5. Егер Республика Президентінің қарсылықтары Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға енгізілген жағдайда, онда бұл қарсылықтар заңдарға қарсылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсереді.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен IV тарау жаңа редакциядаі (бұр. ред. қара )
ІV тарау Парламент Палаталарының Президентке Республиканың лауазымды
адамдарын қызметке тағайындауға келісім беру, оларды қызметке сайлау, тағайындау
және қызметтен босату жөніндегі өкілеттігін жүзеге асыруы
21-бап. Парламент Палаталарының келісімімен Президент қызметке тағайындайтын, Парламент Палаталары қызметке сайлайтын, тағайындайтын және қызметтен босататын лауазымды адамдар
Парламент Палаталарының келісімімен Республика Президенті қызметке тағайындайтын, Парламент Палаталары қызметке сайлайтын, тағайындайтын және қызметтен босататын Республика лауазымды адамдарының тізбесі Республика Конституциясында айқындалады.
22-бап. Парламент Палаталарының Республиканың лауазымды адамдарын қызметке тағайындау, қызметке сайлау және қызметтен босату жөнінде Республика Президентіне келісім беру тәртібі
1. Республика Президенті Премьер-Министрді қызметке тағайындауға Парламент Мәжілісінің келісімін, сондай-ақ Республиканың Ұлттық Банк Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындауға Сенаттың келісімін алу үшін, Сенаттың Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын қызметке сайлауы және қызметтен босатуы үшін Парламент Палаталарына тиісті жазбаша ұсынулар енгізеді, солардың негізінде тиісті мәселені Парламенттің тиісті Палатасының таяудағы отырысының күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.
2. Премьер-Министрді тағайындауға Парламент Мәжілісінің келісімі Палата отырысында беріледі.
Республика Президентінің аталған лауазымды адамдарды тағайындауына Парламент Палаталарының келісімі алдын ала не соңыра ұсыну барысында алынады және Палата отырысында беріледі.
3. Сенаттың Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын қызметке сайлауы мен қызметтен босатуы үшін ұсынылған кандидатуралар мәселе Палатаның отырысында қаралғанға дейін Сенат Бюросының шешімімен белгіленген Сенаттың тиісті комитетінің отырысында талқылануға тиіс. Кандидатураларды қараудың нәтижелері негізінде комитет әрбір талқыланған кандидатура бойынша Палата отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.
4. Тиісті Палата отырысында қызметке тағайындауға келісім беру туралы, қызметке сайлау және қызметтен босату туралы мәселе қаралған кезде қызметке кандидатураларды Республика Президенті немесе ол уәкілеттік берген Республиканың лауазымды адамы таныстырады.
5. Тиісті Палатаның отырысында:
1) кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;
2) депутаттар ұсынылған кандидатты “жақтап” немесе “қарсы” пікірлер білдіруі мүмкін.
6. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін.
7. Егер Парламенттің тиісті Палатасы Президент ұсынған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындауға келісім беру туралы, қызметке сайлау туралы шешімдер қабылдамаған жағдайда, Президент тиісті Палатаға нақ осы адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсынулар енгізеді.
8. Егер Сенат Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын қызметтен босату туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Президент Сенатқа осы мәселе бойынша қайта ұсыну енгізуге хақылы.
23-бап. Парламент Палаталарының ұсынылған кандидатуралар бойынша шешімдер қабылдауы
1. Парламент Мәжілісі мен Сенаты қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға және қызметтен босатуға келісім беру туралы шешімдерді Парламенттің тиісті Палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды.
2. Егер тиісті Палата дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, шешімдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
3. Шешімдер тиісті Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресімделеді.
4. Қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға және қызметтен босатуға келісім беру үшін Президент ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда тиісті Палатаның шешімінде қабылдамаудың толық дәлелдемесі болуға тиіс.
23-1-бап. Парламент Палаталарының Республика лауазымды адамдарын қызметке тағайындау тәртібі
1. Парламенттің әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз Конституциялық Кеңестің екі мүшесін қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды қызметке тағайындау Палатаның отырысында жүзеге асырылады. Палатаның қызметке тағайындауы үшін осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың ұсынылған кандидатуралары мәселе Палатаның отырысында қаралғанға дейін Палата Бюросының шешімімен белгіленген Палатаның тиісті комитетінің отырысында талқылануға тиіс.
Кандидатураларды қараудың нәтижелері негізінде комитет әрбір талқыланған кандидатура бойынша Палата отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.
3. Тиісті Палата отырысында қызметке тағайындау туралы мәселе қаралған кезде қызметке кандидатураларды тиісті Палатаның Төрағасы таныстырады.
4. Тиісті Палатаның отырысында:
1) кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;
2) депутаттар ұсынылған кандидатты “жақтап” немесе “қарсы” пікірлер білдіруі мүмкін.
5. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін.
6. Егер Парламенттің тиісті Палатасы ұсынылған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындау туралы шешімдер қабылдамаған жағдайда, Төраға тиісті Палатаға нақ осы адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсынулар енгізеді.
7. Парламент Мәжілісі мен Сенаты осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды қызметке тағайындау туралы шешімдерді Парламенттің тиісті Палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды.
8. Егер тиісті Палата дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, шешімдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
9. Шешімдер тиісті Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресімделеді.
10. Қызметке тағайындау үшін Палата Төрағасы ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда тиісті Палатаның шешімінде қабылдамаудың толық дәлелдемесі болуға тиіс.
V тарау
Республика Парламентi депутаттарының мәртебесi
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 24-бап өзгертілді; 2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
24-бап. Республика Парламентінің депутаты
1. Парламент депутатының өкілеттігі оны Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде тіркеген сәттен басталады. Парламенттің бірінші сессиясында оның Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант береді: “Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзіме жүктелген депутаттың мәртебелі міндетін абыроймен атқаруға ант етемін”. Антты Президент қабылдайды және ант беру Республика Үкіметі, Конституциялық Кеңесі мүшелерінің, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерінің қатысуымен салтанатты жағдайда өткізіледі.
2. Парламент депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге де жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы ереженің бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен осы Конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
4. Парламент Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған депутаттарының өкілеттігі оның шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
5. Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық мәслихаттары атынан өкілдік ететін депутаттар болып табылатын таңдаушылардың бірлескен отырысында сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігі осы таңдаушылардың шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
6. Парламент депутаты:
1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
7. Парламент Мәжілісінің депутаты:
1) депутат конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
8. Парламент депутатының өкілеттігі осы баптың 3 және 6-тармақтарында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутатының өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғатын негіздердің басталу фактісін көрсетіп қаулы қабылдайды және Парламенттің тиісті Палатасына Парламент депутатының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыну енгізу туралы шешім қабылдайды.
Орталық сайлау комиссиясының ұсынуы негізінде Парламент Палатасы тиісті Парламент депутатының өкілеттігін тоқтатады.
9. Парламент депутатының өкілеттігі осы баптың 4, 5 және 7-тармақтарында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы тиісті адамның Парламент депутатының өкілеттігін жоғалтқаны жөніндегі фактіні көрсетіп қаулы қабылдайды.
10. Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
25-бап. Республика Парламентi депутатының өкiлеттiгi
1. Депутат Парламент сессиясында және өзi құрамына кiретiн оның органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
2. Парламент депутаты:
1) Парламент пен оның Палаталарының үйлестiрушi және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
2) сессияның күн тәртібі, талқыланатын мәселелердi қарау тәртібі мен олардың мәнi жөнiнде ұсыныстар мен ескертпелер енгізуге;
3) Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не Парламент Палаталары тағайындауға келісім беретiн лауазымды тұлғалардың кандидатуралары жөнiнде өз пiкiрiн айтуға;
4) Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында қарау үшiн ұсынылатын мәселелер бойынша Палаталар Бюросына ұсыныстар енгізуге, ал оның ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Палаталардың пленарлық отырыстарының қарауына енгізуге;
5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшiн мәселелер ұсынуға;
6) Парламент Палаталарына есептi лауазымды тұлғалардың есебiн немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;
7) заңда белгiленген тәртiппен депутаттық сұрау салуға;
8) жарыссөздерге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырысқа төрағалық етушiге сауалдар беруге;
9) дауысқа салу себептерi бойынша өзiнiң ұсыныстарын негiздеп сөйлеуге, анықтама беруге;
10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актiлердiң жобаларына түзетулер енгізуге;
11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар үндеулерiмен таныстыруға;
12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерiнiң мәтiндерiмен танысуға;
13) осы Конституциялық заңға, Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiне сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыруға хақылы.
26-бап. Депутаттың Парламент сессияларына, оның Палаталарының отырыстарына қатысуы
1. Депутат Парламенттiң және өзi құрамына сайланған оның органдарының жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте дауыс берудi депутаттың жеке өзi ғана жүзеге асырады.
2. Палатаның Төрағасы, не тиiсiнше депутат мүшесi болып табылатын органның басшысы регламентпен белгiленген мерзiмде депутатқа сессиялардың, орган отырыстарының өткiзiлетiн уақыты мен орны туралы, сондай-ақ олардың қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутатқа хабарлайды, оған осы мәселелер бойынша қажеттi материалдарды бередi.
3. Депутат мәжіліске келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда бұл туралы Палатаның Төрағасына не тиiсiнше Парламент органының немесе оның Палатасының басшысына күнiбұрын хабарлайды.
4. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға беруi депутатқа осы Конституциялық заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
5. Палаталар Бюроларының, олардың тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiретiн депутат кез келген мәселелер мен ұсыныстарды қарауға енгізуге, мәселелердi қарауға әзiрлеуге, олар бойынша шешiмдердi талқылап, қабылдауға, сондай-ақ қабылданған шешiмдердiң жүзеге асырылуын ұйымдастыруға, олардың орындалуын бақылауға қатысуға хақылы.
6. Өзi құрамына кiретiн Парламент органының шешiмiмен келiспеген депутат Парламент сессиясында өз көзқарасын баяндауға немесе ол туралы төрағалық етушiге жазбаша түрде хабарлауға хақылы.
7. Палаталар Бюроларының, олардың тиiстi тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiрмейтiн депутат аталған органдардың отырыстарына қатысып, ұсыныстар енгiзе алады, қаралатын мәселелердi талқылауға және кеңесшi дауыс құқығымен шешiмдердi қабылдауға қатыса алады. Депутат Палаталар Бюроларының, тұрақты комитетiнiң немесе комиссиясының шешiмiмен келiспеген жағдайда өз ұсыныстарын заң жобасына, қаулы жобасына түзетулер ретiнде енгiзе алады. Депутат енгiзген түзетулер Парламент сессиясында қаралады әрi оларды дауысқа салу өткiзiледi.
27-бап. Депутаттық сұрау салу мен сауалдар
1. Депутаттық сұрау салу Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында депутаттың мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде Парламент сессиясында негiзделген түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы болып табылады.
2. Парламент депутатының Қазақстан Республикасының Премьер-министрi мен Үкiмет мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне сұрау салуға құқығы бар. Бұл ретте Бас Прокурорға салынған сұрау қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына салынған сұрау Палаталардың жабық отырысында қаралады.
3. Сұрау салу жазбаша түрде енгiзiлуi мүмкiн және Парламент сессиясында жария етiлуге тиiс.
4. Өздерiне сұрау салынған лауазымды тұлғалар Парламент сессиясында ол жөнiнде ауызша немесе жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi. Сұрау салуға жазбаша жауап әрi кеткенде бiр ай мерзiмде табыс етiлiп, сессияда жария етiледi. Сұрау салуға қайтарылған жауап бойынша жарыссөз өткiзiлуi мүмкiн. Депутат салынған сұрауына қайтарылған жауапқа өз пiкiрiн бiлдiруге хақылы.
5. Сұрау салуға қайтарылған жауап пен оны талқылаудың нәтижелерi бойынша Парламенттiң немесе оның тиiстi Палатасының қаулысы қабылданады. Сұрау салу мен оған берiлген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкiн.
6. Депутаттар Палаталардың бiрлескен және бөлек отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкіметі мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне ауызша сауалдар қоюға хақылы. Сауалға жауап осы отырыста, ал жауап беру үшiн қосымша даярлық қажет болған ретте үш күн мерзiм iшiнде қайтарылады.
28-бап. Депутаттың лауазымды тұлғалармен кiдiрiссiз қабылдану құқығы
1. Депутаттық қызмет мәселелерi бойынша депутат мемлекеттік органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекеттік ұйымдарға бөгетсiз кіру құқығын, сондай-ақ олардың басшыларымен және басқа да лауазымды тұлғаларымен кiдiрiссiз қабылдану құқығын пайдаланады.
2. Қызметi мемлекеттік құпияларға байланысты ұйымдарға депутаттың кiрiп-шығу тәртібі заңмен белгiленедi.
29-бап. Депутаттардың қызметiн ақпараттық қамтамасыз ету
1. Палаталар Бюролары депутатты Парламент қабылданған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдарының, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ресми таратылатын ақпараттық және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар, олардың лауазымды тұлғалары депутатқа оның депутаттық қызметiнде туындаған мәселелер жөнiнде консультациялық көмек көрсетедi.
1997.11.04. № 91-1; 1999.12.03. № 348-1; 1999.06.05. № 377-1; 2007.19.06 № 266-III (бұр. ред. қара ) ҚР Конституциялық Заңдарымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Депутаттардың қызметiн материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету
1. Депутаттар жалақысын Республика Конституциясының 44-бабының 9)-тармақшасында көзделген тәртiппен Республика Президентi белгiлейдi.
2. Республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiгi мерзiмiне тегiн пайдалану шартымен мемлекеттік тұрғын-үй қорынан және заңдарда белгiленген нормалар бойынша тұрмысқа жайлы және жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiледi.
3. Парламент депутаттың өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасауы, оларды Парламент қызметi туралы ұдайы хабардар етiп отыруы, Парламенттiң, оның Палаталары мен органдарының тапсырмаларын орындауы үшiн әрбiр депутатқа:
1) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу;
2) сайлау округтерiне iссапарларға шығып тұру құқығы берiледi. Бұл ретте iссапар шығыстары Республика Конституциясы 44-бабының 9) тармақшасында белгiленген тәртiппен бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.
4. Парламенттiң, оның Палаталары мен олардың органдарының тапсырмаларын орындау үшiн депутат iссапарларға жiберiлген жағдайда оған заңдарда белгiленген нормалар бойынша iссапар шығыстары төленедi.
5. Депутаттарға Қазақстан Республикасының астанасы шегiнде автомобиль көлiгiмен қызмет көрсету, оларға емдеу-сауықтыру және санаторий-курорттық қызмет көрсету Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
5-1. Парламенттің депутатына оның өкілеттік мерзімі аяқталған соң, сондай-ақ ол отставкаға кеткен немесе Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайда және ол жұмысқа орналасқан немесе зейнеткерлік жасқа жеткен кезге дейiн ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерiнде, бipaқ өкілеттігі тоқтатылған немесе отставкаға кету туралы өтініш қанағаттандырылған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт жәрдемақы төленедi.
31-бап. Депутаттық өкiлеттiгiн жүзеге асыруының кепiлдiктерi
1. Депутаттық қызметiн атқаруына бөгет жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болмасын ықпал жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамаған, оған көрiнеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзған лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиiс.
32-бап. Депутатқа ешкiмнiң тиiспеу құқығы
1. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерде өзге, тиiстi Палатаның келісімiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
2. Депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға немесе сот тәртібімен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға келісім алу үшiн Бас Прокурор Сенатқа не Мәжіліске ұсыныс енгiзедi, оны Палаталар тиiстi Палатаның отырысында қарауға әзiрлеу үшiн Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Ұсыныс депутатқа айып тағудың, оны қамауға алуға санкция берудiң немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi сотқа жiберудiң алдында енгiзiледi. Бас Прокурордың ұсынысы мен Орталық сайлау комиссиясының тұжырымы олар келiп түскен күннен бастап екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қаралады және Палата тиiстi лауазымды тұлғалар мен органдардың қосымша ақпарат тапсыруын талап етуге хақылы. Палата дәлелдi шешiм қабылдап, оны Республиканың Бас Прокурорына және анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын Республика мемлекеттік органының басшысына үш күн мерзiм iшiнде жiбередi. Депутат өзiне ешкiмнiң тиiспеу құқығы туралы мәселенi Палата қараған кезде қатысуға хақылы.
3. Депутатқа қатысты қылмыстық iстi анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын Республика мемлекеттік органының басшысы ғана қозғай алады және ол iс жүргiзу аяқталысымен қадағалауды жүзеге асыру үшiн Бас Прокурорға тапсырылуға тиiс.
4. Орталық сайлау комиссиясы iс бойынша шешiм қабылдаған тиiстi соттан iстi қарау нәтижелерi туралы ақпаратты сұратып алады және айыптау үкімі шығарылған жағдайда тиiстi Палатаға депутаттық мандаттан айыру жөнiнде ұсыныс енгiзедi.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
33-бап. Депутатқа қолданылуы мүмкiн жазалау шаралары
1. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспаған жағдайда оған қатыспаған күндерi үшiн жалақы төлеуден бас тартылады. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз бiр айдан артық қатыспаған жағдайда ол осы Конституциялық заңның 30-бабының 1,3,4,5-тармақтарымен өзiне берiлген барлық материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз ету жағдайларынан айырылады. Бұл жөніндегі шешiмдi депутат Палата отырысына немесе Палаталардың бiрлескен отырысына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Бюросы қабылдайды.
2. Депутат өзiнiң даусын басқа бiреуге берген жағдайда Палата Бюросының шешiмiмен оған дауысты басқа бiреуге беруге жол берiлген күн үшiн жалақы төлеуден, ал дауыс басқа бiреуге қайталап берiлген жағдайда айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.
3. Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленген депутаттық әдеп ережелерiн бұзған жағдайда тиiстi Палата Төрағасының шешiмiмен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) парламенттiк мiнеу;
2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;
3) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының бойында сөз бермеу;
4) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысының бойында сөз бермеу;
5) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
6) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
7) бiр күндiк еңбекақысынан айыру.
4. Депутатқа аталған шараларды қолдануға байланысты мәселелердi әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Депутаттардың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына келуiн, сондай-ақ депутаттың өз даусын басқа бiреуге беруiне жол берiлмеуiн бақылауды Орталық сайлау комиссиясының мүшелерi жүзеге асырады.
5. Мәжіліс депутаттарына осы бапта көзделген жазалау шараларын қолдану туралы мәселеге Мәжілісте өкілдік ететін, құрамына депутаттар кіретін саяси партиялардың фракциялары бастамашы болуы мүмкін.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
34-бап. Республика Парламентіндегі депутаттық бірлестіктер
1. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.
2. Саяси партияның фракциясы - заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиядан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол тиісті саяси партияның мүдделерін білдіру мақсатында Парламент Мәжілісінде құрылады. Саяси партия фракциясындағы ең аз адам саны Парламент Мәжілісінің Регламентімен айқындалады. Саяси партия фракциясының құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары кіре алады. Депутаттың бір ғана саяси партия фракциясының құрамында болуға құқығы бар.