Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгiнiң мәселелері
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1460 Қаулысы
(2013.19.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2013 жылғы 5 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгi туралы ереже;
2) ҚР Үкіметінің 2013.19.02. № 154 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) ҚР Үкіметінің 2013.19.02. № 154 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2006.27.02. № 134 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. ҚР 2007.11.10. № 928 қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне мынадай өзгерістер енгiзiлсiн:
1) «Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесi туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат):
көрсетiлген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесiнде:
реттiк нөмiрi 481-жол алынып тасталсын;
2) «Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттiгiнiң Ақпараттық-баспа орталығы» - «Қазстатақпарат» республикалық мемлекеттік кәсiпорнын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 27 сәуірдегі № 479 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 15, 153-құжат):
3-тармақтың алтыншы абзацы алынып тасталсын.
4. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы | А. Есімов |
ҚР Үкіметінің 2007.11.10. № 928 қаулысымен (қолданысқа енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара) ҚР Статистика агенттiгi туралы ереже өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2013.19.02. № 154 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң
2004 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1460 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі мемлекеттік статистикалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбасы, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілерімен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
8. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Сол жағалау, Орынбор көшесі, 8, Министрліктер үйі.
9. Мемлекеттік органның толық атауы - «Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі» мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігіне кәсіпкерлік субъектілерімен Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуіне тыйым салынады.
Егер Қазақстан Республикасы Статистика агенттігіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
13. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің миссиясы қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру болып табылады.
14. Міндеттері:
1) статистикалык әдіснаманы қалыптастыру;
2) мемлекеттік статистика қағидаттарын сақтай отырып, статистикалық қызметті жүзеге асыру;
3) қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа қажеттілігін қанағаттандыру.
15. Функциялары:
1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлейді және іске асырады;
2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
3) ұлттық санақтардың бағдарламаларын әзірлейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
4) халықаралық статистикалық стандарттарға сәйкес статистикалық әдіснаманы қалыптастырады;
5) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснаманы бекітеді;
6) жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізу үшін статистикалық нысандарды, оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды, сондай-ақ оларды бекіту тәртібін бекітеді;
7) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді беру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
8) жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде статистикалық жұмыстар жоспарын, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну кестесін және ресми статистикалық ақпаратты алдағы күнтізбелік жылға тарату кестесін қалыптастыруды қамтамасыз етеді;
9) статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды ұйымдастырады және жүргізеді;
10) респонденттер алғашқы статистикалық деректерді ұсынған кезде оларды статистикалық нысандармен және оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтармен қамтамасыз етеді;
11) әкімшілік деректерді статистикалық ақпаратты түзу және статистикалық тіркелімдерді өзектілендіру үшін ғана пайдаланады;
12) мемлекеттік статистика органдарын статистикалық жіктеуіштерді уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастыру арқылы олармен қамтамасыз етеді;
13) мынадай статистикалық тіркелімдерді:
статистикалық бизнес-тіркелімді;
халықтың статистикалық тіркелімін;
ауыл шаруашылығының статистикалық тіркелімін;
тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімін жүргізуді жүзеге асырады;
14) республиканың және оның өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпараттық статистикалық дерекқорды жинақтауды, жүргізуді және өзектілендіруді қамтамасыз етеді;
15) мемлекеттік статистика саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін ұйымдастырады;
16) уәкілетті органның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша түсініктемелер береді;
17) мемлекеттік статистиканы жетілдіру мақсатында консультациялық-кеңесші органдарды құрады, олар туралы ережені уәкілетті органның басшысы бекітеді;
18) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты және ынтымақтастық шеңберінде шарттар жасасуды жүзеге асырады;
19) мемлекеттік статистика органдары статистикалық қызметінің Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі бекіткен ведомстволық статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснамаға сәйкестігіне сараптама жүргізеді және сараптама жүргізуге қажетті құжаттарды (ақпаратты) сұратады;
20) мемлекеттік статистика саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау мәніне тексерулерді қоспағанда, мемлекеттік статистика саласында, оның ішінде респонденттер ұсынған статистикалық деректердің және шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің дәйектілігіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
21) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
16. Құқықтары мен міндеттері:
1) респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді өтеусіз негізде алу;
2) үй шаруашылықтарынан олардың табыстары мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алу;
3) статистикалық ақпаратты түзу кезінде бұрмалаушылықтар, қателер, ағаттықтар анықталған жағдайда алғашқы статистикалық деректердің дұрыстығын растау үшін респонденттерден қосымша ақпаратты талап ету;
4) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді бұрмалағаны анықталған кезде респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді қамтитын статистикалық нысандарға түзетулер енгізуді талап ету;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұлттық санақты өткізу қажеттілігі туралы ұсыныстар енгізу;
6) статистикалық жұмыстар жоспарын орындау үшін респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну кестесін және ресми статистикалық ақпаратты тарату кестесін бекіту;
7) статистикалық жұмыстар жоспарында көзделген көлемдерде ресми статистикалық ақпаратты тарату кестесіне сәйкес ресми статистикалық ақпаратты таратуды қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің интернет-ресурсына орналастыру арқылы пайдаланушылардың сапалы ресми статистикалық ақпаратқа және статистикалық әдіснаманаға бір мезгілде қол жеткізуіне тең құқықтарын қамтамасыз ету.
3. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің қызметін ұйымдастыру
17. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігіне басшылықты Қазақстан Республикасы Статистика агенттігіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Төраға жүзеге асырады.
18. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасын Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
19. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
20. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының өкілеттіктері:
1) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің қарамағындағы мемлекеттік басқару салаларындағы (аяларындағы) саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
2) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
3) Қазақстан Республикасының Парламентінде, өзге де мемлекеттік органдарда және ұйымдарда Қазақстан Республикасы Статистика агенттігін білдіреді;
4) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын бекітеді;
5) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің регламентін бекітеді;
6) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауап береді;
7) өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
21. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін белгілейді.
22. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын жауапты хатшы басқарады.
4. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мүлкі
23. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
24. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігіне бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігін қайта ұйымдастыру және тарату
26. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің қарамағындағы ұйымдардың
тізбесi
«Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Ақпараттық-есептеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің қарамағандағы аумақтық органдардың
тізбесi
1. Ақмола облысының Статистика департаментi
2. Ақтөбе облысының Статистика департаментi
3. Алматы облысының Сатистика департаментi
4. Атырау облысының Статистика департаментi
5. Шығыс Қазақстан облысының Статистика департаментi
6. Жамбыл облысының Статистика департаментi
7. Батыс Қазақстан облысының Статистика департаментi
8. Қарағанды облысының Статистика департаментi
9. Қызылорда облысының Статистика департаментi
10. Қостанай облысының Статистика департаментi
11. Маңғыстау облысының Статистика департаментi
12. Павлодар облысының Статистика департаментi
13. Солтүстік Қазақстан облысының Статистика департаментi
14. Оңтүстік Қазақстан облысының Статистика департаментi
15. Астана қаласының Статистика департаментi
16. Алматы қаласының Статистика департаментi
Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгiнiң мемлекеттік мекемелерiнiң тiзбесi ҚР Үкіметінің 2013.19.02. № 154 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгiнiң қарауындағы ұйымдардың тiзбесi ҚР Үкіметінің 2013.19.02. № 154 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң
2004 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1460 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң күшi жойылған кейбір шешімдерінің
тізбесi
1. «Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттiгiнiң мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 30 наурыздағы № 325 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., № 10, 98-құжат).
2. «Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттiгiнiң Ақпараттық-баспа орталығы» - «Қазстатақпарат» республикалық мемлекеттік кәсiпорнын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 27 сәуірдегі № 479 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., № 15, 153-құжат) 4-тармағы.
3. «Қазақстан Республикасы Yкіметінiң кейбір шешiмдерiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 2 тамыздағы № 1093 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., № 40, 343-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Yкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың 7-тармағы.
4. «Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 1999 жылғы 30 наурыздағы № 325 қаулысына өзгерiс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2002 жылғы 16 тамыздағы № 912 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2002 ж., № 27, 299-құжат).
5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 30 наурыздағы № 325 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 25 маусымдағы № 708 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 26, 337-құжат).