Ауылшаруашылық серіктестіктері және олардың қауымдастықтары (одақтары) туралы
2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 133-II Қазақстан Республикасының Заңы
(2011.24.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2014 жылғы 16 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң құқықтық жағдайын айқындайды, серiктестiк пен оның мүшелері арасындағы қатынастарды реттейдi.
1 тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң қауымдастығы (одағы)- ауыл шаруашылық серiктестiктерi жалпы жиналысының шешiмдерi негiзiнде құрылатын, олардың жалпы мүлiктiк және өзге де құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, қызметiн үйлестiру, мемлекеттік органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында және халықаралық ұйымдарда олардың мүдделерiн бiлдiру, сондай-ақ серiктестiк мүшелерiне құқықтық, ақпараттық және өзге де қызметтер көрсету үшiн ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң ерiктi түрде бiрiгуi;
2) пай - ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшесiнiң оның мүлкіндегі мүше енгiзген пай жарнасының мөлшерiне бара-бар үлесi;
3) пай жарнасы - ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшесiнiң пай қорына ақшалай, жер учаскелерiмен, жер және мүлiк үлестерiмен не ақшалай бағасы бар өзге де мүлiкпен қосқан мүлiктiк жарнасы;
4) мiндеттi пай жарнасы - мiндеттi түрде енгiзiлетiн және серiктестiктi басқару органдарында тең дауыс беру, оның жарғыда көзделген қызметтерi мен жеңiлдiктерiн пайдалану құқығын беретiн пай жарнасы;
5) қосымша пай жарнасы - ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшесiнiң өз қалауы бойынша мiндеттi пайдан тыс не серiктестiктiң жалпы жиналысы көздеген жағдайларда енгiзетiн пай жарнасы;
6) пай қоры - ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшелерi енгiзетiн мүлiк (пай) жарналарынан тұратын және серiктестiк мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылатын қор;
7) ауыл шаруашылық өнiмi - өндiрiстiң толық технологиялық циклынан өткен және белгiленген стандарттарға сәйкес келетiн өсiмдiк және мал өнiмi;
8) ауыл шаруашылық тауар өндiрушiсi - тауарлы ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
9) серiктестiктiң көрсететiн қызметтерi - ауыл шаруашылық өнiмiн өткізу, қайта өңдеу, материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау, сервистiк қызмет көрсету немесе ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң тауар өндiрушiлерге көрсететiн басқа да кез келген қызметi;
10) ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшесi - ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi болып табылатын және серiктестiкке осы Заң мен серiктестiк жарғысында белгiленген тәртiппен кiрген жеке немесе заңды тұлға;
2-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерi туралы заңдар
Ауыл шаруашылық серiктестiктерi туралы заңдар Азаматтық кодекстен, осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
3-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгi
1. Ауыл шаруашылық серiктестiгi - ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнiң ауыл шаруашылық өнiмiн өткізу, сақтау, қайта өңдеу, материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау, сумен қамтамасыз ету немесе серiктестiк мүшелерiне басқа да сервистiк қызмет көрсету қажеттерiн қанағаттандыру үшiн олардың мүлiктiк жарналарын ерiктi түрде бiрiктiру жолымен мүшелiк негiзiнде құрылатын заңды тұлға.
Серiктестiктiң кәсiби бағытына сай тауарлы ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрумен айналысатын жеке және заңды тұлға ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшесi болуы мүмкiн.
2. Ауыл шаруашылық серiктестiктерi коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және кәсiпкерлiк қызметпен өздерiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады.
Ауыл шаруашылық серiктестiгi алған таза табысты оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды және жарғылық мақсаттарға жұмсалуға тиiс.
3. Егер құрылтай құжаттарында ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң белгiлi бiр мерзiмге және белгiлi бiр мақсатқа жету үшiн құрылатыны көзделмесе, ол белгiленбеген мерзiмге құрылған деп есептеледi.
4-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiн құрудың мақсаты
Ауыл шаруашылық серiктестiктерi:
1) ауыл шаруашылық өнiмiн өткізудi, сақтауды, қайта өңдеудi қамтамасыз ету, материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау сумен қамтамасыз ету және серiктестiк мүшелерiне басқа да сервистiк қызмет көрсету үшiн ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiн ерiктi түрде бiрiктiру арқылы олардың әлеуметтiк-экономикалық қажеттерiн қанағаттандыру;
2) серiктестiктердiң пайда алмайтын негiзде жұмыс iстеуi кезiнде ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнiң өз пайдасын қамтамасыз ету;
3) өнiмдi өткізу, сақтау, қайта өңдеу және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау салаларында бәсекелестiк орта жасау;
4) ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушiден тұтынушыға тiкелей жеткiзiп берудi қамтамасыз ету;
5) ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнiң қажеттi ресурстарды тиiмдi жағдайлармен сатып алуына жәрдемдесу және өздерiнiң шаруашылық қызметiн қаржыландыруға қол жеткiзе алуы мақсатында құрылады.
5-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң құрылуы мен қызметiнiң негiзгi принциптерi
Ауыл шаруашылық серiктестiктерi:
1) серiктестiкке мүше болудың ерiктiлiгi және кәсiби бағыты бойынша серiктестiк қызметтерiн қажет ететiн және өзiне оның мүшесiнiң мiндеттерiн қабылдауға әзiр кез келген ауыл шаруашылық тауар өндiрушiсiнiң мүше болу мүмкіндігі;
2) серiктестiк мүшелерiнiң тең құқықтылығына: бiр мүше - бiр дауыс дегенге негiзделген демократиялық басқару сипаты;
3) басшы органдар құрамының сайланбалылығы мен оның мерзiмдi түрде ауысып тұруы және олардың серiктестiк мүшелерiне есеп берiп отыруы;
4) серiктестiк қызметiн өз мүшелерiнiң мүдделерi үшiн "өзiндiк құн бойынша қызмет көрсету" принципiмен жүзеге асыруы;
5) мiндеттi және қосымша пай жарналарының мөлшерiн қызметтердi тұтыну көлемiне қарай белгiлеу;
6) серiктестiк көрсететiн қызметтердi оның мүшелерiнiң келісім-шартта көзделген көлемде тұтыну мiндеттілігi;
7) ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң, қауымдастығының (одағының) қызметi туралы ақпаратқа оның барлық мүшелерiнiң қолжетiмдiлiгi принциптерi негiзiнде құрылады және өзiнiң қызметiн сол принциптер негiзiнде жүзеге асырады.
2-тарау. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң түрлерi
6-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерi қызметiнiң негiзгi түрлерi
Ауыл шаруашылық серiктестiктерi негiзгi қызмет түрiне байланысты: өткізу, қайта өңдеу, жабдықтау, сервистiк серiктестiктерi және олардың аралас түрлерi болып бөлiнуi мүмкiн.
Ауыл шаруашылық серiктестiктiгi қызметiнiң негiзгi түрi оның атауында көрсетiледi.
7-бап. Өткізушi ауыл шаруашылық серiктестiктерi
Өткізушi серiктестiктер серiктестiк мүшелерi өндiретiн өнiмдi сатады. Өткізу қызметiне сонымен қатар шикiзатты жас немесе қайта өңделген түрiнде жинау, сақтау, сұрыптау, кептiру, оларды көтере немесе бөлшектеп сату және серiктестiк мүшелерiнiң өнiмiн тасымалдау жатады.
8-бап. Қайта өңдеушi ауыл шаруашылық серiктестiктерi
Қайта өңдеушi ауыл шаруашылық серiктестiктерi ауыл шаруашылық өнiмiн қайта өңдеумен, оны өзiнiң көтерме және бөлшек сауда жүйесi арқылы сатумен айналысады.
9-бап. Жабдықтаушы ауыл шаруашылық серiктестiктерi
Жабдықтаушы серiктестiктер ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiн өндiрiстiк процеске қажеттi ресурстармен және материалдармен: жанар-жағармай материалдарымен, тұқыммен, тыңайтқыштармен, улы химикаттармен, жемшөппен, қосалқы бөлшектермен, құрылыс материалдарымен және ауыл шаруашылық өндiрiсiне қажет басқа да iлеспе материалдармен қамтамасыз етедi.
10-бап. Сервистiк ауыл шаруашылық серiктестiктерi
Сервистiк серiктестiктер өз мүшелерiне ауыл шаруашылық өнiмiн өндiру мен өткізу процесiне, сондай-ақ басқа салалардағы (материалдық-техникалық және агрохимиялық қызмет көрсету, сумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, техниканы жөндеу мен оған қызмет көрсету, телефон желісін тарту, мал тұқымын асылдандыру және селекция қызметi, мал шаруашылығы мен өсiмдiк шаруашылығындағы, ормандар өсiрудегi және басқа да зерттеулер бойынша қызметтер көрсету) ортақ қажеттердi қанағаттандыруға байланысты қызметтер көрсетедi.
3-тарау. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiн құру
11-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктiгiн құру тәртібі
1. Ауыл шаруашылық серiктестiгi құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешiмiмен оны құру арқылы, сондай-ақ жұмыс iстеп тұрған ауыл шаруашылық серiктестiгiн қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылуы мүмкін.
2. Ауыл шаруашылық серiктестiктiгiнiң заңды тұлға ретіндегі құқық қабiлеттiлiгi оның мемлекеттік тiркелу кезiнен бастап пайда болады.
Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң айналысу үшiн лицензия алу қажет болатын қызмет саласындағы құқық қабiлеттiлiгi осындай лицензия алған кезiнен бастап пайда болады.
3. Жарғы мен құрылтай шарты ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң құрылтай құжаттары болып табылады.
4. Құрылтай жиналысында құрылтайшылар ауыл шаруашылық серiктестiгiн құру туралы шешiм қабылдайды, оның жарғысын бекiтедi, мемлекеттік тiркеу үшiн серiктестiктiң құжаттарына қол қоюға және оларды табыс етуге, серiктестiктiң пай қорына құрылтайшылар енгiзетiн мүлiктi, соның iшiнде мүлiктiк құқықты ақшамен бағалауды белгiленген тәртiппен жүргiзуге уәкiлеттiк берiлген адамдарды сайлайды.
12-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң атауы және орналасқан жерi
1. Серiктестiктiң атауына оның қалай аталатыны және ұйымдық-құқықтық нысаны кiредi. Серiктестiктiң атауында заңдардың талаптарына немесе қоғамдық мораль нормаларына қайшы келетiн атауларды, егер қатысушылардың есiмдерiне сәйкес келмесе не қатысушылар сол адамдардан (олардың мұрагерлерiнен) өз есiмiн пайдалануға рұқсат алмаса, адамдардың өз есiмiн пайдалануға жол берiлмейдi.
2. Серiктестiктiң тұрақты жұмыс iстейтiн органы орналасқан жер оның орналасқан жерi деп танылады.
3. Серiктестiктiң атауы мен орналасқан жерi оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi.
13-бап. Құрылтай шарты
1. Құрылтай шарты құрылтайшылар арасында жасалады.
2. Құрылтай шартында:
1) ауыл шаруашылық серiктестiгiн құру туралы шешiм, оның қызметiнiң негiзгi бағыттары, мемлекеттік және орыс тiлдеріндегі толық және қысқартылған атауы, оның орналасқан жерi;
2) оның құрылтайшыларының (егер құрылтайшы заңды тұлға болса) атаулары, орналасқан жерi, банк реквизиттерi немесе (егер құрылтайшы жеке адам болса) тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi, айы, жылы, тұрақты тұратын жерi және жеке басын куәландыратын құжаттардың деректерi көрсетiлген тiзбесi;
3) ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң құрылу тәртібі; құрылтайшылардың оны құруға байланысты мiндеттерi, сондай-ақ құрылтайшылардың серiктестiк құру жөніндегі қызметтi жүзеге асыруының өзге де шарттары; аталған тұлғалардың, сондай-ақ ауыл шаруашылық серiктестiгiн құру мен тiркеу барысында оның мүдделерiн бiлдiру тапсырылатын басқа да тұлғалар өкiлеттiгiнiң айқындамасы;
4) ауыл шаруашылық серiктестiгi пай қорының мөлшерi;
5) әрбiр құрылтайшының ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң пай қорына қосатын ақша салымының немесе заттай түрдегi салымының құрамы, мөлшері және оны енгізу мерзімі туралы мәліметтер, сондай-ақ серіктестіктің пай қорына салымдарды дер кезiнде енгiзбеудiң зардаптары;
6) құрылтайшылардың шығу тәртібі;
7) ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысын бекіту туралы жазба келтiрiлуге тиiс.
3. Құрылтай шарты коммерциялық құпия болып саналатын құжаттар құрамына енедi және заң актілерінде белгiленген жағдайларда уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың талап етуi бойынша көрсетiледi.
14-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысы
1. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысы заңды тұлға ретіндегі серiктестiктiң құқықтық мәртебесiн айқындайтын құжат болып табылады.
2. Жарғы құрылтай жиналысында серiктестiк құрылтайшыларының басым көпшiлiк даусымен қабылданады және онда:
1) атауы;
2) орналасқан жерi;
3) қызметiнiң нысанасы мен мақсаты;
4) серiктестiктiң басқару органдарын құру тәртібі мен олардың құзыретi, олардың шешiмдер қабылдау тәртібі;
5) серiктестiкке кiру тәртібі мен талаптары, мүшелiктi тоқтатудың немесе серiктестiкте құқықтардың пайдаланылуын уақытша тоқтата тұрудың негiздемесi мен тәртібі;
6) серiктестiк мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi;
7) серiктестiк мүлкiнiң қалыптасу көздерi;
8) серiктестiктiң құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
9) аудит жүргiзу тәртібі;
10) қорларды құрау мен пайдалану тәртібі, олардың түрлерi мен мөлшерлерi;
11) серiктестiктi қайта ұйымдастыру мен оның қызметiн тоқтату талаптары келтiрiлуге тиiс.
3. Серiктестiктiң жарғысында заң актілеріне қайшы келмейтiн өзге де мәлiметтер қамтылуы мүмкiн.
15-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Жарғыға өзгерістер немесе толықтырулар жалпы жиналыста басым көпшілік дауыспен немесе серіктестік мүшелерiнiң басым көпшілiгiнiң жазбаша келісімiмен қабылданады. Басым көпшiлiк серiктестiк мүшелерi жалпы санының үштен екiсi болады.
16-бап. Филиалдар мен өкiлдiктер
1. Серiктестiк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер құра алады.
2. Серiктестiктiң орналасқан жерiнен тыс жерде орналасқан және оның мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн, соның iшiнде өкiлдiк мiндетiн жүзеге асыратын оқшауланған бөлiмшесi серiктестiктiң филиалы болып табылады.
3. Серiктестiктiң орналасқан жерiнен тыс жерде орналасқан және серiктестiктi қорғау мен оның мүдделерiн білдiрудi жүзеге асыратын, оның атынан мәмiлелер және өзге де құқықтық iс-қимылдар жасайтын оқшауланған бөлiмшесi серiктестiктiң өкiлдiгi болып табылады.
4. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлға болып табылмайды. Оларға өздерiн құрған серiктестiк мүлiк бередi және олар серiктестiк бекiткен ереже негiзiнде жұмыс iстейдi.
5. Филиалдар мен өкiлдiктердi тiркеу заңдармен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
17-бап. Мемлекет және ауыл шаруашылық серiктестiгi
1. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары серiктестiктiң, оның қауымдастығының (одағының) шаруашылық, қаржы және өзге де қызметiне араласуға құқылы емес.
2. Мемлекеттік органдардың немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының серiктестiк, оның қауымдастығы (одағы) құқығын бұзатын актілері Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
3. Мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерi салдарынан серiктестiкке, оның қауымдастығына (одағына) келтiрiлген залал азаматтық заңдарда көзделген тәртiппен өтеледi.
4-тарау. Ауыл шаруашылық серiктестiгiне мүшелік
18-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiне мүшелiк
1. Серiктестiктiң кәсiби бағытына сәйкес тауарлы ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар серiктестiк мүшелерi бола алады.
2. Егер ондай серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, жеке және заңды тұлғалар бiрнеше серiктестiкке мүше бола алады.
19-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшелiгiне қабылдау
1. Серiктестiктiң жаңа мүшелерiн қабылдау осы Заң мен серiктестiк жарғысын сақтай отырып жүргiзiледi және басқарманың немесе жалпы жиналыстың шешiмiмен жарғыға сәйкес ресiмделедi.
2. Серiктестiк мүшелiгiне қабылдау туралы өтiнiш жасалған арызда жарғының талаптарын сақтау жөнiнде мiндеттеме болуға, соның iшiнде жарғыда көзделген пай жарналарын төлеу және серiктестiк қызметтерiн пайдалану жөніндегі мiндеттемелер келтiрiлуге тиiс.
3. Арыз берушi мiндеттi пай жарнасын енгiзген күннен бастап серiктестiк мүшелігiне қабылданған болып есептеледi.
4. Серiктестiк мүшесiне мүшелiк кiтапша берiледi, онда: мiндеттi пайдың мөлшерi және оны енгізу мерзiмi; қосымша пай жарналарының мөлшерi мен саны, пай жарнасының нысаны (ақшалай, мүлiктiк) көрсетiледi.
20-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiне мүше болуды тоқтату
1.Серiктестiкке мүше болу:
1) пай басқа тұлғалардың иелiгiне берілген;
2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) серiктестiк мүшесi болып табылатын шаруа немесе фермер қожалығы қызметiн тоқтатқан немесе заңды тұлға таратылған;
3) серiктестiктен шығарылған;
4) серiктестiк мүшесi болып табылатын жеке тұлға қайтыс болған;
5) ауыл шаруашылық тауар өндiрушi қызметi тоқтатылған немесе қызметтiң өзге түрлерiне көшiрiлген;
6) серiктестiк таратылған жағдайларда тоқтатылады.
2. Серiктестiктің әрбiр мүшесiнiң осы Заңда және жарғыда белгiленген тәртiппен өзiнiң серiктестiктегi мүшелiгiн өз еркiмен тоқтатуға құқығы бар. Серiктестiк мүшелiгiнен өз еркiмен шығу туралы арыз отыз күн iшiнде қаралуға тиiс.
21-бап. Серiктестiктен шығу кезiнде пайды сату, төлеу (беру)
1. Серiктестiк мүшесi өзiнiң пайын басқа тұлғаның иелiгiне беруге және серiктестiктен шығуға хақылы. Пайды серiктестiктiң мүшелерi болып табылмайтын тұлғалардың иелiгiне, егер жарғыда өзгеше белгiленбеген болса және ондай тұлғалар серiктестiкпен кәсiби бағыттас ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi болып табылса, беруге болады. Пайды сату кезiнде серiктестiк мүшелерi артықшылықпен сатып алу құқығын пайдаланады.
2. Осы Заңның 20-бабының 1-тармағының 2)-5) тармақшаларында көрсетiлген негiздемелер бойынша серiктестiктегi мүшелiк тоқтатылған жағдайда серiктестiк мүшесiне немесе оның құқық мирасқорына пай төленедi (берiледi). Пай беру немесе төлеу туралы шешiмдi, жарғыға сәйкес, серiктестiктiң жалпы жиналысы немесе басқармасы қабылдайды.
3. Пайды төлеу (беру) серiктестiк басқармасы белгiлеген мерзiмде жүргiзiледi, бiрақ ол мүшелiк тоқтатылған күннен бастап бiр жылдан аспауға тиiс.
4. Егер осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларда серiктестiктiң шығатын мүшесiне оның пайын төлеуге (беруге) серiктестiктiң мүмкiндiгi болмаса, жалпы жиналыс серiктестiктiң басқа мүшелерiнiң қосымша жарналар енгізуi туралы шешiм шығарады, пай солардың есебiнен төленедi (берiледi).
22-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiне мүшелiктi уақытша тоқтата тұру немесе одан шығару
1. Жарғыда серiктестiк мүшелiгiнен шығару не оның құқықтарын пайдалануды уақытша тоқтата тұру жағдайлары, сондай-ақ шығару немесе құқықты уақытша тоқтата тұру тәртібі көзделедi. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшесiнен шығарылған тұлғаға он күн iшiнде жазбаша түрде хабарлануға тиiс.
2. Ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшелiгiнен шығарылған немесе құқығын пайдалануы уақытша тоқтатылған тұлға жалпы жиналыстың шешiмi жөнiнде сотқа шағымдануға хақылы.
23-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшесiнiң борыштары бойынша пайды өндiрiп алу және серiктестiк мүшесiнiң құқық мирасқорларының мұраға қалдыру және серiктестiк мүшесi болып табылатын заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезіндегі құқықтары
1. Серiктестiк мүшесiнiң пайы осындай борыштарды өтеу үшiн өзге мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда азаматтық және азаматтық-iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен оның кредиторларының талап етуi бойынша өндiрiп алу нысанасы болуы мүмкiн.
2. Жеке тұлғаның мұрагерлерi, егер серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, өтініш негiзiнде серіктестің мүшесі құқығын иемденуге хақылы. Мұндай тұлғалар серiктестiктiң кәсiби бағыты бойынша ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi болып табылса, олар мүше құқықтарын иемдене алады.
3. Заңды тұлғаны қайта құру жолымен оны басқа ұйымдық-құқықтық нысандарға қайта ұйымдастырған кезде, қайта кәсiби бағыттауға байланысты мүшелiктi тоқтатуға негiз болған жағдайларды қоспағанда, мүше құқығын жаңадан құрылған заңды тұлға иемденедi.
4. Заңды тұлға бiрiгу арқылы қайта ұйымдастырылған кезде бiрiккен заңды тұлғаның мүшелiгi тоқтатылады. Оның пайы өзi бiрiккен заңды тұлғаға ауысады. Егер соңғысы серiктестiк мүшесi болып табылмаса, оны серiктестiкке мүше етiп қабылдау жалпы тәртiппен жүзеге асырылады.
5. Заңды тұлға бөлiну немесе қосылу арқылы қайтадан ұйымдастырылған жағдайда қайтадан ұйымдастырылған заңды тұлғалардың мүшелiктерi тоқтатылады. Мұндай мүшелердiң пайын алу құқығы бөлiну балансына және алыс-берiс актiсiне сәйкес қайтадан құрылған заңды тұлғаларға ауысады. Мұндай адамдар серiктестiк мүшесi құқығын өтiнiш негiзiнде алады.
6. Серiктестiк мүшесiнiң мұрагерлерi мүше құқықтарын иемденбеген жағдайда оларға мұрагерлiк анықталған кезден бастап бiр жыл iшiнде оның пайы төленуге немесе бөлiп берiлуге тиiс.
5 тарау. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн басқару
24-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн басқару органдарының құрылымы
1. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң басқару органдары:
жоғары органы - серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысы;
атқарушы органы - төраға басшылық ететiн басқарма;
бақылау органы - тексеру комиссиясы.
2. Серiктестiктi басқару органдарының өкiлеттiгi, құрылымы, серiктестiк басқармасының мүшелерiн сайлау мен керi шақырып алу тәртібі, сондай-ақ серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысын шақыру мен өткізу тәртібі осы Заңға және серiктестiктiң жарғысына сәйкес белгiленедi.
3. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшелерi сот тәртібімен басқару органдарының шешiмдерi мен әрекеттерiне шағымдана алады.
25-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жалпы жиналысы
1. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жалпы жиналысы серiктестiктiң жоғары басқару органы болып табылады.
2. Серiктестiктiң әрбiр мүшесiнiң серiктестiк қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша шешiм қабылдаған кезде, өзiнiң пай қорындағы пайының мөлшерiне немесе серiктестiк көрсететiн қызметтiң өзi тұтынатын көлемiне қарамастан, бiр дауыс құқығы болады.
3. Жалпы жиналыс басқарма түріндегі атқарушы органды және бақылау органын (тексеру комиссиясын) сайлайды.
4. Жалпы жиналыстың ерекше құзыретi:
1) басшы органдарды сайлау және оларды босату;
2) тексеру комиссиясын сайлау;
3) серiктестiктiң жарғысына өзгерістер енгізу;
4) атқарушы органдардың қаржылық есеп беру тәртібі мен кезеңдiлiгiн, сондай-ақ бақылаушы органның тексеру жүргiзу тәртібін және олардың нәтижелерiн бекітудi анықтау;
5) пай жарналарының мөлшерiн белгiлеу;
6) серiктестiк қорларының түрлерiн, мөлшерiн, құралу және пайдаланылу тәртібін белгiлеу;
7) пай қорының мөлшерiн азайту немесе көбейту;
8) серiктестiк мүшелiгiнен шығару немесе құқықтарын пайдалануды уақытша тоқтату;
9) серiктестiк мүшелерiнiң серiктестiк көрсететiн қызметтердi мiндеттi тұтыну принципiн қамтамасыз ету үшiн серiктестiк мүшелерiмен келісім-шарт жасасудың негiзгi ережелерiн белгiлеу;
10) серiктестiктi қайта ұйымдастыру және тарату;
11) серiктестiктiң басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өздерiнiң филиалдары мен өкiлдiктерiн құруға немесе олардың қызметiне осы Заңда белгiленген шекте қатысуы жөнiнде шешiм қабылдау;
12) жарғыда көзделген басқа да мәселелер болып табылады.
Жалпы жиналыс серiктестiк қызметiне қатысты кез келген мәселені өзiнiң қарауына қабылдауға хақылы.
5. Жалпы жиналыс жылына кемiнде екi рет шақырылады. Серiктестік мүшелерiнiң кемiнде үштен бiрiнiң талап етуiмен кезектен тыс жиналыс шақырылады. Жалпы жиналысты шақыру тәртібі серiктестiк жарғысымен белгiленедi.
6. Егер серiктестiк мүшелерiнiң кемiнде жартысы қатысса, жалпы жиналыстың шешiм қабылдауға құқығы бар. Жиналыста шешiм ашық дауыс беру арқылы қабылданады және қатысушылардың көпшiлiк дауысымен қабылданған болып есептеледi. Жиналысқа қатысушылардың кемiнде үштен бiрiнiң талап етуi бойынша жасырын дауыс берiлуi мүмкiн.
7. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүшесi жалпы жиналысқа өзi немесе өкiлi арқылы қатысуға құқылы. Сенiмхаты бар кез келген адам өкiл ретiнде қатысуға хақылы.
26-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң басқармасы және оның өкiлеттiгi
1. Серiктестiктiң басқармасы оның атқарушы органы болып табылады, басқарма мүшелерiн тек серiктестiк мүшелерi арасынан жалпы жиналыс қана сайлайды. Басқарма серiктестiк қызметiне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Басқарма серiктестiкке мүше емес адамды серiктестiктiң күнделiктi қызметiн басқару мiндетiн атқаратын жұмысқа жалдай алады.
Басқарма мұндай адаммен басқарушының (менеджердiң) құқықтары мен мiндеттерiн, оның еңбегiне ақы төлеу мөлшерi мен тәртібін, онымен еңбек қатынастарын тоқтатудың негiзiн айқындайтын еңбек шартын жасасады. Басқарушыға басқа адамдарды жұмысқа жалдауға, сондай-ақ серiктестiктiң өз қызметiн тиiмдi жүзеге асыруына қажеттi мiндеттердi атқаруға құқық берiледi.