Қазақстан Республикасының
Заңы
Газ және газбен жабдықтау туралы
Осы редакция 2012 жылғы 22 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін кара
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасында газ және газбен жабдықтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасауға бағытталған.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автогаз құю станциясы - сұйытылған мұнай газын сақтауға және оны отын ретінде пайдаланатын көлік құралдары иелеріне бөлшек саудада өткізуге арналған технологиялық кешен;
2) автогаз толтыру компрессорлық станциясы - тауарлық газды сұйытуға, сақтауға және оны отын ретінде пайдаланатын көлік құралдарының иелеріне бөлшек саудада өткізуге арналған технологиялық кешен;
3) аккредиттеу - газ желісі ұйымдарын Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келеді деп уәкілетті органның ресми тану рәсімі;
4) бөлшек саудада өткізу - тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын одан әрі өткізу мақсатынсыз, өз мұқтаждықтары үшін Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушыларға өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
5) бірыңғай техникалық дәліз - бір трасса бойымен қатар салынған, бірыңғай бағытта (көліктік лекте) тауарлық газды тасымалдауды қамтамасыз ететін магистральдық газ құбырларының (немесе учаскелерінің) және магистральдық газ құбырлары жүйелерінің (оның ішінде әртүрлі қысымдағы жүйелерінің) жиынтығы;
6) газ - шикі, тауарлық, сұйытылған мұнай газы және сұйытылған табиғи газ;
7) газбен жабдықтау - тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу саласындағы қызмет;
8) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймағы - пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету және оларды зақымдау мүмкіндігін болдырмау мақсатында газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің айналасына орнатылатын айрықша пайдалану жағдайындағы аумақ;
9) газбен жабдықтау жүйесі - тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын өндіруге, тасымалдауға (тасуға), сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған технологиялық өзара байланысты объектілер кешені;
10) газдандыру - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және өзге де объектілерде тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын отын ретінде пайдалануға бағытталған іс-шаралар кешені;
11) газ жабдығы - газ құбырларының құрамдас элементтері ретінде пайдаланылатын, толықтай зауытта дайындалатын техникалық бұйымдар (компенсаторлар, конденсат жинақтары, сақтандыру-ығыстыру арматурасы, құбыржолдық бекітпе арматура), сондай-ақ газ пайдаланушы қондырғылар (газ аспаптары, пештері мен плиталары);
12) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік - Қазақстан Республикасына тиесілі ілеспе газды тереңдетіп өңдеуді және өзара тиімді жағдайларда қосылған құны жоғары өнім өндіруді қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық және әлеуметтік міндеттерді шешу үшін мемлекет пен инвестордың өзара іс-қимыл жасау нысаны;
13) газ желісі ұйымы - аккредиттеу туралы куәлігі бар және газ толтыру станциясын, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген жағдайларда сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
14) газ құбыры - бекітпе арматурасы бар, бір-бірімен қосылған құбырлардан тұратын және газ тәріздес немесе екі фазалық күйдегі газды тасымалдауға арналған құрылыс;
15) газ тарату жүйесі - газ құбырларынан (желілік бөліктен) және олармен ұштасып жатқан объектілерден тұратын, тауарлық газды магистральдық газ құбырынан газ тұтыну жүйелеріне дейін тасымалдауға арналған технологиялық өзара байланысты құрылыстар кешені;
16) газ тарату ұйымы - тауарлық газды газ тарату жүйесі арқылы тасымалдауды, газ тарату жүйесін техникалық пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген шарттарда тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
17) газ тасымалдау ұйымы - осы Заңда белгіленген шарттарда тауарлық газды жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау және (немесе) тауарлық газды тауарлық газ қоймаларында сақтау жөніндегі қызметтерді көрсететін заңды тұлға;
18) газ толтыру пункті - сұйытылған мұнай газын сақтауға, тұрмыстық баллондарға қотаруға және құюға арналған инженерлік құрылыс;
19) газ толтыру станциясы - сұйытылған мұнай газын сақтауға, теміржол цистерналарына, автогаз тасымалдағыштарға, тұрмыстық баллондарға қотаруға және құюға, сондай-ақ тұрмыстық баллондарды жөндеуге және кәдеге жаратуға арналған технологиялық өзара байланысты өндірістік және өзге де объектілер кешені;
20) газ тұтыну жүйесі - газ тарату жүйесінен тауарлық газды немесе топтық резервуарлық қондырғыдан сұйытылған мұнай газын қабылдауға, сондай-ақ оларды отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалануға арналған газ құбырлары (желілік бөлік) мен газ жабдығы кешені;
21) есепке алу аспаптары - мынадай функцияларды: газды өлшеуді, жинауды, сақтауды, оның шығысы, көлемі, температурасы, қысымы және аспаптардың жұмыс уақыты туралы ақпарат көрсетуді орындайтын өлшеу құралдары мен басқа да техникалық құралдар;
22) жалғастырушы газ құбыры - шикі газды келісімшарттық аумақтан газ өңдеу зауытына немесе шикі газды өнеркәсіптік тұтынушыға дейін тасымалдауға не тауарлық газды газ өңдеу зауытынан магистральдық газ құбырына дейін тасымалдауға арналған газ құбыры;
23) кәсіпшілік газ құбыры - газды келісімшарттық аумақ шегінде тасымалдауға арналған газ құбыры;
24) коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы - тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын одан әрі өткізу мақсатынсыз, кәсіпкерлік, коммерциялық емес немесе өзге қызметті жүзеге асыру кезінде коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждар үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
25) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган - елді мекендер шекараларының (сызықтарының) шегінде газ және газбен жабдықтау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
26) көтерме саудада өткізу - тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды одан әрі өткізу мақсатында ішкі нарықта не Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
27) Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктері - Қазақстан Республикасының аумағында тұтынуға қажетті тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газының көлемі;
28) магистральдық газ құбыры - тасымалданатын газдың қысымын арттыруды және төмендетуді қамтамасыз ететін бір немесе бірнеше газ құбырынан (желілік бөліктен) және олармен ұштасып жатқан объектілерден, телебасқару, байланыс құралдарынан және өзге де коммуникациялардан тұратын, тауарлық газды тасымалдауға арналған инженерлік құрылыс. Магистральдық газ құбыры объектілерінің құрамы жобалық құжаттамада және техникалық регламенттер талаптарында айқындалады;
29) өндіруші - тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;
30) өнеркәсіптік тұтынушы - өнеркәсіп өндірісінде отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін газ сатып алатын заңды тұлға;
31) сұйытылған мұнай газы - жеңіл көмірсутегілердің (пропан-бутан фракциясының, пропанның, бутанның) тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған, құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері мен мемлекеттік стандарттарының талаптарына сай келетін қоспасы;
32) сұйытылған табиғи газ - құрамында метаны басым көмірсутегілердің тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған, шикі газды өңдеу өнімі болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері мен мемлекеттік стандарттарының талаптарына сай келетін көпқұрамдас қоспасы;
33) тасымалдау - газ құбырлары арқылы шикі немесе тауарлық газды айдаудың технологиялық процесі;
34) тауарлық газ - құрамында метаны басым көмірсутегілердің газ тәріздес күйде болатын, шикі газды өңдеу өнімі болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері мен мемлекеттік стандарттарының талаптарына сай келетін көпқұрамдас қоспасы;
35) тауарлық газ қоймасы - тауарлық газды сақтауға арналған, технологиялық өзара байланысты өндірістік және өзге де объектілер кешені;
36) топтық резервуарлық қондырғы - ыдыстар тобынан, сақтандыру-бекітпе және реттеуші арматурадан, газ құбырларынан тұратын және сұйытылған мұнай газын сақтауға және оны газ тұтыну жүйелеріне беруге арналған инженерлік құрылыс;
37) тұрмыстық тұтынушы - тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын кәсіпкерлік қызметте пайдалану және оларды одан әрі өткізу мақсатынсыз, тұрмыстық мұқтаждар үшін сатып алатын жеке тұлға;
38) тұтыну нормасы - есепке алу аспаптары жоқ тұрмыстық тұтынушылар үшін өздері тұтынған тауарлық немесе сұйытылған мұнай газының орташа айлық көлемін көрсететін есептік шама;
39) тұтынушы - тұрмыстық, коммуналдық-тұрмыстық немесе өнеркәсіптік тұтынушы;
40) уәкілетті орган - газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ елді мекендердің шекаралары шегінен тыс тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
41) ұлттық оператор - акцияларының бақылау пакетінің меншік иесі мемлекет не ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық компания болып табылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында газ және газбен жабдықтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
42) шикі газ - тазартылмай өндірілген табиғи, ілеспе, қатпарлы газ, көмір бассейндерінің газы, сондай-ақ шығу тегі өзгеше көмірсутегі газы.
2-бап. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
1. Осы Заң газ және газбен жабдықтау саласындағы қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заңның ережелері сұйытылған мұнай газын сыйымдылығы бір килограмнан аз баллондарда өткізу кезінде туындайтын қатынастарға қолданылмайды.
4-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері
1. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары Қазақстан Республикасының энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады.
2. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) газбен жабдықтаудың қауіпсіздігі мен сенімділігі;
2) газ ресурстарын пайдаланудың ұтымдылығы;
3) Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін тауарлық және сұйытылған мұнай газымен Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығы;
4) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан объектілерді газдандыру басымдығы;
5) газ және газбен жабдықтау саласындағы баға саясатының теңгерімділігі қағидаттарына негізделеді.
3. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері:
1) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесін құру;
2) Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерін іркіліссіз қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;
3) Қазақстан Республикасында тұтынылатын отын-энергетика ресурстарының жалпы көлеміндегі тауарлық және сұйытылған мұнай газының үлесін ұлғайту.
2-тарау. ГАЗ ЖӘНЕ ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) ұлттық операторды айқындайды;
3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау тәртібін бекітеді;
4) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын бекітеді;
5) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың бағасын айқындау тәртібін бекітеді;
5-баптың 6) тармақшасы 2012 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
6) ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және оларды айқындау тәртібін бекітеді;
7) Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын берудің жоспарын жасау тәртібін бекітеді;
8) газ желісі ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын бекітеді;
9) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің тәртібі мен талаптарын бекітеді;
10) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің жұмыс режимдерін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру тәртібін бекітеді;
11) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу мониторингі бойынша мәліметтерді ұсыну тәртібін бекітеді;
12) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетудің үлгі шарттарын бекітеді;
13) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану тәртібін бекітеді;
14) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын есептеу және бекіту тәртібін бекітеді;
15) газ және газбен жабдықтау саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
16) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бекітеді;
17) тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың экспортын реттейді;
18) экспорттық және (немесе) транзиттік газ құбырларын салу туралы шешім қабылдайды;
19) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) өз құзыретінің шегінде газ және газбен жабдықтау саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау тәртібін әзірлейді;
4) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлейді;
5) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;
6) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың бағасын айқындау тәртібін әзірлейді;
7) ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі бойынша ұсыныстарды және оларды айқындау тәртібін әзірлейді;
8) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің тәртібі мен талаптарын әзірлейді;
9) ұлттық оператордың немесе дауыс беруші акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау және (немесе) газ тарату ұйымдарының меншігіндегі тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін иеліктен шығаруды келіседі;
10) тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндіру, өткізу және тұтыну балансын жүргізуді ұйымдастырады;
11) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің жұмыс режимдерін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асырудың тәртібін әзірлейді;
12) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетудің үлгі шарттарын әзірлейді;
13) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу мониторингі бойынша мәліметтерді ұсыну тәртібін әзірлейді;
14) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану тәртібін әзірлейді;
15) газ және газбен жабдықтау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді;
16) елді мекендердің шекаралары (сызықтары) шегінен тыс газ және газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;
17) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес газ және газбен жабдықтау саласындағы міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, тексерулер жоспарын әзірлейді және бекітеді;
6-баптың 18) тармақшасы 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
18) Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын берудің жоспарын жасау тәртібін әзірлейді;
19) Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын берудің жоспарын ай сайын бекітеді;
20) газ желісі ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын әзірлейді;
21) газ желісі ұйымдарын аккредиттеуді жүзеге асырады;
22) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган:
1) елді мекендер шекараларының (сызықтарының) шегінде газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады әрі жүргізеді және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысады;
3) елді мекендер шекараларының (сызықтарының) шегінде газ және газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;
4) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын есептеу және бекіту тәртібін әзірлейді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган:
1) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қоспағанда, тұрмыстық баллондарды және газбен жабдықтау жүйелері объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
2) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды әзірлейді;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган:
1) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын бекітеді;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган:
1) ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды келіседі;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысады;
3) уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын ұсынады;
4) уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді ұсынады;
5) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасында газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу көзделген жер учаскелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен резервке қояды;
6) газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер учаскелерін береді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
3-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ЖӘНЕ ДАМУЫ
8-бап. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі
1. Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерін іркіліссіз қамтамасыз ету, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану, тауарлық газдың тасымалдануын, сақталуын үздіксіз диспетчерлік бақылауды ұйымдастыру және оны есепке алудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылады.
2. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі жалғастырушы, магистральдық газ құбырларын, тауарлық газ қоймаларын, газ тарату және газ тұтыну жүйелерін, автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және тауарлық газ өндіруге, тасымалдауға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілерді қамтиды.
Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің құрамына кәсіпшілік газ құбырлары, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері, сұйытылған табиғи газды өндіруге және қайтадан газға айналдыруға, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған технологиялық объектілер кірмейді.
3. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.
4. Мыналар:
1) ұлттық оператор;
2) тауарлық газды өндірушілер;
3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;