4) 6-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 12-3) тармақшамен толықтырылсын:
«12-3) облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені әзірлеу және бекіту;»;
5) 8-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді. Мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халық алдында жауапты болады.»;
6) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«9-бап. Мәслихат регламенті
Мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелер енгiзу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы және оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есептер беру, депутаттардың сауалдарын қарау тәртiбi, мәслихаттағы депутаттық бiрлестiктердiң өкiлеттiктерi, қызметiн ұйымдастыру, сондай-ақ дауыс беру тәртiбi, аппарат жұмысын ұйымдастыру және басқа да рәсiмдiк пен ұйымдастырушылық мәселелер мәслихаттың сессиясында бекiтiлетiн оның регламентiнде айқындалады.
Мәслихаттардың үлгі регламентін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.»;
7) 19-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
«6-1) осы Заңның 24-бабына сәйкес әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселеге бастамашылық еткен мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады;».
8) 21-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«21-бап. Мәслихат депутатының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезіндегі құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі»;
мынадай мазмұндағы 4 және 5-тармақтармен толықтырылсын:
«4. Мәслихат депутатына осы баптың 2-тармағында көзделген өз міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны, сондай-ақ мәслихат регламентінде белгіленген депутаттық әдеп қағидаларын бұзғаны үшін мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:
1) мінеу;
2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету.
5. Жазалар тиісті аумақта таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында олардың қолданылуы туралы ақпарат жариялана отырып, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен мәслихат сессиясында қолданылады.
Жазалардың нақ сол бір теріс қылық үшін қайтадан қолданылуы мүмкін емес.»;
9) мынадай мазмұндағы 23-1-баппен толықтырылсын:
«23-1-бап. Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіпке сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдері лауазымдарына тағайындауға, сондай-ақ тағайындалуына мәслихаттардың келісуі талап етілетін әкімдер лауазымдарына кандидатураларға мәслихаттың келісім беру тәртібі
1. Әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына енгізеді.
2. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсыныста өмірбаян деректері, еңбек қызметі, мемлекеттік наградалары туралы ақпарат және әкім лауазымына кандидат туралы өзге де ақпарат көрсетіледі.
3. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясында жүзеге асырылады.
Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі кезектен тыс сессиясына әкім лауазымына кандидаттың қатысуы міндетті.
Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі сессиясының барысында мәслихат депутаттары әкім лауазымына кандидатқа сұрақтар қоюға, тағайындалатын кандидатура бойынша талқылау жүргізуге құқылы.
Талқылау аяқталғаннан кейін дауысқа салу өткізіледі.
Егер әкім лауазымына кандидат мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысын ала алмаған жағдайда, әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға мәслихат сессиясының шешiмін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әкім лауазымына басқа кандидатураны тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына қайтадан жібереді.
4. Әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға әкім лауазымына кандидатураны қатарынан үш реттен артық енгізе алмайды.
Егер мәслихат:
1) облыс, республикалық маңызы бар қала не астана әкiмдерi лауазымдарына кандидатураларды тағайындауға үшінші рет келісім бермеген жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзiмiнен бұрын тоқтатуға құқылы;
2) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі лауазымдарына кандидатураларды тағайындауға үшінші рет келісім бермеген жағдайда, облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президентіне жазбаша хабарлайды және тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәселе қояды.
Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім белгіленген тәртіппен жаңадан құрылған мәслихаттың келісуімен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі тағайындалғанға дейін әкімнің міндетін уақытша атқарушыны тағайындайды.»;
10) 24-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«24-бап. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру өкілеттігі
1. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселе қойылуы мүмкiн. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiнiң не жоғары тұрған әкiмнiң алдына оны қызметiнен босату жөнiнде мәселе қоюға құқылы.
2. Әкім ұсынған аумақты дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.
3. Әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашылық ету мәслихат депутаттарының қолдарын жинау арқылы жүзеге асырылады. Қолдарды жинауды мәслихаттың бастамашы депутаттары ұйымдастырады және ол қол қою парақтарымен ресімделеді.
4. Қол қою парақтарын жинау мәслихаттың бастамашы депутаттары жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Толтырылған қол қою парақтары мәслихат хатшысына тапсырылады, ол бес жұмыс күні ішінде жиналған қолдардың төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады. Тексеру нәтижелері бойынша мәслихаттың бастамашы депутаттары қолдарының төлнұсқалығы туралы хаттама жасалады.
5. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы мәслихаттың бастамашы депутаттары қолдарының төлнұсқалығы туралы хаттама ресімделген күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі.
Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы барысында әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашы болған себептер талқыланады, дауыс беру өткізіледі.
Әкімге сенімсіздік білдіру, егер бұл шешімге мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, жүзеге асты деп есептеледі. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы мәслихат сессиясының шешімімен ресімделеді.
6. Әкімге сенімсіздік білдірілген жағдайда, мәслихат сессиясының шешімі Қазақстан Республикасының Президентіне не жоғары тұрған әкімге дереу жолданады.
7. Қазақстан Республикасының Президентi не жоғары тұрған әкiм сенімсіздік білдіру туралы мәслихат сессиясының шешiмін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әкімнің өкілеттігін тоқтату туралы мәселенi қарайды не оған өз мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады.
8. Егер Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім әкімге сенімсіздік білдіруді қабылдамаған жағдайда, бірінші рет сенімсіздік білдірілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін мәслихат депутаттары депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім алдында қайтадан сенімсіздік білдіруге құқылы. Бұл жағдайда әкімді Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім қызметінен босатады.»;
11) 28-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмiн облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының келісуімен Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмi лауазымына тағайындауды мәслихатпен келісу тәртібі осы Заңда айқындалады.»;
12) 29-баптың 1-тармағы 4) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмi аппараты құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларын;»;
13) 31-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің басқаруына берілетін аудандық коммуналдық меншіктің тізбесін айқындайды;»;
14) 32-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмi Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртiппен қызметке тағайындалады немесе сайланады. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмi лауазымына тағайындауды мәслихатпен келісу тәртібі осы Заңда айқындалады.»;
15) 33-баптың 1-тармағы 4) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«әкiм аппаратының қызметкерлерiн, сондай-ақ аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады;»;
16) 35-бапта:
1-тармақтың 4-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4-1) әкім аппараты әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламаны әзірлеу кезінде жергілікті қоғамдастық жиналысының талқылауына жергілікті маңызы бар мәселелерді Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында көзделген бағыттар бойынша қаржыландыру жөніндегі ұсыныстарды шығарады;»;
мынадай мазмұндағы 1-3-тармақпен толықтырылсын:
«1-3. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмдерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) басқаруына берілген аудандық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз мүліктік жалға (жалдауға) береді;
2) берілген коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
3) берілген коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді;
4) берілген аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асырады;
5) жергілікті атқарушы органның шешімімен бекітілетін, басқаруына берілген аудандық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жылдық қаржылық есептілігін келіседі;
6) басқаруына берілген коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын белгілейді;
7) берілген аудандық коммуналдық мемлекеттік мекемелердің жергілікті бюджеттен қаржыландырылуының жеке жоспарларын бекітеді;
8) кіріс көздерін қалыптастырады;
9) бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органда әкімдердің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруына бағытталатын ақшаны есепке жатқызуға арналған, жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шотының ашылуын қамтамасыз етеді;
10) бюджет қаражаттарын үнемдеудің және (немесе) Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көзделген түсімдердің есебінен еңбек шарты бойынша қызметкерлер қабылдайды;
11) жергілікті қоғамдастықтың жиналысында келісілгеннен кейін жергілікті өзін-өзі басқарудың ақша түсімдері мен шығыстары жоспарын бекітеді;
12) мемлекеттік мекемелердің өздерінің иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды және бекітеді.»;
17) 36-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«36-бап. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмдерi лауазымына тағайындау немесе сайлау, қызметiнен босату немесе олардың өкiлеттiгiн тоқтату тәртiбi»;
18) 38-бапта:
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкiмi аппаратының басшысын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын уәкілетті лауазымды адам Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн тәртiппен қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Әкiм өкiлеттiгiнің тоқтатылуына, жаңа әкiмнiң тағайындалуына немесе сайлануына байланысты әкiм аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерi қызметiнiң мәселелерi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.»;
19) 39-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«39-3-бап. Жергілікті қоғамдастық жиындары мен жергілікті қоғамдастық жиналыстары
1. Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің аумағында жергілікті қоғамдастық жиыны мен жергілікті қоғамдастық жиналысы өткізіледі.
Жергілікті қоғамдастық жиыны мен жергілікті қоғамдастық жиналысына кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың қатысуға құқығы жоқ.
2. Қажетіне қарай жергілікті қоғамдастық жиыны жергілікті мәні бар аса маңызды мәселелер:
1) жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін және оларды іске асыру мерзімдерін айқындау;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысушылардың құрамын және олар жіберілетін мерзімді айқындау;
3) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мәслихаттарына, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкiмдеріне, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жергілікті маңызы бар мәселелер жөнінде ұсыныстар енгізу;
4) әкімдердің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын жүзеге асыру мәселелері бойынша олардың есептерін тыңдау және талқылау;
5) аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы мәслихаттың есептерін тыңдау және талқылау;
6) жергілікті қоғамдастық жиыны айқындаған жергілікті маңызы бар өзге де мәселелер бойынша өткізіледі.
3. Жергілікті қоғамдастық жиналысы жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер:
1) бюджеттік бағдарламаларды талқылау;
2) жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін қалыптастыру және пайдалану мәселелерін талқылау;
3) жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатын және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін пайдалануға мониторинг жүргізу мақсатында жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысушылар арасынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
4) жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатын және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін пайдалануға жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
5) жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері бойынша өткізіледі.
4. Мониторинг жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражаттарының және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерінің пайдаланылуы туралы ақпаратты жинау, жүйелендіру, талдау және жинақтау мақсатында жүргізіледі.
Мониторингті жергілікті қоғамдастық комиссиясының мүшелері жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатын және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін пайдаланудың жоспарланған және қол жеткізілген нәтижелерін салыстыру арқылы жарты жылда бір рет жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен кезектен тыс мониторинг жүргізілуі мүмкін.
Жергілікті қоғамдастық комиссиясы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатын және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін пайдалануға мониторинг жүргізу үшін мамандар тартуға құқылы.
Мониторинг жүргізу бойынша әдіснамалық және әдістемелік басшылықты бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
Жергілікті қоғамдастық комиссиясының мүшелері қол қойған мониторинг нәтижелері туралы есеп жергілікті қоғамдастық жиналысының талқылауына шығарылады.
Мониторинг нәтижелері туралы есепті талқылау қорытындылары бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатын және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін тиімді пайдалану жөнінде ұсынымдар қабылдайды.
Тиісті аумақ әкімі жергілікті қоғамдастықтың кезекті жиналысына жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатын және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін тиімді пайдалану жөніндегі ұсынымдарды қарау нәтижелері туралы негізделген қорытынды енгізеді.
5. Жергілікті қоғамдастық жиынын аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмдерінің өздері шақыруы мүмкін не осы аумақта тұратын және оған қатысуға құқығы бар әрі оны шақыру қажеттігі туралы өтінішке тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) және тұрғылықты жерін көрсете отырып, қол қойған жергілікті қоғамдастық мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша шақырылуы мүмкін.
Жергiлiктi қоғамдастық жиынының бастамашылары тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiміне жергiлiктi қоғамдастық жиынын өткізу туралы өтініш жасауға міндетті.
Тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмінің оң шешімі алынғаннан кейін жергiлiктi қоғамдастық жиынын өткізуге жол беріледі.
6. Ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізуге жол беріледі. Ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдер сайланады.
Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібін аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдері әзірлейді және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мәслихаттары бекітеді.
Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарына тең өкілдік ету қағидаты негізінде айқындалады.
7. Жергілікті қоғамдастық жиналысын аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмдерінің өздері шақыруы мүмкін не ол жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген, жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша шақырылуы мүмкін.
Жергiлiктi қоғамдастық жиналысының бастамашылары тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiміне жергiлiктi қоғамдастық жиналысын өткізу туралы өтініш жасауға міндетті.
Тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмінің оң шешімі алынғаннан кейін жергiлiктi қоғамдастық жиналысын өткізуге жол беріледі.
8. Жергілікті қоғамдастық жиынын, ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізуді аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмдері ұйымдастырады.
Жергілікті қоғамдастық халқы жергілікті қоғамдастық жиынының, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.
9. Жергілікті қоғамдастық жиыны оған жергілікті қоғамдастық мүшелерінің кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі. Жергілікті қоғамдастық жиындары өкілдердің қатысуымен өткізілген жағдайда, жергілікті қоғамдастық жиыны оған ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарында сайланған өкілдердің жалпы санының кемінде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
Жергілікті қоғамдастық жиналысы оған жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген мүшелердің кемінде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
10. Жергілікті қоғамдастық жиынын немесе жергілікті қоғамдастық жиналысын аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері немесе олар уәкілеттік берген тұлға ашады.
Жергілікті қоғамдастық жиынын немесе жергілікті қоғамдастық жиналысын жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының төрағасы мен хатшысы сайланады. Күн тәртібін жергілікті қоғамдастық жиыны немесе жергілікті қоғамдастық жиналысы бекітеді.
Жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында хаттама жүргізіледі, онда:
1) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының өткізілген күні мен орны;
2) тиісті аумақта тұратын және жергілікті қоғамдастық жиынына немесе жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысуға құқығы бар жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы саны;
3) қатысушылардың саны және олардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетілген тізім;
4) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
5) күн тәртібі, сөйленген сөздердің мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Хаттамаға жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының төрағасы мен хатшысы қол қояды және ол тиісті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне беріледі.
11. Жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі, егер оған жергілікті қоғамдастық жиынына немесе жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысушылардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтінін білдіруге құқылы, бұл осындай келіспеушілікті туғызған мәселелерді қайтадан талқылау арқылы шешіледі.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің келіспеушілігін туғызған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының отырысында оны алдын ала талқылағаннан кейін шешеді.
12. Жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында қабылданған шешімдер аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің міндетті түрде қарауына жатады.
13. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында қабылданған және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.
14. Жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында қабылданған шешімдер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратылады. Қажет болған жағдайда жергілікті қоғамдастық жиыны немесе жергілікті қоғамдастық жиналысы шешімінің қорытындылары бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері шешім қабылдайды.».
6. «Жарнама туралы» 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 24, 174-құжат; 2006 ж., № 15, 92-құжат; № 16, 102-құжат; 2007 ж., № 12, 88-құжат; 2009 ж., № 17, 79, 82-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 3, 25-құжат; № 14, 92-құжат):
11-бапта:
2-тармақта:
1-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1-1) сыртқы (көрнекi) жарнаманы республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы және облыстық маңызы бар қаладағы үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру кезiнде - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары белгiлi бiр мерзiмге беретiн рұқсат;»;