15) егер, бала асырап алудың күші жойылған жағдайда, жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты төленген біржолғы ақшалай төлемді бюджетке қайтару туралы талап мәлімделген болса шығарылады.»;
37) 143-баптың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Судья сотқа арыз келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде арызды қабылдаудан бас тарту немесе арызды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
3. Арызды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым арыз берушінің осы талап бойынша талап қою жөніндегі іс жүргізу тәртібімен талап қою мүмкіндігіне кедергі келтірмейді.
Сот бұйрығын беру туралы арызды қайтару туралы ұйғарым оны қайтару үшін негіз болған кемшіліктерді жойғаннан кейін қайтадан беруге кедергі келтірмейді.
Сот бұйрығын беру туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы немесе арызды қайтару туралы ұйғарым шағым жасалуға, наразылық білдірілуге жатпайды.»;
38) 144-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Судья сот бұйрығын шығару туралы арызды қабылдауға және егер арыз осы Кодекстің 141-бабының талаптарына сай келмесе, өз ұйғарымымен өндіріп алушыға кемшіліктерді жою үшін үш жұмыс күнінен аспайтын мерзім белгілеуге құқылы.»;
39) 146-баптың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«3) өндiрiп алушының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлген болса), туған күнi, айы, жылы, оның тұрғылықты немесе орналасқан жерi, оның тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер мен жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе, егер өндiрiп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты орналасқан жерi не Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен мәлiметтер, банктік деректемелері және бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, сондай-ақ егер бар болса, қалалық немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері, электрондық мекенжайы туралы мәліметтер;
4) борышкердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлген болса), туған күнi, айы, жылы, оның тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi, оның тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, оның жұмыс орны туралы мәлiметтер мен жұмыс орнының банктік деректемелері (егер сот бұйрығын шығару туралы арызда көрсетiлген болса), оның банктік деректемелері мен жеке сәйкестендiру нөмiрi (егер сот бұйрығын шығару туралы арызда көрсетiлген болса) немесе, егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты орналасқан жерi не Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен мәлiметтер (егер сот бұйрығын шығару туралы арызда көрсетiлген болса), банктік деректемелері мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, сондай-ақ егер бар болса және белгілі болса, қалалық немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері, электрондық мекенжайы туралы мәліметтер;»;
40) мынадай мазмұндағы 13-1-тараумен толықтырылсын:
«13-1-тарау. Істерді жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қарау
149-1-бап. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібі
1. Сот жеңілдетілген іс жүргізу тәртібіндегі істерді осы тарауда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте көзделген талап қою бойынша іс жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарайды.
2. Судья жеңілдетілген іс жүргізу тәртібіндегі істерді арыз іс жүргізуге қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде жеке-дара қарайды. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібіндегі істерді қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.
149-2-бап. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер
1. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен:
1) егер талап қоюдың бағасы заңды тұлғалар үшін - бес жүз айлық есептік көрсеткіштен, дара кәсіпкерлер, жеке тұлғалар үшін бір жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақша өндіріп алу туралы талап арыздар бойынша;
2) талап қою бағасына қарамастан, талапкер ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап арыздар бойынша істер қаралуға жатады.
2. Егер жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен істі қарау барысында үшінші тұлғаның іске кірісуі туралы өтінішхаты қанағаттандырылса, осы тарауда белгіленген қағидалар бойынша қаралуы мүмкін емес қарсы талап қою қабылданса не, егер сот, оның ішінде тараптардың біреуінің өтінішхаты бойынша мынадай:
1) жеңілдетілген іс жүргізу тәртібі мемлекеттік құпияны жария етуге әкеп соғуы мүмкін;
2) дәлелдемелерге олар орналасқан жер бойынша қарап-тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау немесе куәлік айғақтарды тыңдау қажет;
3) мәлімделген талап өзге де талаптармен, оның ішінде басқа да адамдарға немесе осы іс бойынша қабылданған сот актісіне байланысты, басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылуы мүмкін;
4) жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен істі қарау, оның ішінде сот қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет деп таныған жағдайда, тиімді сот төрелігінің мақсаттарына сәйкес келмейді деген тұжырымға келсе, сот істі талап қою бойынша іс жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарау туралы ұйғарым шығарады.
3. Істі талап қою бойынша іс жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарау туралы ұйғарымда іске қатысатын адамдар жасауға тиіс әрекеттер және осы әрекеттерді жасау мерзімдері көрсетіледі. Егер істі талап қою бойынша іс жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарауға көшу дәлелдемелерге олар орналасқан жер бойынша қарап-тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау және куәлік айғақтарды тыңдау қажеттігінен туындаған жағдайларды қоспағанда, істі қарау ұйғарым шығарылғаннан кейін басынан бастап жүргізіледі.
4. Егер азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын екі талап мәлімделсе, бұл ретте, олардың біреуі мүліктік сипатта болса және осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға жатса, ал екінші талап мүліктік емес сипатта болса және сот осы талапты жеке іс жүргізуге бөліп алмаса, талаптардың екеуі де жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралады.
5. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен басталған, бірақ оны одан әрі талап қою бойынша іс жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қаралатын істі қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.
149-3-бап. Істерді жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қарау ерекшеліктері
1. Осы Кодекстің 149-2-бабының бірінші немесе екінші бөліктерінде көрсетілген іс бойынша талап арыз, арыз және осындай арызға қоса тіркелетін құжаттар сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында ұсынылуы мүмкін.
2. Сот талап арызды, арызды іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарады, онда істің жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатынын көрсетеді және жауапкердің немесе басқа да мүдделі адамның он бес жұмыс күні ішінде талап арызға, арызға пікір ұсынуы үшін мерзім белгілейді.
3. Тараптар мәлімделген талаптардың мәні бойынша түсініктемелерді және өз ұстанымы негізделген қарсылықтарды қамтитын құжаттарды сот белгілеген мерзімде істі қарап жатқан сотқа ұсынуға және бір-біріне жіберуге құқылы. Мұндай құжаттар сот белгілеген мерзімде ашылмаған дәлелдемелерге сілтемелерді қамтымауға тиіс.
4. Егер талап арызға пікір, арызға пікір, дәлелдемелер мен өзге де құжаттар, егер осы құжаттарды берген адамдар көрсетілген құжаттарды сот белгілеген мерзімде өздеріне байланысты емес себептер бойынша ұсына алмағандығын негіздеген жағдайды қоспағанда, сот белгілеген мерзім өткеннен кейін сотқа келіп түссе, олар қаралмайды және осы адамдарға қайтарылады. Сот көрсетілген құжаттарды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
5. Судья осы баптың үшінші бөлігіне сәйкес дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін тараптарды шақырмай істі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қарайды.
Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер бойынша алдын ала сот отырысы өткізілмейді.
Сот тараптар ұсынған құжаттарда баяндалған түсініктемелерді, қарсылықтарды және (немесе) іске қатысатын адамдардың дәлелдерін зерттейді және көрсетілген мерзімдер ішінде ұсынылған дәлелдемелердің негізінде шешім қабылдайды.
6. Істі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде осы Кодекстің 23-тарауында және осы Кодекстің 189-бабында көзделген қағидалар қолданылмайды.
149-4-бап. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын іс бойынша шешім
1. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын іс бойынша шешім, егер осы тарауда белгіленген ерекшеліктерден өзгеше туындамаса, осы Кодекстің 18-тарауында белгіленген қағидалар бойынша қабылданады.
2. Істі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қарау нәтижелері бойынша шешімге ол қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
Заңды күшіне енген, бірінші сатыдағы соттың шешіміне, апелляциялық сатыдағы соттың шешіміне немесе қаулысына осы Кодексте белгіленген тәртіппен кассациялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.»;
41) 154-баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) талапкер істердің осы санаты үшін дауды сотқа дейін алдын ала шешудің шартта немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса;»;
42) 156-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«156-бап. Қарсы талап қою
1. Жауапкер істі мәні бойынша қарау аяқталғанға дейін бастапқы талап қоюмен бірге қарау үшін талапкерге қарсы талап қоюға құқылы. Қарсы талап қою талап қою туралы жалпы қағидалар бойынша жүргізіледі. Судья қарсы талап қоюды қабылдау туралы ұйғарым шығарады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген қабылдау талаптарына сәйкес келмейтін қарсы талап арыз қайтарылуға жатады.»;
43) 160-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«160-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарау
1. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья ол сотқа келіп түскен күні жауапкерге және iске қатысатын басқа да адамдарға, төрелiк немесе аралық талқылау тараптарына хабарламастан шешеді. Судья талапты қамтамасыз ету туралы арызды қарау нәтижелері бойынша ұйғарым шығарады.
2. Талап арызбен бірге сотқа берілген талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды сот сонымен бір мезгілде азаматтық істі қозғай отырып, жауапкерге және iске қатысатын басқа да адамдарға, төрелiк немесе аралық талқылау тараптарына хабарламастан қарайды.
3. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында беріледі.»;
44) 163-баптың үшінші бөлігіндегі «мамандандырылған қаржылық сот» деген сөздер «сот» деген сөзбен ауыстырылсын;
45) 169-1-баптың бірінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Жауапкер сотқа талап қоюға қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды, сондай-ақ пікірдің және оған қоса тіркелген құжаттардың көшірмелерін талапкерге және іске қатысатын басқа да адамдарға жіберілгенін растайтын құжаттарды қоса тіркеп, талап арызға пікірді жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында ұсынады.»;
«3. Талап арызға жазбаша нысандағы не электрондық құжат нысанындағы пікірді іске қатысатын өзге адамдар да ұсынуға құқылы.»;
46) 170-бапта:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) қажет болған жағдайларда жауапкерді шақырады, одан істің мән-жайлары бойынша жауап алады, талап қоюға қарсы қандай қарсылықтары бар екенін және осы қарсылықтардың қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкін екенін анықтайды, жауапкерге оның процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;»;
мынадай мазмұндағы 4-2) тармақшамен толықтырылсын:
«4-2) кәмелетке толмаған талапкердің немесе жауапкердің заңды өкілдеріне олардың істі тиісті тараптың тұрғылықты жері бойынша аудандық және оған теңестірілген сотқа соттылығы бойынша беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіреді;»;
47) мынадай мазмұндағы 16-1-тараумен толықтырылсын:
«16-1-тарау. Татуласу келісімі
173-1-бап. Тараптардың татуласуы
1. Сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, оларға дауды реттеуде жәрдемдеседі.
2. Тараптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен татуласу келісімін жасасып немесе өзге де татуластыру рәсімдерін пайдалана отырып, дауды реттей алады.
173-2-бап. Татуласу келісімін жасасу
1. Тараптар процестің кез келген сатысында және сот актісінің орындалуы кезінде татуласу келісімін жасаса алады.
2. Егер заңда өзгеше көзделмесе, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын және егер сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделері қозғалатын болса, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою бойынша іс жүргізудің кез келген ісі бойынша татуласу келісімі жасалуы мүмкін.
3. Татуласу келісімі басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға және заңға қайшы келмеуге тиіс.
4. Татуласу келісімін сот бекітеді.
173-3-бап. Татуласу келісімінің нысаны мен мазмұны
1. Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері өздерінде сенімхатта немесе өкілдің өкілеттігін растайтын өзге де құжатта арнайы көзделген татуласу келісімін жасасуға өкілеттіктері болған кезде қол қояды.
2. Татуласу келісімінде тараптардың бір-бірінің алдындағы немесе бір тараптың екіншісінің алдындағы міндеттемелерінің шарттары, мөлшері және оларды орындау мерзімдері туралы келісілген мәліметтер қамтылуға тиіс.
Татуласу келісімінде жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру туралы немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін.
3. Егер татуласу келісімінде сот шығыстарын бөлу туралы шарт болмаса, сот бұл мәселені татуласу келісімін осы Кодексте белгіленген жалпы тәртіппен бекіту кезінде шешеді.
4. Татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан адамдардың санынан бір данасы артық данада жасалады және оған қол қойылады. Татуласу келісімін бекіткен сот осы даналарының біреуін іс материалдарына қоса тігеді.
173-4-бап. Соттың татуласу келісімін бекітуі
1. Татуласу келісімін іс жүргізуінде іс жатқан сот бекітеді. Егер татуласу келісімі сот актісін орындау процесінде жасалған болса, ол сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы соттың бекітуіне немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады.
2. Сот татуласу келісімін бекіту туралы мәселені сот отырысында қарайды. Іске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады.
3. Татуласу келісімін жасасқан және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған адамдар сот отырысына келмеген жағдайда, егер осы адамдардан осы мәселені өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыз түспесе, сот татуласу келісімін бекіту туралы мәселені қарамайды.
4. Сот татуласу келісімін бекіту туралы мәселені қарау нәтижелері бойынша ұйғарым шығарады.
5. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот оны бекітпейді.
6. Сот ұйғарымында:
1) татуласу келісімінің бекітілгені немесе татуласу келісімін бекітуден бас тартылғаны;
2) татуласу келісімінің шарттары;
3) сот шығыстарын бөлу көрсетіледі.
Сот актісін орындау процесінде жасалған татуласу келісімін бекіту туралы сот ұйғарымында осы сот актісінің орындалуға жатпайтыны да көрсетілуге тиіс.
173-5-бап. Татуласу келісімін орындау
1. Татуласу келісімін оны жасасқан адамдар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды.
2. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан адамның өтінішхаты бойынша сот беретін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.»;
48) 177-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«177-бап. Сот талқылауының тікелей және ауызша жүргізілуі
1. Сот істі қарау кезінде іс бойынша дәлелдемелерді тікелей зерттеуге: жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерді қоспағанда, тараптардың және іске қатысатын басқа да адамдардың түсініктемелерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелерді қарап-тексеруге, дыбысжазбаларды тыңдауға және бейнежазбаларды, кино-, фотоматериалдарды көруге, өзге де ақпарат өзгерту құралдарының материалдарымен танысуға міндетті. Қажет болған жағдайларда іс бойынша дәлелдемелерді зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсіндірмелерін тыңдайды.
Тараптардың және іске қатысатын басқа да адамдардың түсініктемелерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауды сот нақты уақыт режімінде бейнебайланыс арқылы жүзеге асыра алады.
2. Істі талқылау ауызша жүргізіледі. Істі қарау процесінде судья алмастырылған жағдайда істі талқылау басынан бастап жүргізілуге тиіс.»;
49) 180-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сот сот отырысын аудио- немесе бейнежазу құралдарын (аудио-, бейнехаттаманы) пайдаланған кезде төрағалық етуші бұл туралы хабарлайды.
Сот отырысын аудио- немесе бейнежазу құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда, сот отырысының хатшысы сот отырысының хаттамасында мұндай мәліметтерді көрсете отырып, бұл туралы сотқа баяндайды.»;
50) 193-баптың бірінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Талапкердің талап қоюдан бас тартуы туралы арызы, жауапкердің талап қоюды мойындауы немесе тараптардың татуласу келісімінің шарттары не дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттары жазбаша түрде беріледі, олар іс материалдарына қоса тіркеледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.»;
«5. Сот осы Кодекстің 49-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша талапкердің талап қоюдан бас тартуын, талап қоюды мойындауды қабылдамаған, татуласу келісімін немесе тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпеген жағдайларда, сот бұл туралы ұйғарым шығарады және істі мәні бойынша қарауды жалғастырады.»;
51) 194-бап мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«3. Сот іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін осы адамдар орналасқан жердегі сот арқылы нақты уақыт режимінде бейнебайланыс арқылы алуы мүмкін.»;
52) 199-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Он төрт жасқа толмаған куәдан жауап алу, ал соттың қалауы бойынша он төрттен он алты жасқа дейінгі куәдан жауап алу да сотқа шақырылатын педагогтың және заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Көрсетілген адамдар төрағалық етушінің рұқсатымен куәға сұрақтар қоя алады.»;
53) 216-баптың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сот шешімі қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейін судья сот отырысы залына қайта оралады және сот шешімінің қарар бөлігін жария етеді, шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді.
2. Шешімнің қарар бөлігін жария еткеннен кейін судья іске қатысатын адамдар мен өкілдердің сот шешімінің көшірмесін қашан алуына болатынын хабарлауға міндетті.»;
54) 217-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бірінші сатыдағы соттың істі мәні бойынша шешетін актісі шешім нысанында бес жұмыс күні ішінде шығарылады. Шешімнің қарар бөлігі іс материалдарына қоса тіркеледі.»;
55) 219-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сот істі талапкер мәлімдеген талап қоюлардың шегінде шешеді.»;
56) 222-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«222-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдерін заңсыз деп тану туралы шешім
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандыру кезінде сот дау айтылып отырған әрекетті (әрекетсіздікті) немесе шешімді заңсыз деп таниды, жеке немесе заңды тұлғаның бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді міндеттейді. Нормативтік-құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімнің қарар бөлігінде ол қабылданған кезден бастап осы актінің қолданылмайды деп есептелетіні көрсетілуге тиіс.
2. Соттың нормативтік-құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімі немесе ол туралы хабарлама нормативтік-құқықтық акт жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарында оны қабылдаған (шығарған) органның қаражаты есебінен жариялануға тиіс. Жариялау сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап он күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуға тиіс.»;
57) 229-бап алып тасталсын;
58) 235-баптың 1-1-бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1-1. Соттың қаржы ұйымдарын немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімдері олар қабылданған күннен бастап заңды күшіне енеді және дереу орындалуға жатады.»;
59) 236-бапта:
екінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылады, ол өндiрiп алушыға берiледi не оның жазбаша арызы не электрондық құжат нысанындағы арызы бойынша сот оны тиісті аумағы бойынша әділет органына орындау үшiн жiбередi.»;
мынадай мазмұндағы 5-1-бөлікпен толықтырылсын:
«5-1. Атқарушылық құжат өндіріп алушыға беріледі не оның арызы бойынша сот оны тиісті аумағы бойынша әділет органына орындау үшін жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында жібереді.»;
алтыншы бөліктің бірінші абзацы мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
«Сот шешімінің орындалмау себептері туралы ақпарат электрондық құжат нысанында ұсынылуы мүмкін.»;
60) 240-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«240-3-бап. Апелляциялық, кассациялық сатылардағы немесе қадағалау сатысындағы соттың сот актісінің орындалуын бұру туралы мәселенi шешу
Апелляциялық, кассациялық тәртіппен немесе қадағалау тәртібімен күші жойылған немесе өзгертілген сот актісінің орындалуын бұру туралы мәселені қарауды, егер осы мәселе апелляциялық, кассациялық сатылардағы немесе қадағалау сатысындағы соттарда қаралмаса, күші жойылған немесе өзгертілген сот актісін орындау жері бойынша немесе күші жойылған, өзгертілген сот актісін шығарған бірінші сатыдағы сотта істің қаралған жері бойынша бірінші сатыдағы сот жүргізеді.»;
61) 240-7-бапта:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Санкциялауға жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыны сот орындаушысы сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында ұсынады. Қаулыға санкцияланатын әрекеттерді қолданудың негізділігін растайтын атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса беріледі.»;
мынадай мазмұндағы 4-1-бөлікпен толықтырылсын:
«4-1. Сот орындаушысының электрондық құжат нысанында ұсынылған қаулысына санкция беруді сот судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы жүзеге асырады.
Санкция беруден бас тартылған жағдайда, судья электрондық құжат нысанында санкция беруден бас тарту туралы уәжді ұйғарым шығарады.»;
бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Сот санкциялаған қаулыға, атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы соттың ұйғарымына осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы немесе наразылық білдірілуі мүмкін.»;
62) 241-бап мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«Тараптардың және іске қатысатын басқа да адамдардың өтінішхаты бойынша шешімнің көшірмесі электрондық құжат нысанында жіберіледі.»;
63) 249-баптың 7) және 9) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«7) істі өзінің қатысуынсыз талқылау туралы өтінбеген талапкер екінші шақыру бойынша сотқа келмесе;»;
«9) талап арызды қайтару туралы арыз берілсе;»;
64) 252-баптың бірінші бөлігінің 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«6) соттың процестік шешімі;»;
65) 254-бап мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«Тараптардың және іске қатысатын басқа да адамдардың өтінішхаты бойынша ұйғарымның көшірмесі электрондық құжат нысанында жіберіледі.»;
66) 255-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«255-бап. Хаттама жүргізудің міндеттілігі
Бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жекелеген процестік әрекет туралы жазбаша нысанда хаттама жасалады не сот отырысының аудио- немесе бейнежазбасы жүргізіледі.»;
67) 256-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сот отырысының немесе отырыстан тыс жасалған жекелеген процестік әрекеттің жазбаша нысанда жасалған хаттамасы істі талқылаудың немесе жекелеген процестік әрекет жасаудың барлық елеулі мән-жайларын көрсетуге тиіс.»;
екінші бөліктің 4-1), 9), 13), 14) және 16) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«4-1) процестің аудио-, бейнежазбасын жүргізудің мүмкін еместігінің себептерін көрсете отырып, соттың стенографиялауды қолдануы туралы мәліметтер;»;
«9) куәлардың ауызша айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсіндірулері, мамандардың түсініктері;»;
«13) соттағы жарыссөздер мен репликалардың мазмұны;»;
«14) шешім мен ұйғарымдардың жария етілгені және мазмұнының түсіндірілгені туралы, оларды түпкілікті нысанда дайындау мерзімдері, оларға шағым жасау тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы мәліметтер;»;
«16) түпкілікті нысандағы хаттаманың жасалған күні көрсетіледі.»;
68) 257-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Жазбаша нысандағы хаттаманы сот отырысының хатшысы жасайды.»;
екінші бөлік алып тасталсын;
бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал жекелеген процестік әрекет туралы хаттама ол жасалғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірілмей дайындалып, оған қол қойылуға тиіс. Күрделі істер бойынша сот отырысының хаттамасы сот отырысы аяқталғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалып, оған қол қойылуға тиіс.»;