63) техникалық басшы - технологиялық процеске басшылықты жүзеге асыратын маман;
64) техникалық құрылғылар - машиналар, жабдықтар және өзге де конструкциялар;
65) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар - қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен, көлiк авариялары мен басқа да авариялардан, өрттерден (жарылыстардан), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар жайылатын (жайылу қатері бар) авариялардан, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен құлауынан, бөгеттердің бұзылуынан, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр энергетикасы және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авариялардан болған төтенше жағдайлар;
66) төтенше жағдай - адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай;
67) төтенше жағдай аймағы - төтенше жағдай қалыптасқан аумақ;
68) төтенше жағдайды жою басшысы - төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмыстарға басшылық жасайтын, басты өкімші және жауапты адам;
69) төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету - төтенше жағдайлар аймақтарында, эвакуациялау маршруттарында және эвакуацияланғандарды орналастыру орындарында адамдардың өмірін сақтау және денсаулығын демеу үшін ең аз қажетті жағдайларды жасауға және ұстап тұруға бағытталған, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарының уақыт, ресурстар және өткізу орындары бойынша өзара байланысты іс-шаралар жиынтығы;
70) төтенше жағдайларды жою - авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу;
71) төтенше жағдайларды жою кезіндегі кезек күттірмейтін жұмыстар (бұдан әрі - кезек күттірмейтін жұмыстар) - авариялық-құтқару жұмыстарын жан-жақты қамтамасыз ету, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға қажетті жағдайлар жасау жөніндегі қызмет;
72) төтенше жағдайлардың алдын алу - күні бұрын жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін мүмкіндігінше барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, олар туындаған жағдайда материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
73) төтенше жағдайлардың салдарларын жою - инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үйді, қоршаған ортаны қалпына келтіру, халыққа әлеуметтік-оңалту көмегін көрсету бойынша жүргізілетін іс-шаралар, төтенше жағдайлар салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу;
74) төтенше жағдайлардың сыныптамасы - төтенше жағдайларды олардың адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіптілігіне, тыныс-тіршілік жағдайларын бұзуына, нұқсан (зиян) мөлшеріне сәйкес белгіленген сыныптарға жатқызу тәртібі;
75) тіршілікті қамтамасыз ету объектісі - ғимараттарды, құрылыстарды, технологиялық қондырғылар мен агрегаттарды пайдалану тоқтап (тоқтатыла тұрып) елді мекендер мен аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарының қызметі бұзылған кездегі денсаулық сақтау, телекоммуникация, байланыс, газбен жабдықтау, энергиямен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру ұйымдары;
76) уәкілетті органның авиациясы - азаматтық қорғау міндеттерін шешу үшін пайдаланылатын әуе-көлік құралдары;
77) уәкілетті органның жедел резерві - белгілі бір номенклатура мен көлемдегі техника және материалдық құндылықтар, оның ішінде дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар запасы;
78) уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі - төтенше жағдай аймағындағы халыққа медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге, төтенше жағдайларды жоюға қатысушылардың денсаулығын сақтауға, қалпына келтіруге және оңалтуға арналған кәсіби медициналық авариялық-құтқару қызметі;
79) эвакуациялық іс-шаралар - бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдардың жұмыскерлерін бөліп орналастыру, қалалар мен төтенше жағдай аймақтарынан халықты және материалдық құралдарды эвакуациялау.
2-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінен тұрады.
2. Еңбекті қорғау, экологиялық қауіпсіздік, ғарыш кеңістігін пайдалану, химиялық және ядролық қаруды жою, оқ-дәрілерді пайдалану және кәдеге жарату кезіндегі қауіпсіздік, автомобиль жолдарымен және теміржолдармен жүру қауіпсіздігі, ішкі су көлігі жүрісінің қауіпсіздігі, энергетика объектілерінің қауіпсіздігі, әуе көлігінің ұшу қауіпсіздігі, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі, сондай-ақ әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы құқықтық реттеу Қазақстан Республикасының арнайы заңнамасымен жүзеге асырылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕСІ
3-бап. Азаматтық қорғаудың негізгі міндеттері мен қағидаттары
1. Азаматтық қорғаудың негізгі міндеттері:
1) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою;
2) төтенше жағдайлар туындаған кезде бейбіт уақытта және соғыс уақытында авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу арқылы адамдарды құтқару және эвакуациялау;
3) азаматтық қорғау күштерін құру, оларды даярлау және ұдайы әзірлікте ұстап тұру;
4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың мамандарын даярлау және халықты оқыту;
5) қорғаныш құрылыстарының қажетті қорын, жеке қорғану құралдарының запастарын және азаматтық қорғаныстың басқа да мүлкін жинақтау және әзірлікте ұстап тұру;
6) төтенше жағдай туындау қатері туралы болжам болған кезде күні бұрын және (немесе) төтенше жағдай туындаған кезде жедел халыққа, азаматтық қорғаудың басқару органдарына хабар беру және құлақтандыру;
7) азық-түлікті, су көздерін (шаруашылық-ауыз су мақсаттары үшін су жинау орындарын), тағамдық шикізатты, жемді, жануарлар мен өсімдіктерді радиоактивтік, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) зарарланудан, эпизоотиядан және эпифитотиядан қорғау;
8) өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
9) құлақтандыру және байланыс жүйелерін құру, дамыту және ұдайы әзірлікте ұстап тұру;
10) қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың қауіпті факторларының әсер етуін азайту немесе оларды жою жөніндегі іс-шараларға мониторинг жүргізу, оны әзірлеу және іске асыру;
11) мемлекеттік резервті қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Азаматтық қорғаудың негізгі қағидаттары:
1) аумақтық-салалық қағидат бойынша азаматтық қорғау жүйесін ұйымдастыру;
2) төтенше жағдайлардан азаматтар мен қоғамға төнген қатерді және нұқсанды барынша азайту;
3) азаматтық қорғау күштері мен құралдарының төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, азаматтық қорғанысқа және авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге ұдайы әзірлігі;
4) жариялылық және халық пен ұйымдарға болжанып отырған және туындаған төтенше жағдайлар, олардың салдарларын жоюды қоса алғанда, олардың алдын алу және жою жөнiнде қолданылған шаралар туралы хабар беру;
5) авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезіндегі ақталған тәуекел және қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі
1. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық және салалық кіші жүйелерден тұрады.
Аумақтық кіші жүйелер облыстық, қалалық және аудандық деңгейлерде өздерінің аумақтары шегінде төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындау үшін құрылады және осы аумақтардың әкімшілік-аумақтық бөлінуіне сәйкес келетін буындарынан тұрады.
Салалық кіші жүйелерді орталық атқарушы органдар өз құзыреті шегінде азаматтық қорғау іс-шараларын орындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрады.
2. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің үш деңгейі бар: республикалық, аумақтық және объектілік. Объектілік деңгейді қоспағанда, әрбір деңгейге:
азаматтық қорғаудың басқару органдары;
басқару пункттері, жедел-кезекшілік қызметтер;
консультациялық-кеңесші органдар - төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар;
азаматтық қорғаудың күштері мен құралдары;
байланыс, құлақтандыру және ақпараттық қамтамасыз ету жүйелері кіреді.
3. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіне басшылықты:
1) республикалық деңгейде - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) аумақтық деңгейде - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері;
3) объектілік деңгейде - ұйымдардың басшылары;
4) салалық кіші жүйелерде - орталық атқарушы органдардың басшылары жүзеге асырады.
4. Азаматтық қорғаудың басқару органдары:
1) республикалық деңгейде:
уәкілетті орган;
салалық кіші жүйелерде Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) аумақтық деңгейде:
жергілікті атқарушы органдар;
уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері;
салалық кіші жүйелерде Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының аумақтық бөлімшелері;
3) объектілік деңгейде - ұйым басшылары болып табылады.
5. Азаматтық қорғау жүйесінде мемлекеттік басқару азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің барлық деңгейлерін тарту арқылы жүзеге асырылады.
Бейбіт уақытта азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің мынадай жұмыс істеу режимдері белгіленеді:
1) күнделікті қызмет режимі - төтенше жағдайлардың туындау қатерінің болмауымен сипатталатын, ведомстволық бағынысты аумақта азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның аумақтық және салалық кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
Күнделікті қызмет режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шаралар жүргізеді:
төтенше жағдайларды болжау;
халықты, объектілерді және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау туралы ақпарат жинау, өңдеу және алмасу;
төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу;
төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;
азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің іс-қимылдарын жоспарлау, дайындығын ұйымдастыру және олардың қызметін қамтамасыз ету;
халықты төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға дайындау;
азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттау;
төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою үшін материалдық ресурстардың резервтерін құру, орналастыру, сақтау және орнын толтыру;
өз өкілеттіктері шегінде азаматтық қорғау саласында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу;
2) жоғары әзірлік режимі - төтенше жағдайлардың туындау қатері төнген кезде енгізілетін азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның жекелеген кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
Жоғары әзірлік режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шараларды жүргізеді:
төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының туындауын болжау;
төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын түзету;
қажет болған кезде азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшылары мен лауазымды адамдарының басқару пункттерінде тәулік бойы кезекшілік етуін енгізу;
болжанатын төтенше жағдайлар туралы деректерді жинау, өңдеу және азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштеріне беру, мемлекеттік органдар мен халыққа олардан қорғану тәсілдері туралы хабар беру;
төтенше жағдайлар туындауының алдын алу және оларды жою, олар туындаған жағдайда нұқсан мен шығындар мөлшерін азайту, сондай-ақ төтенше жағдайларда объектілердің жұмыс істеу орнықтылығы мен қауіпсіздігін арттыру жөнінде жедел шаралар қолдану;
төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою үшін құрылған материалдық ресурстардың қажетті резервтерінің орнын толтыру;
қажет болған кезде эвакуациялау іс-шараларын жүргізу;
3) төтенше жағдай режимі - төтенше жағдай туындаған кезде және оны жою кезінде енгізілетін, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның жекелеген кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
Төтенше жағдай режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шараларды жүргізеді:
төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын қолданысқа енгізу (іске асыру, орындау) және оларды түзету;
туындаған төтенше жағдайлардың өршуін және олардың салдарларын болжау;
орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар басшыларын, сондай-ақ халықты төтенше жағдайлардың туындауы және олардың салдарлары туралы құлақтандыру;
төтенше жағдайларды жою, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының іс-қимылдарын жан-жақты қамтамасыз ету, оларды жүргізу барысында қоғамдық тәртіпті ұстап тұру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың күштері мен құралдарын, қоғамдық бірлестіктер мен халықты туындаған төтенше жағдайларды жоюға тарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
төтенше жағдай аймағындағы жағдай мен оны жою жөніндегі жұмыстардың жүргізілу барысы туралы ақпарат жинау, талдау және алмасу;
орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыру және қолдау;
төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу.
5-бап. Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі
1. Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі:
1) республикалық деңгейде - Қазақстан Республикасының аумағын қамти отырып, республикалық құлақтандыру жүйесі;
2) аумақтық деңгейде - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтарын қамти отырып, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесі;
3) объектілік деңгейде - адамдар жаппай болатын объектінің, қауіпті өндірістік объектінің аумағын және төтенше жағдай таралатын есепті аймаққа жататын халықты қамти отырып, жергілікті құлақтандыру жүйесі ұйымдастырылады.
2. Республикалық құлақтандыру жүйесі:
1) Қазақстан Республикасының халқына;
2) азаматтық қорғаудың басқару органдарына;
3) азаматтық қорғаудың күштеріне;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне құлақтандыру сигналдарын және ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етеді.
Республикалық құлақтандыру жүйесін ұдайы әзірлікте ұстап тұруды уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесі:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің өкімі бойынша облыс (облыс аумағының бір бөлігі), республикалық маңызы бар қала, астана халқына не аудан, облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ халқына;
2) жергілікті атқарушы органдарға және өзге де мемлекеттік органдарға;
3) шұғыл және авариялық қызметтерге;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы азаматтық қорғау күштеріне құлақтандыру сигналдарын және ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етеді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесін ұдайы әзірлікте ұстап тұруды уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі қамтамасыз етеді.
4. Жергілікті құлақтандыру жүйесі:
1) төтенше жағдай таралатын есепті аймаққа жататын халыққа;
2) қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйым жұмыскерлеріне;
3) адамдар жаппай болатын объектінің аумағындағы жеке тұлғаларға;
4) қауіпті өндірістік объектілерге қызмет көрсететін авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына;
5) төтенше жағдай таралатын есепті аймақта орналасқан заңды тұлғалардың басшыларына және кезекшілік-диспетчерлік қызметтеріне құлақтандыру сигналдарын және ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жергілікті құлақтандыру жүйесін ұдайы әзірлікте ұстап тұруды адамдар жаппай болатын объектіні, қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын заңды тұлға қамтамасыз етеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Құлақтандыру жүйесін іске қосуға өкімді:
республикалық деңгейде - жаһандық ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығы - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайлар, республикалық құлақтандыру жүйесін техникалық тексеру және азаматтық қорғау бойынша республикалық оқу-жаттығуларды өткізу кезінде - уәкілетті органның басшысы;
аумақтық деңгейде - жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің халқын құлақтандыру үшін - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі не төмен тұрған әкім, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесін техникалық тексеру және азаматтық қорғау бойынша оқу-жаттығулар өткізу кезінде - уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің басшысы;
объектілік деңгейде - адамдар жаппай болатын объектіні, қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымның басшысы немесе ол уәкілеттік берген тұлға береді.
6. «Баршаның назарына!» құлақтандыру сигналы іске қосылған кезде құлақтандыру жүйесі халыққа төтенше жағдайдың туындау қатері немесе туындауы туралы және қалыптасқан жағдайда адамдардың әрекет ету тәртібі туралы ақпаратты бір уақытта және бірнеше рет қайталап жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс.
7. Республикалық және аумақтық деңгейде құлақтандыру жүйесін құру және пайдалану жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жергілікті құлақтандыру жүйесін құру және пайдалану жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру адамдар жаппай болатын объектіні, қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын заңды тұлғаның қаражаты есебінен жүргізіледі.
6-бап. Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметі
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметі уәкілетті орган ведомствосының облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы, аудандағы, облыстық маңызы бар қаладағы аумақтық бөлімшелерінде құрылады.
2. Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметін қалыптастыруды, дамытуды және оның жұмыс істеуін уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
3. Мемлекеттік органдар, оның ішінде олардың аумақтық бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, адамдар жаппай болатын объектілерді, қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын заңды тұлғалар ақпараттық-коммуникациялық желілер мен автоматтандырылған мониторинг жүйелерінің бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметімен өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастырады.
4. Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметінің өз құзыреті шегінде авариялық және шұғыл қызметтердің, байланыс операторларының, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау қызметтерінің дерекқорларында бар ақпаратты пайдалануға құқығы бар.
5. Жеке және заңды тұлғалардан хабарламаларын қабылдауды және өңдеуді қамтамасыз ету мақсатында «112» бірыңғай телефон нөмірі жұмыс істейді.
6. Байланыс операторлары төтенше жағдайлар қатері төнген немесе туындаған кезде қоңырау шалушы абоненттің тұрған жерін анықтау және халықтың ұялы байланыс телефондарына қысқаша мәтіндік хабарламалар жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметіне өтеусіз негізде ұсынуға міндетті.
7-бап. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар
1. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіндегі консультациялық-кеңесші органдар болып табылады және азаматтық қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптастыру және жүргізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылады.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің республикалық және аумақтық деңгейлерінде құрылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Республикалық деңгейде уәкілетті органның шешімімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылады.
3. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия өз өкілеттіктерін орталық және жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
4. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері:
1) азаматтық қорғауды дамытудың және одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары;
2) азаматтық қорғау саласында құқықтық, экономикалық, ұйымдық-техникалық және өзге де шаралар жүйесін қалыптастыру;
3) азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын құру және дамыту;
4) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, авариялар, апаттар, дүлей және өзге де зілзалалар салдарынан зардап шеккен азаматтарды, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға қатысқан адамдарды әлеуметтік-экономикалық және құқықтық қорғау, медициналық оңалту мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметтерін үйлестіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
5. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның:
1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің азаматтық қорғау саласындағы іс-қимылдарын үйлестіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) азаматтық қорғау саласындағы іс-шараларға қатысты мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың басшылары мен лауазымды адамдарын тыңдауға;
3) орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан өз жұмысына қажетті олардың қызметі туралы ақпаратты сұратуға;
4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауына талдау жүргізуге;
5) азаматтық қорғау мәселелері бойынша талдамалық, сараптамалық және басқа да жұмыстарды орындау үшін ұйымдардың мамандарын (олардың басшыларымен келісу бойынша) тартуға;
6) Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін бекітілген нормалар негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы ұсыныс енгізуге құқығы бар.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Аумақтық деңгейде жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар құрылады, олар өз қызметін оларды құру туралы шешімдермен айқындалатын өкілеттіктер мен міндеттерге сәйкес жүзеге асырады.