Авариялық-құтқару қызметтерін, құрамаларын және құтқарушыларды аттестаттаудың кейбір мәселелері
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 12 маусымдағы № 808 Қаулысы
(2008.18.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2014 жылғы 5 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Авариялық-құтқару қызметі және құтқарушылардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 27 наурыздағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Авариялық-құтқару қызметтерін, құрамаларын және құтқарушыларды аттестаттау ережесі;
ҚР Үкіметінің 2007.20.09. № 820 Қаулысымен 2-тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларына қойылатын біліктілік талаптары.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2001 жылғы 12 маусымдағы
№ 808 қаулысымен
бекітілген
Авариялық-құтқару қызметтерін, құрамаларын және құтқарушыларды аттестаттау
ережесі
1. Кәсіптік авариялық-құтқару қызметтері, кәсіптік және ерікті авариялық-құтқару құрамалары (бұдан әрі - АҚҚ) және құтқарушылар аттестаттауға жатады.
2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға тартылған АҚҚ және құтқарушыларды аттестаттау:
1) олардың авариялық-құтқару жұмыстарын орындау даярлығының дәрежесін;
2) тиісті техниканың, мүліктің және жабдықтардың болуы және жай-күйін;
3) құтқарушылардың кәсіби дағдысына, медициналық даярлығына, дене, психологиялық және моральдық дайындығына сәйкестігін анықтау мақсатында жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2007.20.09. № 820 Қаулысымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. АҚҚ аттестаттау авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестікті анықтау мақсатында өткізіледі.
3. АҚҚ және құтқарушылар бастапқы, қайталама, мерзімді және кезектен тыс аттестаттауға жатады:
1) бастапқы аттестаттауға жаңадан құрылған АҚҚ, сондай-ақ құтқарушы болуға тілек білдірген азаматтар жатады;
2) АҚҚ мен құтқарушылардың қызметін жаңғырту үшін, өткен аттестаттауда анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін, қайталама аттестаттау жүргізіледі;
3) АҚҚ мен құтқарушыларды мерзімді аттестаттау оларды аттестаттау мерзімі өткен соң, бірақ, кемінде үш жылда бір рет жүргізіледі;
4) АҚҚ мен құтқарушыларды кезектен тыс аттестаттау олардың орындайтын авариялық-құтқару жұмыстарының түрі өзгерген жағдайда жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Аттестаттауды:
1) өзі жұмыс істейтін құтқару бөлімшесінің ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, өздерінің ведомстволық бағыныстағы және ведомстводан тыс авариялық-құтқару қызметін, құрамаларын аттестаттау және құтқарушыларға "Халықаралық сыныптағы құтқарушы" сыныптық біліктілігін беру үшін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның шешімімен;
2) ведомстволық авариялық-құтқару қызметін және құрамаларын аттестаттау үшін Уәкілетті органның, министрліктің, агенттіктің, жергілікті атқарушы органның бірлескен шешімімен;
3) құтқарушыларды аттестаттау үшін авариялық-құтқару қызметі, құрамалары бастықтарының шешімімен құрылған аттестаттау комиссиялары жүргізеді.
5. АҚҚ мен құтқарушыларды аттестаттауды АҚҚ басшылары мен құрылтайшыларының ұсынған материалдарының негізінде аттестаттау комиссиясы жүргізеді. Қаралған материалдардың және жүргізілген тексерулердің негізінде АҚҚ, құтқарушылардың мақсатқа сай жұмыстарын орындау мүмкіндігі туралы қорытындысымен аттестаттау актісі жасалынады. Аттестаттау актісінің мазмұны құрылтайшылар мен АҚҚ басшыларына жеткізіледі.
АҚҚ басшысы, құтқарушы аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспесе, оған Уәкілетті органға және одан әрі сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
6. Аттестатталған АҚҚ-на Уәкілетті орган:
1) ҚР Үкіметінің 2007.20.09. № 820 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2007.20.09. № 820 Қаулысымен 2-тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) іздестіру-құтқару, тау-кен құтқару, газдан құтқару, атқыламаға қарсы жұмыстарды және өзге де авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу құқығына белгіленген үлгідегі куәлік береді.
7. Аттестаттаудан өткен құтқарушыларға құтқарушы куәлігі, құтқарушы кітапшасы мен белгіленген үлгідегі құтқарушы жетоны беріледі. Келесі аттестаттау кезінде құтқарушының кітапшасына тиісті жазу жазылады.
ҚР Үкіметінің 2007.20.09. № 820 Қаулысымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Аттестаттаудан өтпеген АҚҚ-нан заңнамалық актілерде белгіленген тәртіппен:
1) ҚР Үкіметінің 2007.20.09. № 820 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2007.20.09. № 820 Қаулысымен 2-тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) іздестіру-құтқару, тау-кен құтқару, газдан құтқару және атқыламаға қарсы жұмыстарын және өзге де авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу құқығына берілген куәлік қайтарылып алынады немесе оның қолданылуы тоқтатыла тұрады.
9. Аттестаттаудан өтпеген құтқарушылар құтқарушы мәртебесінен айырылады.
10. АҚҚ мен құтқарушыларды аттестаттау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру Уәкілетті органға жүктеледі.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2001 жылғы 12 маусымдағы
№ 808 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2007.20.09. № 820 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларына
қойылатын біліктілік талаптары
ҚР Үкіметінің 2007.20.09. № 820 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларына мынадай біліктілік талаптары қойылады:
1) Уәкілетті орган олар үшін әзірлеген ұйымдастыру-штат құрылымына сәйкес келуі;
2) қызмет көрсетілетін объектілер мен аумақтардағы авариялық және төтенше жағдайларды жою ерекшелігін білетін құтқарушылармен жасақталуы;
3) оларға жүктелген міндеттер мен қызметтерді орындауды қамтамасыз ететін тізімге алынған жабдықтармен, техникамен және көлік құралдарымен жарақтандырылуы;
4) қызмет көрсетілетін объектілермен және басқару органдарымен сенімді байланысты, тәулік бойы кезекшілік жүргізуді қамтамасыз ететін үй-жайлары және жабдықтары болуы;
5) құтқарушылар мен тұтас алғанда, құрамалар даярлығының тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін қажетті дайындықтың барлық түрлерін жүргізуге мүмкіндік беретін оқу-жаттығу және өндірістік базаның болуы.