Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы
1996 ж. 5 шiлдедегі № 19-I Қазақстан Республикасының Заңы
(2012.10.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2013 жылғы 13 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша:
«Меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, ұйымдар», «Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан ұйымдар» деген сөздер тиісінше «Ұйымдар» деген сөзбен ауыстырылсын; «, меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан,», «меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан», «меншік нысанына қарамастан» деген сөздер алып тасталды;
«Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органы», «Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі атқарушы органының», «Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органына» деген сөздер тиісінше «уәкілетті орган», «Уәкілетті органның», «уәкілетті органға» деген сөздермен ауыстырылсын;
«өкілеттігі» деген сөз «құзыреті» деген сөзбен ауыстырылды;
«бақылау мен қадағалауды», «бақылау мен қадағалау», «бақылау мен қадағалаудың», «Бақылау мен қадағалаудың» деген сөздер «бақылауды», «бақылау», «бақылаудың», «Бақылаудың» деген сөздермен ауыстырылды (бұр. ред. қара)
Халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлар мен олар туғызған зардаптардан қорғау мемлекеттік саясатты жүргiзудiң басым салаларының бiрi болып табылады.
Осы Заң Қазақстан Республикасы аумағында табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейдi.
1 тарау. Жалпы ережелер
12.03.99 ж. № 347-1; 15.06.04 ж. № 563-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 1-бап өзгертілді; 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара);2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 1 -бап өзгертілді
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
авария - технологиялық процестің бұзылуы, механизмдердің, жабдықтар мен ғимараттардың зақымдануы;
апат - аймақтық және ірі ауқымды төтенше жағдайдың пайда болуына әкеліп соққан жойқын құбылыс;
дүлей зілзала - төтенше жағдайдың пайда болуына әкеліп соққан зілзала;
зілзала - төтенше жағдайдың пайда болуына әкеліп соққан жойқын құбылыс;
өнеркәсіп объектісінің қауіпсіздігі декларациясы - өнеркәсіп объектісіндегі ықтимал төтенше жағдайлардың сипаты мен ауқымы туралы ақпарат беретін және объектіні пайдалануға беру, оның жұмыс істеуі мен пайдаланудан шығарылуы кезеңдерінде олардың алдын алу және жою жөнінде меншік иесі қабылдаған шаралар туралы хабарлайтын құжат;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар - дүлей зілзала (жер сілкінісі, сел, көшкін, су тасқыны және басқалар), табиғи өрт, індеттер мен малдың жұқпалы аурулары, ауылшаруашылық өсімдіктерінің және ормандардың кеселдері мен зиянкестері арқылы зақымдануын туғызған төтенше жағдайлар;
техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар - өнеркәсіп, көлік авариялары және басқа да авариялар, өрт (жарылыс), күшті әсер ететін улы, радиоактивті және биологиялық жағынан қауіпті заттарды тарататын (тарату қаупі бар) авария, үйлер мен ғимараттардың кенеттен қирауы, бөгендердің бұзылуы, тіршілікті қамтамасыз ететін электр-энергетика және коммуникация жүйелеріндегі, тазарту құрылыстарындағы авария туғызған төтенше жағдайлар;
төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай;
төтенше жағдай аймағы - төтенше жағдай туындаған белгілі бір аумақ. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар таралу ауқымына және келтірген нұқсанның көлеміне қарай объектілік, жергілікті, өңірлік және жаhандық болып бөлінеді;
төтенше жағдайларды жою - төтенше жағдайлар пайда болған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін сақтап, денсаулығын қорғауға, залал мен материалдық шығындар көлемін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймағының одан әрі таралмауына бағытталған құтқару, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;
төтенше жағдайлардың алдын алу - алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың пайда болу қатерін мүмкін болғанынша азайтуға, адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, залал мен материалдық шығын мөлшерін кемітуге бағытталған шаралар кешені.
2-бап. Қазақстан Республикасының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңдары
Қазақстан Республикасының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен түзiледi.
Бұл Заң әлеуметтiк және экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі құқықтық қатынастарды реттемейдi.
3-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғаудың негiзгi принциптерi
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғаудың негiзгi принциптерi мыналар:
- жариялылық және халық пен ұйымдарды болжанып отырған және пайда болған төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шаралар туралы хабардар ету;
- егер ұйымдар мен азаматтардың қызметi ықтимал қауiп туғызатын болса, оның қатер төндiру және зиян келтiру деңгейiн алдын ала анықтау, халықты қорғаныс әдiстерiне үйрету және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жүзеге асыру;
- төтенше жағдайларды жою жөніндегі құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзу мiндеттiлiгi, шұғыл медициналық жәрдем көрсету, халықты және зардап шеккен қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау, төтенше жағдайлар салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келген зиянды өтеу болып табылады.
4-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шараларға азаматтық қорғаныс күштерiнiң қатысуы
Азаматтық қорғаныс күштерi (әскери бөлiмдер, аумақтық және ведомстволық әскерилендiрiлмеген құрылымдар, мамандандырылған авариялық-құтқару қызметтерi) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға заңдарға сәйкес тәртiппен қатысады.
12.03.99 ж. № 347-1 ҚР Заңымен 5-бап толықтырылды; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 5 -бап өзгертілді
5-бап. Ұйымдардың табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы мiндеттерi
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
- өз жұмысының орнықтылығын арттыру және қызметкерлер мен халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жоспарлап, өткiзуге;
- төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi туралы немесе пайда болуы туралы белгiленген тәртiппен ақпарат берiп отыруға, қызметкерлер мен халықты бұл жөнiнде хабардар етуге;
- қызметкерлерге төтенше жағдайлар кезiнде әскерилендiрiлмеген құрылымдар құрамында қорғану және әрекет ету әдiстерiн үйретуге, төтенше жағдайлар туралы хабардар ететiн жергiлiктi жүйе құрып, оны үнемi әзiрлiкте ұстауға;
- қарауындағы өндiрiстiк және әлеуметтiк мақсаттағы объектiлерде, соларға iргелес аумақтарда бекітілген жоспарларға сәйкес қорғану шараларын құтқару, авариялық-қалпына келтiру және төтенше жағдайларды жою жөніндегі басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзуге;
- заңдарда көзделген реттерде, төтенше жағдайлардың салдарынан қызметкерлер мен басқа да азаматтарға келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлар жойылғаннан кейiн қоршаған ортаны сауықтыру, ұйымдар мен азаматтардың шаруашылық қызметiн қалпына келтiру шараларын жүзеге асыруға мiндеттi.
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тiзбе бойынша қызметiнде төтенше жағдайлардың пайда болу қатерi басым ұйымдар қаржы және материалдық ресурс резервтерiн жасап, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі күштер мен құралдар құрылуын, дайындалуы мен әзiрлiкте ұсталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Ұйымдар уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өнеркәсіп объектілерінің қауіпсіздігі декларациясын табыс етеді.
Өнеркәсіп объектісінің қауіпсіздігі декларациясында келтірілген мәліметтер тізбесі мен оларды ресімдеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ұйымдардың басшылары төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шаралардың, арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттік органдардың мiндеттi күшi бар нұсқамаларының орындалуына дербес жауап бередi.
6-бап. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға қоғамдық бiрлестiктердiң қатысуы
Қоғамдық бiрлестiктер табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою, олардан халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғау жөніндегі шараларға Қазақстан Республикасының заңдарына және өздерiнiң жарғыларына сәйкес қатыса алады.
Төтенше жағдайларды жоюға қоғамдық бiрлестiктерден қатысушылардың мемлекеттік аттестация қуаттаған арнайы даярлығы болуға тиiс.
2 тарау. Халықтың табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше
жағдайлар саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
7-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы құқықтары
Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
- Қазақстан Республикасы аумағындағы белгiлi бiр жерлерде болғанда өздерi душар болуы мүмкiн қатер туралы және қажеттi қауiпсiздiк шаралары туралы хабардар болуға;
- азаматтарды, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлардан және олар тигiзетiн зардаптардан қорғау мәселелерi жөнiнде мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей жүгiнуге, жеке және ұжымдық үндеулер жолдауға;
- төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шараларға қатысуға, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын, азаматтарды қорғауға арналған басқа да мүлiктi пайдалануға;
- төтенше жағдайлар пайда болған ретте өмiрiн, денсаулығын және жеке мүлкiн қорғауға;
- төтенше жағдайларды жою барысындағы мiндеттердi орындау үшін оларды тарту кезiнде өздерiнiң денсаулығына келтiрiлген залал үшiн өтемақылар мен жеңiлдiктер алуға;
- зақым алуына немесе ауруға шалдығуына байланысты еңбек ету қабiлетiнен айырылған, зақымданудан немесе аурудан қаза тапқан немесе қайтыс болған асыраушысынан айырылған жағдайда, егер олар төтенше жағдайларды жою жөніндегі мiндеттерiн атқару салдарынан болса, Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандырылуға;
- төтенше жағдайлар салдарынан өздерiнiң денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалды өтеуге құқығы бар.
8-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы мiндеттерi
Қазақстан Республикасының азаматтары табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
- Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар және азаматтарды, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi олардан қорғау саласындағы заңдарын сақтауға;
- төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн авария, зiлзала және апат жайында тиiстi органдарды хабардар етуге;
- тұрмыста, күнделiктi еңбек және шаруашылық қызметiнде қауiпсiздiк шараларын сақтауға, төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн өндiрiстiк және технологиялық тәртiптің, қауiпсiздiк талаптарының бұзылуына жол бермеуге;
- азаматтық қорғаныс дабылдарын, төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi төнген немесе олар пайда болған кезде жүрiп-тұрудың белгiленген ережелерi мен iс-қимыл тәртібін бiлуге, негiзгi қорғану әдiстерiн, зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем көрсету тәсiлдерiн, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдалану ережелерiн үйренуге, өздерiнiң осы білімi мен практикалық дағдыларын ұдайы жетiлдiрiп отыруға;
- төтенше жағдайларды жою жөнiнде өткiзiлетiн оқу-жаттығуларға қатысуға, халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғау құралдарына ұқыпты қарауға мiндеттi.
9-бап. Шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
Шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында, егер Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген құқықтарды пайдаланып, мiндеттердi атқарады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 3-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
3 тарау. Мемлекеттік органдардың табиғи және техногендiк
сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы өкiлеттiгi
19.05.00 ж. № 51-II; 15.06.04 ж. № 563-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 10-бап өзгертілді; 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Үкіметі табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
- бiртұтас мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асырудың стратегиялық және тактикалық шараларын әзiрлейдi;
табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы бағдарламаларды әзiрлеудi ұйымдастырады;
орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды;
- халықты, табиғи ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлардан қорғаудың жай-күйi туралы мемлекеттік баяндамаларды қарайды және бекiтедi;
- уәкілетті орган туралы ереженi бекiтедi;
-техникалық регламенттерді бекітеді;
- төтенше жағдайлар жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссиялар құрып, олар туралы ережелердi бекiтедi;
- Tөтенше жағдайлардың сыныпталуын белгiлейдi;
- жағдайды қадағалау, бақылау және төтенше жағдайларды болжау қызметiн, шұғыл медициналық жәрдемдi, авариялық-құтқару қызметiн, төтенше жағдайлар жөніндегі республикалық автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесiн ұйымдастырады;
- төтенше жағдайлар саласында хабардар ету, білімдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету тәртібін белгiлейдi;
- төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі мемлекеттік сараптама мен мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады, олардың қызметiнiң және төтенше жағдайлар саласында мемлекеттік есеп жүргiзудiң тәртібін белгiлейдi;
- төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шараларды қаржыландыру, мемлекеттік резервтердi, материалдық-техникалық, азық-түлiк, медициналық және басқа ресурстар қорларын жасау тәртібін белгiлейдi және бұл қорларды төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға бөледi;
- төтенше жағдайларды жою үшiн Қазақстан Республикасы Үкіметінiң резервiнен қаражат бөледi;
- табиғи және техногендiк сипаттағы жаhандық төтенше жағдайлардың зардаптарын жою туралы шешiм қабылдайды;
- төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен азаматтар мен қызметкерлердi әлеуметтiк қамсыздандырудың жүйесi мен ережелерiн, азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келтiрiлген залалдың өтелу тәртібін белгiлейдi;
- Қазақстан Республикасы аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырып, шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың қызмет тәртібін белгiлейдi;
авариялық-құтқару қызметтерiн (соның iшiнде аэроұтқыр жасақтарды) құрады;
өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
09.12.98 ж. № 307-1 ҚР Заңымен; 12.03.99 ж. № 347-1 ҚР Заңымен; 19.05.00 ж. № 51-II ҚР Заңымен; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.12.01 № 222-III (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 11-бап өзгертілді
11-бап. Уәкілетті органның өкiлеттiгi
Уәкілетті орган:
орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен ғылыми ұйымдардың табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы жұмысын үйлестiредi;
- техникалық регламенттерді қоспағанда, нормативтік құқықтық актілерді бекiтедi немесе келiседi, төтенше жағдайлар саласында мемлекеттік есеп жүргiзедi, халықты, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлардан қорғаудың жай-күйi туралы мемлекеттік баяндамалар дайындайды және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына енгiзедi;
- азаматтық қорғаныс күштерiнiң төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шараларға қатысуына, өз қарамағындағы жағдайда қадағалайтын, бақылайтын және болжайтын қызметтерге, төтенше жағдайлар жөніндегі республикалық автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесiне басшылық етедi;
- мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына басшылық етеді, өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды үйлестіреді;
- төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік сараптамаға басшылық етедi және қажет болған жағдайда халықаралық сараптама ұйымдарын тарта отырып тәуелсiз сараптама ұйымдастырады;
- төтенше жағдайлар саласындағы ақпараттың ашық және жария болуын қамтамасыз етедi;
- төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шараларды қаржыландыруды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Үкіметіне мемлекеттік және жұмылдырылған резервтер құрамындағы материалдық-техникалық, азық-түлiк, медициналық және басқа ресурстар қорларының пайдаланылуы туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінiң резервiнен алынған қаражаттың төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою үшiн пайдаланылуы туралы ұсыныс енгiзедi;
- төтенше жағдайлар саласында ғылыми зерттеу, білімдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету iсiн ұйымдастырады;
-төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
- аттестация өткiзiп, төтенше жағдайларды жою кезiнде құтқару жұмыстарын жүргiзуге лицензиялар бередi;
- төтенше жағдайларды жою кезінде құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілерді аттестаттауды өткізеді;
- төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соққан аварияны, зiлзала мен апатты тексеру iсiн ұйымдастырады, материалдарды белгiленген тәртiппен лауазымды адамдарды, азаматтар мен ұйымдарды жауапқа тартуға бередi;
- халықты және ұйымдарды қажетті қауіпсіздік, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шаралар туралы хабардар етеді;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмдерi бойынша аймақтық және барынша ауқымды төтенше жағдайларды жоюға тiкелей басшылық етудi жүзеге асырады;
- төтенше жағдайларды жою кезiнде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес ұйымдардың материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдырады;
- халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасы аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі қызметiн қамтамасыз етедi, iзгiлiк шараларын өткiзудi ұйымдастырады;
табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі бағдарламаларды әзiрлейдi;
авариялық-құтқару қызметтерiнiң (оның iшiнде аэроұтқыр жасақтардың) iс-қимылын қамтамасыз етедi.
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында зардап шеккендерге, оның ішінде авариялық-құтқару қызметтерінің қызметкерлеріне шұғыл медициналық көмек көрсетеді;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласында техникалық регламенттерді әзірлейді.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 12-бап өзгертілді
12-бап. Орталық мемлекеттік органдардың табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы өкiлеттiгi
Орталық мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде:
- төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шараларды ұйымдастырады;
- төтенше жағдайлар саласындағы нормативтердi, стандарттар мен ережелердi бекiтедi немесе келiседi, мемлекеттік есеп жүргiзедi және оның деректерiн уәкілетті органға табыс етедi;
- техникалық регламенттер әзірлейді және оларды әзірлеуге қатысады;
- төтенше жағдайлар жөніндегі салалық комиссиялар құрады және олардың жұмысын қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
- өз қарамағындағы жағдайды қадағалайтын, бақылайтын және төтенше жағдайларды болжайтын қызметтерге басшылық етедi;