Қазақстан Республикасының
Заңы
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы
Осы редакция 2011 жылғы 22 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң Қазақстан Республикасы үкіметтік емес ұйымдарының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруы процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтік бағдарлама, жоба - білім беру, ғылым, ақпарат, денсаулық сақтау, спорт, қоршаған ортаны қорғау; жастар, демографиялық, гендерлік саясат; әлеуметтік көмек; құқық қорғау қызметі; мәдениет саласындағы және өзге де әлеуметтік мәні бар салалардағы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық және техникалық шаралардың жиынтығы;
2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс - мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға шарт жасасу арқылы бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілген республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі әлеуметтік бағдарламаларды, жобаларды, сондай-ақ әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған жекелеген іс-шараларды іске асырудың нысаны;
3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алуға арналған конкурс (бұдан әрі - конкурс) - тапсырыс берушінің үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарын, көрсетілген қызметтерін сатып алуға бағытталған және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың ықтимал өнім берушілері арасында ашық әрі адал бәсекелестікті қамтамасыз ететін орындаушыны анықтау әдісі;
4) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шарт - тапсырыс беруші мен өнім берушінің арасында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жасалған шарт;
5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушісі (бұдан әрі - өнім беруші) - мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шарт бойынша орындаушы ретінде әрекет ететін үкіметтік емес ұйым;
6) тапсырыс беруші - республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері;
7) үкіметтік емес ұйым - ортақ мақсаттарға жету үшін азаматтар және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерікті негізде құрған коммерциялық емес ұйым (саяси партияларды, кәсіптік одақтарды және діни бірлестіктерді қоспағанда);
8) үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер - құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін, орталық және жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультациялық-кеңесші органдар;
9) ықтимал өнім беруші - конкурсқа қатысушы үкіметтік емес ұйым.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс процесін құқықтық реттеу принциптері
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс процесін құқықтық реттеу:
1) заңдылық;
2) Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік бағдарламаларды, жобаларды іске асыру тиімділігін арттыру;
3) Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік міндеттерді шешуге қатысуы;
4) үкіметтік емес ұйымдардың конкурсқа қатысуы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;
5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс процесінің жариялылығы мен ашықтығы принциптеріне негізделеді.
4-бап. Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау
Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырған кезде мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде оларға ақпараттық, консультациялық, әдістемелік, ұйымдастырушылық-техникалық қолдау көрсетеді.
Ақпараттық және консультациялық қолдау Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін түсіндіру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпарат беру, мемлекеттік, салалық (секторлық) және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру арқылы көрсетіледі.
Әдістемелік және ұйымдастырушылық-техникалық қолдау ақпараттық-анықтамалық және әдістемелік материалдарды әзірлеу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мәселелері бойынша семинарлар, конференциялар, тренингтер және өзге де іс-шаралар өткізу арқылы көрсетіледі.
5-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру салалары
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру мынадай бағыттар:
1) білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу;
2) азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау;
3) қоршаған ортаны қорғау;
4) жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау;
5) демография проблемаларын шешу;
6) гендерлік проблемаларды шешу;
7) халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау;
8) жетім балаларға, толық емес және көп балалы отбасылардағы балаларға көмек көрсету;
9) азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;
10) азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау;
11) мәдениет пен өнерді дамыту;
12) тарихи-мәдени мұраны қорғау;
13) қоғамдық келісімді нығайту;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
6-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру
1. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бағдарламаларды, жобаларды, сондай-ақ әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған жекелеген іс-шараларды орындауы арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Конкурсқа қатысуға осы Заңның 5-бабында көзделген бағыттар бойынша қызметті жүзеге асыратын ықтимал өнім берушілер жіберіледі.
4. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімді орындалуының мониторингі мен сырттай бағалануын үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер жүзеге асырады.
7-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру және оның бюджеттік қаражатын пайдалану
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру үшін көзделген бюджет қаражаты осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шартта белгіленген мақсаттарда және тәртіппен пайдаланылады.
8-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орындалуын бақылау
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орындалуын бақылауды тапсырыс беруші, сондай-ақ өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады
9-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
10-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2005 жылғы сәуірдің 12-сі.
№ 36-III ҚРЗ