Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы
Қазақстан Республикасының 2002 ж. 24 маусымдағы № 330-II Заңы
Осы редакция 2013 жылғы 3 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң кешенді кәсіпкерлік лицензияны (франчайзингті) жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының мазмұнын айқындайды және Қазақстан Республикасында франчайзингтік қызметті дамыту мен мемлекеттік қолдауға бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айрықша құқықтар кешені (лицензиялық кешен) - бірқатар санаткерлік меншік объектілеріне (тауар таңбасына, фирмалық атауға, қызмет көрсету таңбасына, патентке, ашылмаған ақпаратқа, оның ішінде өндіріс құпияларына (ноу-хауға) құқықтар;
2) кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) - айрықша құқықтар кешенінің құқық иеленушісі осы кешенді басқа тұлғаға өтемді негізде пайдалануға беретін кәсіпкерлік қызмет;
3) кешенді лицензиар (франчайзер) - кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша тарап, айрықша құқықтар кешенін кешенді лицензиатқа өтемді негізде пайдалануға беретін айрықша құқықтар кешенінің (лицензиялық кешеннің) құқық иеленушісі;
4) кешенді лицензиат (франчайзи) - кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша тарап, лицензиардың айрықша құкықтар кешенін кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланатын, осы кешеннің құқық пайдаланушысы;
5) лицензиялық брокер - кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын жасасу және орындау кезінде делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
6) әлеуетті кешенді лицензиат - айрықша құқықтар кешенінің құкық иеленушісімен кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын жасасу мақсатында келіссөз жүргізетін тұлға;
7) франчайзингтік қызмет - кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын жүзеге асыруға байланысты кәсіпкерлік кызмет;
8) франчайзингтік қатынастар - кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын орындау жөніндегі құқықтары мен міндеттері өзара байланысты міндеттемелерге қатысушылар арасындағы құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынастар.
2-бап. Қазақстан Республикасының кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы заңнамасы
1. Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Франчайзингтік қатынастар субъектілері
1. Жеке және заңды тұлғалар франчайзингтік қатынастар субъектілері болып табылады.
2. Франчайзингтік қатынастар субъектілеріне, инвестицияларға байланысты бөлігінде, Қазақстан Республикасының инвестицияларды мемлекеттік қолдау және қорғау туралы заңнамасы қолданылады.
Франчайзингтік қатынастар субъектілеріне - шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, осы Заңда реттелмеген бөлігінде, Қазақстан Республикасының шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасы қолданылады.
2-тарау. Франчайзингтік қатынастарды мемлекеттік қолдау
4-бап. Франчайзингтік қатынастарды мемлекеттік қоддау принциптері
Қазақстан Республикасында франчайзингтік қатынастарды мемлекеттік қолдау:
1) шағын кәсіпкерлікті, инвестицияларды және франчайзингтік қатынастарды мемлекеттік қолдау принциптері мен нысандарының біртұтастығы;
2) мемлекеттік органдардың франчайзингтік қатынастарды мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру кезіндегі келісілген өзара іс-қимылы;
3) франчайзингтік қатынастар субъектілерінің кәсіпкерлік қызметіне мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының негізсіз араласуына жол бермеу;
4) бәсекені қорғау және монополистік қызметті шектеу;
5) франчайзингтік қатынастарды мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу және қолдану кезіндегі жариялылық принциптерімен жүзеге асырылады.
5-бап. Франчайзингтік қатынастарды мемлекеттік қолдау шаралары
1. Қазақстан Республикасында франчайзингтік қатынастарды мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары мыналар:
1) франчайзингтік қатынастарды дамыту және қолдау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;
2) франчайзингтік қатынастарды дамыту және оларға жәрдемдесу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және жетілдіру;
3) франчайзингтік қатынастар субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңілдіктер мен кепілдіктер беру;
4) франчайзингтік қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсету;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айрықша құқықтар кешенін тіркеу және қорғау;
6) Қазақстан Республикасының кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы заңнамасының сақталуын бақылау;
7) Қазақстан Республикасында кешенді кәсіпкерлік лицензияны (франчайзингті) дамыту мен таратуға жәрдемдесетін өзге де шаралар болып табылады.
2. Франчайзингтік қатынастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік органдарды және олардың функцияларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
6-бап. Зиянды өтеу кепілдіктері
Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін актілерді шығаруы салдарынан, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының заңсыз іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) салдарынан франчайзингтік қатынастар субъектілеріне келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге тиіс.
7-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі кепілдіктер
Франчайзингтік қызметті бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
8-бап. Франчайзинггік қатынастарды мемлекеттік реттеу кезіндегі жариялылық
1. Франчайзингтік қатынастар субъектілері кешенді кәсіпкерлік лицензияны (франчайзингті) жүзеге асыруға қатысты нормативтік құқықтық актілермен, сот шешімдерімен және өзге де актілермен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танысуға құқылы.
2. Франчайзингтік қатынастарды мемлекеттік реттеу туралы нормативтік құқықтық актілерді қабылдайтын мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары оларды мерзімді баспа басылымдарында жариялауға міндетті.
9-бап. Айрықша құқықтар кешенін тіркеу және қорғау
1. Мемлекет кешенді лицензиардың Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген айрықша құқықтар кешенін де, егер мұндай тіркеуді шет мемлекеттің тануы Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шартта көзделсе, басқа мемлекеттің аумағында тіркелген айрықша құқықтар кешенін де тіркеуді және қорғауды жүзеге асырады.
2. Санаткерлік меншік объектісі Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген жағдайда, санаткерлік меншік құқығын тіркеу және оны кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша беру тараптардың қалауы бойынша жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік орган кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша кешенді лицензиар беретін айрықша құқықтар кешенінің сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
3-тарау. Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) шарты мен түрлері
10-бап. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты
1. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша бір тарап (кешенді лицензиар) шартта көзделген, атап айтқанда, лицензиардың фирмалық атауы мен қорғалатын коммерциялық ақпаратты, сондай-ақ айрықша құкықтардың басқа да объектілерін (тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, патентті және т.с.с.) пайдалану құқығын қамтитын айрықша құқықтар кешенін (лицензиялық кешенді) лицензиаттың кәсіпкерлік қызметінде пайдалану үшін екінші тарапқа (кешенді лицензиатқа) сыйақы үшін беруге міндеттенеді.
2. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты лицензиардың лицензиялық кешенін, іскерлік беделі мен коммерциялық тәжірибесін белгілі бір көлемде (атап айтқанда, пайдаланудың ең аз және (немесе) ең көп көлемін белгілей отырып), пайдалану аумағын көрсетіп немесе көрсетпей, қызметтің белгілі бір саласына қатысты пайдалануды көздейді.
3. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты сондай-ақ:
1) қызметтік немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты беруді, шарттың бүкіл мерзімі ішінде кешенді лицензиатқа басқару, техникалық және ақпараттық жағынан ұдайы жәрдемдесуді;
2) кешенді лицензиатқа пайдалануға берілген айрықша құқықтар кешенін пайдалануға қатысты талаптарды кешенді лицензиаттың орындауын кешенді лицензиар тарапынан бақылау шараларын да көздей алады.
4. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын кәсіпкерлік қызметтің жекелеген салаларында қолдану жөніндегі шектеулер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленеді.
11-бап. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының мерзімі мен нысаны
Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты белгілі мерзімге де, мерзімсіз де жазбаша нысанда жасалуы мүмкін.
12-бап. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шартына қатысушылар
1. Шарттың тараптары мен үшінші тұлғалар кешенді кәсіпкерлік лицензия шартына қатысушылар болып табылады.
2. Кешенді лицензиар мен кешенді лицензиат кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының тараптары болып табылады.
3. Лицензиялық брокер, жеке кәсіпкер, банк, сақтандыру ұйымдары мен өзге де ұйымдар тараптардың келісімі бойынша үшінші тұлғалар бола алады.
13-бап. Лицензиялық брокер
1. Лицензиялық брокер өз атынан және өз тәуекелімен де, лицензиардың, лицензиаттың немесе франчайзингтік қатынастардың өзге де субъектілерінің атынан және тәуекелімен де әрекет жасай алады.
2. Лицензиялық брокерге сыйақы тіркелген бір мәрте немесе кезеңдік төлемдер нысанында немесе кешенді кәсіпкерлік лицензия шартында көзделген өзге де нысанда төленеді.
3. Лицензиялық брокерге, осы Заңмен реттелмеген бөлігінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің ережелері қолданылады.
14-бап. Кешенді лицензиардың құқықтары
Кешенді лицензиардың:
1) лицензиат кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша өндіретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсететін қызметтердің) сапасын бақылауға;
2) лицензиат өз кәсіпорнын (кәсіпорындағы өз үлесін) иеліктен айырған кезде артықшылықпен сатып алуға;
3) үшінші тұлғалардың алдында лицензиатқа қатысты кепілдік беруші немесе кепіл болушы болуға;
4) кешенді лицензиатпен өзге де шарттар жасасуға, атап айтқанда, оған қатысты лизинг беруші болуға;
5) кешенді лицензиат осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көзделген міңдеттерін орындамаған жағдайда, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын біржақты бұзуға және келтірілген шығынды одан өндіріп алуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
15-бап. Кешенді лицензиардың міндеттері
Кешенді лицензиар:
1) кешенді лицензиатқа техникалық және коммерциялық құжаттамаларды беруге және лицензиат кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша берілген құқықтарды жүзеге асыруы үшін оған қажетті өзге де ақпаратты табыс етуге;
2) осы құқықтарды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша лицензиатты оқытуға және оған консультациялар беруге;
3) лицензиаттан алынған құпия коммерциялық ақпаратты жария етпеуге міндетті.
16-бап. Кешеңді лицензиаттың құқықтары
Кешенді лицензиаттың:
1) егер кешенді кәсіпкерлік лицензия шартында өзгеше көзделмесе, басқа да тұлғалармен кешенді кәсіпкерлік лицензия шарттарын жасасуға;
2) кешенді лицензиармен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген өзге де шарттар жасасуға:
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
17-бап. Кешенді лицензиаттын міндеттері
1. Егер кешенді кәсіпкерлік лицензия шартында өзгеше көзделмесе, кешенді лицензиат:
1) шартта көзделген қызметті жүзеге асыру кезінде лицензиардың лицензиялық кешенін шартта көрсетілген жолмен пайдалануға;
2) өзінің өндірістік аумағына лицензиардың кіруіне, оған қажетті құжаттамаларды беруге және берілген айрықша құқықтарды дұрыс пайдалануын бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алуына жәрдемдесуге;
3) лицензиардың пайдалануға берілген айрықша құқықтарды пайдалану сипатына, тәсілдеріне және шарттарына қатысты барлық нұскаулықтары мен нұсқауларын сақтауға;
4) лицензиар өндірісі және одан алынған басқа да жасырын коммерциялық ақпарат құпияларын жария етпеуге;
5) сатып алушыдарды (тапсырыс берушілерді) фирмалық атауды, тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын немесе өзге де даралау құралын кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты негізінде пайдаланатыны жөнінде олар үшін неғұрлым айқын тәсілмен хабардар етуге міндетті.
2. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты тараптарының келісімі бойынша кешенді лицензиат:
1) лицензиар бәсекелестерінің қызметіне қатыспауға;
2) кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін қызметтік және коммерциялық құпияны ашылмаған ақпаратты, оның ішінде өндіріс құпияларын (ноу-хауды) лицензиардың жазбаша рұқсатынсыз жария етпеуге;
3) берілген айрықша құқықтар кешенін пайдалану үшін төлемдерді уақтылы жүзеге асыруға;
4) кешенді лицензиардан тексеру нәтижелерін алғаннан кейін кемшіліктерді түзеу үшін қажетті шаралар қолдануға;
5) кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша берілген айрықша құқықтарды беруге бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асырмауға;
6) кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының негізінде өзі өндіретін тауарлар, жұмыстар, көрсететін қызметтер сапасының тікелей лицензиар өндіретін ұқсас тауарлардың, жұмыстардың, көрсететін қызметтердің сапасына сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті.
18-бап. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты жасалғанға дейін берілетін ақпаратты қорғау
1. Кешенді лицензиар кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты жасалғанға дейін әлеуетті кешенді лицензиатқа шарт жасалған жағдайда пайдалануға берілетін айрықша құқықтар кешені туралы ақпарат береді. Бұл орайда кешенді лицензиар берілетін ақпараттың құпия коммерциялық сипаты жөнінде әлеуетті кешенді лицензиатқа ескертуге міндетті.
2. Әлеуетті кешенді лицензиаттың өзіне осы баптың 1-тармағына сәйкес берілген ақпаратты кешенді лицензиардың жазбаша рұқсатынсыз жария етуге құқығы жоқ. Аталған ақпарат жария етілген жағдайда кешенді әлеуетті лицензиат кешенді лицензиарға келтірілген шығынды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті.
19-бап. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша берілетін ақпаратты қорғау
1. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша берілетін, құпия коммерциялық сипаттағы ақпарат Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген шарттар сақталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалады.
2. Кешенді лицензиат пен кешенді лицензиар осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттың құпиялылығын сақтау жөнінде бірлескен шаралар қолдануға міндетті.
3. Аталған мәліметтер жария етілген жағдайда кешенді лицензиат кешенді лицензиарға келтірген шығынды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті.
4. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қадағалау, бақылау, тіркеу және өзге де функцияларды орындауға қажетті мәліметтерден басқа, кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша берілетін құпия коммерциялық ақпаратқа қол жеткізуді талап етуге құқығы жоқ.
20-бап. Кешенді кәсіпкерлік лицензияның (франчайзингтің) түрлері
Кешенді кәсіпкерлік лицензияның (франчайзингтің) негізгі түрлері мыналар:
1) кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) - жұмыс орны, оған сәйкес лицензиар әзірленген жұмыс орнын құрады және оны лицензиялық кешенмен қоса жеке кәсіпкер-лицензиатқа береді;
2) кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) - кәсіпорын, бұл ретте лицензиар кәсіпорын құрады және оны лицензиялық кешенмен қоса лицензиатқа береді;
3) конверсиялық кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг), бұл ретте тараптар құрылымдық бөлімшелерді дербес кәсіпорындар етіп қайта кұру негізінде шарт жасасады;
4) көп кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг), оның негізінде лицензиат бірнеше кәсіпорын құрады;
5) өндірістік кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг), бұл ретте кешенді лицензиар кешенді лицензиатқа тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) кешенді лицензиар жеткізетін немесе онымен келісу арқылы жеткізілетін шикізатты, материалдарды, технология мен жабдықты пайдалана отырып, өзінің тауар таңбасымен не өзге де даралау құралымен өндіруге немесе өндіру мен өткізуге құқық береді;
6) тауарлық кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг), бұл ретте кешенді лицензиар кешенді лицензиатқа тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) кешенді лицензиар беретін не онымен келісу арқылы белгіленетін маркетинг технологиясын пайдалана отырып, өзініқ тауар таңбасымен не өзге де даралау құралымен өткізуге (сатуға) құкық береді;
7) кешенді кәсіпкерлік лицензияның (франчайзингтің) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын өзге де түрлері.
21-бап. Бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік
Франчайзингтік қатынастар субъектілерінің бухгалтерлік есепке алуды және қаржылық есептілікті жүргізуі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4-тарау. Қорытынды ережелер
22-бап. Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы заңнаманың сақталуын бақылау
Мемлекеттік органдар өздерінің өкілеттігі шеңберінде кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі франчайзингтік қатынастарға жәрдемдесу және оларды дамыту жөніндегі бағдарламалардың іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады.
23-бап. Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг)
туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық
Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы заңнаманы бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауапты болады.
24-бап. Франчайзингтік қатынастар субъектілерінің арасындағы дауларды шешу
Франчайзингтік қатынастар субъектілерінің арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.
Қазақстан Республикасының