12) тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, тарихи, ұлттық және мәдени дәстүрлер мен салттардың дамуына ықпал жасайды;
13) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды
13-1) мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлік береді;
14) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік кітапханаларының біріне «Орталық» мәртебесін береді.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 14-1) тармақшамен толықтырылды
14-1) талантты жастарды және перспективалы шығармашылық ұжымдарды іздестіруге және қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырады;
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 14-2) тармақшамен толықтырылды
14-2) мәдениет саласында әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізуді жүзеге асырады;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
15) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 9-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9-бап. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының құзыреті
Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы:
1) театр, музыка және кино өнері, кітапхана және мұражай ісі, мәдени-демалыс қызмет саласында ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құрады, сондай-ақ олардың қызметін қолдауды және үйлестіруді жүзеге асырады;
2) жергілікті маңызы бар тарих, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін есепке алу, қорғау және пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
3) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың сауықтық мәдени-бұқаралық іс-шараларын, сондай-ақ әуесқой шығармашылық бірлестіктер арасында байқаулар, фестивальдер және конкурстар өткізуді жүзеге асырады;
4) 2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен алып тасталды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттаудан өткізеді;
6) өз құзыреті шегінде мәдениет саласындағы коммуналдық меншікті басқаруды жүзеге асырады;
7) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мәдени мақсаттағы объектілерінің құрылысы, реконструкциясы және жөнделуі бойынша тапсырысшы болады;
8) мемлекеттік мәдениет ұйымдарын қолдайды және материалдық-техникалық қамтамасыз етуде жәрдем көрсетеді;
9) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттік кітапханаларының біріне «Орталық» мәртебесін бередіж
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
10) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды
9-1-бап. Ойын-сауық мәдени-бұқаралық iс-шараларды өткiзген кезде азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қағидаларын сақтау
1. Ойын-сауық мәдени-бұқаралық iс-шараларды өткiзуге арналған объектiлер мен ғимараттар ғимараттарды пайдалану және өрт қауiпсiздiгi қағидаларына сәйкес келуге тиiс.
2. Азаматтар мен қатысушылардың қауiпсiздiгін қамтамасыз етудi күрделендiретiн, ғимараттарды пайдалану және өрт қауiпсiздiгi қағидалары талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, оның iшiнде мiнбенiң тiреуiш конструкцияларының ескiруi, мiнбе астындағы үй-жайларда жанар-жағармай заттары мен материалдарының болуы, авариялық жарықтандыру мен эвакуация жолдарының болмауы, өртке қарсы қорғану құралдарының болмауы немесе ақаулары, сондай-ақ өрттiң туындауына әкеп соғуы мүмкін электр жабдығын монтаждау және пайдалану қағидаларын бұзу бөлiгiнде, төтенше жағдайлар жөніндегі органдар енгiзетін ұсыным бойынша өз бетiнше не iшкi iстер органдарының бастамасы бойынша жергiлiктi атқарушы органдар қауiпсiздiк жағдайларының анықталған бұзушылықтары жойылғанға дейiн ойын-сауық мәдени-бұқаралық iс-шараларды өткiзуге тыйым салады.
3. Ойын-сауық мәдени-бұқаралық iс-шараларды ұйымдастырушылар осы мақсаттарға арнайы белгіленбеген орындарда (стадиондар, демалыс аймақтары, саябақтар, гүлзарлар, алаңдар, көшелер) өткiзiлетiн iс-шараны өткiзгенге дейiн он күннен кешiктiрмей көрермендердiң болжамды саны туралы, бiр күн бұрын - сатылған билеттердiң, берiлген рұқсаттардың, оның iшiнде автокөлiкке берiлген рұқсаттардың саны, сондай-ақ iшкi iстер, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау органдарының арнаулы техникасына арналған тұрақ орындары туралы жергiлiктi атқарушы органдарды хабардар етуге мiндеттi.
3-тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 10-баптың 1-тармағының орыс тіліндегі мәтініне түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді
10-бап. Азаматтардың мәдениет саласындағы шығармашылық қызметке құқықтары
1. Азаматтардың өз қабілеттеріне сай бұл қабілетін жұмсау саласын, іске асыру нысандарын өздігінен таңдау және кәсіби білім алу жолымен шығармашылық қызметпен айналысуға құқығы бар.
Шығармашылық қызметпен айналысу кәсіби негізде де, кәсіби емес (әуесқой) негізде де жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Азаматтарды мәдени құндылықтарға баулу құқығы қамтамасыз етіледі. Осы құқықтың шектелуі ұлттық мәдени игілік объектілерінің айрықша режимімен ғана айқындалуы мүмкін.
3. Кәсіби және кәсіби емес (әуесқой) шығармашыл қызметкерлер зияткерлік меншік, өз еңбегінің нәтижелеріне иелік ету еркіндігі, мемлекеттің қолдауы құқықтары саласында тең құқылы.
Азаматтардың кәсіби және кәсіби емес (әуесқой) шығармашылық қызметі ұжымдық немесе жеке негізде жүзеге асырылады.
4. Әрбір азаматтың мәдени құндылықтардың меншік иесі болуға құқығы бар. Жеке меншікті алу, пайдалану және оған иелік ету Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
5. Әрбір азаматтың өзінің шығармашылық қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шетелдерге шығарып, көрмелер ұйымдастыруға немесе өзге де жолдармен ұсынуға және іске асыруға құқығы бар.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11-бап. Азаматтардың мәдениет саласындағы міндеттері
Азаматтар:
1) Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауға;
2) тарихи және мәдени мұраны сақтауға қамқорлық жасауға, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи құндылықтарды қастерлеуге;
3) қазақ халқы мен этностық топтардың ұлттық мәдениетін, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді құрметтеуге міндетті.
12-бап. Мемлекеттің азаматтардың мәдениет саласындағы қызмет құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Мемлекет мәдени өмірге қатысу, мәдени құндылықтарға қол жеткізу, мәдениет және өнер мамандықтары бойынша білім алу құқықтарын қамтамасыз ету жолымен азаматтардың мәдениет саласындағы қызмет құқықтарына кепілдік береді.
2. Мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат құралдарында және мәдениет ұйымдарында Қазақстан Республикасы халқының мәдени мұрасын насихаттауға ықпал етеді.
4-тарау. ШЫҒАРМАШЫЛ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОДАҚТАРДЫҢ ЖӘНЕ
КӘСІБИ ЕМЕС (ӘУЕСҚОЙ) ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ
13-бап. 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
14-бап. Шығармашыл қызметкердің және мәдениет қызметкерінің құқықтары мен міндеттері
1. Шығармашыл қызметкердің:
1) жария етілуі немесе жоғалуы өзінің шығармашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе келтіруі мүмкін ақпаратты қорғауға;
2) өз қызметіне үшінші тұлғаларды тартуға;
3) мәдениет саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысуға;
4) шығармашылық және кәсіби мүдделері бойынша қоғамдық бірлестіктерге, қауымдастықтарға және одақтарға кіруге;
5) шығармашылық қызметті жүзеге асыру үшін мұрағаттарға, кітапханаларға, мұражайларға және басқа да мәдениет ұйымдарына еркін баруына құқығы бар.
2. Мәдениет қызметкері:
1) кәсіптік, шығармашылық одақтарға және басқа да қоғамдық бірлестіктерге кіруге;
2) кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін жағдайлардың қамтамасыз етілуіне;
3) егер мемлекеттік емес мәдениет ұйымының қызметкері болса, мемлекеттік бюджет немесе жұмыс берушінің есебінен біліктілік деңгейін арттыруға;
4) мемлекеттік бюджеттің немесе жұмыс берушінің қаражаты есебінен қайта даярлықтан өтуге;
5) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша және үстеме ақыға құқығы бар.
3. Шығармашыл қызметкер және мәдениет қызметкері өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
15-бап. Шығармашыл қызметкерлерді және мәдениет қызметкерлерін әлеуметтік қорғау
1. Қызметі зиянды (айрықша зиянды) еңбек жағдайларымен, қатерге бас тігумен және кәсіптік аурулар қаупімен байланысты шығармашыл қызметкерлерді және мәдениет қызметкерлерін әлеуметтік қорғау және сақтандыру, сондай-ақ оларды зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының құрметті атақтары мен мемлекеттік наградаларына ие болған шығармашыл қызметкерлерді және мәдениет қызметкерлерін, сондай-ақ аса дарынды жас шығармашыл қызметкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиялар тағайындалады.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
16-бап. Шығармашылық одақтар
1. Мәдениет саласындағы бірлескен күш-жігерді талап ететін шығармашылық қызметті жүзеге асыру үшін ерікті негізде шығармашылық одақтар құрылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасында республикалық, өңірлік және жергілікті шығармашылық одақтар құрылып, жұмыс істеуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасы облыстарының тең жартысынан астамының аумағында құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар шығармашылық одақ республикалық деп танылады.
4. Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан аз аумағында құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар шығармашылық одақтар өңірлік деп танылады.
5. Қызметі бір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана аумағында жүзеге асырылатын шығармашылық одақтар жергілікті шығармашылық одақтар деп танылады.
5-1. 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6. Шығармашылық одақтардың халықаралық шығармашылық ұйымдармен қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ халықаралық шарттарымен реттеледі.
7. Шығармашылық одақтарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
17-бап. Шығармашылық одаққа мүшелік
1. Шығармашылық одақтың жарғысында белгіленген талаптарға сай келетін шығармашыл қызметкердің шығармашылық одаққа кіруге құқығы бар.
2. Шығармашылық одақтың жарғысында кандидаттарға және мүшелерге қойылатын талаптар азаматтардың мүліктік және мүліктік емес құқықтарына нұқсан келтірмеуге, олардың құрамына тиісті шығармашылық кәсіптердің неғұрлым білікті өкілдерінің бірігуіне, олардың кәсіби және шығармашылық өсуіне ықпал етуге тиіс.
18-бап. Кәсіби емес (әуесқойлық) шығармашылық бірлестіктер мен ұжымдар
Кәсіби емес (әуесқойлық) шығармашылық бірлестіктер мен ұжымдар азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, мәдениет ұйымдарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың бастамасы бойынша құрылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейді.
5-тарау. МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
19-бап. Мәдениет саласындағы қызметті ұйымдастыру
Мәдениет саласындағы қызмет театрлардың, филармониялардың, оркестрлердің, цирктердің, студиялардың, мектептердің, шеберханалардың, орындаушылық ұжымдардың, мұражайлардың, кітапханалардың, көркемөнер салондары мен галереяларының, кинотеатрлардың және киноқондырғылардың, мәдени-демалыс ұйымдарының, зерттеу және реставрациялау орталықтарының, мәдени-тарихи орталықтардың, тарихи-мәдени және табиғат қорықтарының, аймақтарының және басқа да мәдениет ұйымдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолымен жеке және заңды тұлғалардың мәдени құндылықтарды жасауы, насихаттауы, таратуы, пайдалануға беруі және қорғауы арқылы жүзеге асырылады.
Мәдениеттің дамуы үшін өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын мәдениетті дамыту қорлары құрылуы мүмкін.
20-бап. Мәдениет ұйымдары
1. Мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Мәдениет ұйымдары қызметінің түрлерін олардың құрылтайшылары айқындайды және бұл олардың жарғыларында көрініс табады.
3. Өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын мәдениет ұйымдары мемлекеттік, мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдар болуы мүмкін.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
20-1 бап. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттау
1. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттау олардың негізгі қызметінің тиімділігін бағалау және материалдық, еңбек және қаржы көздерін ұтымды пайдалану, осы негізде олардың желілері мен құрылымдарын ретке келтіру үшін жүргізіледі.
2. Барлық мемлекеттік мәдениет ұйымдары бес жылда бір рет аттестаттауға жатады.
3. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттауды уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізеді.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21-бап. Мәдениет ұйымдарының мәртебесі
1. Мәдениет саласындағы қызметінің айрықша мемлекеттік және қоғамдық мәні бар мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе берілуі мүмкін.
«Ұлттық» мәртебені Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.
«Ұлттық» мәртебе берудің тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2. Өз саласында жетекші болып табылатын мемлекеттік мәдениет ұйымдарына жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға ұлттық мәдениет пен өнерді қалыптастырудағы, дамыту мен насихаттаудағы елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі «Академиялық» мәртебе береді.
2-1. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары құжаттардың әмбебап жинақтарын қалыптастыруды, сақтауды және кітапхана пайдаланушыларға беруді жүргізетін, кітапхана ресурстарын өзара пайдалануды ұйымдастыруды жүзеге асыратын және басқа кітапханаларға әдістемелік көмек көрсететін облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, қалалық және аудандық, облыстық маңызы бар қаланың кітапханаларына уәкілетті орган бекіткен тәртіппен «Орталық» мәртебесін береді.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік мәдениет ұйымдары иеліктен шығаруға жатпайды.
22-бап. Театрлар
1. Театрлар - әдебиет және өнер туындыларының сахналық көрсетілімдерін (драмалық, музыкалық-драмалық, музыкалық, хореографиялық, қуыршақ, пантомима, сатира және юмор, балалар мен жасөспірімдерге арналған, жастарға арналған, эксперименттік және өзгелері) жүзеге асыратын ойын-сауық ұйымдары.
2. Театрлар меншік нысанына қарамастан көркемдік бағыттар, репертуар таңдауда, әдебиет және өнер туындыларын көпшілік алдында орындау туралы шешімдер қабылдауда, сахна туындыларын жасауда және танымал етуде, сондай-ақ тиімді шығармашылық және өндірістік даму үшін қажетті, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыруда ерікті.
3. Азаматтарды мәдени өмір саласына тарту мақсатында халықтың театр іс-шараларына қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді ұсынуға байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік театрларға бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен субсидиялар бөлінеді.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
23-бап. Концерттік ұйымдар
1. Концерттік ұйымдар - әдебиет және өнер туындыларын көпшілік алдында орындауға және көркемдік ұжымдар мен жекелеген орындаушыларды танымал етуге жағдайлар жасау үшін шаралар кешенін іске асыратын ойын-сауық ұйымдары.
2. Концерттік ұйымдардың негізгі міндеттері музыкалық-эстетикалық тәрбие беру, көркемдігі жоғары бағдарламалар мен нөмірлер жасаудың жағдайларын қамтамасыз ету, кәсіби көркемдік ұжымдар мен жекелеген орындаушылардың концерттерін ұйымдастыру, музыкалық-ағартушылық қызметті жүзеге асыру болып табылады.
3. Концерттік ұйымдар шығармашылық бағдарламалар жүргізуде және репертуар таңдауда дербестікке ие.
4. Республика азаматтарын мәдени өмір саласына тарту мақсатында республика халқының барлық жіктерінің концерттік іс-шараларға қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде қызметтер ұсынуға, классикалық, халықтық, музыкалық және хореографиялық өнерді насихаттауға байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік концерттік ұйымдарға мемлекеттік бюджеттен Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен субсидиялар бөлінеді.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24-бап. Кітапхана ісі
1. Кітапхана ісі - міндеттеріне кітапханалар желісін құру және дамыту, олардың қорларын қалыптастыру және өңдеу, кітапхана пайдаланушыларға кітапханалық, ақпараттық және ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, кітапхана мамандарын даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, кітапханалардың дамуын ғылыми және әдістемелік қамтамасыз ету кіретін мәдениет саласы.
2. Кітапхана - ақпараттық, мәдени, білім беру функцияларын орындайтын, баспа және қолжазба құжаттарының ұйымдастырылған қоры, сондай-ақ графикалық, дыбыстық-көрініс материалдары, электронды жеткізгіштерде құжаттары бар және оларды жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға беретін мәдениет ұйымы.
Қоры тек қана электронды жеткізгіштердегі құжаттардан тұратын кітапхана (электронды кітапхана) пайдаланушылармен жанама түрдегі (қашықтықта) немесе толық емес жанама түрдегі өзара іс-қимыл кезінде ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып қызмет көрсетуді жүзеге асырады.
2-1. Кітапханалардың кітапхана қорын қалыптастыру сатып алу, кітап алмасу және сыйға тарту жолымен жүзеге асырылады.
Ұлттық кітапханалардың кітапхана қоры басылымның міндетті тегін данасын алу жолымен де қалыптастырылады.
2-2. Басылымдардың міндетті тегін даналарын дайындалған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде басып шығарушы немесе оның тапсырмасы бойынша үшінші тұлға Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханаларына жібереді.
3. Қазақстан Республикасының аумағында әмбебап, салалық, салааралық, жасөспірімдер, балалар кітапханалары, сондай-ақ көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін арнайы кітапханалар құрылуы мүмкін.
4. Мемлекеттік кітапханалар ақысы міндетті сипатта болмайтын және жеке немесе заңды тұлғамен келісім бойынша айқындалатын, өздерінің негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өткізуге құқылы. Мұндай тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақша Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады.
Мемлекеттік кітапханалар:
1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындауға және оларды өңдеуге;
2) кемтар азаматтар үшін материалдар дайындауға;
3) құжаттарды талдамалы-синтетикалық өңдеуге және қосымша библиография жасауға;
4) қолжазбаларды, құнды кітаптарды және құжаттарды реставрациялауға;
5) көшпелі ақпараттық - көрме іс-шараларын ұйымдастыруға;
6) білім беру және аудармашылық қызметтерін көрсетуге;
7) қолжазбаларға және құнды кітаптарға сараптама жасауға;
8) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсынуға;
9) құжаттарды электронды жеткізуге, тақырыптық ақпарат іздестіріп, құрастыруға;
10) экскурсиялық қызмет етуге, фото, бейне түсірілімдер жасауға;
11) кітапхана шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізуге құқығы бар.
Кітапханалар сирек және құнды басылымдарды беру кезінде салынған кепіл сомасын, кітапхана қорына пайдаланушылар келтірген залал өтемақысының түрлері мен мөлшерін белгілеуге құқылы. Мемлекеттік кітапханалар кітапхана қорына келтірілген залал үшін алынған өтемақы сомаларын тиісті бюджетке аударады.
5. Кітапхана ісі, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі ретінде кітапхана қорларын қалыптастырумен, сақтаумен, пайдаланумен байланысты мәселелер уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттеледі.
6. Мүгедек немесе егде жаста болуынан кітапханаларға бара алмайтын кітапхана пайдаланушылар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сырттай және стационарлық емес қызмет ету нысандары арқылы кітапхана қорларына қол жеткізуге құқығы бар.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
25-бап. Мұражайлар
1. Мұражайлар - мұражай жәдігерлері мен мұражай коллекцияларын сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету үшін құрылған, мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу функцияларды жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын көпшілікке танытуды қамтамасыз етуге тиіс мәдениет ұйымдары.
2. Қазақстан Республикасының аумағында әр түрлі бейіндегі мұражайлар, соның ішінде жеке коллекциялар мұражайлары құрылуы мүмкін. Айрықша тарихи, ғылыми, мәдени және көркемдік мәні бар жылжымайтын тарихи-мәдени құндылықтар ансамбльдері мен кешендері тарихи-мәдени және (немесе) табиғи қорықтар, қорық-мұражайлар болып жариялануы мүмкін.
3. Мұражай жәдігерлері мен мұражай коллекциялары мұражай қорының құрамына кіреді және елдің мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады.
Мұражай жәдігерлерін мемлекеттік мұражайлардан жеке меншікке беруге тыйым салынады.
4. Мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар ақысы міндетті сипатта болмайтын және жеке және заңды тұлғалармен келісім бойынша айқындалатын, өздерінің негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өткізуге құқылы. Мұндай тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақша Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады.
Мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың:
1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындауға және оларды өңдеуге;
2) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсынуға;
3) фото, бейне түсірілімдер жасауға;
4) кәдесый және полиграфия өнімдерін өткізуге;
5) мұражайлар мен мұражай - қорықтар шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізуге құқығы бар.
5. Мұражайдың сақтау қоймасындағы мұражай жәдігерлері мен мұражай коллекцияларына қол жеткізу тәртібі мен шарттары және мұражай ісі саласындағы басқа да қатынастар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттеледі.