Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан
зардап шеккен азаматтарға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеудің және оларға куәлік берудің кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 ақпандағы № 110 Қаулысы
(2011.06.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2014 жылғы 4 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2006.29.12. № 1319 Қаулысымен кіріспе өзгертілді (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
«Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Заңын, «2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 15-бабын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, оларға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу және жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлік беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:
1) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен зейнеткерлерге, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға;
ҚР Үкіметінің 2006.29.12. № 1319 Қаулысымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2) жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін, 1949 жылдан бастап 1990 жыл кезеңінде радиациялық қатер аймақтарында және жеңілдетілген әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақта тұратын және тұрған азаматтарға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы (бұдан әрі - өтемақы) төлеуді қамтамасыз етсін.
3. «Қазақстан Халықтық жинақ банкі» акционерлік қоғамы (келісім бойынша):
1) 2006 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде аудандардың (қалалардың) әкімдеріне:
салымшының тегін, атын, әкесінің атын, туған күнін, өтемақы сомасын көрсете отырып, өтемақы төлеу жүргізілмеген не ішінара жүргізілген азаматтардың қолданыстағы теңгерімнен тыс арнайы шоттарының тізілімін;
салымшының тегін, атын, әкесінің атын, туған күнін, төленген өтемақы сомасы мен күнін көрсете отырып, өтемақы төлеу толық жүргізілген азаматтардың жабылған теңгерімнен тыс арнайы шоттарының тізілімін берсін;
2) жергілікті атқарушы органдарға олардың сұрау салуы бойынша азаматтарға өтемақы төленгені туралы ақпарат ұсынсын.
4. «Қазпочта» акционерлік қоғамы (келісім бойынша):
1) 2006 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде өтемақы алушының тегін, атын, әкесінің атын, туған күнін, төленген өтемақы сомасын көрсете отырып, 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап 2005 жылғы 31 желтоқсан кезеңінде өтемақы төленгені туралы қалалар мен аудандар бөлінісіндегі азаматтардың электронды және қағаз жеткізгіштердегі тізімдерін аудандардың (қалалардың) әкімдеріне берсін;
2) жергілікті атқарушы органдарға олардың сұрау салуы бойынша азаматтарға өтемақы төленгені туралы ақпарат ұсынсын.
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, аудандардың (қалалардың) әкімдері:
1) арнайы комиссиялар құрсын және Ережеге сәйкес Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу және оларға жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлік беру жөніндегі жұмысты қамтамасыз етсін;
1-1) қажеттілікті ескере отырып, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шегушілердің жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәліктерді дайындауға жыл сайын қаражат көздесін;
2) азаматтарға өтемақыны қайталап төлеу фактілеріне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдасын.
6. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын күшіне енгізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 22 желтоқсандағы № 1788-XII қаулысын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 26 мамырдағы № 431 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1993 ж., № 18, 22-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 3 сәуірдегi № 397 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2002 ж., № 10, 98-құжат);
3) «Иондаушы сәулелендіру әсеріне байланысты аурулардың тізбесін және иондаушы сәулелендіру әсері бар аурулардың себептік байланысын анықтау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы № 34 қаулысының 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2004 ж., № 1, 18-құжат).
7. Осы қаулы 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 20 ақпандағы
№ 110 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, оларға
біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу және жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлік беру
ережесi
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен кіріспе өзгертілді (бұр.ред.қара)
Осы Ереже Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды (бұдан әрі - азаматтар) тіркеудің, ядролық сынақтар келтірген залал үшін оларға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы (бұдан әрі - өтемақы) төлеудің және жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлік (бұдан әрі - куәлік) берудің тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 2007.30.04. № 352 Қаулысымен (2010 жылғы 13 тамыздан бастап енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.06.04. № 378 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) уәкілетті мемлекеттік орган - халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган;
2) өтемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті орган - уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері;
3) өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым - өтемақы төлеуді жүзеге асыратын ұйым («Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны);
4) өтемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйым - екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар;
5) арнайы комиссиялар - Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу, оларға жеңілдіктер және өтемақы алу құқығын растайтын куәлікті беру үшін аудандар (қалалар) әкімдерінің шешімдерімен құрылатын комиссиялар;
6) азаматтарды тіркеу және есепке алу жөніндегі жұмысты үйлестіруге арналған арнайы комиссиялар - Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу жөніндегі жұмысты үйлестіру, даулы мәселелерді шешу үшін облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің шешімдерімен құрылатын комиссиялар.
Арнайы комиссиялардың, азаматтарды тіркеу және есепке алу жөніндегі жұмысты үйлестіруге арналған арнайы комиссиялардың жұмыс органы облыстар, Астана және Алматы қалалары, аудандар (қалалар) әкімдерінің шешімдерімен айқындалады;
7) іс қағазының макеті - азаматтың осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті; жеке басын, тұратын жерін куәландыратын құжаттарды, жинақ кітапшасын немесе өтемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйыммен жасалған шартты, 1949 жылдан бастап 1965 жыл, 1966 жылдан бастап 1990 жыл кезеңдерінде Семей ядролық сынақ полигоны аумағында тұру (жұмыс істеу, әскери қызмет) фактісі мен кезеңін растайтын құжаттарды қамтитын өтемақы алуға арналған жеке іс-қағазының макеті.
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Азаматтарды тіркеудің және оларға куәлік берудің тәртібi
2. Іс қағазының макеттерін қалыптастыру және 1949-1965, 1966-1990 жылдарда радиоактивтік ластануға ұшыраған аумақтарда тұратын, тұрған, жұмыс істеген немесе қызмет өткерген (оның ішінде мерзімді) азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін меншік нысандарына қарамастан, кәсіпорындарда, ұйымдар мен мекемелерде комиссиялар құрылады.
Комиссияның құрамына әкімшіліктің, қызметкерлердің және басқа да тұлғалардың өкілдері кіруі мүмкін.
ҚР Үкіметінің 2006.29.12. № 1319 Қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Іс қағазының макеттерін қалыптастыру:
1) жұмыс істейтін азаматтарға (зейнеткерлерден басқа) - негізгі жұмыс орны бойынша;
2) зейнеткерлерге (жұмыс істейтін зейнеткерлерді қоса алғанда), мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға, жұмыс істемейтін азаматтарға - жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарында;
3) ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және басқа да әскери құралымдардың зейнеткерлеріне - зейнетақы тағайындалған жері бойынша;
4) медициналық-әлеуметтік мекемелердің, медициналық-әлеуметтік ұйымдардың қамқорындағыларға - тиісті мекемелердегі тұратын жері бойынша;
5) бас еркінен айыру орындарында жазасын өтеп жүрген азаматтарға - еңбекпен түзеу мекемелерінің әкімшіліктерінде жүргізіледі.
Іс қағазының макеттері мен өтініштер осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Азаматтардың өтініштері мен іс қағазының макеттерін тіркеу журналына тіркеледі.
Егер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдары арнайы комиссиялардың жұмыс органы болып белгіленген жағдайда, зейнеткерлердің (жұмыс істейтін зейнеткерлерді қоса алғанда), мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың, жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін азаматтардың іс қағаздарының макеттерін тіркеу 4-қосымшаға сәйкес Біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы алу үшін азаматтарды тіркеу журналында жүзеге асырылады.
Азаматтардың өтемақы тағайындау туралы жеке өтініш беруге мүмкіндігі болмаған жағдайда, олар белгіленген тәртіппен берілген сенімхат негізінде өтемақы тағайындау туралы өтінішпен және қажетті құжаттармен өтініш беру үшін басқа адамдарға уәкілеттік беруге құқылы.
ҚР Үкіметінің 2006.19.09. № 880 (бұр.ред.қара); 2006.29.12. № 1319 (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) Қаулыларымен 4-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Бұрын берілген куәлікпен және осы Ережеде белгіленген тәртіппен берілген куәлікпен қатар, мыналар тиісті радиациялық қатер аймақтарында тұру фактісін және кезеңін растайтын құжаттар болып табылуы мүмкін:
1) мұрағат анықтамалары, Халық депутаттары селолық, кенттік (ауылдық) кеңесінің, тұрғын-үй-пайдалану басқармаларының, үй басқармаларының, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімдерінің, пәтер иелері кооперативтерінің анықтамалары;
2) еңбек кітапшасы;
3) оқу орнын бітіргені туралы диплом;
4) әскери билет;
5) туу туралы куәлік, орта білім туралы аттестат, негізгі мектепті бітіргені туралы куәлік;
6) ҚР Үкіметінің 2006.29.12. № 1319 қаулысымен алып тасталды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Ұсынылатын анықтамалар фирмалық бланкілерде орындалуы немесе олардың тіркеу нөмірі мен берілген күні көрсетілген бұрыштама мөртабаны болуы тиіс. Оларда оның негізінде анықтама беру жүргізілген құжат, берген ұйымның мөрімен куәландырылған анықтамаға қол қойған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні көрсетіледі.
6. Қарулы Күштерде, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет өткерген, Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы ядролық жарылыстардың салдарларын жоюға қатысқан адамдар тиісті анықтаманы қорғаныс, ішкі істер, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдарынан алуына болады.
7. Егер тұру фактісі мен кезеңін растайтын мұрағаттық және өзге де құжаттар сақталмаса, онда азамат өзінің ядролық сынақтар әсеріне ұшыраған аумақта тұрғанының заңды фактісі мен кезеңін анықтау туралы өтінішпен тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгіне алады.
8. Шаруашылық кітаптарына сәйкес берілген мұрағат анықтамаларында күні мен айы көрсетілмей, тұрған жылы ғана көрсетілген жағдайда, анықтамада көрсетілген тұру кезеңі толығымен тұру жылына есептеледі.
9. Кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің комиссиялары қалыптастырылған іс-қағаздарының макеттерін құжаттар алынған күннен бастап бес күн ішінде осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес тізім бойынша арнайы комиссияларға жібереді.
Құжаттар арнайы комиссияларға түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады. Көшірме мен түпнұсқаның сәйкестігін арнайы комиссияның уәкілетті мүшесі куәландырады.
ҚР Үкіметінің 2006.29.12. № 1319 Қаулысымен 10-тармақ өзгертілді (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
10. Іс қағаздарының макеттері келіп түскен кезде арнайы комиссиялар жиырма күннен аспайтын мерзімде:
1) азаматтардың іс қағаздары макеттерін осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы алу үшін азаматтарды тіркеу журналына (бұдан әрі - Журнал) тіркеуді;
2) іс қағазының макеті ресімделген азаматқа өтемақының төлену (төленбеу) фактісін тексеруді:
«Қазақстан Халықтық жинақ банкі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Банк), «Қазпочта» акционерлік қоғамының тізімдерін (тізілімдерін) салыстырып тексеруді;
қажет болған кезде Банкке немесе «Қазпочта» акционерлік қоғамына азаматтарға өтемақы төленгені туралы ақпарат сұратуды;
аудандар (қалалар) әкімдіктерінің 1993 жылдан бастап төлеу сәтіне дейінгі кезең ішінде өтемақы төлеуге арналған тізімдерімен салыстырып тексеруді;
3) осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтарын тіркеу (тіркеуден бас тарту) туралы шешім (бұдан әрі - Шешім) қабылдауды жүргізеді.
Азаматтың өтемақы сомалары бюджет қаражатымен расталмағандықтан, ол бойынша өтемақыны есептеу жүргізілмеген теңгерімнен тыс арнайы шоты болған кезде арнайы комиссия шешімде банктегі мұндай шотты жабу қажеттігі туралы көрсетеді және бұл мәліметтерді банкке тізім бойынша береді.
ҚР Үкіметінің 2006.19.09. № 880 Қаулысымен 10-1-тармақпен толықтырылды
10-1. Тексеру қорытындысы бойынша іс-қағаз макеті ресімделген Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматқа өтемақы төлеу фактісі анықталған жағдайда, осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша азаматты тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.
11. Қосымша сұрау салулар, тексерулер жүргізу қажет болған жағдайларда, арнайы комиссиялардың іс қағаздарының макеттерін қарау мерзімін оның төрағасы бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен 12-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
12. Арнайы комиссиялар Журнал деректерінің негізінде Шешім қабылданған күннен бастап бес күн ішінде 6-қосымшаға сәйкес комиссияның төрағасы куәландырған тізімдерді жасайды, олар жеке іс қағаздары макеттерімен және арнайы комиссиялардың Шешімдерімен бірге өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті органның аудандық (қалалық) бөлімшелеріне жіберіледі.
Арнайы комиссия комиссия төрағасы растаған тізімге сәйкес бес жұмыс күні ішінде азаматқа осы Ережеге 6-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша куәлік береді.
13. Арнайы комиссиялар тіркемеген азаматтардың іс қағаздарының макеттері олар Шешім қабылдаған күннен бастап бес күннің ішінде қайтарылу себептері мен арнайы комиссиялардың ұсынымдары көрсетіле отырып, кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің комиссияларына тізім бойынша қайтарылады.
14. Өтініш беруші арнайы комиссиялардың әрекеттері мен Шешімдеріне азаматтарды тіркеу және есепке алу жөніндегі жұмысты үйлестіруге арналған арнайы комиссияларға не сот тәртібімен шағымдана алады.
3. Өтемақыны тағайындаудың және төлеудің тәртібi
15. Өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті органның аудандық (қалалық) бөлімшелері келіп түскен іс қағаздары макеттерін тиісті журналға тіркейді және осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес нысанда бойынша Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы тағайындау туралы шешімдердің жобаларын дайындайды.
ҚР Үкіметінің 2006.29.12. № 1319 Қаулысымен 16-тармақ өзгертілді (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
16. Өтемақы тағайындау үшін өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның аудандық (қалалық) бөлімшелерінің қызметкерлері өтемақы тағайындау туралы шешімдердің жобаларын қоса бере отырып, іс қағаздарының макеттерін олар алынған күннен бастап бес күннің ішінде өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның облыстар, Астана және Алматы қалалары филиалдары арқылы өтемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Ic қағазының макетін дайындау барысында теңгерімнен тыс арнайы шотта есепте тұрған не нақты төленген өтемақы сомасы анықталған жағдайда, өтемақы тағайындау туралы шешімдердің жобасында анықталған өтемақы сомасын қоспағанда, (теңгерімнен тыс шотта нақты есепте тұрған не төленген) төленетін сома көрсетіледі, бұл ретте:
1) төленетін өтемақының есебі былайша жүргізіледі:
аударылған соманың күні бойынша теңгерімнен тыс арнайы шотқа аударылған өтемақы сомасының есебі не өтемақы төлеу жүргізілген айлық есептік көрсеткіш анықталады;
теңгерімнен тыс арнайы шотқа бұрын аударылған не нақты төленген өтемақы сомасы бұрын есептеу жүргізілген айлық есептік көрсеткіш санына ауыстырылады;
төлеу сәтінде қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің шамасын негізге ала отырып есептелген өтемақы сомасы мен оны төлеу (аудару) сәтінде қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің санына ауыстырылған, нақты аударылған (төленген) өтемақы арасындағы айырма түрінде есептелген өтемақы төленуге қойылады;
2) өтемақыны немесе оның бұрын Банкке нақты аударылған бөлігін төлеуді Банк тікелей жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2006.29.12. № 1319 Қаулысымен (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2011.06.04. № 378 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 17-тармақ өзгертілді
17. Ядролық сынақтардың салдарынан зардап шегушілер деп танылған және арнайы комиссиялар тіркеген азаматтарға өтемақыны тағайындау Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Заңында айқындалған радиациялық қатер аймақтары, жеңілдетілген әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақтар бойынша, оған қол қойылған сәттен бастап Қазақстан Республикасының аумақтық-әкімшілік құрылымында болған өзгерістерге қарамастан, Семей ядролық сынақ полигонының аумағында 1949 жылдан бастап 1965 жыл және 1966 жылдан бастап 1990 жыл кезеңінде толық тұрған әр жыл үшін жүргізіледі.
18. Өтемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органдар он күн ішінде осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес өтемақы тағайындау туралы шешім қабылдайды және оларды іс қағаздарымен қоса өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның облыстар, Астана және Алматы қалалары филиалдары арқылы өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның аудандық (қалалық) бөлімшелеріне жібереді.
19. Өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның аудандық (қалалық) бөлімшелері өтемақы тағайындау туралы шешімдердің негізінде өтемақы төлеуге арналған қаражат қажеттілігін жасайды және оны өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның облыстық, Астана және Алматы қалалары филиалдарына ұсынады.
Өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның облыстық, Астана және Алматы қалалары филиалдары жиынтық қажеттілікті уәкілетті мемлекеттік органға ай сайын 25 күнге дейін жібереді.
20. Уәкілетті мемлекеттік орган тиісті жылға арналған міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспары шегінде ұсынылған қажеттілікке сәйкес өтемақы төлеуге арналып көзделген қаражатты бөледі және өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның шотына аударады.
21. Өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым бөлінген қаражатқа және төлеу тәртібіне сәйкес облыстар, Астана және Алматы қалалары бөлінісінде өтемақы төлеу кестесін жасайды.
22. Өтемақыны төлеу өтемақы алушылардың таңдауы бойынша өтемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдардағы олардың жеке шоттарына қаражат аудару жолымен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2008.15.08 № 747 Қаулысымен 22-1-тармақпен толықтырылды
22-1. Бас бостандығының айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдарға өтемақы төлеу сотталғандардың жазасын өткеру жері бойынша мемлекеттік мекеменің жеке немесе заңды тұлғаның мемлекеттік мекемеге алғашқы талап ету бойынша немесе қандай да бір мерзімнен кейін, толық немесе бөліп-бөліп, алдын ала келісілген үстемеақысымен не онсыз, тікелей жеке немесе заңды тұлға қайтаруға не тиісті республикалық немесе жергілікті бюджеттерге берілуге тиіс болу-болмауына қарамастан, оларды номиналды түрінде қайтару шарттарымен беретін ақша бойынша операцияларды есепке алу үшін қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына қаражатты аудару жолымен жүргізіледі (бұдан әрі - жеке және заңды тұлғалардың ақшасын уақытша орналастыру ҚБШ).
Мемлекеттік мекеменің жеке және заңды тұлғалардың ақшасын уақытша орналастыру ҚБШ-сына қаражат түскен кезде қылмыстық-атқару жүйесінің мемлекеттік мекемесі өтемақы сомасын сотталғандардың жеке шоттарына аударады, бұл ретте өтемақы сомасынан ұстаулар жүргізілмейді.
Сотталғандардың жеке шоттарына есепке алынған өтемақы сомалары бойынша өтемақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым мен қылмыстық-атқару жүйесінің мемлекеттік мекемесі арасында салыстырып тексеру актілері жасалады.
23. Төленген сомалар бойынша өтемақы төлеу және беру жөніндегі уәкілетті ұйымдардың арасында ай сайын салыстырып тексеру актілері жасалады.
Өтемақы төлеу жөніндегі қызметтерге ақы төлеу өтемақы төлеу және беру жөніндегі уәкілетті ұйымдардың арасында заңнамада белгіленген тәртіппен жасалған шарттың негізінде жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен 24-тармақпен толықтырылды
24. Бұрын куәлік алмаған азаматтар оны арнайы комиссияға тиісті радиациялық қатер аймақтарында тұру фактісін және кезеңін растайтын құжаттарды қоса отырып, осы Ережеге 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш беру арқылы алуға құқылы.
Азаматтардың тиісті радиациялық қатер аймақтарында тұру фактісі және кезеңі расталған жағдайда арнайы комиссия бес жұмыс күні ішінде азаматқа өтемақы алу құқығын іске асыру туралы белгісі бар куәлікті береді.
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен 25-тармақпен толықтырылды
25. Куәлігі жоғалған жағдайда, оның иесі арнайы комиссияға жоғалту және телнұсқасын беру туралы осы Ережеге 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді. Өтінішке тиісті радиациялық қатер аймақтарында тұру фактісін және кезеңін растайтын құжаттар қоса беріледі. Арнайы комиссия өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей азаматқа «Телнұсқа» деген мөртабан басылатын куәліктің телнұсқасын береді.
ҚР Үкіметінің 2011.06.04. № 378 Қаулысымен 26-тармақпен толықтырылды
26. Куәлікті, оның ішінде оның телнұсқасын беруді арнайы комиссия жүзеге асырады және осы Ережеге 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша азаматтарға куәлік беруді есепке алу журналына белгілейді.