Осы редакция 2012 жылғы 29 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 6 мамырдағы
№ 425 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен ереже өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2012.18.02. № 237 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күнтізбелік күн өткен соң, бірақ 2012 жылдың 30 қаңтарынан ерте емес қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) салуға және қолданыстағыларын қайта жаңартуға
(қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) рұқсат беру рәсімдерінен өту
қағидалары
(2012.18.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) салуға және қолданыстағыларын қайта жаңартуға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) салу және қолданыстағыларын қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) рәсімдерінен өтудің бірыңғай тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қайта жабдықтау - әдетте, үй-жайдың (үй-жайлардың) функционалдық мақсатын өзгертуге, тіршілікті қамтамасыз ету, пайдалану, қандай да бір өнімдер шығару, қызмет көрсету және тағы сол сияқтылар үшін қажетті технологиялық және (немесе) инженерлік жабдықтардың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауыстыруға байланысты оны (оларды) өзгерту;
2) қайта жаңарту — әдетте, өзгеретін объектіні жаңарту және жаңғырту қажеттілігіне байланысты жекелеген үй-жайларды, ғимараттың өзге де бөліктерін немесе тұтастай ғимаратты өзгерту;
3) қайта жоспарлау - осы үй-жайдың (осы үй-жайлардың) шекарасын өзгертумен ұштасқан үй-жайдың (үй-жайлардың) жоспарын өзгерту;
4) объектілер (құрылыс объектілері, олардың кешендері) - ғимараттар, сондай-ақ ауқымды, жайпақ және желілік құрылыстар:
тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы;
инженерлік желілерді қоса алғанда, коммуналдық мақсаттағы;
автомобиль мен темір жолдары және олардың инфрақұрылымдары;
әуе және су көлігі;
көпірлер, жол құбырлары, тоннельдер, өнім құбырлары және инженерлік құрылыстары бар электр беру желілері;
телекоммуникациялық және ғарыштық байланыс;
атом энергетикасына арналған ғимараттар мен құрылыстарды қоса алғанда, энергетика;
кен өндіру өнеркәсібіне арналған ғимараттар мен құрылыстарды қоса алғанда, өнеркәсіп;
ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, ирригациялық және (немесе) гидротехникалық мақсаттағы;
қорықтардағы, қаумалдардағы, балық питомниктеріндегі, орман, аңшылық және басқа да алқаптардағы тұрғын, өндірістік және қосалқы шаруашылық мақсаттағы;
әскери қалашықтардағы және арнайы әскери технологиялық кешендердегі.
Қолданыстағы ғимараттардың (құрылыстардың) қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жүргізу межеленіп отырған үй-жайлары (жекелеген бөліктері) да объектілерге жатқызылады;
5) өтініш беруші - өзінің мақсаты үшін (тұру, қызметтер көрсету, өнімдер шығару, пайда табу және тағы сол сияқтылар үшін) қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын немесе жекелеген бөліктерін салуды жүзеге асыруға не қайта жаңарту, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау жүргізуге ниеті бар мүдделі жеке немесе заңды тұлға (меншік иесі, тапсырыс беруші, құрылыс салушы);
6) рұқсат беретін құжаттар - өтініш берушіге ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) салу немесе қолданыстағыларын өзгерту жөнінде өзінің ойын іске асыруға құқық беретін құжаттар, олар мыналарды қамтиды:
жерге тиісті құқық беру туралы жергілікті атқарушы органның шешімі;
қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) туралы тиісті жергілікті атқарушы органның шешімі;
тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты, сондай-ақ қосымша жер учаскесін (аумақты, трассаны) талап ететін қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңартуға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) нақты объекті (кешен) бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге арналған рұқсат;
7) сындарлы шешімдерді өзгерту - қолданыстағы объектілердің тіреу және (немесе) сыртқы қоршау конструкцияларын (оның ішінде іргетастарды, негіздерді, қаңқаларды, бағандарды, тіреулерді, арқалықтарды, ригельдерді, фермаларды, сыртқы қабырғаларды, ішкі тіреу қабырғаларды, аражабындарды, баспалдақ алаңшасы мен марштарын, лифт шахталарын және тағы сол сияқтыларды) қамтитын өзгерістер не құрылыс жобасында бұрын бекітілген сындарлы шешімдерді өзгерту.
2. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру тәртібі
3. Осы Қағидалардың 1-тармағында көрсетілген рұқсатты ресімдеу мен беру тегін жүргізіледі.
4. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат беруді (рұқсат беруден дәлелді бас тартуды) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын орган жүргізеді.
5. Осы Қағидалардың 3-бөлімінде көзделген жағдайларда тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты, сондай-ақ қосымша жер учаскесін (аумақты, трассаны) талап ететін қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жөніндегі құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсатты ведомстволық бағыныстағы аумақта мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелері береді.
6. Егер объектіні немесе объектілер кешенін кезең-кезеңмен жобалау және салу көзделетін және осындай жобаларға мемлекеттік сараптама сараптамалық сүйемелдеу режимінде (жобалаудың тиісті кезеңдері бойынша тиісті жергілікті оң қорытындылар ресімдей отырып) жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, рұқсат объект (кешен) бойынша тұтас құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге беріледі. Көрсетілген жағдайларда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат құрылыс-монтаж жұмыстарының жекелеген кезеңдерін — қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды бұзумен, уақытша инженерлік желілерді, жолдарды, қоймалық алаңшаларды жайғастырумен, сондай-ақ аумақты тік жоспарлаумен байланысты дайындық жұмыстарды, қазаншұңқырлар қазу жөніндегі жер жұмыстарын, коммуникациялар төсеу, іргетастар салу жөніндегі және құрылыс-монтаж жұмыстарының құрамына кіретін басқа да жұмыстарды орындауға беріледі.
7. Рұқсат өтініштің және тізбесін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін қоса берілетін құжаттардың негізінде беріледі.
8. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу үшін өтініш беруші ұсынған құжаттар өтініш берілген сәттен бастап 7 жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде қаралады.
9. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын органдар осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген мерзім ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат береді не рұқсат беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде уәжді жауап қайтарады.
10. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының құрамында бекітілген құрылыстың нормативтік ұзақтығының бүкіл мерзімі ішінде қолданылады. Егер объект нормативтік ұзақтық мерзімінің ішінде аяқталмаса, онда құрылысты жалғастыру үшін тапсырыс беруші (құрылыс салушы) жаңа рұқсат алуға міндетті.
Құрылысты жалғастыруға арналған жаңа рұқсат өтініштің және тізбесін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін, қоса берілетін құжаттардың негізінде беріледі.
11. Құрылыстың бастапқы тапсырыс берушісі (құрылыс салушы) немесе құрылысты жүргізіп жатқан мердігерлік ұйым (бас мердігер) ауысқан кезде, не рұқсат алуға арналған өтініште көрсетілген құрылысқа қатысушылардың құрамы өзгерген кезде тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) өтініші бойынша бұрын берілген рұқсаттың орнына жаңа рұқсат беріледі. Мұндай өтініш өзгерістер болған күннен бастап 20 күнтізбелік күннен кешіктірілмей осы рұқсатты берген органға беріледі. Олай болмаған жағдайда қайта тіркеуге өтініш берудің көрсетілген мерзімі өткеннен кейін бұрын берілген рұқсат күшін жояды.
12. Рұқсатсыз не осы Қағидалардың 10 және 11-тармақтарында көзделген жағдайлар бойынша күшін жойған рұқсат негізінде объектіде құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау рұқсатта көрсетілмеген жұмыс түрлерін орындаумен бірдей, заңсыз құрылыс болып табылады.
13. Мыналарды:
1) сейсмикалық қауіптілігі жоғары не өзге ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары бар аудандарды қоспағанда, тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты емес, сондай-ақ қосымша жер учаскесін бөлуді (аумақты, трассаны) талап етпейтін, қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңартқан (қайта жоспарлаған, қайта жабдықтаған);
2) көшелердің, алаңдардың, өткелдердің жол жабындары мен көше төсемдеріне ағымдағы жөндеу жүргізген, шағын сәулет нысандарын, ашық жасанды бассейндерді, фонтандарды, қалалық безендіру қондырғыларын, сәулет және көгалдандырудың жер бедері элементтерін салған және жайластырған;
3) уақытша мақсаттағы көмекші және қосалқы құрылыстар салған кезде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу талап етілмейді.
3. Қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңартуға
(қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) рұқсат беру рәсімдерінің ерекшеліктері
14. Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты, сондай-ақ қосымша жер учаскесін (аумақты, трассаны) талап ететін қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңартуға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) мүдделі және сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшесінің тиісті шешімі бар адамдар тиісті құрылыс-монтаж жұмыстарын жасауға рұқсат aлу үшін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына өтініш береді. Өтінішке:
1) өтінішті қарайтын мемлекеттік органның түпнұсқалылығын белгілеуі үшін түпнұсқаларды бере отырып, өтініш берушінің өзгертілетін үй-жайға (ғимараттың бір бөлігіне) меншік құқығын куәландыратын құжаттардың көшірмелері не үй-жайлардың немесе ғимараттың бөліктерінің меншік иесінің (меншік иелерінің) оларды өзгертуге нотариалды куәландырылған жазбаша келісімі;
2) тиісті жергілікті сәулет және қала құрылысы органының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес орындалған ұйғарылып отырған өзгерістердің жобасы (нобай) қоса беріледі.
15. Сейсмикалық қауіптілігі жоғары не өзге ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары бар аудандарды қоспағанда, тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты емес жер учаскесінің (аумақтың, трассаның) қазіргі шекарасында жүзеге асырылатын қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алмай-ақ, сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшесінің тиісті шешімі негізінде жүзеге асырылады.
16. Егер үй-жайларды (тұрғын үйдің бөліктерін) жоспарланған қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) немесе үй-жайлардың шекарасын ауыстыру өзгертілетін үй-жайлармен (үйдің бөліктерімен) көршілес басқа үй-жайлар (үйдің бөліктері) меншік иелерінің мүдделеріне қайшы келмеген жағдайларда, онда өтінішке осы өзгертулерге олардың нотариалдық куәландырылған жазбаша келісімі берілуге тиіс.
Тапсырыс берушінің қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңартуға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) басқа меншік иелерінен (тең меншік иелерінен) көрсетілген келісімді алу қажеттілігі Құрылыс объектілерін жобалау үшін бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеу және беру қағидаларында көзделген тәртіппен жобаны әзірлеу сатысында белгіленеді.
17. Егер:
1) өтініш берушінің өзгертілетін объектіге тиісті меншік құқығы не қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларына (жекелеген бөліктеріне) өтініш берілген өзгерістерге меншік иесінің (тең меншік иелерінің) нотариалды куәландырылған жазбаша келісімі болмаса, сондай-ақ көрсетілген өзгерістер өзге де үй-жайлар (жекелеген бөліктер) меншік иелерінің мүдделерін қозғайтын;
2) жоспарланған қайта жаңартуда (қайта жоспарлауда, қайта жабдықтауда) нормативтік құқықтық актілермен және нормативтік-техникалық құжаттармен тыйым салынған әрі шектелген қызметтің түрі үшін қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) пайдалану белгіленген;
3) өзгерістер жобасы техникалық шарттарға немесе мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда, қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жөніндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат беруден бас тарту жүзеге асырылады.
Уәжді бас тарту өтініш берушінің құжаттарына сәйкес келмейтін нақты нормативтік құқықтық актілерді және (немесе) нормативтік-техникалық құжаттарды көрсете отырып, өтініш берушіге жазбаша түрде беріледі.
Рұқсат беруден уәжді бас тарту негізінде алынған ескертулерді өтініш беруші жойған кезде қайталама өтініш жалпы негіздерде қаралады.
18. Қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жөніндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру немесе оны беруден бас тарту өтініш берілген сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
19. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын орган осы Қағидаларда белгіленген мерзімде өтініш берушіге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін құжаттарды бермеген не құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін құжаттар беруден бас тарту себептері туралы жазбаша хабарламаған жағдайда, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын орган құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру үшін осы Қағидаларда бекітілген мерзім аяқталғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат береді.