ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 18 маусымдағы № 457 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2013.05.12. № 1318 Қаулысымен ережемен толықтырылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 16 ақпандағы
№ 148 қаулысымен
бекітілген
Метрополитенде өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу және өрттердің салдарын жою
ережесі
1. Жалпы талаптар
1. Осы Метрополитенде өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу және өрттердің салдарын жою ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді әрі метрополитенде өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу және өрттердің салдарын жою тәртібін анықтайды.
2. Ережеде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) диспетчерлік қызмет - метрополитеннің жылжымалы құрамының қозғалысын басқаруды және қозғалыс кестесінің сақталуын үздіксіз бақылауды жүзеге асыратын қызмет;
2) метрополитен жолаушысы - жол жүру құжаты (билеті) бар және метрополитенде жол жүретін жеке тұлға;
3) метрополитеннің көлік кәсіпорны - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іс-қимыл жасайтын жолаушыларды, багажды метрополитеннің жылжымалы құрамымен тасымалдау, көлік құралдарын сақтау, оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі қызметпен айналысатын заңды тұлға;
4) метрополитен - көліктің өзге түрлерінің желілерінен және жаяу жүргіншілердің оларға өту жолынан оқшауланған (бөлінген, бір деңгейдегі қиылыстары жоқ) жолдар бойынша жолаушылар мен багажды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын қалалық рельстік көлік түрі;
5) метрополитеннің өртке қарсы қызметі - метрополитенде өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу және өрттердің салдарын жою үшін құрылатын метрополитеннің көлік кәсіпорнының құрылымдық бөлімшесі;
6) эскалатор - адамдардың бір деңгейден екінші деңгейіне ауысуы үшін қозғалмалы баспалдақтары бар баспалдақ түріндегі көтергіш-көлік қондырғысы;
7) метрополитеннің жылжымалы құрамы - бір немесе бірнеше вагондық секциялардан тұратын және жолаушыларды тасымалдауға арналған жылжымалы құрам.
2. Метрополитенде өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу тәртібі
3. Метрополитендегі өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу жұмысы мыналарды қамтиды:
1) метрополитен объектілерінде жоспарлы тексерулерді жүргізу (жылына кемінде екі рет);
2) метрополитен объектілерінде тұрақты бақылау мақсатындағы тексерулерді жүргізу;
3) белгіленген өртке қарсы нормалар мен қағидалардың сақталуын бақылау;
4) метрополитен объектілерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша анықталған кемшіліктерді жою;
5) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құжаттарды әзірлеу;
6) өрт қауіпсіздігі шаралары және өрт туындаған жағдайда іс-қимылдар туралы метрополитеннің көлік кәсіпорны қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
4. Алдын алу жұмыстарын осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген іс-шараларды жүргізу жолымен метрополитеннің өртке қарсы қызметі жүзеге асырады.
5. Метрополитен объектілерінде жоспарлы тексеруді жүргізу кезінде мыналар:
1) өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы нұсқаулықтардың болуы және оларды сақтау деңгейі;
2) объектінің өрт қауіпсіздігінің нақты жай-күйінің белгіленген өртке қарсы нормалар мен қағидаларға сәйкестігі;
3) бұрын белгіленген өртке қарсы іс-шаралардың орындалу деңгейі;
4) метрополитеннің әрбір станциясында жедел өрт сөндіру жоспарының, өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы талаптарының, жолаушыларды эвакуациялау жоспарының, түтінденген немесе өрт болған жағдайда, тоннель желдеткішінің шахтасы жұмысы істегенде метрополитен жұмыскерлерінің іс-қимыл жасау тәртібінің болуын белгілейді.
Көрсетілген құжаттар станция кезекшісінің үй-жайында, жедел өрт сөндіру жоспарының екінші данасы кассада аға кассирде сақталады және өрт сөндіру басшысының бірінші талабы бойынша беріледі;
5) өрт байланысының, өрт сөндірудің бастапқы құралдарының және өрт автоматикасы мен сигнализация қондырғыларының болуы және техникалық жай-күйі;
6) метрополитеннің диспетчерлік қызметінің және станция кезекшілерінің үй-жайларында (өрт сөндіру бекетінде) өрт туралы және өрт сөндіру автоматикасы мен сигнализация қондырғыларының (жүйелерінің) жұмыс істемей тұрғандығы жөнінде сигналдар алған кезде, метрополитеннің көлік кәсіпорнының басшысы бекіткен жедел (кезекші) персоналдың іс-қимылдары туралы нұсқаулықтың болуы;
7) диспетчерлік қызметтің үй-жайларында радиоалмасу ақпаратын жазу үшін қондырғының болуы анықталады.
6. Алдын алу жұмыстарын жүргізу шеңберінде метрополитеннің көлік кәсіпорнының басшысы мемлекеттік өртке қарсы қызметтің аумақтық органымен келісім бойынша метрополитеннің жылжымалы құрамында және объектілерінде өртті сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде метрополитеннің өртке қарсы қызметінің мемлекеттік өртке қарсы қызметтің аумақтық органымен өзара іс-қимыл жасау туралы нұсқаулықты (бұдан әрі - Нұсқаулық) әзірлейді және бекітеді.
Нұсқаулық бір жылда кемінде бір рет түзетіледі, сондай-ақ технологиялық процесс пен жұмыс шарттары өзгерген кезде пысықтауға жатады.
7. Өрт сөндіру қызметі жоспарлы тексерулердің, күнделікті бақылау мақсатындағы тексерулердің нәтижелері бойынша мынадай шаралар қабылдайды:
1) жоспарлы тексерудің актісі жасалады, онда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жай-күйі айқындалады, анықталған бұзушылықтары белгіленеді, анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдері және орындаушылары айқындалады. Жоспарлы тексеру актісін метрополитеннің көлік кәсіпорнының басшысы бекітеді;
2) метрополитеннің көлік кәсіпорнының басшысына объектілердегі өрт қауіпсіздігінің жай-күйі туралы жазбаша баяндайды, оны жақсарту бойынша ұсыныстар енгізеді және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдайды.
3. Метрополитенде өрттердің салдарын жою тәртібі
8. Өрттердің салдарын жою үшін өртке қарсы қызмет бірінші кезектегі тапсырмаларды белгілейді, оларға:
1) өрттердің салдарын бағалау;
2) метрополитеннің станцияларында, тоннельдерінде және жылжымалы құрамында адамдардың бар (немесе жоқ) болуын тексеру;
3) метрополитеннің қосымша күштері мен құралдарын тарту туралы шешімді қабылдау кіреді.
9. Өрттердің салдарын жою бойынша жұмыстарды ұйымдастыру үшін өрт болған метрополитен объектілерінде штаб ұйымдастырылады.
Штаб өрттердің салдары туралы ақпаратты қарайды, оларды жою бойынша жоспарды қалыптастырады, оны метрополитеннің көлік кәсіпорнының басшысы бекітеді.
Штабты жұмыспен қамтамасыз ету метрополитеннің көлік кәсіпорнының басшысына жүктеледі.
10. Өрттердің салдарын жою кезінде мыналар:
1) халықты қауіпті аймақтан эвакуациялау;
2) метрополитеннің көлік кәсіпорнының қажетті материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдыру;
3) өрт болған метрополитен объектісінің жұмысын тоқтату немесе уақытша тоқтату;
4) метрополитен объектісінің жұмыс режимін өзгерту;
5) жолаушылардың қозғалуына шектеу (карантин) қою жатады.