Бұл ретте төленген төлемақы сомасын қайтаруды төлемақы төлеушінің салықтық өтініші бойынша ол мемлекеттік орман иеленушілер берген, ағаш кесу билетінің, орман пайдалануға арналған орман билетінің пайдаланылмағанын растайтын құжатты табыс еткеннен кейін ол төленген жердегі салық органдары жүргізеді.
74-тарау. ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АУМАҚТАРДЫ ПАЙДАЛАНҒАНЫ ҮШІН ТӨЛЕМАҚЫ
508-бап. Жалпы ережелер
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі - төлемақы) мемлекеттік табиғи ескерткіштердің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың, мемлекеттік қорықтық аймақтардың аумақтарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған ғылыми, экологиялық-ағарту, мәдени-ағарту, оқыту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдаланғаны үшін алынады.
2. Табиғат қорғау ұйымдары тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей өзінің орналасқан жері бойынша салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салынатын объектілер туралы мәліметтер береді.
509-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
2. Мыналар:
елді мекендерде тұрақты тұратын және (немесе) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шекарасында орналасқан саяжай учаскелері бар жеке тұлғалар;
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
510-бап. Төлемақы ставкасы
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкасы республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану қажеттілігi туындайтын тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған 0,1 айлық есептiк көрсеткiш (бұдан әрi осы баптың мәтiнi бойынша - АЕК) есебiнен ерекше қорғалатын табиғи аумақта болған әрбір күн үшiн айқындалады.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2. Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін төлемақы ставкаларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының ұсынысы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілейді.
511-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, төлемақы сомасын белгіленген ставкаларды және ерекше қорғалатын табиғи аумақта болған күн санын негізге ала отырып, төлемақы төлеушілер дербес есептейді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шекарасындағы жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар:
1) жұмыскерлерді пайдаланған кезде - әрбір жұмыскер үшін;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақта стационарлық емдеу, демалыс мекемелері, спорттық-сауықтыру мекемелері болған кезде - осындай мекемелерде болатын әрбір жеке тұлға үшін төлемақы енгізеді. Жеке тұлға төлемақы сомасының төленгенін растайтын құжат көрсеткен кезде қайталап төлемақы алынбайды.
2. Төлемақы төлеушілердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалануына оларда ақы төлеу туралы растаушы құжаттар болған жағдайда ғана жол беріледі.
3. Төлемақы сомасы ерекше қорғалатын табиғи аумақ орналасқан жер бойынша төленеді.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Төлемақы сомасын бюджетке төлеу банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару, не оны бақылау-өткізу пункттерінде, не Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамалық актісінде айқындалған табиғат қорғау ұйымдары орнататын өзге де арнайы жабдықталған орындарда Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша қатаң есептілік бланкілерінің немесе аталған соманы растайтын бақылау-касса машиналары чегінің негізінде қолма-қол ақшамен енгізу жолымен жүргізіледі.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
5. Қолма-қол ақшамен қабылданған төлемақы сомаларын «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары кейіннен оларды бюджет есебіне жатқызу үшін ақша қабылдау жүзеге асырылған операциялық күннен кейінгі күннен кешіктірмей банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға тапсырады. Егер қолма-қол ақшаның күн сайынғы түсімі айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен кем болса, ақшаны тапсыру, ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен кейінгі үш операциялық күнде бір рет жүзеге асырылады.
6. Жеке тұлғалар төлемақы сомасын қолма-қол ақшалай төлеген кезде қатаң есептілік бланкілеріне «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдарының сәйкестендіру нөмірі қойылады.
7. Төлемақының төленген сомалары қайтарылуға жатпайды.
8. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жануарлар дүниесі ресурстарын және орман ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы төлеу осы Кодекстің 502 және 507-баптарына сәйкес жүргізіледі.
75-тарау. РАДИОЖИІЛІК СПЕКТРІН ПАЙДАЛАНҒАНЫ ҮШІН ТӨЛЕМАҚЫ
512-бап. Жалпы ережелер
1. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі - төлемақы) байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бөлген радиожиілік спектрінің номиналдары (белдеулері, диапазондары) (бұдан әрі - радиожиілік спектрінің номиналдары) үшін алынады.
2. Радиожиілік спектрін пайдалану құқығы байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берген рұқсат құжаттарымен куәландырылады.
3. Радиожиілік спектрінің номиналдарын бөлу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес конкурстық негізде жүргізілуі мүмкін.
Бұл ретте конкурс қорытындылары бойынша жеңімпаз Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік бюджетке бір жолғы төлемақы енгізеді.
4. Бюджетке төленуге тиіс бір жолғы төлемақы сомасы осы баптың 3-тармағына сәйкес төлем есебіне есептелмейді.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Байланыс саласындағы аумақтық уәкiлеттi мемлекеттік органдар өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлеушілер және төлемақы сомалары туралы, сондай-ақ салық салу объектiлерi туралы мәлiметтерді мынадай мерзімде:
1) осы Кодекстің 515-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайда - салық кезеңінің 25 ақпанынан кешіктірмей;
2) осы Кодекстің 515-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайда - салық төлеуші радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат алған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей табыс етеді.
513-бап. Төлемақы төлеушілер
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
Заңды тұлғаның шешiмi бойынша оның құрылымдық бөлiмшелерi төлемақыны дербес төлеушiлер ретiнде қарастырылады. Заңды тұлға, мұндай шешiм қабылданған жағдайда, бұл туралы құрылымдық бөлiмшенi тiркеудiң есепке алынған жерi бойынша салық органына есептi салық кезеңiнiң 10 наурызынан кешiктiрмей жазбаша хабарлауға мiндеттi. Мұндай заңды тұлға сонымен бір мезгiлде байланыс саласындағы уәкiлеттi органнан алған хабарлама негiзiнде әрбір құрылымдық бөлiмше бойынша жылдық төлемақы сомасын бөлу туралы ақпарат бередi.
514-бап. Төлемақы ставкалары
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара); 2010.26.11. № 356-IV ҚР Заңымен (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 514-бап өзгертілді
Жылдық төлемақы ставкалары республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және салық кезеңiнiң бірiншi күнi қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiш (бұдан әрi осы баптың мәтiнi бойынша - АЕК) мөлшеріне негізделе отырып радио байланысының түріне, пайдаланылатын жиіліктердің номиналдарына (диапазон жолдарына), радиоұзартқыштар жинақтамасына, пайдалану аумағына, сондай-ақ байланыс қызметі көрсетілетін елді мекеннің аумағында тұратын халықтың санына байланысты айқындалады және мыналарды құрайды:
| Рет № | Радиобайланыс түрлері | Пайдалану аумағы | Төлемақы ставкасы (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Дербес радиошақыру радиожүйелерi (енi 25 кГц жиiлiк белгiленгенi үшiн) | облыс, Астана, Алматы қалалары | 10 |
| 2. | Транкинг байланысы (қабылдауға енi 25 кГц/беруге 25 кГц радиоарна үшін) | | |
| 1) | | Астана, Алматы қалалары | 140 |
| 2) | | 50 мың адамнан астам халқы бар елдi мекен | 80 |
| 3) | | басқа әкiмшiлiк-аумақтық бірлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ) | 10 |
| 3. | УҚТ-диапазонды радиобайланыс (қабылдауға енi 25 кГц/ қабылдауға 25 кГц дуплекстi арна үшiн) | | |
| 1) | | Астана, Алматы қалалары | 80 |
| 2) | | 50 мың адамнан астам халқы бар елдi мекен | 60 |
| 3) | | басқа әкiмшiлiк-аумақтық бірлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан,кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ) | 15 |
| 4. | УҚТ-диапазонды радиобайланыс (енi 25 кГц симплекстi арна үшiн) | | |
| 1) | | Астана, Алматы қалалары | 30 |
| 2) | | 50 мың адамнан астам халқы бар елдi мекен | 20 |
| 3) | | басқа әкiмшiлiк-аумақтық бірлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ) | 10 |
| 5. | ҚT-байланыс (бір жиiлiк белгiленгенi үшiн) таратқыштың шығу қуаты: - 50 Вт-қа дейiн; - 50 Вт-тан астам | облыс, Астана, Алматы қалалары | 10 20 |
| 6. | Радиоұзартқыштар (арна үшiн): | облыс, Астана, Алматы қалалары | 2 |
| 7. | Ұялы байланыс (қабылдауға ені 200 кГц/беруге 10 кГц жиiлiк белдеуi үшiн) | облыс, Астана, Алматы қалалары | 1100 |
| 7-1. | Үшінші жаңартылымдағы ұялы байланыс және төртінші жаңартылымдағы ұтқыр байланыс (қабылдауға ені 2 МГц/беруге 2 МГц радиожиiлiк белдеуi үшiн) | облыс, Астана, Алматы қалалары | 2200 |
| 8. | Жаһандық дербес жылжымалы спутниктік байланыс жүйесi (қабылдауға ені 100 кГц/ беруге 100 кГц жиiлiктердiң дуплексті белдеуi үшін) | Қазақстан Республикасы | 20 |
| 9. | HUB - технологиялы спутниктiк байланыс (HUB-қа пайдаланылатын қабылдауға ені 100 кГц/беруге 100 кГц белдеуi үшін) | Қазақстан Республикасы | 30 |
| 10. | HUB-технологиясынсыз спутниктiк байланыс (бір станция пайдаланатын жиіліктер үшін) | Қазақстан Республикасы | 100 |
| 11. | Радиорелелi желілер (бір аралықтағы дуплекстi арна үшін): | | |
| 1) | жергiлiктi | аудан, қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ | 40 |
| 2) | аймақтық және магистральдық | Қазақстан Республикасы | 10 |
| 12. | Сымсыз радиоға қол жетімділік желілері (қабылдауға ені 25 кГц/ беруге 25 кГц дуплекстi арна үшін) | | |
| 1) | | 50 мың адамнан астам халқы бар елді мекен | 25 |
| 2) | | басқа әкiмшiлiк-аумақтық бірлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ) | 2 |
| 13. | КБС-технологиясы пайдаланылған жағдайда сымсыз радиоға қол жетімділік желілері (қабылдауға енi 2МГц/беруге 2МГц дуплекстi арна үшiн) | | |
| 1) | | Астана, Алматы қалалары | 140 |
| 2) | | 50 мыңнан астам халқы бар елдi мекен | 70 |
| 3) | | басқа әкiмшiлiк-аумақтық бірлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ) | 5 |
| 14. | Эфирлiк-кабельдiк теледидар (8 МГц жиiлiк белдеуi үшiн) | | |
| 1) | | 200 мың адамнан астам халқы бар елді мекен | 300 |
| 2) | | 50 мыңнан 200 мың адамға дейiн халқы бар елдi мекен | 135 |
| 3) | | 50 мыңға дейiн халқы бар аудандық маңызы бар қала, аудан | 45 |
| 4) | | басқа әкiмшiлiк-аумақтық бірлiктер (кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ) | 5 |
| 15. | Теңіздегі радиобайланыс (радиомодем, жағалаулық байланыс, телеметрия, радиолокациялық және т.б.), бір радиоарна үшiн | облыс | 10 |
Ескерту.
Алты айға дейін қоса қамтылатын мерзімге тәжірибелік пайдалану, жарыстар, көрмелер және өзге де іс-шаралар өткізу кезеңінде радиожиілік спектрін пайдаланған кезде төлемақы радиобайланыс түріне және радиожиілік спектрін пайдалану аумағына қарай, оны нақты пайдалану мерзіміне сәйкес мөлшерде, бірақ төлемақының жылдық ставкасының кемінде 1/12 мөлшерінде белгіленеді.
Ені осы баптың ставкаларында көрсетілгеннен өзге дуплексті арна белдеуін пайдаланатын технологияларды қолданған жағдайда, төлемақы ставкалары төлеуші нақты пайдаланатын дуплексті арна белдеуі енінің үлесті салмағының осы баптың ставкаларында көрсетілген дуплексті арна белдеуінің еніне ара қатынасы негізге алына отырып айқындалады.
Кең белдеулі сигнал (КБС) технологиясын пайдалану кезінде төлемақы ені 2МГц/беруге 2МГц белдеу үшін алынады.
515-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган рұқсат құжаттарында көрсетілген техникалық өлшемдерге сәйкес радио байланысының түрі мен радиожиілік спектрін пайдалану аумағына қарай, жылдық төлемақы ставкаларының негізінде есептейді.
2. Егер есепті салық кезеңіндегі радиожиілік спектрін пайдалану кезеңі бір жылдан кем болған жағдайда төлемақы сомасы жыл бойына есептелген төлемақы сомасын он екіге бөліп, оны жыл бойы радиожиілік спектрі пайдаланылған айлардың тиісті санына көбейту арқылы айқындалады.
3. Байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар төлемақының жылдық сомасын көрсетіп хабарлама жазады және оны төлемақы төлеушілерге ағымдағы есепті кезеңнің 20 ақпанынан кешіктірмей жібереді.
4. Радиожиілік спектрін пайдалану құқығын куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін алған жағдайда, байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган салық төлеушіге төлемақы сомасын көрсете отырып, салық төлеуші радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат алған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей хабарлама жібереді.
5. Жылдық төлемақы сомасы бюджетке төлемақы төлеушінің орналасқан жері бойынша тең үлестермен ағымдағы жылдың 25 наурызынан, 25 маусымынан, 25 қыркүйегінен және 25 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімдерде төленеді.
6. Радиожиілік спектрін пайдалану құқығын куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін алған жағдайда, рұқсат құжатын алған күннен кейінгі кезекті мерзім алғашқы төлеу мерзімі болып табылады.
516-бап. Салық кезеңі
Салық кезеңі осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалады.
517-бап. 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
76-тарау. ҚАЛААРАЛЫҚ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕЛЕФОН БАЙЛАНЫСЫН, СОНДАЙ-АҚ ҰЯЛЫ
БАЙЛАНЫСТЫ БЕРГЕНІ ҮШІН ТӨЛЕМАҚЫ 76-т
518-бап. Жалпы ережелер
1. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты бергені үшін төлемақы (бұдан әрі - төлемақы):
1) қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын;
2) ұялы байланысты беру құқығы үшін алынады.
2. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беру құқығы (бұдан әрі - құқық) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган берген рұқсат құжаттарымен куәландырылады.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Байланыс саласындағы аумақтық уәкiлеттi мемлекеттік органдар өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлеушілер және төлемақы сомалары туралы, сондай-ақ салық салу объектiлерi туралы мәлiметтерді мынадай мерзімде:
1) осы Кодекстің 521-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайда, - салық кезеңінің 25 ақпанынан кешіктірмей;
2) осы Кодекстің 521-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайда - салық төлеуші қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланыс ұсынуға рұқсат алған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей табыс етеді.
519-бап. Төлемақы төлеушілер
«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен құқық алған, қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
520-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақының жылдық ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
521-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган төлемақының жылдық ставкалары негізінде төлемақы төлеушілердің электрлі байланыс (телекоммуникациялар) қызметтерін беруден түсетін кірістерін негізге ала отырып есептейді.
2. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беру кезеңі есепті салық кезеңінде бір жылдан кем болған жағдайда, төлемақы сомасы жыл бойынша есептелген төлемақы сомасын он екіге бөліп, оны жыл бойы қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы, сондай-ақ ұялы байланыс берілген айлардың тиісті санына көбейту арқылы айқындалады.
3. Байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жылдық төлемақы сомасы көрсетілген хабарлама жазады және оны ағымдағы есепті кезеңнің 20 ақпанынан кешіктірілмейтін мерзімде төлеушіге жібереді.
4. Құқықты куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін алған жағдайда, байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган салық төлеуші қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беруге рұқсат алған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей, төлемақы сомасы көрсетілген хабарламаны төлемақы төлеушіге жібереді.
5. Жылдық төлемақы сомасы бюджетке төлемақы төлеушінің орналасқан жері бойынша тең үлестермен ағымдағы жылдың 25 наурызынан, 25 маусымынан, 25 қыркүйегінен және 25 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімдерде төленеді.
6. Құқықты куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін алған жағдайда рұқсат құжатын алған күннен кейінгі кезекті мерзім алғашқы төлеу мерзімі болып табылады.
522-бап. Салық кезеңі
Салық кезеңі осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалады.
523-бап. 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
77-тарау. КЕМЕ ЖҮЗЕТІН СУ ЖОЛДАРЫН ПАЙДАЛАНҒАНЫ ҮШІН ТӨЛЕМАҚЫ
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 524-бап жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
524-бап. Жалпы ережелер
1. Кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн алынады.
2. Көлiк саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерiндегi салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушiлер туралы мәлiметтер бередi.
525-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Қазақстан Республикасының кеме жүзетін су жолдарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
2. Мемлекеттік мекемелер төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 526-бап жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
526-бап. Төлемақы ставкалары
1 валдық регистрлiк тонна үшiн төлемақы ставкасы республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және кеме жүзетiн су жолдарын пайдалану құқығы туындайтын тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған 0,26 айлық есептiк көрсеткiш есебiнен айқындалады.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 527-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
527-бап. Есептеу, төлеу және салық есептілігін ұсыну тәртібі
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Төлемақы мөлшерi төлемақы ставкалары, кеменің регистрлық тоннадағы жалпы сыйымдылығы және кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланудың нақты мерзiмi негiзге алына отырып, бірақ күнтiзбелiк бір ай үшiн төлемақы мөлшерiнен кем емес болып айқындалады.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Ай сайынғы төлемақы мөлшері көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ағымдағы жылға белгілейтін навигация кезеңіне есептелген жылдық төлемақы сомасын бөлу жолымен айқындалады.
3. Ағымдағы ай ішінде бюджетке енгізілуге тиіс төлемақы сомасы келесі айдың 25-інен кешіктірілмей төленеді.
4. 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Кеменің бір жолғы кіруі кезінде шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, резидент емес шетелдік заңды тұлғалар айлық ставка мөлшерінде бюджетке төлемақы енгізеді. Олар Қазақстан Республикасының кеме жүзетін су жолдарында бір айдан астам болған кезде бюджетке төлемақыны осы бапта белгіленген тәртіппен енгізеді.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Төлемақы сомасы бюджетке төлемақы төлеушінің орналасқан орны бойынша төленеді.
7. Төленген төлемақы сомалары қайтарылуға жатпайды.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
8. Төлемақы төлеушілер кеме жүзетін су жолдарын пайдалану жері бойынша салық органдарына есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей төлемақы жөнінде декларация тапсырады.
78-тарау. СЫРТҚЫ (КӨРНЕКІ) ЖАРНАМАНЫ ОРНАЛАСТЫРҒАНЫ ҮШІН ТӨЛЕМАҚЫ
528-бап. Жалпы ережелер
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақы (бұдан әрі - төлемақы) Қазақстан Республикасының аумағындағы жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуіндегі және елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістіктегі жарнаманы тұрақты орналастыру объектілерінде және көлік құралдарына орналастырылатын сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін алынады.
2. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектісін (бұдан әрі - жарнама объектісі) орналастыру:
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) автомобиль жолдары жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрi - жол органы) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен белгiлi бір мерзiмге беретiн құжат негiзiнде, жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде жарнама объектілерін орналастыру кезінде, ал тиісінше облыстың немесе ауданның жергілікті атқарушы органы беретiн құжат негiзiнде облыстық немесе аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде жарнама объектілерін орналастыру кезiнде;
2) жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен беретін рұқсат негізінде елді мекендерде, сондай-ақ көлік құралдарында жарнама объектілерін орналастыру кезінде жүргізіледі.
Жарнама объектілерін тиісті құжаттарсыз орналастыруға тыйым салынады.
3. Тиісті рұқсат құжаты болмаған кезде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін нақты орналастыру төлемақы сомасын өндіріп алуға және бюджетке енгізуге негіз болып табылады.
4. Жол органдары және жергілікті атқарушы органдар ай сайын, айдың 15-інен кешіктірмей өздерінің орналасқан жері бойынша салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салынатын объектілер туралы мәліметтер береді.