Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру және туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға берілген мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің учаскелерін құрылыс объектілері үшін пайдалануға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 қарашадағы № 1063 Қаулысы
(2012.05.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2014 жылғы 26 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2012.05.07. № 910 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2012.05.07. № 910 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру және туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға берілген мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің учаскелерін құрылыс объектілерін салу үшін пайдалануға рұқсат беру қағидалары бекітілсін.
2. «Барлық санаттағы жерлерден ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту үшін жер учаскелерін алу (сатып алу), ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы бөгде үйлер, ғимараттар мен объектілерді құлату, сыртқа шығару, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жер учаскелерін, үйлер мен ғимараттарды ғылыми, туристік және рекреациялық қызметтер үшін жалға беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 ақпандағы № 240 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 10, 130-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 қаулысымен ереже өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2012.05.07. № 910 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 7 қарашадағы
№ 1063 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру және туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға берілген мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің учаскелерін құрылыс объектілері үшін пайдалануға рұқсат беру
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру және туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға берілген мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің учаскелерін құрылыс объектілері үшін пайдалануға рұқсат беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 7-бабының 4) тармақшасының бесінші абзацына сәйкес әзірленді және туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру мен мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің (бұдан әрі - ұлттық парктер) учаскелерін құрылыс объектілері үшін пайдалануға рұқсат беру тәртібін айқындайды.
Мемлекеттік табиғи резерваттар мен мемлекеттік өңірлік парктердің учаскелеріндегі туристік және рекреациялық қызмет осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) туристiк соқпақ (бұдан әрi - соқпақ) - жаяу, велосипедпен немесе атпен (салт атпен) жүруге арналған жердiң созылмалы учаскесi;
2) туристiк маршрут (бұдан әрi - маршрут) - туристiң танымдық, спорттық, эстетикалық не өзге де мақсатта өту, қарау үшiн (саяхат барысында) белгiленген барлық географиялық пункттердің, болу объектiлерiнiң тiзбесiн білдіретін жүру жолы;
3) рекреация - демалыстың барлық түрiн қамтитын ұғым. Тұрғын үйден тыс жерде, табиғат аясында демалу арқылы денсаулық пен еңбекке қабiлеттiлiктi қалпына келтiру.
2. Ұлттық парктердегі туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру тәртібі
3. Ұлттық парктерде туристік және рекреациялық қызмет туристік және рекреациялық қызмет, шектелген шаруашылық қызмет аймақтарында рекреациялық жүктеме нормаларын ескере отырып, рекреациялық орталықтар, қонақүйлер, кемпингтер, мұражайлар мен туристерге қызмет көрсететін басқа да объектілер (бұдан әрі - объектілер) салу және пайдалану, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүргізу, туристік маршруттар, соқпақтар ұйымдастыру, демалу аялдамалары мен тамашалау алаңдарын жайғастыру арқылы жүзеге асырады.
4. Туристік және рекреациялық қызметті туроператорлық қызметке арналған лицензия бар болған кезде тікелей ұлттық парктер, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
5. Ұлттық парктердің учаскелері туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін жеке және заңды тұлғаларға 49 жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді пайдалануға және ұлттық парктің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес туристік, рекреациялық және шаруашылық қызмет шектеулі аймақтарға 5 жылға дейінгі мерзімге қысқа мерзімді пайдалануға беріледі. Пайдалануға инфрақұрылымы бар учаскелер де, сондай-ақ жаңа инфрақұрылым құру үшін де ұсынылады.
6. Жеке және заңды тұлғалар объектілерді салу және пайдалану үшін осы Қағидалардың 3.1-бөлімінде белгіленген тәртіппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган ведомствосының (бұдан әрі - уәкілетті орган) ұлттық парктің учаскесін ұзақ мерзімді пайдалануға және объектілер салуға тиісті жазбаша рұқсатын алады.
Объектілерді салу уәкілетті орган рұқсатының негізінде және уәкілетті органмен келісілген эскизіне (эскиздік жобаға) сәйкес әзірленген жобалық (жобалау-сметалық) құжаттама бойынша жүзеге асырылады.
7. Жеке және заңды тұлғалар туристік маршруттарды, соқпақтарды, демалу тұрақтары мен тамашалау алаңдарын ұйымдастыру және пайдалану үшін осы Қағидалардың 3.2-бөліміне сәйкес ұлттық парктің учаскесін қысқа мерзімді пайдалануға уәкілетті органның жазбаша рұқсатын алады.
8. Ұзақ мерзімді пайдалануға берілген ұлттық парк учаскесінде салынған құрылыс объектілеріне құқық үшінші бір тұлғаларға берілген жағдайда шартты ұлттық парк осы Қағидаларға сәйкес уәкілетті органмен келісім бойынша пайдалану мерзімін өзгертпей қайта жасасады.
9. Туристік соқпақтар мен маршруттар секілді қысқа мерзімді пайдаланылатын объектілерді орналастыруды жобалауды ұлттық парк, ұлттық паркпен келісім бойынша туроператор мен турагенттер жүзеге асырып, уәкілетті орган бекітеді.
10. Соқпақты (маршрутты) жобалау ол өтетін аумаққа экспедициялық зерттеу жүргізуді көздейді және:
қыстақтардың, демалу аялдамаларының (алаңқайларының), көлiкке арналған тұрақтардың, кемпингтердiң, шатырлы лагерьлердiң, тамашалау алаңдарының, суретке түсiру және қоғамдық тамақтандыру орындарының, туристiк әбзелдердiң, құрал-саймандардың және көлiк құралдарының қажеттi мөлшерiнiң есеп-қисабын;
туризм бойынша нұсқаушылар, басқа да қызмет көрсетушiлер жөнiндегi қажеттiлiктi айқындауды және оларды даярлауды ұйымдастыруды, жорық жолы сипатталған жарнама-ақпараттық материалдар дайындауды;
рекреациялық жүктеменiң есеп-қисабын қамтиды.
11. Зерттеу экологиялық және санитариялық-гигиеналық нормалар мен талаптарға сай келетiн, сондай-ақ туризмнiң нақты түрiн дамытудың шынайы мүмкiндiктерiн ескере отырып, табиғи жағдайлары қолайлы аумақтар бойынша жүзеге асырылады.
12. Соқпақты (маршрутты) жобалау кезiнде оны қауiпсiз жүрiп өту үшiн қажет нұсқаушылардың бiлiктiлiгi, оның ұзақтығы, ауданның климаттық, географиялық көрсеткiштерi, тау беткейлерінің еңісі, өзендер ағысының жылдамдығы ескерiледi.
13. Туристік соқпақтар мен маршруттарға ұлттық парк осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес паспорттар әзірлеп, оларды уәкілетті орган бекітеді.
3. Ұлттық парк учаскелерін құрылыс объектілері үшін пайдалануға рұқсат беру тәртібі
3.1. Ұлттық парк учаскелерін құрылыс объектілері үшін ұзақ мерзімді пайдалануға беру
14. Ұлттық парк тендерге қойылатын ұлттық парктің учаскесін ұзақ мерзімді пайдалануға беруге тендерлік құжаттама дайындайды, оны ұлттық парктің бірінші басшысы немесе оны алмастыратын тұлға куәландырады және бекіту үшін уәкілетті органға жіберіледі.
15. Тендерлік құжаттама:
1) табиғат қорғау мекемесінің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес қалыптасқан тендерге қойылатын лотты (лоттарды);
2) тендерді өткізу уақыты мен орны туралы ақпаратты;
3) тендерлік өтінімдер берудің тәсілін, орнын мен түпкілікті мерзімін және олардың қолданылу мерзімін;
4) пайдалану үшін учаске беру шарттарын, оның нысаналы мақсатын;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын мүдделі ұйымдармен келісілген туристік және рекреациялық мақсаттарда учаскені одан әрі орнықты пайдалану үшін қажет сұрау салынып отырған (есептік) өлшемдерде объектілерді инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосудың бастапқы техникалық шарттарын;
6) жобалау-сметалық құжаттама (бұдан әрі - ЖСҚ) әзірлеу және объектілерді салу мерзімін қамтиды. Бұл ретте ЖСҚ әзірлеу мерзімі бір жылдан, ал объектіні салу мерзімі үш жылдан аспайтын мөлшерде белгіленеді;
7) инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар объектілерін салу, объектіге жапсарлас аумақты көріктендіру жөніндегі талаптарды;
8) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес құрылыс салынатын жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікті құлатуға байланысты барлық шығындарды өтеу жөніндегі талаптарды;
9) жер учаскесінің алаңы көрсетіліп, схемасы қоса тіркелген учаскені қарап-көру актісін қамтиды.
16. Ұлттық парк Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында тендерге дейін кемінде бір ай бұрын алдағы тендер туралы хабарландыру орналастырады.
Тендер өткізу туралы хабарландыруда тендерді ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жері, тендерге қойылатын лоттардың тізбесі, тендерлік құжаттаманы алу орны мен тәсілдері, тендерлік өтінімдерді беру орны мен түпкілікті мерзімі көрсетіледі.
17. Тендерлік комиссия (бұдан әрі - комиссия) ұлттық парк басшысының бұйрығымен құрылып, оның құрамына ұлттық парктің өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың туризмді дамыту мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімшілері, уәкілетті органның аумақтық органының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті органының өкілдері енгізіледі.
Тендерлік комиссия мүшелерінің саны тақ, кемінде бес адам болуы тиіс. Тендерлік комиссияның төрағасы болып ұлттық парктің басшысы немесе оның орынбасары, хатшысы болып - комиссияның құрамына кірмейтін ұлттық парктің қызметкері тағайындалады.
18. Тендерлік құжаттаманы алу үшін ықтимал қатысушы лоттарды көрсетіп, алуға өтініш беруі қажет.
19. Ұлттық парк тендердің ықтимал қатысушыларын тіркегенге дейін тендерлік құжаттаманы алған тұлғаларға туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін бөлінген учаскелермен танысуға мүмкіндік береді.
20. Тендердің ықтимал қатысушысы тендерлік құжаттамада белгіленген талаптар мен мерзімге сәйкес тендерлік өтінімді дайындап, оны жабық конвертпен ұлттық паркке тіркеуге ұсынады. Тендерлік өтінім тіркелген сәттен бастап тендерлік өтінім берген тұлға тендерге қатысушы мәртебесіне ие болады.
21. Тендерлік құжаттамаға сауалдар туындаған жағдайда тендерге қатысушы тендерлік өтінімдер беру мерзімі аяқталғанға дейін он күнтізбелік күннен кешіктірмей тендерлік құжаттама ережелеріне түсініктеме беру туралы сұрау салады. Тендерді ұйымдастырушы сұрау салу тіркелген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде түсініктеме берілген жауап дайындап, оны сұрау салудың кімнен келіп түскеніне қарамастан тендерді ұйымдастырушы тендерлік құжаттаманы табыс еткен тендердің барлық қатысушыларына жолдайды.
22. Тендерге қатысушы мынадай құжаттар (мемлекеттік немесе орыс тілдерінде) береді:
1) лоттар көрсетілген тендерге қатысуға арналған өтінім;
2) заңды тұлғалар үшін - заңды тұлға жарғысының және оның тіркелгені туралы куәліктің, жеке тұлғалар үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың және жеке кәсіпкердің тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) техникалық ерекшелімдер (ерекшелімдерді, жоспарларды, сызбаларды және халықаралық немесе қазақстандық стандарттарға сілтемелерді, бірыңғай нормалар мен қағидаларды қоса алғанда, ұсынылып отырған жұмыстар мен қызметтердің техникалық сипаттамаларының суреттемесі);
4) жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын құруды және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдайлар жасауды ескере отырып, мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған ұсынылып отырған қызметтер мен жұмыстардың тізбесі;
5) туризм объектілерін салу кезінде көзделетін жұмыстарды орындауға берілген лицензиялардың көшірмелері;
6) туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілер құрылысын жүзеге асыру үшін қажет қаражат пен өндірістік қуаттардың тендерге қатысушыда болуы туралы құжаттар (оның ішінде біліктілігі, мамандығы бойынша жұмыс өтілі көрсетілген қызметкерлердің болуы және олардың саны туралы құжаттар).
Тендерге қатысушы қосалқы мердігерлер тартқан жағдайда тендерге қатысушы өзінің тендерлік өтінімінде тиісті қосалқы мердігерлердің тізбесін көрсетіп, оған: құрылыс жұмыстарын орындауға берілген қажетті лицензиялардың; туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілер құрылысын жүзеге асыру үшін қажетті қаражат пен өндірістік қуаттардың қосалқы мердігерде болуы туралы құжаттардың (оның ішінде біліктілігі, мамандығы бойынша жұмыс өтілі көрсетілген қызметкерлердің болуы және олардың саны туралы құжаттардың) көшірмелерін қоса тіркейді.
23. Тендерлік комиссияның хатшысы тендерге қатысушылардың атаулары мен орналасқан жерлерін, олар қатысуды жоспарлап отырған лоттардың атауларын, тендерге берілген құжаттардың тізбесін қатысып отырған адамдарға бір мезгілде хабарлай отырып, тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашады.
24. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу нәтижелері бойынша конверттер ашылған күні тендерлік комиссияның хатшысы конверттерді ашу хаттамасын жасайды, оған тендерлік комиссияның барлық мүшелері қол қойып, куәландырылған көшірмелері тендерге қатысушыларға беріледі.
25. Тендерлік өтінімдерді бағалауды тендерлік комиссия конверттер ашылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде өткізеді.
26. Тендер жеңімпазы болып ұсыныстары тендерлік комиссияның шешімі бойынша мына талаптарға сай келетін қатысушы танылады:
1) тендерлік құжаттаманың техникалық ерекшелімінің сәйкестігі;
2) туристік және рекреациялық мақсатта объектілер салу үшін қажетті қаражат пен өндірістік қуаттардың болуы;
3) ұсынылып отырған жұмыстар мен қызметтер табиғи кешендердің сақтауын қамтамасыз етеді;
4) туристік қызметті жүзеге асыру мен объектілер салу үшін қажет қосымша техникалық, біліктілік, ұйымдастырушылық артықшылықтардың болуы (қызметкерлердің тәжірибесі, біліктілігі, қосымша техника мен жабдықтар).
27. Басқа үміткерлер болмаған кезде тендердің жалғыз қатысушысы, егер ол осы Қағидалардың 20-тармағында көзделген тәртіпті сақтаса және объектіні салу жөнінде ол жасаған ұсыныстар тендерлік құжаттаманың шарттарына сай келсе, тендер жеңімпазы болып танылады.
28. Егер тендерге қатысушылардың өтінімдерін тендерлік комиссия тендерлік құжаттаманың шарттарына сай келмейтін өтінімдер деп таныса, тендерді өткізілмеген болып есептеледі.
29. Тендерге қатысушылардың арасынан оның жеңімпазын таңдау тендерлік комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда тендерлік комиссияның отырысында өткізіледі. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшін комиссияның қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданған болып есептеледі. Дауыстар тепе тең болған жағдайда тендерлік комиссияның төрағасы дауыс берген шешім қабылданған болып есептеледі.
Комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда тендерлік комиссияның кез келген мүшесі ерекше пікірін білдіреді, оны жазбаша түрде баяндап, ұлттық парк учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беруге арналған тендер қорытындыларының хаттамасына (бұдан әрі - тендер қорытындыларының хаттамасы) тіркейді.
30. Әрбір лот бойынша тендер қорытындыларының хаттамасына комиссияның қатысып отырған барлық мүшелері, сондай-ақ оның хатшысы қол қояды, ол мынадай ақпаратты қамтиды:
1) отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің тізімі;
2) өтінім берушінің атауы және оның заңдық мекенжайы;
3) пайдалануға берілетін жер учаскесінің орналасқан жері және алаңы;
4) комиссияның шешімі.
31. Комиссиясы хаттамасының негізінде уәкілетті орган жеті күнтізбелік күн ішінде тендер жеңімпазына ұлттық парктің учаскесін пайдалануға жазбаша рұқсат (бұдан әрі - рұқсат) береді.
32. Ұлттық парк тендер жеңімпазына тендер нәтижелері және он жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін шарт (бұдан әрі - шарт) жасасу туралы хабарламамен уәкілетті органның рұқсатын жібереді.
Шарт жасалып, ол уәкілетті органда тіркелгеннен кейін тендер жеңімпазы ұлттық парктің учаскесін пайдаланушы (бұдан әрі - пайдаланушы) болып есептеледі.
33. Тендер жеңімпазына шарт жасасу үшін хабарлама жіберілген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде оның келмеуі, оны жасасудың жеңімпаздың кінәсінен кідіртілуі ұлттық парктің учаскесін пайдаланудан бас тарту ретінде қаралады.
Бұл жағдайда комиссия ұлттық парктің учаскесін пайдалану жөнінде ең таңдаулы шарттар ұсынған тендердің қалған қатысушылары арасынан жеңімпаз анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін уәкілетті органға жібереді не бұл лот осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен келесі тендерге шығарылады.
34. Тендер нәтижелерін ұлттық парк тендер өткізу туралы хабарландыру сияқты сол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
35. Тендерге қатысушы комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда тендер нәтижелеріне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
36. Пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін пайдаланушының ұлттық парктің учаскесін пайдалану мерзімін ұзартуға басым құқығы болады.
37. Пайдаланушы туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға берілген учаскеден бас тартқан жағдайда пайдаланушы құрылыс объектілерін бөлшектеп, басқа жаққа алып кетеді немесе қабылдау-тапсыру актісі бойынша ұлттық паркке береді.
38. Туризм объектісін салу бөлігінде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланушы шартты тіркегеннен кейін отыз күнтізбелік күн ішінде уәкілетті органға ұлттық паркпен келісілген эскизді (эскиздік жобаны) береді. Уәкілетті орган эскизге (эскиздік жобаға) бес күн ішінде келісім береді.
39. Уәкілетті органмен эскизді (эскиздік жобаны) келісіп алғаннан кейін пайдаланушы бір жыл ішінде эскизге (эскиздік жобаға) сәйкес әзірленген жобалық (жобалау-сметалық) құжаттама (бұдан әрі - ЖСҚ) дайындайды, оны кейіннен ұлттық паркпен келіседі.
40. Ұлттық паркпен келісілген ЖСҚ-ны пайдаланушы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 64-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік сараптамаға жібереді.
41. Ұлттық парктің учаскелерінде объектілер салуға рұқсат алу үшін пайдаланушы уәкілетті органға мемлекеттік сәулет сараптамасы мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар ЖСҚ-ны жолдайды.
42. Уәкілетті орган мемлекеттік сәулет сараптамасы мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар ЖСҚ негізінде объектіні салуға он күнтізбелік күн ішінде жазбаша рұқсат (бұдан әрі - жазбаша рұқсат) береді.
43. Пайдаланушы жазбаша рұқсат алғаннан кейін құрылысты бастайтыны жайында ұлттық паркті алдын ала хабардар етіп, оны жүзеге асыра бастайды.
44. ЖСҚ дер кезінде әзірленбеген, тендерлік құжаттама белгілеген құрылыс мерзімі бұзылған жағдайларда ұлттық парк шарты бір жақты тәртіппен бұзады.
3.2 Ұлттық парктің учаскелерін құрылыс объектілері үшін қысқа мерзімді пайдалануға беру
45. Қысқа мерзімді пайдалануға ұлттық парктің учаскелері туристік соқпақтар мен маршруттарды, демалу аялдамаларын, шатырлы лагерьлерді, жағажайларды, тамашалау алаңдарын пайдалану үшін уақытша құрылыстар салуға бес жылға дейінгі мерзімге беріледі.
46. Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін қысқа мерзімді пайдалануға берілетін ұлттық парк учаскелерінің бар-жоғы туралы мәліметтерді ұлттық парк бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады.
47. Жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі - өтінім беруші) қысқа мерзімді пайдалануға ұлттық парктің учаскелерін алу үшін ұлттық паркке мына құжаттарды береді:
1) жеке немесе заңды тұлғаның атауы мен деректемелері, учаскенің орналасқан жері мен алаңы, пайдалану мақсаты мен мерзімі көрсетілетін еркін түрде жазылған өтініш;
2) заңды тұлғалар үшін - заңды тұлға жарғысының және оны тіркеу туралы куәліктің, жеке тұлғалар үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың, жеке кәсіпкерді тіркеу туралы куәліктің көшірмелері;
3) мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін сақтау жөніндегі іс-шараларды, санитариялық-гигиеналық және өртке қарсы іс-шараларды қоса алғанда, ұлттық парктің учаскесін пайдалану және көркейту жоспары.
48. Ұлттық паркке келіп түскен өтінімді осы Қағидалардың 16-тармағына сәйкес құрылатын комиссия он бес жұмыс күні ішінде қарап, жер учаскесін пайдалануға беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
49. Комиссия отырысының нәтижелері бойынша мынадай ақпаратты қамтитын хаттама жасалады:
1) отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің тізімі;
2) өтінім берушінің атауы және оның заңдық мекенжайы;
3) пайдалануға берілетін жер учаскесінің орналасқан жері мен алаңы;
4) комиссияның шешімі.
50. Хаттамаға отырысқа қатысқан комиссияның барлық мүшелері қол қояды. Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, ол жазбаша түрде беріледі және хаттамаға тіркеледі.
51. Уәкілетті орган комиссия хаттамасының негізінде жеті күнтізбелік күн ішінде өтінім берушіге ұлттық парктің учаскесін қысқа мерзімді пайдалануға жазбаша рұқсат береді.
Ұлттық парк осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес он жұмыс күні ішінде өтінім берушіге шарт жасасу туралы хабарламамен уәкілетті органның рұқсатын жолдайды.
Комиссия шешіміне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
52. Хаттаманың және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін сақтау жөніндегі, санитариялық-гигиеналық және өртке қарсы іс-шараларды қоса алғанда, ұлттық парктің жер учаскесін пайдалану және көркейту жоспарының негізінде ұлттық парктің бірінші басшысы мен өтінім беруші жер учаскесін қысқа мерзімді пайдалану шартына қол қояды.
53. Пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін пайдаланушының ұлттық парктің учаскесін пайдалану мерзімін ұзартуға басым құқығы болады.
Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік
және рекреациялық қызметті жүзеге асыру және
туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру
үшін пайдалануға берілген мемлекеттік ұлттық
табиғи парктердің учаскелерін құрылыс объектілері
үшін пайдалануға рұқсат беру қағидаларына
1-қосымша
Нысан
Туристiк соқпақтың (маршруттың) паспорты
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың (бұдан әрi - ЕҚТА) атауы _____________________________________________________
_____________________________________________________________________________________________________________
_____________________________________________________________________________________________________________
2. Соқпақтың (маршруттың) атауы _______________________________________________________________________________
3. Соқпақтың (маршруттың) жiктемесi:
1) қозғалыс жасау түрi бойынша: жаяу жүру, су, шаңғы,
велосипед, салт атты, автомобиль, мотоцикл, ат-арба, аралас;
2) қолданыс уақыты бойынша: жыл бойы, маусымдық;
3) ұйымдастыру нысаны бойынша: топтық және жеке;
4. _________________________________________________________________________________________________________
(негiзгi географиялық пункттердiң атауы)
5. Ұзындығы ____километр (км), аялдаманы ескере отырып, уақыт ұзақтығы ____________сағат.