6) жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығаруға;
7) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметті шектеу, тоқтата тұру және тыйым салу туралы талап-арыздар ұсынуға;
8) қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға, тұлғаларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды тиісті органдарға жіберуге;
9) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшерін айқындауға немесе анықтауға қатысуға, залалды өтеу туралы нұсқама шығаруға және сотқа талап-арыз ұсынуға;
10) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылардың іс-әрекеттерін болғызбау немесе олардың жолын кесу үшін жәрдемдесуін сұрап, прокуратураға және құқық қорғау органдарына жүгінуге;
11) мердігер барлау, өндіру, бірлескен барлау мен өндіру жүргізуді не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға әкеп соққан себептерді жоюдан бас тартқан жағдайда не осы себептерді жою үшін жеткілікті мерзім ішінде оларды жоймаса; жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген шараларды қолданбаған кезде; жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұруға әкеп соққан себептерді жою мүмкін болмағанда; мердігер келісімшартта не бағдарламалық жұмыстарда белгіленген міндеттерді елеулі түрде бұзған кезде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы өз құзыреті шегінде құзыретті органға ұсыныс енгізуге құқылы.
2. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда арнаулы құралдарды (арнайы байланыс құралдарын, фото-бейне аппаратураларды, өлшеу құралдарын) сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
118-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың міндеттерi
Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзудың қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері бар фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға;
4) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауға;
5) инспекторлық ақпарат құпиялылығын сақтауға;
6) қызметтік әдеп ережелерін сақтауға міндетті.
13-тарау. Инспекторлық экологиялық тексерулер
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 119-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
119-бап. Инспекторлық экологиялық тексерулер
1. Инспекторлық экологиялық тексеру - мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтауы туралы ақпаратты жинау мен талдау арқылы жүргізетін іс-шаралар кешені.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Инспекторлық экологиялық тексерулерді жүргізуге мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар ғана жіберіледі.
2. Инспекторлық экологиялық тексеруді жүргізу, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, табиғат пайдаланушының қызметін тоқтата тұруға тиіс емес.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
120-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
121-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
122-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
123-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
124-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 125-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
125-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылаудың өзге де нысандары
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құрамына кіретін зертхана бақылауды қамтамасыз ету мақсатында тікелей табиғи объектілерде және ластау көздерінде талдамалық бақылауды жүзеге асырады.
2. Талдамалық бақылауды табиғат пайдалану объектісінің санитариялық-қорғаныш аймағынан тыс жерлерде жүзеге асыру үшін сынамаларды іріктеп алу кез келген уақытта тіркеусіз жүзеге асырылады.
3. Талдамалық бақылаудың нәтижелері табиғат пайдаланушылардың қоршаған орта сапасының нормативтерін сақтауын айқындайды және Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталмауын негіздеу үшін пайдаланылады және қоршаған орта сапасының нормативтері шегінен асып кету фактілері бойынша тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге негіз болып табылады.
4. Камералдық бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның тікелей орналасқан жері бойынша табиғат пайдаланушы табыс еткен есептілікті және басқа да құжаттарды зерделеу мен талдау негізінде жүзеге асырылады.
5. Табиғат пайдаланушының есептілігінде және басқа да құжаттарында қамтылған мәліметтер арасында қателіктер мен қайшылықтардың анықталуы тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге негіз болып табылады.
126-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібi
Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттік органға және (немесе) лауазымды адамға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
127-бап. Инспекторлық экологиялық тексеруді жүргізу кезінде ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету
1. Табиғат пайдаланушыға қатысты құпия ақпарат табиғат пайдаланушының жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға берілмейді. Ақпараттың құпиялылығы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және халықаралық шарттарда айқындалады.
2. Мемлекеттік экологиялық инспектор мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген құпия ақпарат беруді қоспағанда, экологиялық тексеру барысында алынған құпия ақпаратты жария етпеуге міндетті.
14-тарау. Өндірістік экологиялық бақылау
128-бап. Өндірістік экологиялық бақылауды тағайындау және оның мақсаттары
1. Арнайы табиғат пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
2. Өндірістік экологиялық бақылаудың мақсаттары:
1) табиғат пайдаланушының экологиялық саясатына, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне және қоршаған ортаға ықпалды әсер ететін өндірістік процестерді реттеу аспаптарына қатысты шешімдер қабылдау үшін ақпарат алу;
2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету;
3) табиғат пайдаланушының өндірістік процестерінің қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер етуін мейлінше азайту;
4) табиғи және энергетикалық ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру;
5) тосын жағдайларға жедел кідіріссіз ден қою;
6) табиғат пайдаланушылардың басшылары мен қызметкерлерінің неғұрлым жоғары деңгейде экологиялық хабардар болуы мен жауапкершілігін қалыптастыру;
7) кәсіпорындардың экологиялық қызметі және халықтың денсаулығы үшін қатер туралы жұртшылықты хабардар ету;
8) экологиялық талаптарға сәйкестіктің деңгейін арттыру;
9) қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесінің өндірістік және экологиялық тиімділігін арттыру;
10) инвестициялау және кредит беру кезінде экологиялық тәуекелдерді есепке алу болып табылады.
129-бап. Өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу тәртібi
1. Өндірістік экологиялық бақылауды табиғат пайдаланушы әзірлеген және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы негізінде табиғат пайдаланушы жүзеге асырады.
2. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында өндірістік экологиялық бақылау процесінде қадағаланып отыратын міндетті параметрлер тізбесі, оның мерзімділігін, ұзақтығы мен өлшемдер жиілігін айқындау критерийлері, пайдаланылатын аспаптық немесе есептік әдістер белгіленеді.
3. Өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде өндірістік процестің тиімділігін экологиялық бағалау қоршаған ортаға эмиссиялар, зиянды өндірістік факторлар деңгейін, сондай-ақ табиғи, энергетикалық және өзге де ресурстарды тұтынудың нақты көлемін өлшеу негізінде және (немесе) есептеу негізінде жүзеге асырылады.
130-бап. Табиғат пайдаланушының өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттерi
1. Өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде табиғат пайдаланушының:
1) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуын қадағалап отыру үшін ең аз қажетті көлемде өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға;
2) өзінің техникалық және қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қабылданған талаптарға сәйкес өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын әзірлеуге;
3) өндірістік экологиялық бақылау қызметінің ұйымдық құрылымын және персоналдың оны жүргізу үшін жауапкершілігін дербес айқындауға;
4) кеңейтілген өндірістік экологиялық бақылауды ерікті негізде жүргізуге құқығы бар.
2. Өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде табиғат пайдаланушы:
1) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын әзірлеуге және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісуге;
2) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының талаптарын іске асыруға және нәтижелерін құжаттауға;
3) рәсімдік талаптарды ұстануға және алынған деректердің сапасын қамтамасыз етуге;
4) өндірістік экологиялық бақылаудың нәтижелерін жүйелі түрде бағалауға және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде қажетті шаралар қолдануға;
5) өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері жөніндегі есептілікті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға белгіленген тәртіппен ұсынуға;
6) өндірістік экологиялық бақылау процесінде анықталған, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу фактілері туралы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органға дереу хабарлауға;
7) қауіпсіздік техникасын сақтауға;
8) жүзеге асырылатын өндірістік экологиялық бақылаудың сапасы мен объективтілігін растау үшін мемлекеттік экологиялық инспекторлардың бастапқы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
9) жұртшылықтың өндірістік экологиялық бақылау бағдарламаларына және өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептік деректерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
10) мемлекеттік экологиялық инспекторлардың талап етуі бойынша мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік экологиялық бақылаудың құжаттарын, талдаулардың нәтижелерін және өзге де материалдарын ұсынуға міндетті.
131-бап. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын әзірлеуге қойылатын талаптар
1. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын табиғат пайдаланушы әзірлейді.
2. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында мынадай ақпарат:
1) өндірістік мониторинг процесінде қадағаланып отыратын міндетті параметрлер тізбесі;
2) өндірістік мониторинг пен өлшеулерді жүзеге асыру кезеңі, ұзақтығы және жиілігі;
3) өндірістік мониторингті жүргізуде пайдаланылатын әдістер туралы мәліметтер;
4) сынамаларды іріктеп алу нүктесі және өлшеулер жүргізу орны;
5) деректерді есепке алуды жүргізудің, талдаудың және хабарлаудың әдістері мен жиілігі;
6) ішкі тексерулердің жоспар-кестесі және олардың сақталмауына ден қоюдың ішкі аспаптарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою рәсімі;
7) аспаптық өлшеулердің сапасын қамтамасыз ету тетіктері;
8) тосын жағдайлардағы іс-қимыл хаттамасы;
9) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу үшін қызметкерлердің ішкі жауапкершілігінің ұйымдастырушылық және функционалдық құрылымы;
10) өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелері көрініс табатын өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.
132-бап. Өндірістік мониторингтің түрлері және оны жүргізуді ұйымдастыру
1. Өндірістік мониторинг өндірістік экологиялық бақылаудың белгіленген кезеңділікпен толық деректер алу үшін орындалатын элементі болып табылады.
2. Өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыру шеңберінде операциялық мониторинг, қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі және әсер ету мониторингі орындалады.
3. Операциялық мониторинг (өндірістік процесс мониторингі) табиғат пайдаланушының қызмет көрсеткіштері оны тиісті жобалық пайдалану және осы өндірістің технологиялық регламентінің талаптарын сақтау үшін орынды деп есептелетін ауқымда тұрғанын растау үшін технологиялық процестің параметрлерін қадағалауды қамтиды. Операциялық мониторингтің мазмұнын табиғат пайдаланушылар айқындайды.
4. Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі өндірістік ысыраптарды, эмиссиялардың саны мен сапасын және олардың өзгеруін қадағалау үшін эмиссияларды шығу көзінде бақылауды қамтиды.
5. Әсер ету мониторингін жүргізу, ол Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының және қоршаған орта сапасы нормативтерінің сақталуын қадағалап отыру үшін қажет болған жағдайларда өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына енгізіледі.
6. Әсер ету мониторингі мынадай жағдайларда:
1) табиғат пайдаланушының қызметі сезімтал экожүйеге және халықтың денсаулығына әсер ететін болса;
2) технологиялық объектілерді пайдалануға беру кезеңінде;
3) қоршаған ортаға авариялық эмиссиялардан кейін міндетті болып табылады.
7. Әсер ету мониторингін табиғат пайдаланушы жеке, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша басқа да табиғат пайдаланушылармен бірге жүзеге асыруы мүмкін.
8. Өндірістік мониторингтің бағдарламасы белгіленген жұмыстардың қоршаған ортаға әсер етуін бағалау негізінде әзірленеді. Өндірістік мониторинг бағдарламасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органымен келісіледі және оны табиғат пайдаланушы бекітеді. Өндірістік мониторингтің ұзақтығы әсер ету ұзақтығына байланысты болады.
9. Қоршаған ортаның өндірістік мониторингі Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген өндірістік немесе тәуелсіз зертханаларда жүзеге асырылады.
10. Өндірістік мониторингтің деректері Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу шеңберінде қоршаған ортаның жай-күйін бағалау үшін пайдаланылады.
133-бап. Өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есеп пен есептілік
Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес ішкі есепті жүргізеді, өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша кезеңдік есептер беруді қалыптастырады және ұсынады.
134-бап. Табиғат пайдаланушының ішкі тексерулердi ұйымдастыруы
1. Табиғат пайдаланушы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуын тұрақты ішкі тексеру және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелерін экологиялық және өзге де рұқсаттардың талаптарымен салыстыру жөнінде шаралар қолданады.
2. Ішкі тексерулерді еңбек міндеттеріне қоршаған ортаны қорғау мәселелері және өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялар кіретін қызметкер (қызметкерлер) жүргізеді.
3. Ішкі тексерулер барысында:
1) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында көзделген іс-шаралардың орындалуы;
2) қоршаған ортаны қорғауға қатысты өндірістік нұсқаулықтар мен ережелерді ұстану;
3) экологиялық және өзге де рұқсат талаптарын орындау;
4) өндірістік экологиялық бақылаудың нәтижелері бойынша есеп пен есептілікті жүргізудің дұрыстығы;
5) өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелері көрініс табатын өзге де мәліметтер бақыланады.
4. Ішкі тексеруді жүзеге асыратын қызметкер (қызметкерлер):
1) алдыңғы ішкі тексеру туралы есепті қарауға;
2) қоршаған ортаға эмиссия жүзеге асырылатын әрбір объектіні қарап тексеруге;
3) қажет болған жағдайда, басшыға тексеру барысында анықталған сәйкессіздіктерді түзету жөніндегі шараларды жүргізу туралы талаптарды, оларды жою мерзімдері мен тәртібін қамтитын жазбаша есеп жасауға міндетті.
15-тарау. Қоғамдық экологиялық бақылау
135-бап. Қоғамдық экологиялық бақылаудың мақсаттары мен міндеттерi
1. Қоғамдық экологиялық бақылау жұртшылықты мемлекеттің экологиялық проблемаларына тарту мақсатында жүргізіледі.
2. Қоғамдық экологиялық бақылау жүргізу тәртібін қоғамдық бірлестіктер өз жарғыларына сәйкес айқындайды.
136-бап. Ақпараттық және өзге де өзара іс-қимыл
1. Жеке және заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың жұмысы және оның нәтижелері туралы ақпаратқа қол жеткізуге тиіс.
2. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жекелеген тексерулер нәтижелерінің және жылдық есептіліктің жариялануын қамтамасыз етеді.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ынтымақтасу және өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру үшін жарғыларында қоғамдық экологиялық бақылау функциясы көзделген қоғамдық бірлестіктердің тізбесін жасайды.
4. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды анықтау жөніндегі жұмысқа жеке және заңды тұлғаларды ерікті негізде тартуы мүмкін.
5-Бөлім. Экологиялық мониторинг пен кадастрлар
16-тарау. Қоршаған орта meh табиғи ресурстар мониторингi
137-бап. Мемлекеттік экологиялық мониторинг
1. Мемлекеттік экологиялық мониторинг (қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі) - табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен қоршаған ортаның, табиғи ресурстардың жай-күйінің өзгеруін бағалау, болжау және бақылау мақсатында олардың жай-күйін қадағалаудың кешенді жүйесі.
2. Атмосфералық ауа, жер, жер үсті мен жер асты сулары, жер қойнауы, жануарлар және өсімдіктер дүниесі, сондай-ақ климат пен Жердің озон қабаты, экологиялық жүйелер, қоршаған ортаның халықтың денсаулығына әсер ететін факторлары мемлекеттік экологиялық мониторинг объектілері болып табылады.
138-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі және оның міндеттерi
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі - экологиялық қауіпсіздікті, табиғи ресурстарды сақтауды, молықтыруды және ұтымды пайдалануды, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында басқарушылық және шаруашылық шешімдердің қабылдануы үшін қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйін байқауды, сондай-ақ олардың нақты жай-күйі туралы деректерге талдау жасауды қамтитын көп мақсатты ақпараттық жүйе.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган арнайы мемлекеттік уәкілетті органдармен бірлесе отырып ұйымдастырады.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің принциптері:
1) бірыңғай ұйымдық, әдістемелік, метрологиялық және ақпараттық ұстаным негізінде жұмыс істеу;
2) қолданыстағы мемлекеттік және өзге де мониторинг жүйелерінің мүмкіндіктерін барынша пайдалану болып табылады.
4. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің міндеттері:
1) қоршаған ортаның, биологиялық әралуандық және экожүйелердің жай-күйі туралы, антропогендік әсер ету көздері, тіршілік ету ортасының халық денсаулығына әсер ететін факторлары туралы дұрыс және салыстырмалы ақпарат алу;
2) қоршаған ортаның жай-күйін, антропогендік әсер ету деңгейлерін, биосфера жай-күйінің көрсеткіштерін, экожүйелердің функционалдық тұтастығын бағалау және болжау;
3) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданатын басқарушылық шешімдері мен өткізілетін іс-шаралардың тиімді болуына талдау жүргізу үшін деректермен қамтамасыз ету болып табылады.
5. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі тіршілік ету ортасы мен халықтың денсаулығын қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін тікелей немесе жанама түрде қамтитын, Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы мониторинг жүйелері мен мониторингтің кіші жүйелерінің базасында қалыптасады.
6. Арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар өздерінің құзыретіне сәйкес табиғи объектілерге зерттеу жүргізуге және мониторинг түрлерін (кіші жүйелерді) ұйымдастыруға міндетті.
139-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi бірыңғай мемлекеттік жүйесінің бірыңғай ақпараттық жүйесi
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ақпараттық қамтамасыз ету жинақтық деректер банкіне берілетін арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар орындайтын қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттік мониторингінің, сондай-ақ табиғат пайдаланушылар өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде жүзеге асыратын өндірістік мониторингтің нәтижелеріне негізделеді.
2. Бағдарламалық құралдар жүйесі Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің әртүрлі деңгейлері, сондай-ақ жүйелері мен кіші жүйелерінің деректер банктері арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз ете отырып, ақпараттың бірыңғай әдістемелік негізде жинақталуын, өңделуі мен сақталуын жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тиіс.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде ақпарат алмасу табиғи ресурстардың тиісті түрлерінің мониторингін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбелерге, нысандар мен мерзімдерге сәйкес өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
140-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің мазмұны
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің мазмұнын мониторингтің мынадай кіші жүйелері:
1) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі;
2) табиғи ресурстар мониторингі;
3) мониторингтің арнайы түрлері құрайды.
2. Жұмыс істеу процесінде Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің кіші жүйелеріне мониторингтің басқа да түрлері енуі мүмкін.
141-бап. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингi
1. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингі мынадай түрлерді қамтиды:
1) атмосфералық ауа жай-күйінің мониторингі;
2) атмосфералық жауын-шашын жай-күйінің мониторингі;
3) су ресурстарының сапалық жай-күйінің мониторингі;
4) топырақ жай-күйінің мониторингі;
5) метеорологиялық мониторинг;
6) радиациялық мониторинг;
7) трансшекаралық ластаулар мониторингі;
8) фондық мониторинг.
2. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
3. Атмосфералық ауа жай-күйінің мониторингі - Қазақстан Республикасының елді мекендерінде атмосфералық ауаның ластануының жай-күйіне бақылау жасау жүйесі. Мемлекеттік бақылау бекеттерінің санын және оларды әрбір нақты елді мекенде орналастыруды халық саны, жер рельефі, ластанудың нақты деңгейін ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде айқындайды.
4. Атмосфералық жауын-шашын жай-күйінің мониторингі - атмосфераның ластануының көрсеткіші болатын атмосфералық жауын-шашынның химиялық құрамына бақылау жасау, сондай-ақ қыс кезінде атмосфераның өңірлік ластануын бағалау және елді мекендер мен өнеркәсіп объектілерінен ластаушы заттардың таралу ауқымын анықтау үшін қар қабатындағы заттардың болуына бақылау жасау жүйесі.