Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 22 қазандағы № 1647 Қаулысы
(2011.08.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңының 6-бабының 11) тармақшасына, «Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 3 мамырдағы Заңының 18-1-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі ереже бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 22 қазандағы
№ 1647 қаулысымен
бекітілген
Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы
сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі
ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі ереже (бұдан әрі - Ереже) «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңына және «Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 3 мамырдағы Заңына сәйкес әзірленді және тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі Қазақстан Республикасының аумағында тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес өндірілген немесе жеткілікті дәрежеде қайта өңделген тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Ереже:
1) техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға;
2) ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификат беру жөніндегі уәкілетті органға;
3) аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарына;
4) тауар шығарылған елді анықтау жөніндегі сараптамалық ұйымдарға;
5) тауар шығарылған елді анықтау жөніндегі сарапшы аудиторларға;
6) тауардың шығу тегі туралы сертификат алуға мүдделі жеке немесе заңды тұлғаларға қолданылады.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
адвалорлық үлес - пайдаланылатын материалдар құнының пайыздық үлесі немесе жеткізілетін тауардың «франко-зауыт» бағасында тіркелген пайыздық үлеске жететін қосылған құн;
тауардың шығу тегі туралы сертификат беру - тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды тіркейтін журналға қол қойғызып, ресімделген және куәландырылған тауардың шығу тегі туралы сертификатты өтініш берушіге беру;
тауардағы қазақстандық қамту үлесі - пайдаланылатын қазақстандық материалдар құны мен тауарларды өндірушінің Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын тауарды қайта өңдеуге жұмсаған шығынының тауардың түпкілікті құнындағы пайыздық құрамы;
өтініш беруші - тауардың шығу тегі туралы сертификат алуға мүдделі жеке немесе заңды тұлға;
экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім жіктеуіші - экономикалық қызмет түрлері бойынша өнімдерді жіктеу мен кодтау тәртібін белгілейтін өнім жіктеуіші;
тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдері - тауарлар шығарылған елді айқындау қағидаттарының бірі, оған сәйкес егер тауарды өндіруге екі немесе одан да көп ел қатысса, тауарға тән қасиеттерді беру үшін, тауар соңғы рет елеулі қайта өңдеуге қай жерде үшыраса, сол елден шығарылды деп саналады;
кумулятивтік қағидат - тауар шығарылған елді анықтау қағидаттарының бірі, оған сәйкес тауардың шығу тегі тауарды 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттерде дәйекті түрде қайта өңдеу нәтижесінде түпкілікті тауарды шығарған ел бойынша анықталады;
тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу - тауардың шығу тегі туралы сертификат бланкісін толтыру;
кері экспорт - шетелден әкелінген тауарларды қайта өңдемей елден әкету;
тауардың шығу тегі туралы сертификат - егер әкетілетін елде сертификат тауар шығарылған елден алынған мәліметтер негізінде берілсе, тауар шығарылған елді куәландыратын және осы мемлекеттің немесе әкететін мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген құжат;
тауар шығарылған ел - тауар толық шығарылған немесе жеткілікті дәрежеде қайта өңделген ел;
аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасы - Қазақстан Республикасынан экспортталатын немесе кері экспортталатын тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеуді, куәландыруды және беруді жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
тауар - Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін немесе Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тасымалданатын мүлік, оның ішінде электр, энергияның жылу мен өзге де түрлері, сондай-ақ жолаушылар мен тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын көлік құралдарын қоспағанда, көлік құралдары;
сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы - сандық белгі немесе топтық сандық белгілер (кодтар) түрінде өзіне тауарлық топтарды, позицияларды, субпозицияларды, субпозицияларға жататындарды қамтитын тауарлар жіктеуіші. Жіктеуіштің кез келген деңгейінде позицияларға берілетін түсініктер, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы түсіндірмесінің негізгі ережелері сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының ажырамас бөлігі болып табылады;
сериялы өндіріс тауары - шығарылуы ұзақ уақыт бойы кәсіпорында біртекті өнімнің салыстырмалы түрде ауқымды номенклатурасын бір мезгілде дайындаумен сипатталатын жеке топтамалармен қайталанатын тауар;
тауардың шығу тегі туралы сертификатты куәландыру - тауардың шығу тегі туралы сертификатты куәландыруға уәкілетті тұлғаның қолымен, тауардың шығу тегі туралы сертификатты беруге уәкілетті органның мөрімен растау;
техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган - техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификат беру жөніндегі уәкілетті орган - ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификат беруге Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік орган;
«франко-зауыт» шарттарындағы баға - шығарылған тауарды экспорттау кезінде төленген немесе төленуі мүмкін кез келген ішкі салықтарды қоспағанда, кәсіпорнында франко-зауыт шарттарында соңғы рет қайта өңдеу жүргізілген өндірушіге төленетін тауар бағасы;
сараптама ұйымы - штатында тауар шығарылған елді анықтау жөніндегі сарапшы аудиторы бар, тауардың шығу тегіне сараптама жүргізу жөніндегі жұмысты жүзеге асыратын заңды тұлға;
тауар шығарылған елді анықтау жөніндегі сарапшы аудитор - техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аттестатталған маман;
экспорт - отандық не бұрын шетелден әкелінген және оларды сыртқы нарықта өткізу үшін қайта өңдеуге ұшыраған тауарларды елден әкету;
2-тарау. Тауар шығарылған елді айқындау және Қазақстан Республикасынан экспортталатын, кері экспортталатын тауарларға тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру
және беру
§ 1. Тауар шығарылған елді айқындау
4. Тауар шығарылған елді айқындау үшін, тауардың:
1) толығымен Қазақстанда шығарылғаны;
2) тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін ескере отырып, Қазақстанда шығарылғандығы;
3) шетелде шығарылғандығы белгіленуге тиіс.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Мыналар:
1) елдің аумақтық суларында (теңіздерінде) немесе оның құрлықтық қайраңында оның жер қойнауынан өндірілген пайдалы қазбалар;
2) осы елде өсірілген немесе жиналған өсімдік тектес өнім;
3) осы елде туған және (немесе) өсірілген тірі жануарлар;
4) осы елде өсірілген жануарлардан алынған өнім;
5) осы елде аңшылық немесе балық аулау кәсіпшілігінің нәтижесінде алынған өнім;
6) осы елдің кемесімен ие ол жалға алған (кіреге алған) кемемен алынған теңізде балық аулау кәсіпшілігінің өнімі мен теңіз кәсіпшілігінің басқа да өнімі;
7) осы елдің қайта өңдеуші кемесінің бортында осы баптың 6) тармақшасында көрсетілген өнімнен ғана алынған өнім;
8) осы елдің сол теңіз түбін немесе сол теңіз қойнауын игеруге арналған ерекше құқықтарының болуы шартымен, осы елдің аумақтық суларынан (теңізінен) тыс жерлердегі теңіз түбінен немесе теңіз қойнауынан алынған өнім;
9) өндірістік немесе қайта өңдеу жөніндегі өзге де операциялар нәтижесінде алынған қалдықтар мен металл сынықтары (қайталама шикізат), сондай-ақ осы елде жиналған және тек шикізат күйінде қайта өңдеу үшін ғана жарамды, пайдалануда болған бұйымдар;
10) осы елге тиесілі не ол жалға алған (кіреге алған) ғарыш кемелерінде ашық ғарышта алынған жоғары технологиялар өнімі;
11) осы елде осы баптың 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10) тармақшаларында көрсетілген өнімнен ғана дайындалған тауарлар толығымен Қазақстан Республикасында өндірілген тауарлар болып саналады.
6. Егер тауарды өндіруге екі және одан да көп ел қатысса, жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне жауап беретін, тауарды қайта өңдеу жөніндегі соңғы операцияларды жүзеге асырылған ел тауарды шығарған ел болып саналады.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Мыналар:
1) тауарды қайта өңдеу нәтижесінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауар кодының кез келген алғашқы төрт белгі деңгейінде өзгеруі;
2) бұл операциялар орын алған ел тауар шығарылған ел болып есептелуі үшін жеткілікті өндірістік немесе технологиялық операцияларды орындау;
3) құнының пайыздық үлесі түпкі өнімнің бағасындағы тіркелген үлесіне жеткен кездегі тауар құнының өзгеруі (адвалорлық үлес ережесі) тауарға Қазақстан Республикасында өндірілген деген мәртебе беру үшін оны жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдері болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2011.08.12. № 1497 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 8-тармақ өзгертілді
8. Тауарды жеткілікті қайта өңдеудің негізгі өлшемі үшінші елдер тауарды өндіруде пайдаланған кезде тауарға шығу тегі мәртебесін беру үшін қажетті шарттардың, өндірістік және технологиялық операциялардың тізбесіне енгізілген тауарларды қоспағанда, тауарды қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған алғашқы төрт белгінің кез келгенінің деңгейінде тауардың сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша кодын өзгерту болып табылады.
Аталған тізбеге шарттардың бірі ретінде адвалорлық үлес ережесі жеке де, тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеудің басқа өлшемдеріне үйлестіріліп те енгізілген.
Тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін бағалау үшін кумулятивтік қағидат қолданылуы мүмкін, оған сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттерде тауарды дәйекті түрде қайта өңдеу нәтижесінде тауардың шығу тегі тауарды соңғы дайындаған ел бойынша айқындалады.
Егер Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінде түпкілікті тауарды өндіруде Келісімге басқа қатысушы мемлекеттерден шығарылған, тауардың шығу тегі туралы сертификатпен расталған және Келісімге басқа қатысушы мемлекеттерде кезең-кезеңімен одан әрі өңдеуге ұшырайтын шикізат пен материалдар пайдаланылса, онда тауар соңғы рет өңдеуге ұшыраған ел осындай тауар шығарылған ел болып табылады.
Шикізаттың немесе материалдардың шығу тегі туралы сертификат болмаған жағдайда, түпкілікті тауарды шығарған елді анықтау осы Ереженің 7-тармағында белгіленген.
Қазақстан Республикасынан шығарылатын және экспортталатын тауарлар шығарылған елді айқындау үшін, шарттардың, өндірістік және технологиялық операциялардың тізбесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкіметтерінің басшылары кеңесінің 2000 жылғы 30 қарашадағы шешімімен бекітілген Тауарлар шығарылған елді айқындау ережесінде және Еуропалық экономикалық қоғамдастықтың № 2454/93 нұсқаулығында берілген.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерін қоспағанда, Қазақстан Республикасында өндірілген және еркін сауда туралы келісім жасасқан елдерге экспортталатын тауарлардың шығу тегі Қазақстан Республикасы үшін күшіне енген халықаралық шарттарда көрсетілген негізде айқындалады.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Мыналар:
1) тауарларды сақтау немесе тасымалдау кезінде олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар;
2) тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі операциялар (лекті бөлшектеу, жөнелтуді қалыптастыру, сұрыптау, қайта буып-түю);
3) жуу, тазарту, шаңды тазалау, тотық, май және басқа заттар жағу;
4) тоқыманы үтіктеу немесе нығыздау (талшықтар мен иірілген жіптің кез келген түрлері, талшықтар мен иірілген жіптің кез келген түрлерінен жасалған тоқыма материалдар және олардан жасалған бұйымдар);
5) бояу немесе жылтырату жөніндегі операциялар;
6) дәнді дақылдарды және күрішті қауыздау, ішінара немесе толық ағарту, қырнау және жылтырату;
7) қантты бояу немесе кесек кант жасау жөніндегі операциялар;
8) жемістердің, көкөністер мен жаңғақтардың қабығын алу, тұқымдарын алу және оларды бөлу;
9) қайрау, қарапайым тарту немесе қарапайым кесу;
10) елек немесе елеуіш арқылы елеу, сұрыптау, жіктеу, іріктеу, талғау (оның ішінде бұйымдар жинағын жасау);
11) банкаларға, шақшаларға, қаптарға, жәшіктерге, қораптарға құю, өлшеп салу және буып-түю жөніндегі басқа да қарапайым операциялар;
12) қарапайым құрастыру операциялары немесе тауарларды бөлшектер бойынша бөлшектеу;
13) алынған құрауыштардың бастапқы тауардан айтарлықтай ерекшеленуіне соқтырмайтын құрауыштарға тауарларды бөлу;
14) алынған өнімнің бастапқы құрауыштардан айтарлықтай ерекшеленуіне соқтырмайтын тауарларды (құрауыштарды) араластыру;
15) мал сою, етті бөлшектеу (сұрыптау);
16) жоғарыда көрсетілген операциялардың екі немесе одан көп санын біріктіру тауарға Қазақстан Республикасында өңдірілген деген мәртебе беру үшін оны жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне жауап бермейтін шарттар болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Егер адвалорлық үлес ережесі қолданылған жағдайда, тауар өндірісінде адволарлық үлесті есептеу:
1) импортталған тауарлар үшін - осы тауарларды түпкі өнім өндіру жүзеге асырылатын елге әкелу кезінде олардың кедендік құны бойынша немесе импортталған тауарлардың шығу тегі белгісіз болған жағдайда түпкі өнім өндіру жүзеге асырылатын елдің аумағына оларды алғаш рет сатудың құжат арқылы расталған бағасы бойынша;
2) түпкі өнім үшін - сатушы зауыттың (қойманың) тауарды тиеу, кедендік ресімдеу және экспорт елінен әкету шығыстары қосылмайтын бағасы («франко-зауыт» жағдайларындағы баға) бойынша жүргізіледі.
Адвалорлық үлестің тауарды өндірудегі есебі осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес формула бойынша жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен 11-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11. Егер өндірістік немесе көліктік жағдайлар бойынша оларды бір лекпен түсіру мүмкін болмаса, сондай-ақ тауарлар легі қателік немесе мекенжайын дұрыс көрсетпеу салдарынан бірнеше лекке бөлінген жағдайларда, шығарылған елін анықтау кезінде бірнеше лекпен жеткізілетін бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрдегі тауарлар декларанттың қалауы бойынша біртұтас тауар ретінде қаралады.
Осы тармақтың ережелері мына шарттар сақталған кезде қолданылады:
1) мұндай жеткізудің себептерін көрсетіп, лек-легімен жеткізілетін бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрдегі тауарлар туралы кеден органын алдын ала хабардар ету және Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлардың кодтарын, әр лекке кіретін тауарлардың құны мен шығарылған елін көрсетіп әр лектің сипаттамасын табыс ету. Қателік немесе мекенжайын дұрыс көрсетпеу салдарынан тауар бірнеше лекке бөлінген жағдайда тауарды бөлудің қате екенін құжатпен растау қосымша табыс етіледі;
2) тауарлардың барлық легін бір елден бір келісімшарт шеңберінде бір экспорттаушының (өнім берушінің) беруі; тауарлардың барлық легін сол бір кеден арқылы әкелу және рәсімдеу;
3) тауарлардың барлық легін кедендік декларация қабылданған күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімде беру.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12. Тауарлардың шығарылған елін анықтау кезінде оларды өндіру үшін пайдаланылатын жылу және электр энергиясының, машиналардың, жабдықтар мен аспаптардың шығарылуы есепке алынбайды.
Машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен пайдалануға арналған құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар, егер бұл құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар жоғарыда аталған машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен жиынтықта және әдетте осындай құрылғылармен жеткізілетін мөлшерде әкелінсе және сатылса, сол машиналар, жабдықтар, аппараттар немесе көлік құралдары әкелінген елде шығарылған деп есептеледі.
13. Тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сараптамаға байланысты жұмыстар өтінім мен өтініш беруші тапсырған құжаттар пакеті негізінде осы Ереженің 16-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес шарттық негізде жүргізіледі.
14. Тауардың шығу тегінің сараптамасын тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудитор тауардың шығу тегін растайтын толық құжаттар пакетімен бірге өтінім ұсынылған және тіркелген сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде жүзеге асырады.
15. Тауардың шығу тегінің сараптамасы мыналарды қамтиды:
1) техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың сараптамасы;
2) тауарды сыртқы белгілері бойынша, таңбалауы бойынша (атауы, үлгісі, түрі, қаптамасы, сыныбы, дайындаушы кәсіпорын), қажет болған кезде тауар тұрған жерге барып сәйкестендіру;
3) тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін белгілеу және тауардың қосылған құнын айқындау мақсатында тауарды өндірудің технологиялық үдерісінің сараптамасы.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен 16-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16. Тауардың шығу тегіне сараптама жүргізуге арналған осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес, сондай-ақ тауарды қайта экспорттау кезінде өтініммен бірге техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша тауардың шығу тегін растайтын құжаттар ұсынылады.
17. Қосымша зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайда, сараптама ұйымы мыналарды:
1) шикізаттың, материалдардың, құрауыштардың шығу тегін растайтын рұқсаттардың, лицензиялардың, құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелерін;
2) егер зертханалық сынақтар мен зерттеулерсіз тауарды сәйкестендіру мүмкін болмаса, аккредиттелген сынақ зертханалары (орталықтары) берген сынақтар хаттамасын сұрайды.
Құжаттардың түпнұсқалары оларды көшірмелерімен сәйкестендіргеннен кейін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қайтарылады.
18. Сараптама нәтижелері бойынша сараптама ұйымы осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес тауардың:
1) тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін ескере отырып, Қазақстанда шығарылғандығы;
2) шетелде шығарылғандығы туралы тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудитор жасаған тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін береді.
19. Біліктілік аттестатын алған және тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудиторлардың тізіліміне енгізілген тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудитор сараптама жүргізеді және сараптама қорытындысына қол қояды.
20. Сараптама ұйымын таңдауды өтініш беруші өзі жүзеге асырады. Тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудиторлардың тізілімі мен сараптама ұйымдарының тізімі техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның сайтына орналастырылады.
21. Тауарды кері экспорттау кезінде аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасына тауардың Қазақстан Республикасына әкелінгенін растайтын қосымша құжаттар ұсынылады (тауардың шығу тегі туралы сертификаттың, жүк кеден декларациясының және тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері).
§ 2. Тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру
22. Тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу алдында аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасының уәкілетті тұлғасы тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу туралы қорытынды жасайды. Бұл үшін өтініш беруші ұсынған тауардың шығу тегін растайтын құжаттарға талдау және оны тиісті түрде ресімдеу мәніне тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін талдау жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2011.08.12. № 1497 Қаулысымен 23-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
23. Тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру мынадай нысандар бойынша жүзеге асырылады:
1) «СТ-1» нысанындағы сертификат - Қазақстан Республикасынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне шығарылатын тауарларға;
1-1) «СТ-2» нысандағы сертификат - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерін қоспағанда, еркін сауда туралы келісім жасалған және қолданылатын елдерге Қазақстан Республикасынан шығарылатын тауарларға;
2) «А» нысанындағы сертификат - Еуропалық қоғамдастық елдеріне экспортталатын тауарларға;
3) «Оригинал» нысанындағы сертификат - осы тармақтың 1), 1-1) және 2) тармақшаларында көрсетілмеген елдерге шығарылатын тауарларға ағылшын немесе орыс тілдерінде (өтінім беруші айқындайды);
Сауда-өнеркәсіп палатасы техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган бекіткен бланкілердің нысандарына сәйкес тауардың шығу тегі туралы сертификат бланкілерін дайындауды жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2010.30.06. № 674 Қаулысымен 24-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
24. Тауардың шығу тегі туралы сертификат осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес өтініш және «Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-1-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде бір жұмыс күні ішінде ресімделеді, куәландырылады және беріледі.
Осы Ереженің 5-тармағында көзделген толықтай Қазақстан Республикасында өндірілген тауарларға арналған тауардың шығу тегі туралы сертификат «Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-1-бабының 2-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттар негізінде беріледі.
25. Тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан шығарған кезде тауардың шығу тегі туралы сертификат тауардың бір жүк жөнелтушіден екінші жүк жөнелтушіге бір немесе бірнеше көлік құралымен жүзеге асырылатын әрбір жөнелтілетін легіне ресімделеді.
26. Тауардың шығу тегі туралы сертификат үш данада ресімделеді. Сертификаттың түпнұсқасы мен бір көшірмесі өтініш берушіге беріледі, ал екінші көшірмесі тауардың шығу тегі туралы сертификат берген аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасында сақталады.
27. Тауардың шығу тегі туралы сертификатты аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасының тұлғасы ресімдейді, куәландырады және береді.
28. Тауардың шығу тегі туралы сертификаттың қолданылу мерзімі ол берілген күнінен бастап он екі айды құрайды.
29. Егер онда тазартып өшірулер, түзетілген жерлері, расталмаған түзетулер болса, қажетті қолдар және (немесе) мөрлер болмаса, тауардың шығу тегі туралы сертификат жарамсыз болып саналады.
Тауардың шығу тегі туралы сертификатта қамтылған мәліметтер өзгерген жағдайда, жаңа сертификат тек өтініш беруші бұрын берілген және тауардың шығу тегі туралы сертификатты берген кезде негіздеме ретінде тігілетін сертификатты қайтарғаннан кейін ғана, сондай-ақ осы өзгерістерді растайтын қажетті құжаттар болған кезде беріледі.
30. Ресімделген сертификаттар берілген тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды тіркеу журналына өтініш беруші қол қойғаннан кейін беріледі.
31. Тауардың шығу тегі туралы сертификаттардың өзге тұлғаларға беруге рұқсат етілмейді.
32. Тауардың шығу тегі туралы сертификаттардың көшірмелері мен беруге негіз болған құжаттар аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасында тауардың шығу тегі туралы сертификат берілген күнінен бастап кемінде үш жыл сақталады.
33. Тауар шығарылған елде «СТ-1» нысанындағы сертификаттың көшірмесі болса, Келісімге қатысушы мемлекеттер шеңберінде тауарларды кері экспорттау кезінде алмастырушы сертификат берілуі мүмкін.