Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудiң ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 қыркүйектегі № 958 Қаулысы
(2013.11.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2014 жылғы 13 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берілiп отырған:
1) Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудiң ережесi;
2) Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн қалыптастыру мақсаты үшін облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, астанаға, аудандарға және облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға берілетiн кодтардың тiзбесi бекiтілсiн.
2. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу үшін қажетті аэрофототүсiрiм, топографиялық материалдары бар орталық атқарушы органдар оларды жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға көшiрме түрiнде және ақысыз ұсынатын болсын.
3. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiнiң күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2003 жылғы 20 қыркүйектегi № 958 қаулысымен
бекітiлген
Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудiң
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес әзiрлендi және мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу, жердi сандық және сапалық есепке алу мен жердi бағалау, тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн есепке алу, мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерiн беру және кадастр ақпаратын пайдалану тәртібін белгiлейдi.
ҚР Үкіметінің 2012.30.11. № 1525 Қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк жер кадастры (бұдан әрi - кадастр) мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды жер және жекелеген жер учаскелерi туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрын жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі - кадастр жүргізетін кәсіпорын) жүзеге асырады.
Мемлекеттік жер кадастрын жүргізуге технологиялық байланысты қызметке:
1) жергілікті жерде әкімшілік-аумақтық бірліктердің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, мемлекеттік орман және су қорлары жерлерінің шекараларын белгілеу;
2) жер пайдалануды қалыптастыру жөніндегі жобаларды, бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобаларын жасау, мемлекет меншігіндегі жер қатарынан жер учаскелерін беру кезінде жергілікті жерде олардың шекараларын белгілеу;
3) мемлекет меншігіндегі және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер пайдалануға берілген жер учаскелері бойынша шаруашылықішілік жерге орналастыру жобаларын әзірлеу жатады.
Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
ҚР Үкіметінің 2008.18.03. № 262 қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы қатынастары субъектiлерiне бекітілген жер учаскесi кадастрдың деректерiн есепке алу мен оларды сақтау бiрлiгi болып табылады. Кадастрда әрбiр жер учаскесi үшiн оны кеңiстiкте бiр мәндi бөлуге, мөлшерiн және орналасқан жерiн айқындауға мүмкiндiк беретiн сәйкестендіру сипаттамалар, сондай-ақ учаскенiң кадастрлық бағалау құны белгiленедi.
4. Кадастрдың құрамына жер учаскесiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар туралы ақпарат кiредi.
5. Жер учаскесi туралы мәлiметтер осы учаскеге бекітілiп берiлген нөмiрi, орналасқан жерi, шекарасы және мәтіндiк сипаттамасы көрсетiлетiн жер-кадастрлық карталармен ара қатынаста болады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР Үкіметінің 2008.18.03. № 262 қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарын, топырақ зерттеу, геоботаникалық зерттеулер мен іздестірулер, жер мониторингі жөніндегі жұмыстарды, жерді сандық және сапалық есепке алуды жүргізумен, нақты жер учаскесіне жер-кадастр ісін жасаумен, жер-кадастр карталары мен жер учаскесіне сәйкестендіретін құжат дайындаумен қамтамасыз етіледі.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 7 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
7. Деректердi жинақтау жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi, жеке немесе заңды тұлғалардың - жер учаскесiне құқық субъектiлерiнiң атауы, атқарушы органдардың кесiмдерi мен өзге де заңнамада көзделген құжаттар, жер учаскесiнiң орналасқан орны мен мөлшерi, кадастрлық (бағалау) құны, жер учаскесіне құқығы, мақсатты тағайындауы, бөлiнетiндiгi және бөлiнбейтiндiгi, жер учаскесiне сервитуттар туралы, сондай-ақ атқарушы органдар белгiлеген оны пайдалану жөніндегі шектеулер туралы ақпараттар тiркелетiн және caқталатын республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті аудандарының (облыстық маңызы бар қалалардың) деңгейiнде жүргiзіледi.
Көрсетілген деректер аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), облыстар, республикалық маңызы бар қала астана және тұтастай алғанда Қазақстан Республикасы бойынша өзара салыстыруға мүмкiндiк беретiн меншiк нысандары, жер санаттары бойынша жүйелендiріледi.
2. Кадастрды жүргiзудiң тәртiбі
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 8 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
8. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Кадастрды жүргізу бірыңғай жүйе бойынша жүзеге асырылады және ол жер учаскелері туралы мәліметтерді жинау, құжаттау, жинақтау, өңдеу, есеп жүргізу және сақтау жөніндегі дәйекті іс-қимыл болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 9 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
9. Жер учаскелерiнiң желiлiк және алаңдық сипаттамаларын бейнелеу және өзгерістер енгізу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiстi жер-кадастрлық карталар Кадастрдың картографиялық негiзi болып табылады.
Жер-кадастрлық карталардың масштабы есепке алу бірлігінің мөлшеріне және Кадастрды жүргiзудiң деңгейiне байланысты таңдалады.
Кадастрды автоматтандырылған жүргiзу кезiнде картографиялық негiз геоақпараттық технологияларды қолданумен және қағаз жеткiзгiштермен көшiрмелерiн дайындаумен электрондық карта түрiнде қалыптастырылады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 10 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
10. Жер учаскелерi туралы ақпарат учаскелер мен жер алқаптарының шекарасы мен алаңдары өзгерген кезде жүйелi түрде жаңартылады.
11. Жер учаскесi, егер оның белгiленген шекарасы болса және оған жер-кадастрлық iс жүргiзілсе, түпкiлiктi қалыптастырылған болып саналады. Жер-кадастрлық iс - жер учаскесiнiң қалыптасуы туралы iс, оған жер учаскесi туралы құжаттар кiргiзiледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 11 тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2012.30.11. № 1525 Қаулысымен 11-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11-1. Мемлекеттiк меншiктегi жерлерден берiлетiн жер учаскелерiне жер-кадастр iстерiн кадастрды жүргiзетiн мемлекеттiк кәсiпорындар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округтер әкiмдерiнiң шешiмдерi, Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде белгiленген құзыретiне сәйкес, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы бекiткен жерге құқық беру туралы жерге орналастыру жобасы және жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу жөнiндегi материалдар негiзiнде жүргiзедi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен (бұр. ред. қара); 2008.18.03. № 262 қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.30.11. № 1525 Қаулысымен (бұр. ред. қара) 12-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2013.15.04. № 359 Қаулысымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12. Жеке және заңды тұлғаларға иелік ету не пайдалану құқығымен бұрын берілген жер учаскелерін жеке меншікке немесе пайдалануға беруді алғашқы ресімдеу кезінде жер-кадастрлық істер олардың жер учаскелерінің орналасқан жері бойынша кадастрды жүргізетін кәсіпорындарға берілетін өтініштерінің негізінде жүргізіледі.
Өтінішке жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжаттар, ал олар болмаған кезде - бұл учаскені берген атқарушы органның шешімімен учаске шекарасының сызбасы (схемасы) қоса беріледі.
Жеке және заңды тұлғаларға иелік ету не пайдалану құқығымен бұрын берілген жер учаскелері бойынша кадастрды жүргізетін кәсіпорындар жер учаскелерін жергілікті жерде зерттеуді жүзеге асырады. Олардың шекаралары, алаңдары және мақсатты тағайындауы өзгергені анықталған жағдайда, бұл өзгерістер облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округтер әкімінің олардың Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген құзыретіне сәйкес қайта бекітуіне жатады немесе мүдделі тараптар арасында жасалатын шартта көрсетіледі.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 13 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР Үкіметінің 2008.18.03. № 262 қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.30.11. № 1525 Қаулысымен (бұр. ред. қара); 2013.15.04. № 359 Қаулысымен (бұр. ред. қара) 13-тармақ өзгертілді
13. Азаматтардың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншігіндегі жерден учаске құру бөлінетін жер учаскесінің бөлігімен мәміле жасалған кезде жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына берілетін олардың бөлінетін жер учаскесін бөлу туралы өтініштері негізінде жүргізіледі.
Өтінішке жер учаскесіне жеке меншік құқығы туралы құжаттар қоса беріледі.
Бөлудің нәтижесінде пайда болған жер учаскелеріне Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген құзыретіне сәйкес облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы бекіткен жер учаскесін бөлу туралы жерге орналастыру жобасы және жер учаскесінің шекараларын белгілеу жөніндегі материалдар негізінде жаңа жер-кадастр ісі жүргізіледі, ал бөлінетін жер учаскесіне бұрын жүргізілген жер-кадастр ісі кадастрды жүргізетін кәсіпорынның мұрағатында сақталады.
Бөлу нәтижесінде қалыптасқан жер учаскелеріне кадастрды жүргізетін кәсіпорын жаңа сәйкестендіру құжаттарын дайындайды және береді.
ҚР Үкіметінің 2008.18.03. № 262 Қаулысымен 13-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2011.18.07 № 820 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.30.11. № 1525 Қаулысымен (бұр. ред. қара) 13-1-тармақ өзгертілді
13-1. Азаматтық-құқықтық мәмілелерді жүзеге асыру нәтижесінде не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер бойынша жер учаскесіне құқықтары ауысқан жағдайда сәйкестендіру құжаты оны алушыға немесе басқа құқық иесіне беріледі.
Жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларында өзгерістер болмаған жағдайда, Кадастрды жүргізетін мамандандырылған кәсіпорын жаңа сәйкестендіру құжатын бермейді, ал жаңа құқық иеленуші туралы жазба жер-кадастрлық кітапқа және жерлердің бірыңғай мемлекеттік тізіліміне енгізіледі.
Жер учаскесінің есептік деректеріне жер учаскесіне меншік құқығының немесе жер пайдалану құқығының ауысуы туралы мәліметтерді енгізу оларға жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган ұсынатын материалдар негізінде жүргізіледі.
Осы жер учаскесін кадастрлық есепке қойғаны туралы (жаңа құқық иесі туралы мәліметтермен бірге) кадастрды жүргізетін кәсіпорын екі апта мерзімде жер учаскесі орналасқан жердегі республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) атқарушы органына хабарлайды.
ҚР Үкіметінің 2013.15.04. № 359 Қаулысымен 13-2-тармақпен толықтырылды
13-2. Жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға бұрын өзіне жер пайдалануға берілген жер учаскесін жеке меншікке сатып алған жағдайда жаңа жер-кадастрлық іс жүргізілмейді.
Жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы беретін жер учаскесін сатып алу-сату туралы жасалған шартының болуы, оның сатып алу бағасы төлемінің жүргізілгені, сондай-ақ жер учаскесін бөліп-бөліп төлеу тәртібімен сатқан кезде мәміле жасасуға тыйым салынуы (кепілге беруді қоспағанда) туралы анықтаманың негізінде кадастрды жүргізетін кәсіпорын жер учаскесіне жаңа сәйкестендіру құжатын дайындайды және береді.
ҚР Үкіметінің 2008.18.03. № 262 қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
14. Азаматтардың және заңды тұлғалардың меншiгіндегі немесе пайдалануындағы жерден мемлекеттік мұқтаждықтар үшiн жер учаскесiн қалыптастыру кезiнде оған жүргiзiлген жер-кадастрлық iске жаңа учаскенi құру үшiн негiз болып табылатын жер учаскесiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн алу туралы атқарушы органның шешiмi не соттың шешiмi, сондай-ақ жоспар (шекара сызбасы) және басқа құжаттар кiргiзіледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен (бұр. ред. қара); 2008.18.03. № 262 қаулысымен (бұр.ред.қара) 15-тармақ өзгертілді
15. Мемлекеттік мұқтаждар үшiн жасалатын жер учаскесінің бір бөлігін алып қою жағдайында жаңа жер-кадастрлық iс жүргiзiлмейдi. Жер учаскесiн қайта ұйымдастыру процесiмен бiрге жүретiн барлық құжаттар осы учаскеге бұрын жүргiзілген жер-кадастрлық iске кiргiзiледi.
ҚР Үкіметінің 2008.18.03. № 262 қаулысымен 15-1-тармақпен толықтырылды
15-1. Бірнеше жер учаскелері бірге қосылған кезде жаңа кадастрлық ісі ашылады, оған осы учаскелерге бұрын жүргізілген кадастрлық істер жинақталады. Біріктіру нәтижесінде құрылған жер учаскесіне жаңа сәйкестендіру құжаты дайындалады.
16. Азаматтар мен заңды тұлғалардан ерiксiз алуға не тәркiлеуге жататын жер учаскесiнiң жер-кадастрлық iсiне сот-атқарушылық iс жүргiзу құжаттары кiргiзiледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 17 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
17. Қалыптастырылған жер-кадастрлық iс жер учаскесiн жер-кадастрлық кiтабына жазу және бірыңғай мемлекеттік жер тізіліміне жер учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшiн негiз болады.
Бірыңғай мемлекеттік жер тізілімі құқықтық, сәйкестендіру, экономикалық және басқа да сипаттамаларды қамтитын Кадастр құрамындағы жер учаскелерін есепке алудың қорытынды құжаты болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 18 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
18. Жер-кадастрлық кiтабы жер учаскелерi есепке алынатын, жердiң кеңiстiк, табиғи және шаруашылық жағдайы туралы анық мәлiметтер қамтылатын құжат болып табылады.
19. Жердiң жер-кадастрлық картасы жер учаскелерiнiң орналасқан жерiн, мөлшерлерiн және шекараларын көрнектi кескiндеу, бiрiктiру және бөлу кезіндегі олардың өзгерістерiн есепке алу мақсатында құрылады және жүргiзіледi. Кадастр және жер учаскелерiн есепке алу үшiн жер-кадастрлық карталар жүргiзу осы Ереженiң 39 және 41-42-тармақтарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
20. Кадастр қағаз жеткiзгiшпен жүргiзіледi және ақпараттарды жинақтаудың, өңдеудiң және сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалана отырып жүргiзілуi мүмкiн.
21. Кадастрдың автоматтандырылған ақпараттық жүйелерi жұмыс iстеу тәртібін жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын мамандандырылған бағдарламалық-техникалық кешендердiң базасында құрылады.
22. Жер-кадастрлық құжаттама мынадай талаптарға сәйкес болуы тиiс:
барлық деректемелердi (оларды шығарушы органның, мекеменiң, ұйымның атауын, күнiн, құжаттың нөмiрiн, мекен-жайын (құжатты алушыны) көрсету) толтыра отырып белгіленген үлгiдегi бланкілерде орындалады;
жер учаскелерi шекараларының жоспарларын (сызбаларын) дайындау жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілеттi орган белгiлейтiн техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады;
мемлекеттік құпияға жатқызылған жер учаскелерiнiң жоспарларында (сызбаларында) қамтылатын мәлiметтер олардың құпиялылығын қамтамасыз ететiн белгiленген ережелерге сәйкес пайдаланылады және сақталады.
3. Жердi сандық және сапалық есепке алуды жүргiзу мен бағалаудың тәртібі
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен (бұр. ред. қара); 2012.30.11. № 1525 Қаулысымен (бұр. ред. қара) 23-тармақ өзгертілді
23. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерi жерге меншiк нысанына, жер учаскелерiнiң мақсатты тағайындауына және оларды пайдаланудың рұқсат етiлген сипатына қарамастан, кадастрлық есепке алуға жатады.
Жер учаскелерiн кадастрлық есепке алу олардың орналасқан жерiнде бiрыңғай әдiстеме бойынша жүргiзіледi.
Жерлердің сапасын есепке алу жерді экономикалық бағалауды және жер мониторингін жүргізуді, топырақты зерттеуді, геоботаникалық, агрохимиялық зерттеулерді және топырақты бонитеттік бағалауды жүргізуді қамтиды.
Жерді сандық және сапалық есепке алу олардың нақты жағдайы және пайдаланылуы бойынша жүргiзіледi. Барлық өзгерістер олар жергiлiктi жерде болғаннан кейiн тiркеледi. Жердi есепке алудың деректерi әрбiр жер учаскесi бойынша жер-кадастрлық кiтапқа және бірыңғай мемлекеттік жер тізіліміне енгiзiледі.
Есептiк деректер жер учаскелерi, елдi мекендер, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), облыстар, астана, республикалық маңызы бар қала бойынша қалыптастырылады. Бұл ретте ерекше қорғалатын табиғи және тарихи-мәдени объектiлер орналасқан учаскелер бөлек көрсетiледi.
Барлық санаттағы жерлер есепке алуға жатады және ол жер алқаптарының түрлерi бойынша жүргiзіледi.
Жердiң мөлшерi, орналасқан жерi, саны мен сапасы туралы қажеттi мәлiметтер оларды бастапқы есепке алу кезiнде тiркелер, ал жердiң құрамында, олардың сапасы мен пайдалану түрiнде болған өзгерістер жердiң ағымдағы есебiн жүргiзу процесiнде анықталады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен (бұр. ред. қара); 2010.17.06. № 600 Қаулысымен (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара); 2012.30.11. № 1525 Қаулысымен (бұр. ред. қара) 24-тармақ өзгертілді
24. Кадастрлық деректердi нақтылау және жаңарту мақсатында:
1) жер учаскелерiнiң иелерi мен жер пайдаланушылар, уәкілеттi лауазымды тұлғалар мен тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бiрлiктердегi (ауыл (село), кент облыстық және, аудандық маңызы бар қала) жергілiктi атқарушы органдар есепті жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша жыл сайын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына тиiсiнше жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы, меншiктегi және пайдаланудағы, сондай-ақ тиiстi әкiмшiлiк-аумақ бiрлiктердiң (ауыл (село), кент, аудандық және облыстық маңызы бар қалалар) әкiмдерiнiң қарауындағы жерлердiң құрамында болып жатқан өзгерістер туралы белгiленген нысан бойынша есептер ұсынады;
Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы ұсынылған есептердi қарайды әрi бекiтедi және оларды болған өзгерiстердi жер-кадастр кiтабына және бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмiне енгiзу үшiн кадастр жүргiзетiн кәсiпорындарға жiбередi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) Облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары жерлердің бар-жоғы және олардың санаттар, жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар мен алқаптардың бөлінуі туралы жыл сайынғы есептерді (жер балансын), сондай-ақ есепті жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аудандары (облыстық маңызы бар қалалары), республикалық маңызы бар қаласы, астанасы, облыстары бойынша мемлекеттің жер учаскелерін меншікке сатуы туралы мәліметтерді жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін және мемлекеттік статистика саласындағы орталық уәкілетті орган бекітетін нысандар бойынша жасайды.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер балансының деректері негізінде Қазақстан Республикасының жер балансын жасайды.
Кадастрды жүргiзетiн кәсiпорындар 5 жылда бiр рет аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана бойынша және тұтастай алғанда республика бойынша жерлердiң сапалық жай-күйі туралы есептер жасайды.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен (бұр. ред. қара); 2008.18.03. № 262 қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.30.11. № 1525 Қаулысымен (бұр. ред. қара) 25-тармақ өзгертілді
25. Жердiң сапасын есепке алу және кадастрлық бағалау:
мақсатты тағайындауын ескерiп, жер учаскесiн пайдалану тиiмділiгiн анықтау;
жер учаскесiн жеке меншiкке сатқан кезде оның бағасын (жер учаскесiн жалдау құқығын сату төлемiн) анықтау;
салық салу;
жер учаскесiн мемлекеттік мұқтаждықтар үшiн ерiксiз алу кезiнде және иелiктен айыру жағдайында сатып алу бағасы мен төлем мөлшерiн сотпен анықтау мақсатында жүргiзiледi.
Жерді мемлекеттік кадастрлық бағалау жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтауды; елді мекендерде жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін белгілей отырып, олардағы бағалау аймақтары шекараларының схемаларын жасауды; жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларын есептеу; ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттар үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қою кезіндегі ауыл шаруашылығы өндірісіндегі шығасыны анықтауды қамтиды.
Жердiң сапасы және оның кадастрлық бағасы туралы мәлiметтер әрбiр жер учаскесi бойынша жер-кадастрлық кiтапта көрсетiледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 26-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
26. Жердің бар-жоғы, олардың санаттар, жер учаскелерінің меншік иелері, жерді пайдаланушылар және алқаптар бойынша бөлінуі туралы есептерді (жер балансын) осы Ереженің 24-тармағына сәйкес мыналар жасайды:
аудан және облыстық маңызы бар қала бойынша - аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы және есепті жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей жер қатынастары жөніндегі облыстық уәкілетті органға ұсынады;
облыс, республикалық маңызы бар қала және астана бойынша - аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың деректері негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы және есепті жылдың 20 қарашасынан кешіктірмей жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган есептi жылдан кейiнгi 20 қаңтардан кешiктiрмей, Қазақстан Республикасы жерiнiң (республикалық маңызы бар қалалар, облыстар бойынша және тұтастай алғанда республика бойынша) бар-жоғы, олардың сапалық жағдайы және пайдаланылуы туралы есептi алқада қарайды.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілеттi орган жиынтық талдамалы есептің көшірмесін Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне және Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігiне жолдайды.
4. Тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн есепке алу
27. Тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн және олардағы жылжымайтын мүлiктi есепке алу меншiк құқығы мен басқа да құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықты мемлекеттік тiркеудi қамтамасыз ететiн қажеттi шарт болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2008.18.03. № 262 қаулысымен 28-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
28. Жер учаскелерiн есепке алу кезiнде мына деректердi тiркеу мiндеттi болып табылады:
жер учаскесi иесiнiң немесе оны пайдаланушының аты-жөнi;
жер учаскесінiң алаңы;
жер учаскесiне меншiктiң нысаны;
жер учаскесiнiң мақсатты тағайындалуы;
жер учаскесiн пайдаланудағы шектеулер және ауыртпалықтар;
жер учаскесiнiң бөлiнетiндiгi немесе бөлiнбейтiндiгi;
жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi;
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 29 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
29. Жер кадастрын жүргізгенде әрбір жер учаскесіне жер учаскесінің орналасқан жерін анықтау (сәйкестендіру) мақсатында жеке, Қазақстан Республикасының аумағында қайталанбайтын, учаске біртұтас болып тұрғанша сақталатын, кадастрлық нөмір беріледі. Жер-кадастрлық іс те осындай нөмірге сәйкестендіріледі.