Геодезия және картография туралы
2002 жылғы 3 шілдедегі № 332-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы
(2014.13.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2014 жылғы 29 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасындағы геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы қатынастарды реттейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) географиялық ақпарат жүйесi - Жер туралы, жер бетiнiң объектiлерi, табиғи, техногендiк және қоғамдық процестер мен нақты дүниенiң құбылыстары туралы кеңiстiкте ақпарат жинауды, жинақтауды, сақтауды, талдауды және таратуды қамтамасыз ететiн бағдарламалық жүйе;
2) геодезиялық және картографиялық қызмет - геодезия және картография саласындағы басқарушылық, өндiрiстiк, техникалық және ғылыми қызмет;
3) геодезиялық және нивелирлiк желi - жергiлiктi жерде арнаулы орталықтармен және белгiлермен бекітілген жер бетіндегі пункттер жүйесi, олардың өзара жағдайы жоспарлы қатынастарда және биiктiгi жөнiнен геодезиялық қызмет нәтижесiнде белгiленген;
4) геодезиялық пункт - орны белгiленген жерге (немесе жердегi құрылысқа) орнатылған орталығымен және оның үстiне тұрғызылған құрылыспен (белгiмен) белгiленген геодезиялық желi пунктi;
5) геодезия - Жердің пiшiнiн, көлемi мен сыртқы гравитациялық өрiсiн, жер бетi координаттары мен нүктелерiнiң биiктiктерiн және олардың уақыт iшіндегі өзгерiстерiн анықтау жөнiнде карталар мен жоспарлар жасау мақсатында, сондай-ақ жер бетіндегі түрлi инженерлiк мiндеттердi шешудi қамтамасыз ету үшiн жүргiзiлетiн ғылыми, техникалық және өндiрiстiк қызмет процесiнде туындайтын қатынастар саласы;
6) гидрография - су объектiлерiн, олардың сапа және сан жөніндегі сипаттамаларын зерделеу және сипаттау;
7) делимитация - мемлекеттік шекараның шектес мемлекеттер арасындағы келісім бойынша шартта белгiленiп көрсетiлген және шартқа қоса тiркелетiн карталарда графика түрінде бейнеленген жағдайлары мен бағыттарын айқындау;
8) демаркация - жергiлiктi жерде делимитация туралы шартқа сәйкес мемлекеттік шекараны айқындау және оны тиiстi шекара белгiлерiмен белгiлеу;
9) картографиялық өнiм - картографиялық қызмет нәтижесiнде Жер бетiнiң және аспан денелерiнiң белгiлi бiр математикалық заңдар бойынша және шартты белгiлердiң қабылданған жүйесiнде құрылып, кiшiрейтiлген, өлшенетiн және жинақталған, қағазға және магниттiк жеткiзушiге түсiрiп алынған бейнелерi;
10) картография - картографиялық туындыларды зерделеу, жасау және пайдалану жөніндегі ғылыми, техникалық және өндiрiстiк қызмет процесiнде туындайтын қатынастар саласы;
11) картографиялық-геодезиялық қор - геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесiнде жасалған, жалпы мемлекеттік, салааралық маңызы бар және одан әрi пайдалану мақсатында ұзақ сақталуға тиiс материалдар мен деректер жиынтығы;
12) жерсерiктiк технологиялар - байқаушының немесе объектiнiң орналасқан жерiн координат-уақыт жағынан анықтау үшiн, сондай-ақ Жер бетiнiң учаскелерiн картографиялау үшiн ақпараттар алудың жерсерiктiк жүйесi;
13) топография - жер бетiн геометриялық жағынан зерделеу және осы жер бетiнiң жазықтықта топографиялық карталар немесе жоспарлар түрiнде бейнелену тәсiлдерiн жасау.
2-бап. Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.
3-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтiң объектiлерi мен субъектiлерi
1. Қазақстан Республикасының аумағы және онда орналасқан географиялық объектiлер, сондай-ақ жер шарының құрлықтары, Дүниежүзiлiк мұхит, оның iшiнде аралдар, табиғи аспан денелерi мен Жердiң жасанды серiктерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгi геодезиялық және картографиялық қызметтiң объектiлерi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өздерiнiң құзыретi шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң мемлекеттік органдары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар геодезиялық және картографиялық қызметтiң субъектiлерi болып табылады.
4-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтiң негiзгi бағыттары
1. Атқарылатын жұмыстардың мақсатына қарай геодезиялық және картографиялық қызмет:
1) нәтижелерiнiң жалпымемлекеттік салааралық маңызы бар мемлекеттік мақсаттағы қызмет;
2) жүргiзу қажеттiгi Қазақстан Республикасының геодезиялық және картографиялық қызметi субъектiлерiнiң қажеттерiмен айқындалатын арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы қызмет болып бөлiнедi.
2. Мемлекеттік мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет:
1) Жердiң пiшiнiн, мөлшерi мен сыртқы гравитациялық өрiсiн анықтауды;
2) Жердi дистанциялық зондтауды және геодинамикалық зерттеудi;
3) тығыздығы мен дәлдiгi мемлекеттік топографиялық карталар мен жоспарлар жасауды қамтамасыз ететiн, барлық кластағы мемлекеттік астрономиялық-геодезиялық, жерсерiктiк геодезиялық және нивелирлiк желiлердi, iргелi және бiрiншi класты гравиметриялық желiнi жасауды, дамытуды, зерттеудi, қалпына келтiрудi;
4) дәлдiгi мен мазмұны жалпы мемлекеттік, қорғаныс, ғылыми-зерттеу мiндеттерi мен өзге де мiндеттердiң шешiмiн қамтамасыз ететiн мемлекеттік топографиялық карталар мен жоспарларды, оның iшiнде қалалардың және елдi мекендердiң жоспарларын графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда жасауды, жаңартуды және басып шығаруды;
5) геодезиялық жерсерiктiк технологияны енгізудi және пайдалануды;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялауды, демаркациялауды және оның сызығы өтуiн тексерудi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының теңiз айдынын делимитациялауды геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық қамтамасыз етудi;
7) теңiздер, көлдер, өзендер, су қоймалары қайраңдарын картографиялауды және топографиялық, навигациялық теңiз карталарын, көмекшi құралдарды, теңiз, кеме жүзетiн өзендер мен сутоғандары лоцияларын жасауды;
8) мемлекеттiң, оның қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң мүдделерi үшiн геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық жұмыстар жүргiзудi, сондай-ақ теңiздерде, кеме жүзетiн өзендер мен сутоғандарында жалпы теңiзде жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi;
9) шет мемлекеттер мен Дүниежүзiлiк мұхит аумағын қоса алғанда, топографиялық және арнаулы карталар мен жоспарлар жасау және жаңарту үшiн аэроғарыштық түсiрiлiм жұмыстарын;
10) Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорды құруды және жүргiзудi;
11) географиялық ақпараттық жүйелерді жасауды және жүргізуді;
12) салааралық мақсаттағы жалпы географиялық, саяси-әкiмшiлiк, ғылыми-анықтамалық және басқа да тақырыптық карталар, жоспарлар мен атластар, картографиялық оқу құралдарын құрастыруды және басып шығаруды;
13) географиялық атауларды стандарттауды, есепке алуды және олардың қолданылуын ретке келтiрудi, Географиялық атаулардың мемлекеттік каталогын жасауды және жүргiзудi;
14) ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргiзудi және осы заманғы технологияларды енгізудi;
15) геодезиялық және картографиялық қызмет саласында мемлекеттік нормативтердi әзiрлеудi, бекіту және қолданысқа енгізудi;
16) геодезиялық және картографиялық техника өндiрiсiн ұйымдастыруды;
17) геодезиялық, картографиялық, топографиялық жұмыстарды метрологиялық қамтамасыз етудi қамтиды.
3. Арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет:
1) түрлi объектiлердi, жерүстi және жерасты құрылыстары мен желiлерiн, құрылыс учаскелерiне үйлер мен құрылыстардың аралық бекiтпелерiн салу учаскелерiнiң бас жоспарларын жасауға, сондай-ақ өзге де арнаулы жұмыстарды орындауға арналған топографиялық жоспарларды жасауды және жаңартуды;
2) графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда арнаулы мақсаттағы тақырыптық карталар, жоспарлар мен атластар жасауды және басып шығаруды;
3) арнаулы мақсаттағы географиялық ақпараттық жүйелердi жасауды және жүргiзудi;
4) сызық және алаң үлгiсіндегі инженерлiк құрылыстарды, жерасты құрылыстары мен желiлерiн жобалау және iзденiстер жүргiзу, салу және пайдалану кезіндегі геодезиялық, топографиялық, аэротүсiрiлiм және басқа да арнаулы жұмыстар, кадастрлар мен өзге де iзденiстер және арнайы жұмыстар жүргізуді;
5) осы тармақта аталған бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргiзудi;
6) инженерлiк-геодезиялық және маркшейдерлiк жұмыстарды қамтиды.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретiне мыналар жатады:
1) геодезия және картография саласындағы мемлекеттік басқару мен бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органды (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) белгiлеу;
2) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) координаттардың, биiктiктiң, гравиметриялық және жерсерiктік өлшемдердiң, сондай-ақ мемлекеттік топографиялық карталар мен жоспарлардың масштабтық қатарының бiрыңғай мемлекеттік жүйелерiн белгiлеу;
4) республикалық бюджет қаражаты есебiнен орындалатын топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың тiзбесiн бекіту;
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
6) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарды белгілейтін, геодезия және картография саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерді бекіту;
7) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
8) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау.
6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi органның құзыретiне мыналар жатады:
1) геодезия және картография саласында бiрыңғай мемлекеттік және ғылыми-техникалық саясат жүргiзу;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң қызметiн үйлестіру;
3) мемлекеттік, арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық жұмыстардың орындалуын ұйымдастыру;
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4) мемлекеттiк геодезиялық бақылауды жүзеге асыру;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының және жергiлiктi жерлерде әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер шекараларының дұрыс көрсетiлуiн және олардың картографиялық материалдарда көрсетiлуiн қадағалау;
6) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер арасындағы шекаралардың өзгерiстерi, сондай-ақ жергiлiктi жердiң және географиялық объектiлер атауларының өзгерiстерi көрсетiлген кезекшi анықтамалық карта жүргiзу;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарды белгілейтіндерін қоспағанда, геодезия және картография саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерді әзірлеу, бекіту;
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
8) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аэротүсiрiлiм жұмыстарын жүргiзудi тiркеу, есепке алу және оларға рұқсат беру;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
9) геодезиялық пункттердi есепке алу және олардың сақталуын қамтамасыз етудi бақылау;
10) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды ұйымдастыру мен орындау тәртібінiң анықталған жолсыздықтарын жоюды, сондай-ақ аталған жұмыстарды немесе аэроғарыштық түсiрiлiм жүргiзу нәтижесiнде алынған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректердi топтастыруды, есепке алуды, сақтауды, пайдалануды және iске асыруды талап ету;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11) Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңнамасының бұзылу фактілері анықталған жағдайда геодезиялық және картографиялық жұмыстарды тоқтата тұру;
12) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
13) Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгi мүдделерiн ескере отырып, геодезиялық және картографиялық жұмыстардың, аэроғарыштық түсiрiлiм деректерi мен материалдарын дайындау, есепке алу, сақтау, көбейту және пайдалану тәртібін регламенттейтiн нұсқаулықтарды, нормалар мен ережелердi бекіту;
14) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiне жоспарланып отырған жұмыс учаскелерiнде жергiлiктi жерлердiң геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенгендiгi туралы тиiстi мәлiметтер беру;
15) геодезия және картография саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру ережелерiн әзiрлеу;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 15-1) тармақшамен толықтырылды
15-1) геодезиялық және картографиялық қызметінің басталғандығы туралы хабарлама берген субъектілердің тізілімін жүргізу;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 15-2) тармақшамен толықтырылды
15-2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулерді жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлеу және бекіту;»;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
16) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
2005.15.04. № 45-III ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7-бап. Геодезия және картография саласындағы хабарлама
1. Геодезиялық және картографиялық қызметтің мынадай түрлері «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен берілетін хабарлама бойынша жүзеге асырылады:
1) геодезиялық жұмыстарды жүргізу;
2) картографиялық жұмыстарды жүргізу.
2. Хабарламаға осы Заңның 7-1-бабына сәйкес геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргізуді жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын талаптарға сәйкес мәліметтер мен құжаттар қоса беріледі.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 7-1-баппен толықтырылды
7-1-бап. Геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізуді жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын талаптар
Геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды жүргізуді жүзеге асыратын субъектілерде:
1) геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін, зауыттық нөмірі көрсетілген, меншікті немесе жалға алынған салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар және құрал-саймандар жиынтығының не салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар және құрал-саймандар жиынтығы бар ұйыммен жасалған қызмет көрсетуге арналған шарттың;
2) штатында геодезия және (немесе) картография саласында жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі бар маманның болуы міндетті.
8-бап. Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер мен техникалық талаптар
Нормативтiк құқықтық актiлер мен техникалық талаптар геодезиялық және картографиялық жұмыстарды мемлекеттік реттеуге және мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыруға арналған бiрыңғай техникалық нормалар мен ережелер бойынша осы жұмыстарды жүргiзу тәртібін белгiлейдi және барлық геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерi үшiн мiндеттi болып табылады.
9-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтi метрологиялық қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы заңдарына сәйкес уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес геодезиялық өлшеу құралдарының бiрлiгi мен дәлдiгiн қамтамасыз ету жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға;
2) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
3) геодезиялық және картографиялық жабдықтарға, аспаптар мен саймандарға метрологиялық бақылау және қадағалау жүргiзуге құқығы бар.
2. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық мақсаттағы аспаптар мен жабдықтарға шет мемлекет берген сертификат, оны Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік сертификаттау жүйесi таныған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп есептеледi.
10-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтi қаржыландыру
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Мемлекеттік мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
2. Арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет өнiмдердiң тапсырысшылары болып табылатын жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын геодезиялық, топографиялық және картографиялық жұмыстардың тапсырысшылары және (немесе) орындаушылары болып табылатын геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерi бұрын жасалған геодезиялық, топографиялық және картографиялық материалдар мен деректердi пайдалануға мiндеттi.
11-бап. Картографиялық өнiмге авторлық құқық
Картографияға, геодезияға, топографияға қатысты карталарға, жоспарларға, эскиздерге, иллюстрацияларға және үш өлшемдi туындыларға авторлық құқықтар және соған байланысты туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының заң актілерімен реттеледi.
12-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған және жалпымемлекеттік салааралық арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар геодезиялық, топографиялық, картографиялық, гидрографиялық, аэроғарыштық түсiрiлiм, гравиметриялық материалдар мен деректердiң жиынтығы болып табылады.
Ведомстволық картографиялық-геодезиялық қорлар арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар геодезиялық, топографиялық, картографиялық, гидрографиялық, гравиметриялық және аэроғарыштық түсiрiлiмдiк материалдар мен деректердiң жиынтығы болып табылады және тиiстi орталық атқарушы органдардың қарамағында болады.
2. Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор уәкiлеттi органның қарамағында болады.
Қорғаныс министрлігінiң Картографиялық-геодезиялық қоры Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң қарамағында болады.
3. Белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақталады.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттары мемлекеттік меншiкте болады және оларды иеліктен шығаруға, сондай-ақ басқа мемлекетте тұрақты сақтауға әкетуге болмайды.
5. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережелерiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
Ведомстволық (салалық) картографиялық-геодезиялық қорларда құжаттарды қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережелерiн және оларға енгiзiлетiн материалдар мен деректер тiзбесiн уәкiлеттi органның келісімi бойынша тиiстi орталық атқарушы органдар бекiтедi.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының материалдары мен деректерiн пайдалану үшiн аталған материалдар мен деректердi (көшiрмелердi) жасауға, сақтауға және жеткiзiп беруге, сондай-ақ аталған материалдар мен деректердi iрiктеу және олардың көшiрмелерiн әзiрлеу жөніндегі қызметтердi көрсетуге жұмсалған шығындарды қамтитын ақы алынады. Мемлекеттік органдарға аталған қызметтер тегiн көрсетiледi.
Мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен картографиялық және геодезиялық жұмыстарды жүргiзу мақсатында Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың материалдары мен деректерiн пайдалану үшiн аталған материалдар мен деректердi iрiктеу, олардың көшiрмелерiн әзiрлеу, сондай-ақ оларды жеткiзiп беру жөніндегі қызметтер көрсетуге ғана жұмсалған шығындарды қамтитын ақы алынады.
Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың материалдары мен деректерiн пайдалану үшiн алынған қаражат Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына сәйкес бюджетке жiберiледi.
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердiң көздерi болып табылатын құжаттарына қол жеткiзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
8. 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
9. Геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар өздерi жасаған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректердiң көшiрмелерiнiң бiр данасын Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорына авторлық құқықтарын сақтай отырып, тегiн беруге мiндеттi.
10. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының картографиялық және геодезиялық өнiмiн пайдаланушылар алынған материалдар мен деректердiң сақталуын қамтамасыз етуге, оларды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде қайтаруға, аталған материалдардағы мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 13-бап өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
13-бап. Геодезиялық және картографиялық өнiмге мемлекеттік меншiк
Геодезиялық және картографиялық өнiм, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесiнде алынған гидрографиялық, аэроғарыштық түсiрiлiм және гравиметриялық материалдар мен деректер Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншiгi болып табылады.
14-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызмет
Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызметтi өзара келісілген жұмыс жоспарлары бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
15-бап. Жергiлiктi жер объектiлерi туралы ақпарат беру
Қазақстан Республикасының аумағындағы географиялық, топографиялық және өзге де карталар мен жоспарларға бейнелеп түсiрiлуге тиiстi жергiлiктi жер объектiлерi туралы ақпараттың иелерi болып табылатын жеке және заңды тұлғалар карталар мен жоспарларды дайындаушылардың немесе уәкiлеттi органның сауал салуы бойынша оларға осы ақпарат бар құжаттың көшiрмесiн бередi.
16-бап. Мемлекеттік геодезиялық желiлер пункттерiн қорғау
1. Мемлекеттік геодезиялық желiнiң геодезиялық пункттерi (астрономиялық-геодезиялық, геодезиялық, нивелирлiк және гравиметриялық пункттер, жер бетіндегі белгiлер мен осы пункттердiң орталығы), сондай-ақ арнаулы геодезиялық желiлер пункттерi (орталықтар, бақылау таңбалары, сыртқы белгiлер, бағдарлық пункттер) мемлекеттік меншiк болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
Геодезиялық пункттердi бұзу немесе қайта салу (орнын ауыстыру) уәкiлеттi органның рұқсатымен ғана жүргiзiледi.
2. Жер учаскелерiн оларға геодезиялық пункттердi орналастыру үшiн беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.