17-бап. Нұсқауды акцептеген кезде туындайтын құқықтар мен мiндеттер
1. Алушы банк тапсырманы акцептегенге дейiн оны жөнелтушi алушы банк тапсырманы акцептегеннен кейiн оны орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi. Клиринг нәтижелерi бойынша ақша аударымын жүзеге асырған кезде жөнелтушi егер онда терiс сальдо пайда болған жағдайда ғана, өзiнiң тапсырмасын орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Нұсқауды акцептеген кезде мынадай құқықтар мен мiндеттер туындайды:
1) алушы банк тапсырманы акцептеген кезде оның жөнелтушi алдында акцептелген тапсырманы орындау жөнiнде мiндеттемесi туындайды;
2) бенефициар банкi тапсырманы акцептеген кезде оның бенефициар пайдасына тапсырмада көрсетiлген ақша сомасын қабылдау жөніндегі мiндеттемесi туындайды;
3) ақша жөнелтушi талапты акцептеген кезде акцептелген талап бойынша бенефициардың талап ету құқығы туындайды, ақша жөнелтушiнiң бенефициар пайдасына орын орындау жөніндегі мiндеттемесi туындайды;
4) алушы банк талапты акцептеген кезде жөнелтушiнiң акцептелген талап бойынша талап ету құқығы туындайды, ал алушы банктiң оны орындау жөніндегі мiндеттемесi туындайды.
3. Бенефициар банкi өзi акцептеген нұсқауда көрсетiлген ақша сомасын үшiншi жақтың немесе осы банктiң алдындағы бенефициар мiндеттемесiнiң сомасына қарсы үшiншi жақтың пайдасына немесе өз пайдасына есептеме жасауға құқылы, оның орындалу мерзiмi, банктен ақшаны алып қоюдың Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген кезектiлiгiн сақтауды ескере отырып, бенефициар банкiне осындай нұсқау түскен кезден басталады.
2009.28.08. № 192-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 18-бап өзгертілді
18-бап. Алушы банктің нұсқауларды акцептеуден бас тарту негiздерi
1. Алушы банк нұсқауды акцептеуден:
1) жөнелтушi ақша аударымын жүзеге асыру үшiн қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етпеген жағдайда;
2) егер төлем құжатының қолдан жасалғандығының белгiлерi болса;
3) жөнелтуші ақша аудару туралы нұсқауды жасаудың және ұсынудың тәртібіне қойылатын талаптарды және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) шарттың талаптарында белгіленген өзге де талаптарды сақтамаған кезде;
4) «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда бас тартады.
2. Инкассалық өкiмдердi осы Заңның 15-бабында көзделген құжаттардың бірiн қоса тiркемей ұсынған жағдайда, алушы банк мұндай инкассалық өкiмдердi акцептеуден бас тартуға мiндеттi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 19-бап өзгертілді
19-бап. Нұсқауды орындау
1. Алушы банктің нұсқауды орындауы мұндай нұсқауды оның акцептеуi негiзiнде жүзеге асырылады.
Алушы банктiң жөнелтушi алдындағы алынған нұсқауға сәйкес аударым не ақша төлеу жөніндегі өз мiндеттемелерiн орындауы нұсқаудың орындалуы болып табылады.
Мынадай iс-қимылдар нұсқаудың орындалуы болып табылады:
1) алушы банктiң келесi алушы банкке бенефициардың пайдасына, егер алушы банк бенефициар банкi болып табылмаса ғана, ақша аудару туралы нұсқауын табыстауы;
2) егер алушы банк бенефициар банкi болып табылса, ақша аударымын аяқтауы;
3) егер алушы банк ақша жөнелтушiнiң банкi болып табылса, қолма-қол ақша төлеу туралы нұсқауды ұсынған жөнелтушiге қолма-қол ақшаны беруi.
2. Нұсқауды алушы банк егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, осындай нұсқаудың шарттарын сақтай отырып, егер мұндай нұсқаудың шарттарында оны орындаудың өзге мерзiмi белгiленбеген болса, алушы банктiң алынған нұсқау акцептелген күннен кейiнгi операциялық күнiнен кешiктiрмей орындайды.
Егер ақша аудару туралы нұсқауды орындаудың шарттары алушы банк үшiн орындалмайтындай болса не оларды орындау ақша аударуды кiдiртуге немесе қосымша шығындарға әкеп соғуы мүмкiн болса, алушы банк операциялық күн iшiнде бұл туралы жөнелтушiге хабарлауға мiндеттi. Нұсқаулар олардың түскен күнi мен уақыты ескерiле отырып орындалады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 20-бап толықтырылды; ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20-бап. Сот актісін және сот орындаушысының қаулысын орындау ерекшеліктерi
1. Қазақстан Республикасы сотының ақша өндіріп алу туралы сот актісі, сондай-ақ сот орындаушысының заңды тұлғаның банк шоттарының, сондай-ақ заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының бар екендігі және олардың нөмірлері жөніндегі ақпаратты сұратып алу туралы және борышкердің банктегі ақшасына тыйым салуды қолдану туралы сот санкция берген қаулысы не оның атқарушылық іс жүргізу органының аумақтық бөлімінің мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен расталған көшірмесі, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, барлық банктерге ұсынылады.
2. Банктер аталған құжаттарды алған күннен кейінгі операциялық екі күннен кешіктірмей сотқа (сот орындаушысына) қажетті мәліметтерді жіберуге міндетті. Мәліметтер ақша өндіріп алу жүргізілетін тұлғалардың банк шоттарының бар екені туралы не олардың жоқ екені туралы деректерді қамтуға тиіс; банк шоттары бар болған кезде банк шоттарының барлық қажетті реквизиттері және осы банк шоттарында жатқан қалдықтардың мөлшері көрсетілуге тиіс. Сот орындаушысына жіберілетін мәліметтерде тыйым салу қолданылған ақша сомасы да көрсетілуге тиіс.
3. Сот (сот орындаушысы) банктерден аталған мәліметтерді алғаннан кейін ақша өндіріп алу туралы сот актісін орындау жөніндегі міндет жүктелетін банкті (банктерді) анықтайды және сондай банкке (банктерге) тиісті атқару құжатын не оның сот мөрімен расталған көшірмесін қоса тіркей отырып нұсқау жібереді.
4. Егер сотта (сот орындаушысында) ақша өндіріп алынуға тиіс тұлғаның банк шотында ақшаның бар екені туралы мәлімет бар болса, онда сот орындаушысының тиісті атқару құжаты қоса тіркелген нұсқауы тікелей тиісті банкке орындау үшін ұсынылады.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктердің тұрған жері және олардың бірінші басшыларының деректері көрсетілген банктердің тізімін тоқсан сайын атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның назарына жеткізеді. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен алған тізімді жергілікті соттар мен сот орындаушыларының назарына жеткізеді.
2-тарау. Төлем
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 21-бап толықтырылды; ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 21-бап өзгертілді
21-бап. Төлем
1. Төлем азаматтық-құқықтық мәмiле шарттарының, Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары мен сот шешiмдерiнiң негiзiнде және соларға сәйкес жүргiзiледi.
2. Төлем азаматтық-құқықтық мәмiле шарттарына сәйкес олардың ерiктi негiзде жүзеге асырылуын көздейдi.
3. Төлем Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары мен сот шешiмдерiне сәйкес олардың мiндеттi түрде жүзеге асырылуын көздейдi.
4. Төлем қолма-қол ақшаны пайдалана отырып та, оны пайдаланбай да (қолма-қол жасалмайтын төлем) жүргiзiледi.
4-1. Заңды тұлғалар арасындағы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлем жасалған күні қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын мәмiле бойынша төлемдер қолма-қол ақшасыз төлеу тәртібімен ғана жүзеге асырылады.
22-бап. Қолма-қол ақшаны пайдалана отырып жасалатын төлем
1. Қолма-қол ақша төлеу заңды төлем құралы болып табылатын банкнот және (немесе) тиындар түрiнде қолма-қол ақша беру арқылы жүргiзiледi.
2. Қолма-қол ақша төлеу деген басқаның (басқалардың) алдында осы Заңның 21-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларға байланысты туындаған мiндеттемелерi бар төлемдi жүзеге асыратын тұлғаның (тұлғалардың) (төлеушiнiң) оған банкноттарды және (немесе) тиындарды нақты беруi болып табылады.
3. Қолма-қол ақша төлеу ақша мiндеттемесi орындалып отырған адамға тiкелей не делдал арқылы жасалуы мүмкiн.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 23-бап толықтырылды; 2011.21.07. № 466-ІV ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
23-бап. Қолма-қол жасалмайтын төлем
1. Қолма-қол жасалмайтын төлем:
1) ақша мiндеттемесi не ақша төлеу туралы нұсқау бар төлем құжатын беру не электрондық ақшаны беру;
2) ақша мiндеттемесi не ақша төлеу туралы нұсқау бар төлем құжатын ұсыну;
3) ақша төлеу туралы нұсқау бар төлем құжатын немесе электронды хабар беру арқылы жасалады.
2. Қолма-қол жасалмайтын төлемдi жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен клиенттiң банк шотын пайдалана отырып та, онсыз да жүргiзiлуi мүмкiн.
2011.21.07. № 466-ІV ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24-бап. Төлемнiң аяқталуы
1. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдалана отырып жүргiзiлетiн болса, пайдасына төлем жасалатын адам не пайдасына төлем жасалатын адам уәкiлдiк берген және (немесе) көрсеткен адам ақшаны алған кезде төлем аяқталады.
2. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, ақша аудару арқылы жүргiзiлсе, онда ақша аудару аяқталған сәтте төлем аяқталады.
Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, төлем құжатын беру арқылы жүргiзiлсе, онда пайдасына төлем жасалатын тұлға ақшаны алған сәтте төлем аяқталады.
Егер төлем электрондық ақша беру арқылы жүргізілсе, онда пайдасына төлем жасалатын тұлға электрондық ақшаны алған кезде төлем аяқталады. Қабылданған электрондық ақшаның сомасы туралы, оның басқа тұлға-бенефициардың пайдасына түскенін растайтын ақпараттың электрондық ақша жүйесінде көрсетілуі электрондық ақшаны алу кезі болып табылады.
3. Азаматтық-құқықтық мәмiленiң, еңбек шартының ережелерiнде төлем аяқталуының өзгеше сәтi көзделуi мүмкiн.
25-бап. Санкцияланған және санкцияланбаған төлем
1. Егер төлемдi оны жасауға өкiлеттiгi бар тұлға жасаса және ол Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, ол санкцияланған төлем болып табылады. Төлем ақша аудару арқылы жүзеге асырылған жағдайда да, егер алушы банк нұсқауды санкцияланбаған төлемнен қорғау iс-қимылының белгiленген тәртібін сақтай отырып қабылдаған болса, төлем санкцияланған болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар сақталмай жүзеге асырылған төлем санкцияланбаған болып табылады. Санкцияланбаған төлемге жалған төлем құжаттары немесе жалған төлем құралдары (қолма-қол ақша) пайдаланылған төлемдер де жатады.
26-бап. Санкцияланбаған қолма-қол жасалмайтын төлемнен қорғау
1. Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) нұсқау жөнелтушi мен оны алушы арасындағы шартта белгiленген және жөнелтушiнiң оларды керi қайтарып алу туралы нұсқауларға немесе өкiмдерге бастамашылық болғаны (санкцияланғаны) туралы деректердi тексеруге және ықтимал қателердi анықтауға саятын тиiстi ережелердi орындау санкцияланбаған төлемнен қорғау болып табылады.
2. Қорғау iс-қимылдарының элементi ретiнде уәкiлеттi тұлғаның (тұлғалардың) қолы, мөрлер, алгоритмдер, кодтар (рәмiздер қолданылатын сандық, әрiптiк және аралас), бірегейлендiру сөздерi немесе бірегейлендiру нөмiрлерi, шифрлау, керi қайтарып алу әдiстерi немесе Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де қорғау әдiстерi пайдаланылуы мүмкiн.
27-бап. Санкцияланбаған қолма-қол жасалмайтын төлем бойынша ақшаны қайтару
1. Санкцияланбаған қолма-қол жасалмайтын төлем фактiсi анықталған жағдайда, ақшаны алған тұлға аталған төлем бойынша ақшаны қайтаруға мiндеттi.
2. Санкцияланбаған төлем бойынша ақшаны қайтару тәртібі, мерзiмi мен шарттары жөнелтушi мен алушы банктiң арасындағы шартта және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
3-тарау. Ақша аударымы
28-бап. Ақша аударымының негiздемесi
1. Ақша аударымдары жөнелтушiнiң бенефициар пайдасына ақша аудару туралы алушы банкке берген нұсқауы негiзiнде жүргiзiледi. 2. Заң актілерінде немесе тиiстi шартта көзделген жағдайларда талап нысанындағы нұсқауларды алушы банктiң клиентi болып табылмайтын үшiншi жақ ұсынады.
29-бап. Ақша аударымының негiзгi әдiстерi
1. Ақша аударымы клиринг нәтижелерi бойынша не жөнелтушiнiң әрбір нұсқауын жеке орындау арқылы жүргiзiледi.
2. Клиринг нәтижелерi бойынша ақша аударымы клирингке қатысушылардың қарсы талаптарын есепке алу процесi аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi. Бұл орайда клиринг нәтижелерi бойынша жасалған аударым клирингке қатысушының ақшасын оған қызмет көрсететiн банктен мiндеттi түрде алып қоюды бiлдiрмейдi. Терiс сальдо пайда болған клирингке қатысушы оны өтеу үшiн төлем жасайды.
3. Жөнелтушiнiң әрбір нұсқауын жеке орындау арқылы жасалатын ақша аударымы жөнелтушiнiң басқа нұсқауларынан туындайтын оның құқықтары мен мiндеттемелерiне қарамастан жасалады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 30-бап толықтырылды
30-бап. Ақша аударымы туралы нұсқауды ұсыну әдiстерi
1. Ақша аударымы туралы нұсқауларды орындау үшiн оларды ұсыну мынадай әдiстермен:
1) төлем құжатының қағазға басылған түпнұсқасын ұсыну арқылы;
2) нұсқауды байланыс пен телекоммуникацияның тиiстi электронды арналарын пайдалана отырып, қағазға баспай-ақ электрондық әдiспен беру арқылы жүргiзiледi;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерiнде белгiленген өзге де әдiстермен жүргiзiледi.
2. Нұсқауды электронды әдiспен ұсынуға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейтiн талаптар сақталған жағдайда ғана жол берiледi. Мұндай талаптар болмаған жағдайда банк тәжiрибесiнде қабылданған бір iзге түсiрiлген ережелер және (немесе) iскерлiк айналымындағы ресiмдерi қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында тек қана қағазға басу көзделген нұсқауларды электронды әдiспен ұсынуға тыйым салынады.
4. Егер жөнелтушi алушы банктiң клиентi болса, жөнелтушiнiң алушы банкке ақша аудару туралы нұсқауын ұсыну әдiстерi, тәртібі мен ережелерi олардың арасында жасалған шартта көрсетiледi. Егер жөнелтушi алушы банктiң клиентi болмаса, нұсқауды ұсыну осы Заңның нормаларына және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің соған сәйкес қабылданған нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес жүргiзiледі.
31-бап. Ақша аударымы кезiнде нұсқауды қабылдау уақыты
1. Алушы банк нұсқауларды және оларды керi қайтарып алу не олардың орындалуын тоқтату туралы өкiмдердi қабылдауды өзi белгiлеген операциялық күннiң iшiнде ғана жүзеге асырады.
2. Егер нұсқау не оны керi қайтарып алу не олардың орындалуын тоқтата тұру туралы өкiм операциялық күн аяқталған соң алынған болса, алушы банк мұндай нұсқауды немесе өкiмдi келесi операциялық күннiң басында алған болып есептеледi.
32-бап. Ақша аударымы кезiнде жөнелтушi мен алушы банк арасындағы хабар алмасу
1. Ақша аударымын жүзеге асырған кезде жөнелтушi мен алушы банк мыналарды қамтитын хабарлар алмасады:
1) нұсқауды акцептеу не акцептеуден бас тарту туралы ақпарат;
2) нұсқауды орындау туралы ақпарат;
3) қате нұсқаулар туралы ақпарат;
4) нұсқауды керi қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы ақпарат;
5) ақша аударымына қатысты басқа да мәлiметтер.
2. Жоғарыда аталған хабарларды алмасу нысандары мен әдiстерi, егер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өзгеше белгiлемесе, жөнелтушi мен алушы банк арасындағы шартта белгiленедi.
33-бап. Ақша аударымы туралы қате нұсқаулар
Жөнелтушiнiң ақша аударымы туралы жiберген нұсқауы, егер онда:
1) одан бұрынғы жөнелтушiден алынған нұсқаудың реквизиттерiне сәйкес келмейтiн реквизиттер болса;
2) ол қайталап берiлсе, қате болып табылады.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен 34-бап толықтырылды (бұр. ред. қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
34-бап. Аударым жасау кезiнде ақшаны қайтару
1. Аударым жасау кезiнде ақшаны қайтару:
1) ақша аудару арқылы жүзеге асырылатын төлемнiң санкцияланбау фактiсi анықталған;
2) ақша жалған төлем құжаты негiзiнде аударылған;
3) қате берiлген нұсқау орындалған жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Бенефициар банк қате нұсқау бойынша ақшаны қайтаруды бенефициардың ақша қате есепке жатқызылған банк шотынан ақшаны акцептсіз алып қою жолымен жүзеге асырады.
3. Бенефициар банк қате нұсқау бойынша ақшаны қайтаруды бенефициардың банк шотындағы ақша есебінен, оның ішінде, егер банк шоты бойынша уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның банк шотындағы ақшаға тыйым салу және (немесе) банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімі және (немесе) белгіленбеген мерзімдерде орындалуға жататын орындалмаған нұсқаулар болған жағдайда жүзеге асырады.
4. Бенефициардың банк шотында ақша жеткіліксіз болған не ақша болмаған жағдайда қате нұсқау бойынша ақшаны қайтаруды қате нұсқауға жол берген жөнелтуші Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде өз ақшасы есебінен жүзеге асырады.
5. Ақшаны қайтару санкцияланбаған немесе қате нұсқау орындалған күннен бастап үш жыл өткеннен кейін жүргізілмейді.
6. Ақшаны қайтарған кезде ақша аударуға қатысушы әрбiр жөнелтушiнiң (оның iшiнде делдал банктiң) осындай ақша аударымына байланысты және ақшаны қайтару салдарынан шеккен нақты шығыстарды өтетуге құқығы бар.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен; 2009.28.08. № 192-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 35-бап өзгертілді
35-бап. Ақша аударымы кезiнде нұсқауды керi қайтарып алу және нұсқаудың орындалуын тоқтата тұру
1. Акцептелмеген нұсқау акцепт жасау мерзiмi аяқталғанға дейiн керi қайтарып алынуы мүмкiн.
2. Нұсқаудың орындалуын тоқтата тұру немесе акцептелген нұсқауды керi қайтарып алу оны алушы банк орындағанға дейiн ғана мүмкiн болады.
3. Акцептелген және акцептелмеген нұсқауды керi қайтарып алуды, сондай-ақ нұсқаудың орындалуын тоқтата тұруды оның бастамашысы алушы банкке тиiстi өкiм жiберуi арқылы жүзеге асырады. Басқа жөнелтушiлер мұндай өкiмдi өзiнен бұрынғы жөнелтушiден не оған заңмен не шартпен уәкiлдiк берiлген үшiншi жақтан алған осындай өкiм болғанда ғана жiберуге құқылы. Мұндай өкiмнiң орындалу мерзiмi, сондай-ақ оны беру әдiстерi шартпен және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
4. Мұндай өкiмдер элекронды әдiспен жiберiлген жағдайда мұндай өкiмдi жөнелтушi мен оны алушының арасындағы шартта белгiленген қорғау iс-қимылының тәртібін сақтау қажет.
5. «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда, сондай-ақ егер алушы банкке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес уәкiлеттi мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның ақша жөнелтушiнiң немесе алушы банктің банк шотындағы ақшасына тыйым салу немесе банк шотындағы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешiмi, сондай-ақ уәкiлеттi мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның ақша жөнелтушiнiң ақшасын алып қою туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес акцептелген нұсқаудан бұрын орындалуға тиiстi шешiмi ұсынылса, акцептелген нұсқауды орындау тоқтатыла тұруға тиiс. Алушы банк жоғарыда аталған негiздемелер бойынша нұсқауды орындауды тоқтата тұруға байланысты залалдар үшiн жауап бермейдi.
36-бап. Ақша аударымын аяқтау
Ақша аударымы:
бенефициардың пайдасына ақша түскен кезде оның банк шоты бойынша бухгалтерлiк жазба жасалған;
егер бенефициардың банк шоты болмаса, бенефициардың банкi бенефициарға қолма-қол ақшаны нақты берген;
осы Заңның 17-бабының 3-тармағында көзделген есепке алу жүргiзiлген; банк клиентiнiң пайдасына ақша қабылданғанын көрсететiн өзге шот бойынша бухгалтерлiк жазба аяқталған кезден бастап аяқталды деп есептеледi.
2011.21.07. № 466-ІV ҚР Заңымен 3-1-тараумен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
3-1-тарау. Электрондық ақша
2012.12.01. № 538-ІV ҚР Заңымен 36-1-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
36-1-бап. Электрондық ақшаны шығару және өткізу
1. Электрондық ақша шығаруды эмитент өзіне қабылдайтын міндеттемелердің номиналдық құнына тең ақша сомасында жеке тұлғалардан немесе агенттерден ақша алғаннан кейін растама бере отырып, жүзеге асырады.
Эмитент өзі шығарған электрондық ақшаны оның теңгедегі номиналдық құнына сәйкес өтеу жөнінде шартсыз және қайтарылмайтын ақшалай міндеттеме қабылдайды.
2. Эмитент электрондық ақшаны шығару кезінде комиссиялық сыйақы, сондай-ақ шарттың талаптарына сәйкес эмитент көрсететін қосымша қызметтер үшін ақы алуға құқылы.
3. Мыналар:
1) эмитенттен, агенттен немесе өзге де жеке тұлғалардан электрондық ақша алған жеке тұлғалар;
2) агенттер;
3) азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемақы ретінде жеке тұлғалардан электрондық ақша алған дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар электрондық ақша иелері болып табылуы мүмкін.
Электрондық ақша иесінің құқықтары электрондық ақшаны алған сәттен бастап туындайды.
4. Электрондық ақша эмитентінің және иесінің - жеке тұлғаның арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес олардың арасында жасалған шарт негізінде туындайды.
5. Эмитент пен жеке тұлға арасында жасалатын шартта:
1) эмитенттің атауы, орналасқан жері және банктік деректемелері;
2) электрондық ақша шығару не сатып алу талаптары;
3) электрондық ақшаны пайдалану үшін белгіленетін шектеулерді қоса алғанда, электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру талаптары;
4) электрондық ақша иесінің электрондық ақшаны пайдалана отырып, операциялар жүргізуге арналған құқықтарын куәландыру тәртібі;
5) иесінің электрондық ақшаны өтеуге ұсыну тәртібі мен тәсілдері және оны өтеу тәртібі;
6) операцияларды жүргізу үшін электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық ақша эмитенті және иесі арасында ақпарат алмасу тәртібі, оның ішінде эмитентке электрондық тасығыштың жоғалғаны немесе оны уәкілетті емес тұлғаның пайдаланғаны туралы хабарлау тәртібі мен мерзімдері;
7) электрондық ақша иесінің электрондық ақшаны пайдалану жөніндегі өтінішін қарау тәртібі, сондай-ақ электрондық ақшаны пайдалану кезінде туындайтын дауларды шешу тәртібі;
8) комиссиялық сыйақы төлеу, сондай-ақ қосымша қызметтер көрсеткені үшін ақы төлеу мөлшері және тәртібі;
9) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
10) тараптардың өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісті дәрежеде орындамағаны үшін жауапкершілігі;
11) шартты өзгерту және бұзу тәртібі, сондай-ақ оны қолдану мерзімі қамтылуы тиіс.
Тараптардың келісімі бойынша шартқа өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
6. Эмитент тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен асатын сомаға электрондық ақша шығарылған жағдайда электрондық ақша иесін сәйкестендіруді жүзеге асыруға міндетті.
Электрондық ақша иесі - жеке тұлғаны сәйкестендіру үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
1) жеке басын куәландыратын құжат;
2) салық төлеушінің куәлігі.
7. Эмитенттер Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын электрондық ақша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана номиналдануы (көрсетілуі) тиіс.
8. Жеке тұлғаларға электрондық ақшаны өткізуді не жеке тұлғалардан электрондық ақшаны сатып алуды тараптардың құқықтары мен міндеттері, электрондық ақшаны өткізу және сатып алу тәртібі мен талаптары айқындалатын эмитентпен жасалған шарт негізінде агент жүзеге асырады.