Ақша төлемi мен аударымы туралы
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы № 237-I Заңы
(2012.21.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2012 жылғы 5 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
ҚР 2012 жылғы 21 маусымдағы № 19-V Заңын (күшіне енетін мерзімін қара)
Түпнұсқада мазмұны жоқ
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар
1. Осы Заң, почта байланысы ұйымдарының ақша аударуды жүзеге асыруға байланысты қатынастарын қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
2. Қазақстан Республикасы банктерiнiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың және шетел банктерiнiң (қаржы институттарының) жүзеге асыратын ақша төлемдерi мен аударымына байланысты қатынастары олардың арасындағы шарттармен және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерiмен реттеледi. Егер аталған ақша төлемi мен аударымы жөніндегі iс-әрекеттер Қазақстан Республикасында болып жатса, мұндай қатынастар аталған шарттармен және Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтiн бөлiгiнде банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлермен реттеледi.
2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастардың туындау негiздерi
Осы Заңмен реттелетiн қатынастар:
азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем жасау шарттарына сәйкес ақша төлемi мен (немесе) аударымын;
банктiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның (бұдан әрi - банктер) клиентiнiң тапсырмасы бойынша, мұндай тапсырмалар азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем шарттарын орындаумен байланысты болмаса, ақша аударымын;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн мiндеттi ақша төлемiн және (немесе) аударымын жүзеге асырған кезде туындайды.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен 3-бап толықтырылды; 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 466-ІV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-бап өзгертілді
3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақша аударымы - алушы банктердің төлемді жүзеге асыруға немесе өзге мақсаттарға байланысты жөнелтушілердің ақша беру туралы нұсқауларын дәйектілікпен орындауы;
2) ақша аударымының бастамашысы (бұдан әрі - бастамашы) - ақша аудару туралы нұсқауды орындауға алғаш ұсынған тұлға;
3) ақша жөнелтуші - ақша төлемі және (немесе) аударымы соның есебінен жүзеге асырылатын тұлға;
4) ақша төлеміне және (немесе) аударымына қатысушылар - ақша төлемі және (немесе) аударымы жөнінде құқықтары және (немесе) міндеттері бар жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;
5) алушы банк - ақша аудару не ақша төлеу туралы нұсқау жіберілетін банк;
6) банк шотын тікелей дебеттеу - ақша жөнелтушіден ақшаны алып қою және ақша жөнелтушінің осы алып қою туралы белгілі бір уақыт кезеңі ішінде және (немесе) белгілі бір ақша сомасының шегінде қолданылатын алдын ала рұқсатының негізінде оны бенефициардың пайдасына беру жүргізілетін төлемді жүзеге асыру тәсілі;
7) бенефициар - ақша аударған кезде, сондай-ақ ақша аудармай-ақ жүзеге асырылатын қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде тапсырмада не талапта ақша алушы ретінде көрсетілген тұлға;
8) бенефициар банкі - жөнелтушімен жасалған шарттың талаптарына және (немесе) жөнелтушінің нұсқауына сәйкес бенефициардың пайдасына түсетін ақшаны қабылдауға және (немесе) нұсқауда не жөнелтушімен жасалған шартта көзделген өзге де іс-қимылдарды орындауға тиісті банк;
9) делдал банк - ақша жөнелтушінің банкі және бенефициар банкі болып табылмайтын ақша аударымына кез келген қатысушы банк;
10) жөнелтуші - ақша төлеміне және (немесе) аударымына байланысты нұсқауды жөнелтетін, сонымен бірге ақша жөнелтуші, бастамашы немесе бенефициар болуы мүмкін тұлға;
11) инкассалық өкім - ақша жөнелтушінің банк шотынан оның келісімінсіз ақшаны алып қою үшін пайдаланылатын төлемді жүзеге асыру тәсілі;
12) клиринг - клирингтік ұйым жүзеге асыратын, клирингке қатысушылардың қарсы талаптарын жинау, салыстыру, сұрыптау мен есепке жатқызу және кейіннен олардың таза позицияларын (сальдо) айқындау процесі, сондай-ақ банктің өз клиенттері арасындағы қарсы талаптар бойынша көрсетілген іс-қимылдарды орындауы;
13) микропроцессорлық төлем карточкасы - тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) қолма-қол ақшасыз ақы төлеу, қолма-қол ақша алу, валюта айырбастауды және төлем карточкасының эмитенті айқындаған және оның шарттарымен басқа да операцияларды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын, сондай-ақ карточканы ұстаушыға қажетті ақпараты бар интегралдық микросхемалы төлем карточкасы;
14) нұсқау - жөнелтушінің алушы банкке ақша аудару не төлеу туралы шартқа немесе заңға орай берілетін бұйрығы. Нұсқаулар тапсырма нысанында не талап нысанында жасалады;
15) операция күні - банк ақша аудару туралы нұсқауларды және клиенттерден түскен осындай нұсқауларды тоқтата тұру не кері қайтару туралы өкімдерді қабылдауды және олардың пайдасына ақша аударуды жүзеге асыруға байланысты хабарларды беруді жүзеге асыратын уақыт кезеңі;
16) өндіріп алушы - шартқа немесе заңға орай алушы банктің ақша жөнелтушінің келісімінсіз-ақ орындауына жататын ақша өндіріп алу туралы талап қоюшы тұлға;
17) төлем - ақша міндеттемесін қолма-қол ақшаны пайдалана отырып немесе оны пайдаланбай, ақша аудару немесе ішінде ақша міндеттемесі не ақша төлеу туралы бұйрығы бар төлем құжатын беру не электрондық ақша беру;
18) төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесі - төлем карточкалары бойынша банкаралық операцияларға қызмет көрсету жүйесі, оны басқаруды жүйеге қатысушы банктер арнайы құрған, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалатын жалпыұлттық міндеттерді іске асыру үшін микропроцессорлық карточкалар технологияларын қолдана отырып, электрондық тәсілмен қажетті ақпаратты сақтауды, өңдеуді және беруді қамтамасыз етуге де қабілетті ұйым жүзеге асырады;
19) төлем карточкасы - электронды терминалдар немесе өзге құрылғылар арқылы ақшаға қол жеткізу құралы, онда мұндай карточканы ұстаушыға төлемдерді жүзеге асыруға, қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға және төлем карточкасының эмитенті айқындаған және оның шарттарымен басқа да операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін ақпарат болады;
20) төлем тапсырмасы - нұсқауда айқындалған ақша сомасын бенефициардың пайдасына аудару туралы нұсқауды жөнелтушінің алушы банкке ұсынуын көздейтін ақша төлемін және (немесе) аударымын жүзеге асыру тәсілі;
21) төлемдік талап-тапсырма - төлемді жүзеге асыру тәсілі, бұл ретте ақша жөнелтушінің банкіне ақша жөнелтушіге аталған талапты растайтын құжаттар негізінде және олар қоса беріле отырып, мұндай талапта көрсетілген сомада ақша төлеу туралы жөнелтушінің талабы қойылады;
22) төлем құжаты - ақша төлемі мен аударымын жасауға негіз болатын немесе көмектесетін құжат;
23) чек - чек беруші мен алушы банк арасындағы шартқа негізделген, ішінде чек берушінің алушы банкке осы бұйрықта көрсетілген ақша сомасын чек ұстаушыға төлеуі туралы жазбаша бұйрығы бар төлем құжаты;
24) чек беруші - чек жазып берген адам;
25) чек ұстаушы - пайдасына чек жазылған адам, оның ішінде, егер чек беруші чекті өз атына жазса, ол да чек ұстаушы болады.
4-бап. Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңдары
Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
5-бап. Ақша
1. Ақша төлем мен қор жинау құралы болып табылады және құн өлшемi ретiнде қызмет етедi.
2. Ақша ақша белгiлерi (қолма-қол ақша) нысанында не банктер клиенттерiнiң банк шоттары бойынша жазба түріндегі банктердiң ақшалай мiндеттемелерi нысанында болады.
3. Ақша белгiлерi атаулы құны (номиналы) бар банкнот және тиындар түрiнде шығарылады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 6-бап жаңа редакцияда; ҚР 09.07.03 ж. № 482-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 69-III (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Банк шоттары
1. Банк шоты - банк пен клиент арасында ақша қабылдау және (немесе) клиентке банктiк қызмет көрсету жөніндегі шарттық қатынастарды көрсету тәсiлi.
Банк шоттары банк пен клиент арасында банк шотының шарты және (немесе) банктiк салым шарты жасалған кезде ашылады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Банкке:
1) клиентіне оның осы банкте ашылған банк шотына салық қызметі органдарының салық төлеушінің банк шоты бойынша инкассалық өкімдері немесе шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдері қойылған болса, жаңа банк шотын ашуға;
2) әрекетсіз салық төлеушілерге банк шотын ашуға тыйым салынады.
2. Банк шоттары жеке және заңды тұлғалардың, заңды тұлғалардың оқшауланған бөлiмшелерiнiң ағымдағы және жинақ шоттары, сондай-ақ банктердiң корреспонденттiк шоттары болып бөлiнедi.
2-1. Ағымдағы шот - банк шотының шарты негiзiнде банктiң клиентке ашатын банк шоты, ол бойынша:
1) клиент ақшасының болуын қамтамасыз етуге және банктiң оны пайдалануына;
2) клиенттiң пайдасына ақша қабылдауға (есептеуге);
3) банк шотының шартында көзделген тәртiппен үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы клиенттiң өкімін орындауға;
4) Қазақстан Республикасының заң актілерінде және (немесе) шартта көзделген негiздер бойынша клиенттiң ақшасын алып қою туралы үшiншi тұлғалардың өкімін орындауға;
5) банк шотының шартында белгiленген тәртiппен клиенттен қолма-қол ақша қабылдауды және оған берудi жүзеге асыруға;
6) банк шотының шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;
7) клиенттiң талап етуi бойынша банк шотының шартында көзделген тәртiппен клиенттiң банктегi ақшасының сомасы және жасалған операциялар туралы ақпарат беруге;
8) клиентке шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында және банк тәжiрибесiнде қолданылатын iскерлiк айналым дағдыларында көзделген өзге де банктiк қызмет көрсетудi жүзеге асыруға байланысты операциялар орындалады.
Жинақ шоты - банк салымының шарты негiзiнде:
1) клиентке тиесiлi ақшаның (салымның) болуын қамтамасыз етуге және банктiң оны пайдалануына;
2) клиенттен немесе үшiншi тұлғалардан ақшаны қолма-қол да, қолма-қол емес те тәсiлмен қабылдауды жүзеге асыруға;
3) банк салымының шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;
4) клиентке ақшаны (салымды) банк салымы шартында және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, оның iшiнде оны клиенттiң басқа банк шотына аудару арқылы қайтаруға байланысты операцияларды орындау үшiн банктiң клиентке ашатын банк шоты.
Корреспонденттiк шот - корреспонденттiк шот шарты бойынша банкке басқа банктен ашылған, банктiң және оның клиенттерiнiң банк операциялары жүзеге асырылатын банктiк шот.
3. Осы баптың 2-1-тармағында аталған операцияларды жүргiзуге болмайтын шоттар, сондай-ақ банктердегi бухгалтерлiк есептiң позицияларын көрсететiн шоттар, баланстық шоттардың құрамдас бөлiктерi болып табылатын жеке шоттар (қосалқы позициялар), соның iшiнде несие шоттары банк шоттары болып табылмайды.
4. Клиенттердiң банктегi ақшасынан өндiрiп алынатын жағдайда, мұндай өндiрiп алу клиенттердiң банк шоттарынан ғана жүргiзiледi.
Банктердiң корреспонденттiк шоттарындағы ақшаны өндiрiп алу банктердiң өз мiндеттемелерi бойынша ғана жүргiзiледi.
Клиент пен оған қызмет көрсететiн банктiң арасында қолма-қол жасалмайтын төлемдердi жүзеге асыру ережесін бекіту туралы ҚР Ұлттық банкі басқармасы 25.11.00 ж. № 433 Қаулысын қараңыз
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара); 2011.21.07. № 466-ІV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-бап өзгертілді
7-бап. Ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi
1. Қазақстан Республикасының аумағында ақша төлемi мен аударымын жүзеге асырудың мынадай тәсiлдерi қолданылады:
1) қолма-қол ақшаны табыстау;
2) төлем тапсырмаларын көрсету;
3) чектер беру;
4) вексельдер беру немесе оларды индоссамент бойынша табыстау;
5) төлем карточкаларын (оның iшiнде микропроцессорлық төлем карточкаларын) пайдалану;
5-1) электрондық ақшаны беру;
6) банк шотын тiкелей дебеттеу;
7) төлемдiк талап-тапсырмаларды көрсету;
8) инкассалық өкiмдердi көрсету;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдер.
2. Ақша төлемi мен (немесе) аударымын жүзеге асыру тәсiлдерiн қолдану ережелерi мен ерекшелiктерi және нұсқаулардың мазмұнына қойылатын негiзгi талаптар заң актілерінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленедi.
8-бап. Төлем тапсырмасы
Жөнелтушi мен алушы банктiң арасындағы төлем тапсырмасын пайдалануға байланысты құқықтар мен мiндеттер олардың арасындағы шартта белгiленедi, ал олардың iс жүзiнде iске асырылуы алушы банкке төлем тапсырмасын көрсеткен кезден бастап туындайды. Алушы банк осындай нұсқауды алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Алушы банк төлем тапсырмасын акцептеген жағдайда жөнелтушiнiң акцептелген төлем тапсырмасының орындалуы жөнiнде талап ету құқығы туындайды.
9-бап. Чек
1. Чек беру - төлемдi жүзеге асыру тәсiлi, бұл орайда төлем чек берушiнiң чек ұстаушыға аттас төлем құжатын беруi арқылы жасалады.
2. Чек беру чек берушiнiң орындау үшiн осы чек жазып берiлген ақша мiндеттемесiнiң орындалуы болып табылмайды. Аталған мiндеттеме чек бойынша ақша алынған кезде орындалады.
3. Чектер жабылған және жабылмаған чектер болып бөлiнедi. Чек берушi банкке алдын ала енгiзген депозитпен қамтамасыз етiлген чектер жабылған чектер болып табылады. Депозитпен алдын ала қамтамасыз етiлмеген чектер жабылмаған чектер болып табылады. Чектерде олардың төлемi жөнiнде, оның iшiнде жабылмаған чектер бойынша банктiң кепiлдемесi болуы мүмкiн.
4. Чектi пайдалануға байланысты чек берушi мен банктiң құқықтары мен мiндеттерi чек берушi мен банктiң арасындағы чектердi пайдалану туралы шарт негiзiнде туындайды. Чек ұстаушының құқықтары чек берушiден алған кезден бастап туындайды.
Аталған құқықтар мен мiндеттер чек берушi чектi берген кезден бастап iске асырылады.
Чек ұстаушыда чекте көрсетiлген сомадағы ақшаны чек берушiнiң банкiнен талап ету құқығы пайда болады. Чек ұстаушы ұсынған чектi чек берушiнiң банкi төлейдi не оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген мерзiмде және осы Заңның 18-бабында белгiленген негiздер бойынша төлеуден дәлелдi түрде бас тартады.
10-бап. Вексель
Вексельдердi төлем тәсiлi ретiнде қолдану Қазақстан Республикасының вексель айналысы туралы заңдарымен реттеледi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 11-бап өзгертілді; ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 11-бап өзгертілді
11-бапқа өзгерістерді қара - 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңы (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі)
11-бап. Төлем карточкасы
1. Төлем карточкасын оның ұстаушысы төлемдi жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ оның эмитентi белгiлеген шарттарда қолма-қол ақшаны алу, валюта айырбастау және басқа операциялар үшiн қолданады.
2. Төлем карточкасының эмитентi болып табылатын банкпен немесе сондай эмитентпен шарт жасасқан банкпен, не эмитентпен шартсыз төлем карточкаларына қызмет көрсететiн банкпен тиiстi келісім жасасқан сауда (қызмет көрсету) ұйымдарында ғана төлем карточкасы пайдаланылуы мүмкiн.
2-1. Санаттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн сауда (қызмет көрсету) ұйымдары Қазақстан Республикасының аумағында сауда операцияларын жүзеге асыру (қызметтер көрсету) кезiнде төлемдердi төлем карточкаларын пайдалана отырып қабылдауға мiндеттi.
3. Төлемге қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалануға байланысты құқықтары мен мiндеттерi сауда (қызмет көрсету) ұйымы ұсынылған төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдi қабылдау туралы келісім берген кезден бастап туындайды.
Сауда (қызмет көрсету) ұйымының осы ұйыммен төлем карточкаларына қызмет көрсету туралы келісім жасасқан банкке қатысты аталған ұйым қабылдаған төлем сомасында ақша талап ету құқығы туындайды. Аталған банктiң сауда (қызмет көрсету) ұйымының ақша талап етуiн орындау мiндетi туындайды.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен 11-1-баппен толықтырылды
11-1-бап. Төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесi
Төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесiнiң жұмыс iстеуiне және төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесiнiң арнайы ұйымының қызметiне қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 12-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда
12-бап. Банк шотын тiкелей дебеттеу
1. Банк шотын тiкелей дебеттеу арқылы төлем жасау ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында жасалған шарт негiзiнде жүзеге асырылады, осыған сәйкес ақша жөнелтушi жеткiзiлген тауар, орындалған жұмыс не көрсетiлген қызмет үшiн бенефициардың жоғарыда көрсетілген шартқа тиiстi құжаттарды қоса тiркеп, талап етуi негiзiнде өзiнiң банк шотынан ақша алуға келісім бередi.
2. Ақша жөнелтушiнiң және оның банкінің банк шоттарын тiкелей дебеттеу жағдайында төлемдi жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен мiндеттерi ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында тиiстi шарт жасалған кезден бастап туындайды. Банкте аталған шартта көзделген ақша сомасы және (немесе) уақыт кезеңi шегiнде клиенттiң банк шотына қойылатын үшiншi жақтың талаптарын орындау мiндетi туындайды.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен; 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 13-бап өзгертілді
13-бап. Төлемдiк талап-тапсырма
1. Ақша жөнелтушінің банкі төлемдік талап-тапсырманы осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ақша жөнелтушінің акцепті болғанда ғана орындауға тиіс.
Банктер ақша жөнелтушінің акцептін талап етпейтін төлемдік талап-тапсырманы жасалған банктік қарыз шартына, кредиттік желі ашу туралы келісімге және қарыз операциясының не кепілдік берудің фактісін растайтын өзге де құжатқа сәйкес қарыз алушының банк қарызы бойынша мерзімі өткен берешегі болған жағдайда, берешекті қарыз алушыдан, кепілден өндіріп алу үшін қолданады және ол ақша жөнелтушінің өзінің банк шотынан акцептсіз ақшаны алып қоюға келісімі бар құжаттар қоса тіркеліп, ақша жөнелтуші банкке беріледі.
Ақша жөнелтушінің акцептін талап етпейтін талап-тапсырма негізінде ақшаны алып қоюдың негізділігі үшін өндіріп алушы жауаптылықта болады.
Төлемдік талап-тапсырмаларды беру, сондай-ақ ақшаны алып қоюдың негізділігін растайтын құжаттардың түпнұсқаларын не көшірмелерін қоса тіркеу қажеттігі туралы талап ету тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2. Төлемдiк талап-тапсырмаларды пайдалана отырып төлем жасаған кездегi құқықтар мен мiндеттер ақша жөнелтушiнiң банкiне оны ұсынған кезден бастап туындайды. Ақша жөнелтушiнiң банкi төлемдiк талап-тапсырманы алған күннен кейiнгi жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ақша жөнелтушi банкке ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпейтiн төлемдiк талап-тапсырма қойылған жағдайларды қоспағанда алынған төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушiге акцептеуi үшiн беруге тиiс. Ақшаны жөнелтушi төлемдiк талап-тапсырманы алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушi не ақша жөнелтушi банк акцепттеген жағдайда, егер талап-тапсырма ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпесе, төлемдiк талап-тапсырманы жiберушiде оны орындау жөнiнде талап ету құқығы пайда болады.
29.03.00 ж. № 42-II; 09.07.03 ж. № 482-II (бұрынғы ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (бұрынғы ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара); 2010.02.04. № 262-IV (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 14-бап өзгертілді
14-бап. Инкассалық өнiм
1. Клиенттiң банк шотындағы ақшасын оның келісімiнсiз алып қою инкассалық өкiмдер пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген негiздер бойынша және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген кезектiлiктiң сақталуын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Бастамашы ақша жөнелтушiнiң банкiне, салық қызметi органдары мен кеден органдарының инкассолық өкiмдерi табыс етiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген нормалар негiзiнде осы өндiрiп алудың негiздiлiгiн растайтын атқарушы құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса тiркей отырып, инкассалық өкiм табыс етедi. Құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса тiркеу қажеттiгi туралы талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
Салық қызметi органдарының мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алуға инкассолық өкiмдерi пайдасына берешек өндiрiлiп алынатын жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының тiзiмдерiмен қоса банктерге табыс етiледi.
3. Инкассалық өкiмде төлемнiң мақсаты көрсетiледi және ақша жөнелтушiнiң келісімiнсiз ақшаны алып қою құқығын көздейтiн заң актiсiне сiлтеме жасалады.
Ақша жөнелтушінің банк шотында ақша жеткіліксіз болған кезде салық қызметі органдарының салық берешегін өндіріп алу туралы, жеке сот орындаушыларының және атқарушылық іс жүргізу органдарының атқару құжаттары бойынша инкассолық өкімін орындау мұндай шотқа ақшаның түсуіне қарай жүргізіледі.
4. Бастамашы ақша жөнелтушiнiң банкiне инкассалық өкiмдi ұсынған кезден бастап төлем жасауға қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi туындайды. Ақша жөнелтушiнiң банкi осындай нұсқауды алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде жазбаша бас тартуға тиiс. Ақша жөнелтушiнiң банкi инкассалық өкiмдi акцептеген жағдайда инкассалық өкiмдi жөнелтушiнiң оны орындауды талап ету құқығы пайда болады.
5. алып тасалды
6. Ақша жөнелтушiнiң келісімiнсiз ақшаны алып қоюдың негiздiлiгi үшiн өндiрiп алушы жауапты болады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 15-бап жаңа редакцияда
15-бап. Инкассолық өкiм берiлген кезде пайдаланылатын құжаттар
Ақша жөнелтушiнің келісімiнсiз ақшаны алып қоюға берiлген инкассолық өкiм соттың шешiмдерi, үкiмдерi, ұйғарымдары және қаулылары бойынша берiлетiн атқару парақтары немесе бұйрықтары не ақшаны өндiрiп алу туралы сот бұйрығы негiзiнде берiледi.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 16-бап өзгертілді
16-бап. Нұсқау акцептi
1. Тапсырма нысанындағы нұсқау акцептi алушы банктiң жөнелтушiнiң (клиенттiң) тапсырмасын орындауға келісім бергенiн бiлдiредi.
Талап нысанындағы нұсқау акцептi ақша жөнелтушiнiң және (немесе) алушы банктiң бастамашының талабын орындауға келісім бергенiн бiлдiредi.
2. Нұсқау акцептi осы акцептiң жасалғанын немесе алушы банктiң нұсқауда белгiленген жөнелтушiге немесе оның тапсырмасы бойынша үшiншi жаққа ақша сомасын төлегенiн тiкелей көрсететiн төлем құжатына жазу немесе белгi қою арқылы көрсетiлуi мүмкiн.
Нұсқау акцептi қол қою немесе мөр таңбасы (егер бар болса) түрiнде де көрсетiлуi мүмкiн.
3. Егер нұсқау акцептi төлем құжатына жазу немесе белгi қою не қол қою және оның мөр таңбасын (егер бар болса) түсiру жолымен жасалған болса, аталған жазбаларда немесе белгiлерде олардың жасалған күнi және уақыты болуға тиiс.
4. Егер шарттың немесе Қазақстан Республикасы заңдарының ережелерi бойынша акцепт iс-қимылмен не өзге әдiстермен көрсетiлуге тиiс болса, нұсқау тиiстi жазбасыз-ақ акцептелуi мүмкiн.
5. Осы Заңның 38-бабында және Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, нұсқау акцептi не оны акцептеуден бас тарту нұсқауды алған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жасалуға тиiс.
17-бап. Нұсқауды акцептеген кезде туындайтын құқықтар мен мiндеттер
1. Алушы банк тапсырманы акцептегенге дейiн оны жөнелтушi алушы банк тапсырманы акцептегеннен кейiн оны орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi. Клиринг нәтижелерi бойынша ақша аударымын жүзеге асырған кезде жөнелтушi егер онда терiс сальдо пайда болған жағдайда ғана, өзiнiң тапсырмасын орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi.