық көмек;
7) дамуға ресми көмек саласындағы халықаралық шарттар және басқа да міндеттемелер шеңберінде Қазақстан Республикасы қабылдаған өзге де нысандар.
2. Қазақстан Республикасы көрсететін дамуға ресми көмекке:
1) әскери мақсаттарға арналған гранттар, қарыздар, кредиттер;
2) гуманитарлық көмек;
3) жеке тұлғаларға төленетін трансферттік төлемдер (зейнетақылар, өтемақылар, сақтандыру төлемдері);
4) қосарлы мақсаттағы тауарлардың жеткізілімдері жатпайды.
3. Жеңілдікті шарттарда кредиттер беруді және әріптес елмен бірлескен қорлар құруды Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының уәкілетті қаржы институттары жүзеге асырады.
4. Дамуға ресми көмек:
1) екіжақты негізде - Қазақстан Республикасы мен әріптес елдің өзара іс-қимылы;
2) көпжақты негізде - әріптес донорлардың қатысуымен Қазақстан Республикасы мен әріптес елдің өзара іс-қимылы негізінде іске асырылады.
13-бап. Дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарын қалыптастыру
1. Мемлекеттік органдар және оператор уәкілетті органға жобалық ұсыныстар енгізеді.
2. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында және жобалық ұсыныстардың сыртқы саяси орындылығын ескере отырып, солардың негізінде дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарын әзірлейді және бекітеді.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша дамуға ресми көмек дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарынан тыс көрсетілуі мүмкін.
14-бап. Дамуға ресми көмек жобасының іске асырылу тиімділігін бағалау
1. Дамуға ресми көмек жобасының іске асырылу тиімділігін айқындау үшін оның мониторингі жүзеге асырылады.
2. Дамуға ресми көмек жобасына мониторинг жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Дамуға ресми көмек жобасының мониторингі негізінде дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарын түзету жүзеге асырылуы мүмкін.
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
15-бап. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
16-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы желтоқсанның 10-ы.
№ 263-V