17-баптың 2-тармағы 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
2. Осы Заңның талаптары ескеріле отырып, тауарлық газды тек қана:
1) ұлттық оператордың;
2) тауарлық газды өндірушілердің;
3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың;
4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің;
5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің;
6) газ тарату ұйымдарының;
7) автогаз толтыру компрессорлық станциялары иелерінің өткізуіне жол беріледі.
3. Сұйытылған табиғи газды өткізуді жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы шеңберінде Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығын ескере отырып жүзеге асырады.
17-баптың 4-тармағы 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
4. Осы Заңның талаптары ескеріле отырып, сұйытылған мұнай газын тек қана:
1) сұйытылған мұнай газын өндірушілердің;
2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің;
4) газ желісі ұйымдарының;
5) газ толтыру пункттері және автогаз құю станциялары иелерінің өткізуіне жол беріледі.
5. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өткізу осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, оларды есепке алудың бақылау аспаптары арқылы міндетті түрде өткізе отырып жүзеге асырылады.
6. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шарттары үлгілік шарттарға сәйкес жасалады.
Осы тармақтың ережесі:
1) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушыларға;
2) автогаз толтыру компрессорлық станциясы иелері тауарлық газды;
3) автогаз толтыру станцияларының иелері сұйытылған мұнай газын;
4) тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу жағдайларына қолданылмайды.
7. Тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын пайдаланудың артықшылықты құқығына тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар ие болады.
8. Газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымы осы Заңда белгіленген шарттарда осындай ұйымның газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғысына қосылған тұтынушыларды тауарлық немесе сұйытылған мұнай газымен іркіліссіз жабдықтауды қамтамасыз етуге міндетті.
9. Мынадай:
1) тұтынушы газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік қағидаларын бұзған;
2) газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері техникалық жарамсыз болған;
3) тұтынушы газ жабдығын өз бетінше қосқан;
4) газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымының өкілдері газ құбырларына, газ жабдығына және есепке алу аспаптарына жіберілмеген;
5) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес жеткізіліп берілген тауарлық немесе сұйытылған мұнай газы үшін дебиторлық берешек болған жағдайларда, газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымы бұзушылықтар жойылғанға дейін тұтынушыға тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқылы.
18-бап. Газ желісі ұйымдарын аккредиттеу
1. Газ желісі ұйымдары газ желісі ұйымдарын аккредиттеу қағидаларына сәйкес уәкілетті органда аккредиттеуге жатады.
2. Аккредиттеу аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады және аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.
3. Аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды, мерзімі белгіленбеген, иеліктен шығарылмайтын болып табылады және оны басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге болмайды.
4. Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданысын тоқтату мынадай:
1) аккредиттеу туралы куәлікті өз еркімен қайтарған;
2) газ толтыру станциясын және (немесе) топтық резервуарлық қондырғыларды меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiзде иелену тоқтатылған;
3) заңды тұлға таратылған немесе ол бөлiну нысанында қайта ұйымдастырылған;
4) аккредиттеу туралы куәліктен айырған жағдайларда жүзеге асырылады.
5. Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданысын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
19-бап. Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын пайдалану
1. Газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
2. Өнеркәсіптік тұтынушылар өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсететін білікті персонал, сондай-ақ газ тұтыну жүйелерінің қауіпсіз жұмысы үшін жауапты адам ұстауға не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, мамандандырылған ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
3. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді жүзеге асыратын газ тарату немесе газ желісі ұйымымен не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, мамандандырылған тәуелсіз ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
4. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын пайдаланатын коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын газ жүйесі ұйымымен немесе газ толтыру пунктінің иесімен өздеріне тиесілі газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
5. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады.
6. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне, газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйым олардың техникалық жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
20-бап. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізу бағаларын мемлекеттік реттеу
1. Қазақстан Республикасында тауарлық және сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізу бағаларын мемлекеттік реттеу жүзеге асырылады.
2. Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағалары Қазақстан Республикасының өңірлерін газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтік жағдайлары ескеріле отырып, әрбір облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға жарты жылға жеке белгіленеді.
3. Уәкілетті орган стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша жоспарланған кезең басталғанға дейін бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің алдағы жарты жылға арналған шекті бағаларының деңгейі бойынша ұсыныстар әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.
20-баптың 4-тармағы 2012 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 3-тармағында көрсетілген ұсыныстар негізінде жоспарланған кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің алдағы жарты жылға арналған шекті бағаларын бекітеді.
5. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасы тоқсан сайын белгіленеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
6. Уәкілетті орган стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша жоспарланған кезең басталғанға дейін бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларының деңгейі бойынша ұсыныстар әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.
20-баптың 7-тармағы 2012 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
7. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 6-тармағында көрсетілген ұсыныстар негізінде жоспарланған кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларын бекітеді.
8. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумағында тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің белгіленген шекті бағаларын шектен асырмауға міндетті.
9. Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің осы бапта белгіленген шекті бағалары:
1) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық операторға;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің ұлттық операторға;
2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) сұйытылған табиғи газды қайтадан газға айналдыру процесінде алынған;
2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) ережелері иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын көздейтін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 308-1-бабына сәйкес салық режимінің тұрақтылығын иеленетін, өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы өндірген тауарлық газды өткiзу жөнiндегi қатынастарға қолданылмайды.
21-бап. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу мониторингі
1. Уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасында тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру көлемінің мониторингін;
2) тауарлық газды тасымалдау және сақтау көлемінің мониторингін;
3) Қазақстан Республикасында тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өткізу, оның ішінде олардың экспорты мен импорты көлемінің мониторингін;
4) Қазақстан Республикасында өткізілетін тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың көтерме сауда бағаларының мониторингін;
5) Қазақстан Республикасында өткізілетін тауарлық және сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларының мониторингін;
6) Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерінің мониторингін қамтитын тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу мониторингін жүзеге асырады.
2. Тауарлық газды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар уәкілетті органға тауарлық, оның ішінде тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген газды өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей ұсынады.
3. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары ұлттық операторға тауарлық газды тасымалдау және сақтау көлемдері туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.
4. Ұлттық оператор уәкілетті органға:
1) тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау және оны тауарлық газ қоймаларында сақтау көлемдері туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей;
2) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде сатып алынған шикі және тауарлық газдың көлемдері туралы мәліметтерді жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші ақпанынан кешіктірмей;
3) Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.
5. Өндірушілер уәкілетті органға:
1) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру жөніндегі мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей;
2) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндірудің алдағы бес жылға арналған болжамды көлемін жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.
6. Сұйытылған мұнай газын көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар аумақтарында осындай өткізу жүзеге асырылатын облыстардың, республикалық маңызды қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына сұйытылған мұнай газын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газын өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.
7. Облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға:
1) облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінен кешіктірмей;
2) облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.
8. Сұйытылған табиғи газды көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар уәкілетті органға сұйытылған табиғи, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген газды өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.
9. Осы баптың 2 - 8-тармақтарында көзделген мәліметтер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес ұсынылады.
10. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасындағы тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың импорты мен экспорты туралы мәліметтерді уәкілетті органға ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінен кешіктірмей ұсынады.
11. Уәкілетті орган мониторинг деректері негізінде Қазақстан Республикасының аумағында тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндірудің, өткізудің және тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамды балансын жасайды.
5-тарау. ТАУАРЛЫҚ ГАЗДЫ ТАСЫМАЛДАУДЫ, САҚТАУДЫ, ӨТКІЗУДІ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
22-бап. Тауарлық газды тасымалдау және сақтау
1. Тауарлық газды жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау жөніндегі, сондай-ақ тауарлық газды тауарлық газ қоймаларында сақтау жөніндегі қызметтерді газ тасымалдау ұйымдары көрсетеді.
2. Бір ғана жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары мен тауарлық газ қоймаларын екі және одан көп газ тасымалдау ұйымының пайдалануына тыйым салынады.
22-баптың 3-тармағы 2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді
3. Газ тасымалдау ұйымдары тек қана:
1) ұлттық операторға;
2) тауарлық газды өндірушілерге;
3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдауды жүзеге асыруға ниет білдірген оның иелеріне тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге тасымалдау жөнінде қызметтер көрсетуге құқылы.».
4. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары:
1) осы баптың 3-тармағында көзделген шектеулерді ескере отырып, тауарлық газдың иелеріне Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес магистральдық газ құбырының, тауарлық газ қоймасының немесе газ тарату жүйесінің қуаттарына тең жағдайларда қол жеткізуді ұсынуға;
2) уәкілетті органның сұрауы бойынша магистральдық газ құбырында, тауарлық газ қоймасында, газ тарату жүйесінде бос тұрған қуаттардың бар екені туралы ақпаратты, сондай-ақ оларды пайдалану бағдарламасын ұсынуға;
3) тауарлық газ иелерін және (немесе) тұтынушыларды тауарлық газды тасымалдау, сақтау және (немесе) бөлшек саудада өткізу жөніндегі міндеттемелерді орындауға әсер ететін жоспарланған жөндеу және профилактикалық жұмыстар туралы хабардар етуге міндетті.
5. Газ тасымалдау ұйымы:
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) тауарлық газ техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеген;
5-тармағының 2) тармақшасы 2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді
2) жер қойнауын пайдаланушы тасымалдануы жоспарланған тауарлық газ көлемдерін сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығынан ұлттық оператордың жазбаша бас тартуын не жер қойнауын пайдаланушы газ тасымалдау ұйымына жүгінгенге дейін бір ай бұрын ұлттық оператордың тасымалдануы жоспарланған тауарлық газ көлемдерін иеліктен шығару туралы коммерциялық ұсынысты алғанын растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайларда, тауарлық газ иесінің тауарлық газын тасымалдаудан және (немесе) сақтаудан бас тартуға міндетті.
6. Газ тасымалдау ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарында және тауарлық газды тасымалдау және сақтау жөніндегі қызметтерді ұсыну шартында көзделген тәртіппен тауарлық газды тасымалдаудан және сақтаудан негізсіз бас тартқаны үшін жауапты болады.
23-бап. Тауарлық газды көтерме саудада өткізу
23-баптың 1-тармағы 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
1. Тауарлық газды көтерме саудада өткізуді:
1) ұлттық оператор;
2) тауарлық газды өндірушілер;
3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;
4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері;
5) тауарлық газ ұлттық операторға және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге өткізілген жағдайларда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері;
6) тауарлық газ ұлттық операторға және (немесе) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелеріне өткізілген жағдайларда, газ тарату ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.
Өзге тұлғалар тауарлық газды көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Газ тарату ұйымдарының ұлттық операторға және (немесе) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелеріне көтерме саудада өткізу жағдайларын қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалардан тауарлық газды сатып алған тұлғаға оны көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруына тыйым салынады.
Осы тармақтың ережелері ұлттық операторға қолданылмайды.
24-бап. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізу
1. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді:
1) газ тарату ұйымдары;
2) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелері;
3) ұлттық оператор;
4) газ тұтыну жүйелері магистральдық немесе жалғастырушы газ құбырына тікелей қосылған өнеркәсіптік тұтынушыларға тауарлық газ бөлшек саудада өткізілген жағдайда, тауарлық газды өндірушілер, өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері жүзеге асырады.
Өзге тұлғалар тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Жеке және заңды тұлғалардың газ жабдығын газ тарату жүйесіне қосуды, бос тұрған қуаттар болмаған жағдайда, қосылатын тұтынушылардың қосымша жүктемелерін жабуға қажетті газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды, сондай-ақ мұндай қосудың технологиялық схемасын өзгертуді газ тарату ұйымы осындай тұтынушылардың есебінен жүзеге асырады.
3. Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне тауарлық газды беруді газ тасымалдау немесе газ тарату ұйымы жүзеге асырады.
25-бап. Тауарлық газды есепке алу
1. Тауарлық газдың көлемі есепке алынбайынша, оны тасымалдауға, сақтауға және өткізуге жол берілмейді.
2. Магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалданатын тауарлық газ көлемін есепке алуды газ тасымалдау ұйымы газ өлшеу станцияларында тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған тауарлық газды есепке алу аспаптары бойынша деректерді ұдайы растай отырып, газды есепке алу аспаптары арқылы жүргізеді. Газ тасымалдау ұйымдары тасымалданатын тауарлық газдың көлемін есепке алу жөніндегі деректердің ұлттық операторға берілуін қамтамасыз етеді.
3. Газ тарату жүйелері арқылы тасымалданатын тауарлық газдың көлемін есепке алуды газ тарату ұйымдары есепке алу аспаптары бойынша жүргізеді. Газ тарату ұйымдары өткізілетін тауарлық газдың көлемін есепке алу жөніндегі деректердің ұлттық операторға берілуін қамтамасыз етеді.
4. Өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемін есепке алу:
1) тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған есепке алу аспаптары бойынша;
2) есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмейтін жағдайда газ тұтыну жабдығының қуаты бойынша жүргізіледі.
5. Тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемін есепке алу:
1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;
2) көп пәтерлі үйлердегі ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;
3) жеке тұрғын үйлердегі реттегіш немесе газ реттейтін пункттердің шкафтарында орнатылған ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;
4) жеке немесе ұжымдық есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмейтін жағдайда табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін тұтыну нормалары бойынша жүргізіледі.
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Тауарлық газды есепке алу аспаптары техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.
6-тарау. СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫН ЖӘНЕ СҰЙЫТЫЛҒАН ТАБИҒИ ГАЗДЫ ТАСУДЫ, САҚТАУДЫ, ӨТКІЗУДІ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
26-бап. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен тасу
1. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен Қазақстан Республикасының заңнамасында қауіпті жүктерді тасуға қойылатын талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған және тасуға рұқсат етілген көлікпен тасуға рұқсат етіледі.
26-баптың 2-тармағы 2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді
2. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігімен Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге өз бетінше не сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды тасу жөнінде қызметтер көрсететін тұлғаларды тарта отырып тасуды:
1) сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндірушілер;
2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының және (немесе) сұйытылған табиғи газдың меншік иелері;