Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
«Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы № 861 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы
ҚР Президентінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 681 Жарлығымен күші жойылды
Қаулы етемін:
1. «Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы № 861 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 36, 342-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда көрсетілген Жарлықпен бекітілген Республикалық бюджет жобасын әзірлеу қағидалары осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. НАЗАРБАЕВ |
Астана, Ақорда, 2013 жылғы мамырдың 30-ы.
№ 575
Қазақстан Республикасы Президентiнiң
2013 жылғы 30 мамырдағы
№ 575 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы Президентiнiң
2009 жылғы 26 тамыздағы
№ 861 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН
Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық бюджет жобасын әзiрлеудің осы қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес әзiрлендi және республикалық бюджет жобасын әзiрлеу тәртiбiн айқындайды.
2. Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу процесі мынадай кезеңдердi:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлеуді және оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мақұлдауын;
2) орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, бюджеттiк өтiнiмдердi әзiрлеуді және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауын;
3) республикалық бюджет туралы заң жобасын әзiрлеудi қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының жобасын әзiрлеу
3. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi.
4. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын әзірлеу, басым бюджеттік инвестициялар бойынша ұсыныстар тұжырымдау, стратегиялық жоспарлар мен бюджеттік өтінімдер әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын әзірлеу
5. Республикалық бюджет шығыстарын жоспарлау үшін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері:
1) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылының 1 сәуіріне дейінгі мерзімде стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, сондай-ақ басым бюджеттік инвестициялар бойынша ұсыныстарды;
2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде бюджеттік өтінімдерді және стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындыларын есепке ала отырып, стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.
Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімдерді және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын ұсынады.
6. Республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнің тиісті жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімдерін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіпте қарау кезінде:
1) өткен қаржы жылындағы бюджеттік бағдарламалардың атқарылуын талдау және оларды келесі жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімде ұсынылған бюджеттік бағдарламалардың сомаларымен салыстыру арқылы өткен қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері, әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша бюджеттік қаражаттың игерілмеуіне әкеп соқтырған себептер;
2) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынған есепті қаржы жылы үшін стратегиялық жоспарлардың іске асырылуы туралы есептер және бюджеттік бағдарламалардың нәтижелеріне қол жеткізу бөлігінде бюджет қаражатын басқару бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері;
3) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері өтінім берген шығыстарды оның негізділігі тұрғысынан қарау бөлігінде өткен қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің есебіне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті берген қорытындылар мен ұсынымдар ескеріледі;
4) жаңа бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша жобаның өтімділігі, жоба аяқталғаннан кейін оны ұстауға арналған шығыстардың негіздемесі, жалғасатын бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша - бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру мониторингінің нәтижелері қаралады;
5) бюджеттік кредиттер бойынша кредиттік шарт талаптарын орындау және нысаналы мақсат бойынша бюджеттік кредитті пайдалану ескеріледі;
6) шешілуіне нысаналы трансферттер бойынша келісім жобаларында көзделген нысаналы трансферттер бөлінетін нысаналы трансферттер бойынша мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді талдау ескеріледі.
7. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әр үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзірленеді.
8. Республикалық бюджет шығыстары базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарға бөлiнедi.
Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделi шығыстар, сондай-ақ, бюджеттен қоса қаржыландыру жағдайларында басталған (жалғасатын) бюджеттiк инвестициялық жобаларға және концессиялық жобаларға арналған шығыстар базалық шығыстар болып табылады.
Мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi орындауға және мемлекеттiк қызметтер көрсетуге, сондай-ақ трансферттер төлеуге және мемлекеттiң басқа да мiндеттемелерiне байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.
Жаңа бастамаларға арналған шығыстарға:
1) кейiннен жаңа бюджеттiк бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес әлеуметтiк-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын iске асыруға;
2) макроэкономикалық және әлеуметтiк көрсеткiштердiң өзгеруiне байланысты емес және қолданыстағы бюджеттiк бағдарламалар шеңберiнде бюджет қаражатын жұмсаудың қосымша бағыттарын (орындалатын мемлекеттiк функциялардың, өкiлеттiктердiң және көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң көлемiн кеңейтудi) көздейтiн базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шығыстар жатады.
9. Республикалық бюджеттің базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарының көлемiн республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi арасында бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның ұсыныстары негiзiнде және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын ескере отырып, Республикалық бюджет комиссиясы бөледi.
Базалық шығыстар шығыстардың қолданыстағы құрылымы мен болжамды макроэкономикалық көрсеткiштер негiзiнде есептелген кезектi жоспарлы кезеңнiң үшiншi жылына арналған болжамды көлемдi қоса отырып, ағымдағы жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдары шығыстарының бекiтiлген көлемi негiзiнде айқындалады.
Жаңа бастамаларға арналған шығыстар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгiленген елдiң даму басымдықтарын, есептi қаржы жылының бюджеттiк мониторингi нәтижелерiн, есептi қаржы жылында стратегиялық жоспарды iске асыру туралы есептердi, нәтижелердi бағалауды ескере отырып, республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң арасында бөлiнуге жатады.
10. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң жаңа бастамаларына арналған шығыстарды жоспарлау қосымша бюджет қаражатын бөлу есебiнен де, өткен жоспарлы кезеңде республикалық бюджет туралы заңда бекiтiлген осы бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң базалық шығыстары қаражатын қайта бөлу есебiнен де жүзеге асырылады.
11. Егер жекелеген бюджеттiк бағдарламалар бойынша өткен жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекiтiлген сомамен салыстырғанда өзгермейтiн болса, онда осы бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есептер жасалмайды.
Осы бағдарламалар бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есептер үшiншi жылға ғана жасалады.
Егер жекелеген бюджеттiк бағдарламалар бойынша өткен жоспарлы кезеңнiң екiншi және (немесе) үшiншi жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекiтiлген сомамен салыстырғанда өзгеретiн болса, онда шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер жоспарланатын жоспарлы кезеңнің жылдары бөлiнiсiнде осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша жасалады және ұсынылады.
12. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын және басым бюджеттік инвестициялар бойынша ұсыныстарды олардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе оларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын қарау нәтижелері бойынша он күн ішінде қорытындыларды қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтайтын нысан бойынша республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне жібереді.
13. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын ескере отырып, стратегиялық жоспарлардың жобасын немесе стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын пысықтайды, бюджеттік өтінім жасайды және Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 66-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
14. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
1) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттiк өтiнiмдерiн олардың Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына, әлеуметтiк-экономикалық даму болжамына, мемлекеттiк қызметтiң қолданыстағы заттай нормаларына және стандарттарына сәйкестiгi тұрғысынан;
2) стратегиялық жоспарлар жобаларының немесе стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерiстер мен толықтырулар жобаларының құрамында ұсынылған бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштерін олардың стратегиялық мақсаттармен, стратегиялық бағыттардың міндеттерімен өзара байланыстылығы тұрғысынан;
3) стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларында ұсынылған нәтижелілік пен тиімділік көрсеткіштерін олардың бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қызметінің функцияларына, өкілеттіктеріне, бағыттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
15. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік өтінімдер мен стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын қарау қорытындылары бойынша және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын ескере отырып, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстары бойынша қорытындыны қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жібереді.
Бұл ретте республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының көлеміне әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көзделмеген жаңа бастамаларға арналған шығыстар енгізілмеуге тиіс.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
Республикалық бюджет комиссиясы республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің шығыстары бойынша қорытындыны қарайды және ол бойынша ұсыныстар тұжырымдайды.
16. Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган қарауға дайындаған материалдарды Республикалық бюджет комиссиясының жұмыс органы жасайтын және Республикалық бюджет комиссиясының төрағасы келісетін жоспар-кестеге сәйкес қарайды. Республикалық бюджет комиссиясының төрағасымен келісілген жоспар-кесте республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жеткізіледі.
17. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға - ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейiнгi мерзiмде пысықталған бюджеттік өтінімдерді, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға - стратегиялық жоспарлардың пысықталған жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.
4. Республикалық бюджет туралы заң жобасын әзiрлеу
18. Республикалық бюджетті бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын қарау нәтижелері бойынша қорытындыларын ескере отырып, жыл сайын жоспарлы кезеңге әзірлейді және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
19. Бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Республикалық бюджет комиссиясының республикалық бюджет жобасы бойынша ұсыныстары негiзiнде республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзiрлейдi және ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешiктiрмей оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына ұсынады.
20. Республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 13-бабында көзделген бюджет құрылымына сәйкес Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 71-бабында көзделген талаптар ескеріле отырып әзiрленедi.
21. Республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Үкiметi ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Парламентiне енгiзедi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджет туралы заңның жобасымен бiр мезгiлде мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) республиканың әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын;
2) орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын;
3) стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын;
4) мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың соңғы есептi күнгi жай-күйi туралы деректердi;
5) бюджеттік бағдарламалардың бюджеттік кіші бағдарламалары бөлінісінде бюджет қаражатының жұмсалу бағытын нақтылайтын ақпаратты және республикалық бюджеттің жобасына енгiзiлген шешiмдердi ашып көрсететiн түсiндiрме жазбаны ұсынады.