14-бап. Жол жүрiсiне қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Азаматтардың жолдармен жүрудiң қауiпсiздiк жағдайлары құқықтарына, мемлекет кепiлдiк бередi және ол құқықтар Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы заңдарының, Республика бекiткен халықаралық шарттардың орындалуы арқылы қамтамасыз етіледi.
2. Жол жүрiсiне қатысушылардың өз құқықтарын iске асыруы жол жүрiсiне басқа қатысушылардың құқықтарын шектемеуге немесе бұзбауға тиiс.
3. Жол жүрiсiне қатысушылардың:
- заңдармен белгiленген ережелер мен ресiмдерге сәйкес және солардың негiзiнде жолмен еркiн, кедергiсiз жүруге;
- лауазымды адамдардан және жол жүрiсiн қадағалауды жүзеге асырушы мемлекеттік органнан жолмен жүруге тыйым салыну немесе шектелу себептерi туралы түсiнiктеме алуға;
- қозғалыстың қауiпсiз жағдайлары, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты өнiмдер мен көрсетiлетiн қызметтер сапасы туралы, қызметi жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты лауазымды адамдардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi туралы толық және анық ақпарат алуға;
- қызметi жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты ұйымдар мен лауазымды адамдардан жол-көлiк оқиғасы кезiнде медициналық көмектiң, құтқару жұмыстарының кепiлдi көлемi мен басқа да қажеттi көмектi тегiн алуға;
- жол-көлiк оқиғасы салдарынан өздерiне дене жарақаттары келтiрiлген жағдайларда, сондай-ақ көлiк құралы мен (немесе) жүк бүлiнген жағдайларда заңдарда белгiленген тәртiп бойынша залалды өтеттiруге;
- жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiгiн жүзеге асырушы лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша шағым жасауға құқығы бар.
4. Жол жүрiсiне қатысушылар осы Заңның және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты бөлiгiнде Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінiң талаптарын орындауға мiндеттi.
ҚР 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III (бұр.ред.қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi); 2010.28.12. № 369-IV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығын алу
1. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығы мыналарға берiлуi мүмкiн:
- он алты жасқа толған адамдарға - мотоциклдер, мотороллерлер және басқа да мотокөлiк құралдарын («А» санаты) жүргiзуге;
- он сегiз жасқа толған адамдарға - рұқсат етiлген ең ауыр салмағы 3500 килограмнан аспайтын және жүргiзушiнiң орнын есептемегенде, отыратын орын саны сегiзден аспайтын автомобильдердi («В» санаты), сондай-ақ рұқсат етiлген ең ауыр салмағы 3500 килограмнан асатын автомобильдердi («С» санаты) жүргiзуге, бұған «Д» санатына жататындары кiрмейдi;
кемінде үш жыл жүргізушілік стажы, оның ішінде кемінде бір жыл «С» санатына жататын көлiк құралдарын жүргiзу стажы бар, жиырма бір жасқа толған адамдарға - жүргізушінің орнын қоспағанда, сегiзден астам отыратын орындары бар және жолаушылар тасымалдауға арналған автомобильдердi («Д» санаты), троллейбустар мен трамвайларды жүргiзуге;
- «В», «С» немесе «Д» санаттарына жататын көлiк құралдарын жүргiзу құқығы бар адамдарға көлiк құралдарының тиiстi санаттарын жүргiзу стажы он екi айдан кем болмаған жағдайда - көлiк құралдарының құрамдарын («Е» санаты) жүргiзуге.
2. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығы тиiстi куәлiктермен расталады. Қазақстан Республикасы аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары талаптарына сәйкес келетiн ұлттық және халықаралық жүргiзушiлер куәлiктерi қолданылады.
3. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығының куәлiктерi осы бапта белгiленген жасқа толған, медициналық жағынан кiнараты жоқ, көлiк құралдарының тиiстi санатының жүргiзушiлерiн даярлайтын үлгi бағдарламалар көлемiнде қажеттi білім мен дағдысы бар және белгiленген тәртiппен емтихандар тапсырған, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын адамдарға берiледi.
4. Көлiк құралдарының тиiстi санаттарына жүргiзушiлер даярлаудың үлгi бағдарламаларын және рұқсат беру тәртібін жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы орган мүдделi министрлiктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен келiсе отырып әзiрлейдi.
5. Көлiк құралдарының «А» және «В» санаттарын жүргiзу құқығына куәлiк алу үшiн азаматтардың тиiстi бағдарламалар көлемiнде өз бетiнше даярлануына жол берiледi.
6. Адамдарды көлiк құралдарын жүргiзу құқығын алу емтихандарына жiберу, оларды тапсыру, көлiк құралдарын жүргiзу құқығына куәлiктер беру тәртібін және адамдардың көлiк құралдарын жүргiзуiне тыйым салатын медициналық кiнараттарының тiзбесiн жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы орган белгiлейдi.
2008.04.07. № 55-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 16-бап өзгертілді
16-бап. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығының күшiн тоқтату негiздемелерi
1. Көлік құралдарын жүргізу құқығының тоқтатылуына:
1) жүргізуші куәлігінің белгіленген қолданылу мерзімінің бітуі;
2) жүргізуші денсаулығының көлік құралдарын қауіпсіз жүргізуге кедергі келтіретіндей нашарлап, оның медициналық қорытындымен расталуы негіздемелер болып табылады.
Көрінеу психикалық бұзылулар мен мінез-құлықтың бұзылуы, көру органы дамуының кемістігі, көру функциясын бұзатын жаңадан пайда болған қатерсіз ісіктер, органның туа біткен кемістігі немесе органнан не бүлінген органның қызметін бұзатын оның бір бөлігінен жүре келе айырылу, олардың көлік құралдарын толыққанды жүргізуге кедергі келтіруі көлік құралдарын жүргізуге жарамдылықты растау үшін медициналық куәландыруға жіберуге негіздемелер болып табылады;
3) жүргізушінің жол жүрісі ережелерін білуін тексеруге жіберу туралы қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде жол жүрісі ережелерін білуін тексеруге арналған емтиханды тапсырмауы;
4) көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру негіздеме болып табылады.
Осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздемелер бойынша көлік құралдарын жүргізу құқығының тоқтатылуы уәкілетті органның (лауазымды адамның) талап арызы бойынша, азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен сот шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Көлік құралын жүргізу құқығы тоқтатылған кезде осы құқық:
осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген негіздеме бойынша - жол жүрісі ережелерін білуін тексеруге арналған емтихан тапсырғаннан және медициналық тексеруден өткеннен кейін;
осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген негіздеме бойынша - егер көлік құралдарын жүргізу құқығын тоқтатудың себептері жойылатын болса, сот шешімі бойынша;
осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген негіздеме бойынша - осы Заңның 15-бабында белгіленген тәртіппен;
осы тармақтың 4) тармақшасында көзделген негіздеме бойынша - емтихан тапсырғаннан және көлік құралын басқару құқығынан айыру мерзімі аяқталғаннан кейін қайта қалпына келтіріледі.
2. Жауапкершiлiк шаралары ретiнде көлiк құралдарын жүргiзу құқығынан айыруға не сондай құқықты шектеуге әкеп соғатын құқық бұзушылық түрлерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 17-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
17-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету
1. Жол жүрісі қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету:
- көлiк құралдарын жүргiзу құқығына куәлiк алуға үмiткер азаматтар мен жүргiзушiлердi мiндеттi түрде медициналық куәландыруды;
- жүргiзушiлердi сапарға шығар алдында және ағымдағы медициналық байқаудан өткізудi;
- жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетудi;
- жол жүрiсiне қатысушыларды, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ азаматтарды жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге дәрiгер келгенге дейiн көмек көрсету тәсiлдерiн үйретудi қамтиды.
1-1. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету жөніндегі қызметтi үйлестiрудi денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге медициналық көмек:
- жол-көлiк оқиғасы болған жерде дәрiгер келгенге дейiн көмек көрсетудi;
- жол-көлiк оқиғасы болған жерде, медицина ұйымына бара жатқан жолда және медицина ұйымында медициналық көмек көрсетудi қамтиды.
3. Адамдардың көлiк құралдарын жүргiзуiне тыйым салуға негiз болатын медициналық кiнәраттардың тiзбесiн, медициналық куәландыру, тексеру тәртібін және олардың мерзiмдiлiгiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Алғашқы көмек көрсетуге арналған (автокөліктік) дәрі жиынтығының құрамын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттігінің Төрайымының 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 225 бұйрығын қара
24.12.01 ж. № 276-11; 10.06.03 ж. № 433-11 (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III (бұр.ред.қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi); 2006.29.12. № 209-III (бұр. ред .қара); 2008.10.12. № 101-IV ҚР (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.16.11. № 200-IV (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі) (бұр.ред.қара) Заңдарымен 18-бап өзгертілді
18-бап. Көлік құралдарын пайдалану кезінде жол жүрісi қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жалпы талаптар
1. Шығарылған көлiк құралдарының конструкциясы, оның iшiнде олардың құрамдас бөлiктерiнiң, қосымша жабдықтау заттарының, қосалқы бөлшектерi мен керек-жарақтарының конструкциясы жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жататын бөлiгiнде техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сай болуға тиiс.
2. Көлiк құралдары, олардың құрамдас бөлiктерi, қосымша жабдықтау заттары, қосалқы бөлшектерi мен керек-жарақтары жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жататын бөлiгiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестігі расталуға тиiс.
2011.24.01. № 399-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Механикалық көлік құралдарының және тіркемелердің жекелеген түрлерінің жалпы пайдаланудағы жолдармен жол жүрісіне қатысуына рұқсат беруді жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы орган тиісті құжаттар мен мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін бере отырып, мемлекеттік тіркеу, оларды пайдаланушы, оның ішінде сенімхат бойынша пайдаланушы адамдарды тіркеу мен есепке алу, оларды жүргізу құқығына емтихан қабылдау мен куәлік беру арқылы жүзеге асырады.
Механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен көлік құралдарын мемлекеттік тіркегені үшін алым алынады.
Жүргiзушi куәлiктерiн, механикалық көлiк құралдарын мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктердi, мемлекеттік тiркеу нөмiрi белгiлерiн беру үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен мемлекеттік баж алынады.
Жеке тұлғалардың көлiк құралдарын тiркеу, қайта тiркеу:
салық төлеушiлер үшiн - Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен көлiк құралдары салығын төлегенiн;
Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес салық төлеушiлер болып табылмайтын тұлғалар үшiн салық төлеуден босату құқығын растайтын құжаттарды бергеннен кейiн жүргiзiледi.
Механикалық көлік құралы мен тіркеменің техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растау саласындағы құжаты болмаса, оны мемлекеттік тіркеуге тыйым салынады.
Механикалық көлік құралдары мен тіркемелердің мынадай түрлері мемлекеттік тіркелуге жатады:
1) жеңіл, жүк автомобильдері және автобустар, олардың базасында жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда;
2) мотоциклдер және мотороллерлер;
3) автомобильдердің құрамында жүруге арналған тіркемелер;
4) ҚР 2006.10.01. № 116-III Заңымен алып тасталды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр.ред.қара)
5) басқа мемлекеттерде тiркелген және Қазақстан Республикасының аумағына екi айдан артық мерзiмге әкелiнген жеңiл, жүк автомобильдерi мен автобустар, бұған қоса олардың шассилерiнде жасалған арнайы автомобильдер, мотоциклдер мен мотороллерлер, автомобильдердiң құрамында жүруге арналған тiркемелер.
Механикалық көлік құралдары мен тіркемелердің мынадай түрлері мемлекеттік тіркелуге жатпайды:
1) жабық аумақтарда технологиялық көлік ретінде пайдаланылатын автомобильдер мен тракторлар, олардың базасында жасалған арнайы автомобильдер мен тракторларды, өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, тіркемелерді қоса алғанда;
2) троллейбустар;
3) трамвайлар және рельспен жүретін басқа да механикалық көлік құралдары;
4) басқа мемлекеттерде тіркелген және Қазақстан Республикасының аумағына екі айдан аз мерзімге әкелінген жеңіл, жүк автомобильдері мен автобустар, олардың шассилерінде жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда; мотоциклдер мен мотороллерлер, автомобильдердiң құрамында жүруге арналған тiркемелер..
ҚР көлiк құралдарын және олардың тiркемелерiн мемлекеттік тiркеудiң Ережелерін қара
4. Тiркелген көлiк құралдарының конструкциясына, соның iшiнде оның жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге әсер ететiн құрамдас бөлiктерiнiң, қосымша жабдықтау заттарының, қосалқы бөлшектердiң және керек-жарақтарының конструкциясына өзгерістер енгiзiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестікті қайта растауды өткізу қажет.
5. Жол қозғалысына қатысатын көлік құралдарының конструкциясы, техникалық жай-күйі және жабдықтары жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мынадай негізгі талаптарға:
1) көлік құралында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тежегіш жүйе, рульдік басқару, артқы жағын шолу айнасы, дыбыс сигналы, шассилер, жарық беру аспаптары болуына;
2) көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретін шолу мен көрудің жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілуіне;
3) адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру қаупін болғызбайтын қосымша жабдық тетіктері, заттары және көлік құралының бейімделген құрылғылары болуына;
4) жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жолаушылар және жол қозғалысының басқа да қатысушылары үшін қауіпісіздікті бәсеңдетуді қамтамасыз етуге сәйкес келуге тиіс.
6. Көлік құралдарын пайдалану кезінде олардан қоршаған ортаға бөлінетін шығарындылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген жол берілетін деңгейден аспауға тиіс.
2011.24.01. № 399-IV ҚР Заңымен 18-1-баппен толықтырылды; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 18-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
18-1-бап. Техникалық байқау операторларының тiзiлiмi
1. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган техникалық байқау операторларының тізілімін жүргізеді, оның мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялануын жүзеге асырады және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
Тізілімді жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Техникалық байқау операторы механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу жөніндегі қызметті көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган техникалық байқау операторларының тізіліміне енгізген күннен бастап жүзеге асырады.
2. Техникалық байқау операторларының тізіліміне енгізу мақсатында көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органға мынадай құжаттар:
1) өтініш;
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) заңды тұлға үшiн - заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
3) дара кәсіпкер үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың және дара кәсіпкер ретінде тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жүргізілгені туралы мөртабан қойылған, техникалық байқау операторының жылжымайтын мүлікке меншік немесе оны иелену және пайдалану құқығын растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері;
5) 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) сынақ жабдығын аттестаттау және өлшем құралдарын салыстырып тексеру сертификаттарының көшірмелері;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша сынақ жабдықтары мен өлшем құралдары туралы ақпарат ұсынылады.
3. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган өтінішті оған қоса беріліп отырған құжаттармен бірге ол берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды, оның қорытындысы бойынша өтініш берушіге тізілімге енгізу туралы жазбаша хабарлама немесе дәлелді бас тарту жіберіледі.
4. Техникалық байқау операторларының тізіліміне енгізуден бас тарту үшін:
1) осы баптың 2-тармағына сәйкес талап етілетін құжаттарды ұсынбау;
2) ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің дәйексіздігі;
3) осы баптың 5-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша өтініш берілген күнге дейін алты айдың ішінде техникалық байқау операторларының тізілімінен шығару негіз болып табылады.
5. Техникалық байқау операторларының тізілімінен шығару үшін:
1) дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның техникалық байқау операторларының тізілімінен өз еркімен шығару туралы өтініші;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсіпкер қызметінің тоқтатылуы немесе заңды тұлғаның таратылуы;
3) техникалық байқау операторларының тізіліміне енгізу кезінде көрінеу бұрыс ақпарат ұсыну;
4) механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу және жөндеу, оларға техникалық қызметтер көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді қоса атқару;
5) механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқауды жүзеге асыру саласында әкімшілік құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасау негіз болып табылады.
Техникалық байқау операторларының тізілімінен шығару туралы хабарлама көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган тиісті шешім қабылдағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде дара кәсіпкерге немесе заңды тұлғаға жіберіледі.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-11 Заңымен 19-бап өзгертілді; ҚР 10.06.03 ж. № 433-11 Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2006.10.01. № 116-III Заңымен 19-бап өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр.ред.қара); 2009.16.11. № 200-IV ҚР Заңымен (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі) (бұр.ред.қара); 2011.24.01. № 399-IV ҚР Заңымен (көрсетілген Заңның 2-бабының редакциясына сәйкес тақырыбы және бірінші бөлігінің қолданысы 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылады) (бұр.ред.қара) 19-бап жаңа редакцияда; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
19-бап. Механикалық көлiк құралдарын және олардың тіркемелерін мемлекеттік және міндетті техникалық байқаудан өткізу
1. Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланылатын әрі жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөніндегі орталық атқарушы органда тiркелген механикалық көлiк құралдары және олардың тiркемелерi мемлекеттік немесе мiндеттi техникалық байқаудан өткiзiлуге жатады.
Мемлекеттік техникалық байқау өткізудiң тәртібі мен мерзiмдерiн жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөніндегі орталық атқарушы орган белгiлейдi.
Механикалық көлiк құралдарын және олардың тiркемелерiн мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу:
механикалық көлiк құралдарының және олардың тiркемелерiнiң мемлекеттік техникалық байқаудан өткiзiлгенi туралы куәлiк беру үшiн мемлекеттік баждың төленгенiн растайтын құжаттар ұсынылғаннан кейiн;
жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен ағымдағы күнтiзбелiк жыл үшін көлiк құралдары салығын төлегенiн растайтын құжаттар немесе оны төлеуден босату құқығын растайтын құжаттар ұсынылғаннан кейiн жүргiзiледi.
2. Көлік құралының тіркелген жеріне және көлік құралы иесінің тұратын жеріне қарамастан, көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган техникалық байқау операторларының тізіліміне енгізген техникалық байқау операторлары міндетті техникалық байқауды жүргізеді.
Техникалық байқау операторлары жария шарт негізінде қызметтер көрсетеді.
3. Механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу және жөндеу, оларға техникалық қызметтер көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді қоса атқаруға жол берілмейді.
Техникалық байқау операторының аумағында механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін жөндеу және оларға техникалық қызметтер көрсету бойынша қызметтер көрсетуге жол берілмейді.
4. Техникалық байқау операторы:
1) астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда техникалық байқау орталығы ашылған кезде техникалық байқаудың стационарлық және ұтқыр желiлерiн пайдалана отырып, мiндеттi техникалық байқаудан өткізуді жүзеге асырады;
2) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган айқындаған қызмет өңірі шегінде міндетті техникалық байқау өткізуді қамтамасыз етеді;
3) қызмет өңірінде міндетті техникалық байқау өткізудің кестесі туралы халықты хабардар етеді.
4) аудандардың әкімшілік орталықтарында, ауылдық (селолық) округтерде және аудандық маңызы бар қалаларда техникалық байқау орталығы ашылған кезде техникалық байқаудың стационарлық және (немесе) ұтқыр желiлерiн пайдалана отырып, мiндеттi техникалық байқаудан өткізуді жүзеге асырады.
Қызмет өңірін айқындау тәртібін көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
5. Міндетті техникалық байқауды өткізу екі кезеңді: дайындық және негізгі кезеңдерді қамтиды.
Міндетті техникалық байқау өткізудің дайындық кезеңі барысында көлік құралын сәйкестендіру және оны сәйкестендіру нәтижелерінің тіркеу және өзге де құжаттардағы деректерге сәйкестігіне тексеру жүргізіледі.
Міндетті техникалық байқау өткізудің негізгі кезеңі барысында көлік құралының техникалық жай-күйінің Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтау жөнінде жұмыстар (тексеру) орындалады.
6. Міндетті техникалық байқаудан өткізу үшін механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесі техникалық байқау операторына мынадай құжаттарды ұсынады:
1) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті;
2) жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген тәртіппен ағымдағы күнтізбелік жыл үшін көлік құралдары салығын төлегенін растайтын немесе оны төлеуден босату құқығын растайтын құжаттарды;
3) 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Техникалық байқау операторы ұсынылған құжаттарды механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.
7. Механикалық көлік құралын және оның тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу нәтижелері бойынша техникалық байқаудың диагностикалық картасы жасалады, оның негізінде қолданылу мерзімі көрсетіле отырып міндетті техникалық байқаудан өткені туралы куәлік беріледі.
8. Егер міндетті техникалық байқау өткізудің нәтижелері бойынша механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін пайдалануға тыйым салатын ақаулықтар және жағдайлар анықталған болса, міндетті техникалық байқау өткізілмеген деп танылады.
Бұл жағдайда механикалық көлік құралының және оның тіркемелерінің иесіне ақаулықтар көрсетіле отырып, механикалық көлік құралының және оның тіркемелерінің диагностикалық картасы беріледі.
9. Механикалық көлік құралын және оның тіркемелерін пайдалануға тыйым салынатын анықталған ақаулықтар мен жағдайлар жойылғаннан кейін механикалық көлік құралының және оның тіркемелерінің иесі оны қайтадан міндетті техникалық байқаудан өткізу үшін ұсынады.
Механикалық көлік құралын және оның тіркемелерін қайтадан байқаудан өткізу бірінші міндетті техникалық байқаудан өткізілген техникалық байқау орталығында не өзге техникалық байқау орталығында жүргізіледі.
Бірінші міндетті техникалық байқау өткізілген орталықта механикалық көлік құралын және оның тіркемелерін қайтадан техникалық байқаудан өткізу кезінде техникалық байқау белгіленген критерийлерге сай болмаған және диагностикалық картада көрсетілген позициялар ғана бойынша жүргізіледі. Бұл жағдайда төлем қайтадан тексерілетін позицияларды тексеру үшін ғана алынады.