2. Ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған негiздер болған жағдайда үш айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдыра алады.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 75-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
75-бап. Айыптау үкімінiң ескіру мерзiмi өтуiне байланысты жазаны өтеуден босату
1. Қылмысы үшiн сотталған адам, егер айыптау үкімі оның заңды күшiне енген күнiнен бастап есептегенде, мынадай мерзiмдерде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады:
а) кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - үш жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - алты жыл;
в) ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он жыл;
г) аса ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он бес жыл.
2. Егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, ескіру мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзiмiнiң өтуi адам ұсталған немесе айыбын мойындап келген кезден басталады. Сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы кезiне қарай өткен ескіру мерзiмi есептелуге тиiс. Бұл орайда айыптау үкімі егер, оның шығарылған уақытынан бастап жиырма бес жыл өтсе және ескіру мерзiмi жаңа қылмыс жасау арқылы үзiлмеген болса, орындалмауы керек.
3. Егер адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзiмi үзiледi. Мұндай жағдайда ескіру мерзiмiнiң өтуi жаңадан қылмыс жасаған күннен бастап қайта есептеледi.
4. Өлiм жазасына немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзiмiн қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескіру мерзiмiн қолдану мүмкiн деп таппаса, өлiм жазасы өмiр бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады, ал өмiр бойы бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыс, сондай-ақ террористік қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдарға ескіру мерзiмi қолданылмайды.
2007.08.01. № 210-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 76-бап өзгертілді
76-бап. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату
1. Рақымшылық жасау туралы актiнi адамдардың жеке айқындалмаған тобы жөнiнде Қазақстан Республикасының Парламентi шығарады.
2. Қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнiң негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкiн не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн, не мұндай адамдар жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн.
Ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы жағдайында жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.
3. Белгiлi бiр жеке адамға ол жөнiнде айыптау үкімі заңды күшiне енген жағдайда, сол сияқты шет мемлекет сотының үкімі бойынша тағайындалған жазаны Қазақстан Республикасының аумағында өтеп отырған не өтеген адамға кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады.
4. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрi өтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы, не мұндай адам жазаның қосымша түрінен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрі өтеуден босатылған адамнан кешiрiм жасау актiсiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн.
2007.08.01. № 210-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 77-бап өзгертілді
77-бап. Соттылық
1. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкімі заңды күшiне енген күннен бастап соттылықты жою немесе алып тастау кезiне дейiн сотты болған деп есептеледi. Осы Кодекске сәйкес соттылық қылмыстың қайталануын айқындау кезiнде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi.
2. Жазадан босатылған адам соттылығы жоқ деп танылады.
3. Соттылық:
а) шартты түрде сотталған адамдар жөнiнде - сынақ мерзiмi өтуi бойынша;
б) әскери қызмет бойынша шектеу немесе абақтыда ұстау түрiнде жазасын өтеген әскери қызметшiлер жөнiнде - iс жүзiнде жазаны өтеу бойынша;
в) бас бостандығынан айырумен салыстырғанда жазаның неғұрлым жеңiл түрiне сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн бiр жыл өтуi бойынша;
г) кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өтуi бойынша;
д) ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өтуi бойынша;
е) аса ауыр қылмысы үшiн сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өтуi бойынша жойылады.
4. Егер сотталған адам заңда белгiленген тәртiппен жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босатылса немесе жазаның өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiл жазамен ауыстырылса, онда соттылықты жою мерзiмi жазаның нақты өтелген мерзiмiн негiзге ала отырып, негiзгi және қосымша жаза түрлерiн өтеуден босатылған кезден бастап есептеледi.
4-1. Егер соттың үкімі бойынша адамға негізгі жазамен қатар қосымша жаза тағайындалса, онда соттылықтың жойылу мерзімі негізгі және қосымша жаза түрлерін өтеу кезінен бастап есептеледі.
4-2. Адам әртүрлі ауырлық дәрежесіне жататын қылмыстар үшін қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша сотталған кезде соттылық әрбір қылмыс үшін жеке жойылады, бұл ретте жойылу мерзімі қылмыстардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша жазаны өтеу кезінен бастап есептеледі.
5. Егер сотталған адам жазаны өтегеннен кейiн өзiн мiнсiз ұстаса, сот оның өтiнiшi бойынша соттылықты жою мерзiмi өткенге дейiн одан соттылықты алып тастай алады.
Бұл норма ауыр немесе аса ауыр қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы жағдайында жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды.
6. Егер сотталған адам соттылықты жою мерзiмi өткенге дейiн тағы да қылмыс жасаса, соттылықты жою мерзiмi тоқтатылады. Бiрiншi қылмыс бойынша соттылықты жою мерзiмi соңғы қылмысы үшiн негiзгi және қосымша жазаны iс жүзiнде өтегеннен кейiн қайта есептеледi. Бұл жағдайда адам екi қылмыстың ең ауыры үшiн соттылық мерзiмi өткенге дейiн олар үшiн сотталған деп есептеледi.
7. Соттылықты жою немесе алу соттылыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшiн жояды.
VI бөлім. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңына сәйкес 78-бап өзгертілді
78-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы
1. Осы бөлімнің күшi қолданылатын кәмелетке толмағандар деп қылмыс жасаған кезге қарай жасы он төртке толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар танылады.
2. Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға жаза тағайындалуы мүмкiн не оларға тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 79-бап өзгертілді; 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 79-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
79-бап. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi
1. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi:
а) айыппұл;
б) белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
в) қоғамдық жұмыстарға тарту;
г) түзеу жұмыстары;
г-1) бас бостандығын шектеу;
д) 09.12.04 ж. № 10-III алып тасталды (бұр. ред. қара)
е) бас бостандығынан айыру болып табылады.
2. Айыппұл кәмелетке толмай сотталған адамның дербес табысы немесе өндiрiп алуға жарайтын мүлкi болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл оннан бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе кәмелетке толмаған адамның жалақысының немесе өзге табысының екi аптадан алты айға дейiнгi кезеңдегi мөлшерiнде тағайындалады.
3. Кәмелетке толмағандарға белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
4. Қоғамдық жұмыстарға тарту қырық сағаттан жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге тағайындалады, ол кәмелетке толмаған адамның қолынан келетiн жұмысты орындауы болып табылады және ол оны оқудан немесе негiзгi жұмысынан бос уақытында атқарады. Он алты жасқа толмаған адамдардың бұл жаза түрiн орындауының ұзақтығы күнiне екi сағаттан, ал он алтыдан он сегiз жасқа дейiнгi адамдар үшiн күнiне үш сағаттан аспауы керек.
5. Түзеу жұмыстары сот үкiм шығарған кезде он алты жасқа жеткен кәмелетке толмаған адамдарға бiр жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
5-1. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге тағайындалады.
6. 09.12.04 ж. № 10-III алынып тасталды (бұр. ред. қара)
7. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру он жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіргені үшін немесе қылмыстардың жиынтығы бойынша қылмыстардың біреуі ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіргені үшін - он екі жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін. Кішігірім ауырлықтағы қылмыс жасаған немесе орташа ауырлықтағы қылмысты бірінші рет жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
8. Кәмелетке толмай сотталған адамдар бос бостандығынан айыруды:
а) бас бостандығынан айыруға бiрiншi рет сотталған еркек жынысты кәмелетке толмағандар, сондай-ақ әйел жынысты кәмелетке толмағандар жалпы режимдегi тәрбиелеу колонияларында;
б) бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген еркек жынысты кәмелетке толмағандар - күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларында өтейдi.
9. Қоғамдық қауiптілік сипатына және дәрежесiне, кiнәлi адамның жеке басына және басқа да мән-жайларға қарай сот қабылданған шешiмнiң себебiн көрсете отырып, еркек жынысты кәмелетке толмай сотталған адамның бас бостандығынан айыруды жалпы режимдегi тәрбиелеу колониясында өтеуiн тағайындауы мүмкiн.
10. Сот жазаны орындаушы органға кәмелетке толмай сотталған адаммен қарым-қатынас кезiнде оның жеке басының белгiлi бiр ерекшелiктерiн ескеру туралы нұсқау беруi мүмкiн.
80-бап. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау
1. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде осы Кодекстiң 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың ықпалы ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас жеңiлдететiн мән-жай ретiнде басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескерiледi.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 81-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 81-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
81-бап. Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату
1. Кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмыс жасаған немесе бiрiншi рет орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгiленсе, сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. Бұл ретте оған осы Кодекстiң 82-бабында көзделген тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
2. Кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшiн бiрiншi рет сотталған кәмелетке толмаған адамды, егер оны түзеуге осы Кодекстiң 82-бабында көзделген тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларын қолдану жолымен қол жеткізуге болады деп танылса, сот оны жазадан босатуы мүмкiн.
3. Адамның қайтыс болуымен немесе денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты бірінші рет жасаған кәмелетке толмаған баланы сот осы Кодекстің 67-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 82-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
82-бап. Тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары
1. Сот кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсерi бар мынадай мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн:
а) ескерту;
б) ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру;
в) келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетiн жүктеу;
г) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның жүрiс-тұрысына ерекше талаптар белгiлеу;
д) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру;
е) жәбірленушіден кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу.
2. Кәмелетке толмаған адамға бiр мезгiлде тәрбиелiк әсерi бар бiрнеше тәрбиелеу шаралары тағайындалуы мүмкiн.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 83-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
83-бап. Тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шараларының мазмұны және оларды қолдану мерзімдері
1. Ескерту кәмелетке толмаған адамға оның әрекетiмен келтiрiлген зиянды түсiндiруден және осы Кодексте көзделген қылмыстарды қайталап жасаудың зардаптарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-аналарына немесе олардың орнындағы адамдарға не мамандандырылған мемлекеттік органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсер ету және оның мiнез-құлқын бақылау жөнiнде мiндеттер жүктеуден тұрады.
3. Келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайын және оның тиістi еңбек дағдысы болуын есепке ала отырып жүктеледi.
4. Кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және оның жүрiс-тұрысына ерекше талаптар белгiлеу, белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақыттың белгiлi бiр нысанын, оның iшiнде механикалық көлiк құрамын басқаруға байланысты нысанын пайдалануға тыйым салуды, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттік органның рұқсатынсыз басқа жерлерге баруын шектеудi көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға білім беру мекемесiне қайта оралу, оқуын жалғастыру немесе аяқтау, не мамандандырылған мемлекеттік органның көмегiмен жұмысқа орналасу талабы да қойылуы мүмкiн. Осы тiзбе толық болып табылмайды.
5. Алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыруды сот орташа ауырлықтағы немесе ауыр қылмысты қасақана жасаған кәмелетке толмаған адамға тағайындауы мүмкін. Аталған ұйымдарда болу адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ түзетудi қамтамасыз етушi мамандандырылған мемлекеттік органның қорытындысы негiзiнде сот кәмелетке толмаған адам өзiнiң түзелуi үшiн бұдан әрi бұл шараны қолдануды қажет етпейдi деген тұжырымға келсе, мерзiмнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
6. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуды осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген мерзiм бiткеннен кейiн ұзартуға тек кәмелетке толмаған адамның жалпы білім беретiн немесе кәсiптiк даярлығын аяқтауы қажет болған жағдайда ғана жол берiледi, бiрақ ол кәмелетке толғанға дейiнгiсiнен аспауы керек.
7. Кәмелетке толмағандардың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуының тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
8. Кәмелетке толмаған бала келтірген зияны үшін жәбірленушіден өзі кешірім сұрайды;
9. Осы Кодекстің 82-бабы бірінші бөлігінің б) және г) тармақтарында көзделген тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын қолдану мерзімі кішігірім ауырлықтағы қылмыс жасаған кезде ұзақтығы - алты айдан бір жылға дейін, орташа ауыр қылмыс жасаған кезде - бір жылдан екі жылға дейін және ауыр қылмыс жасаған кезде екі жылдан үш жылға дейін белгіленеді.
10. Кәмелетке толмаған бала тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын жүйелі түрде орындамаған жағдайда, егер осы Кодекстің 69-бабының 1-бөлігінде белгіленген ескіру мерзімі өтпесе, мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынысы бойынша сот бұл шараның күшін жояды және материалдар кәмелетке толмаған баланы қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жіберіледі.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 82-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
84-бап. Кәмелетке толмағандарды жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату
Жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасап бас бостандығынан айыруға немесе түзету жұмыстарына сотталған адамдарға:
а) кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiрiн;
б) ауыр қылмысы үшiн сот тағайындаған жазаның кемiнде үштен бiрiн;
в) адам өмiрiне қол сұғумен ұштаспаған аса ауыр қылмысы үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын;
г) адам өмiрiне қол сұғумен ұштасқан аса ауыр қылмысы үшiн сот тағайындаған жазаның кемiнде үштен екiсiн нақты өтегеннен кейiн қолданылуы мүмкiн.
85-бап. Ескіру мерзiмi
Осы Кодекстiң 69 және 75-баптарында көзделген ескіру мерзiмi кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан немесе оның жазасын өтеуiнен босату кезiнде тең жартысына қысқартылады.
86-бап. Соттылықты жою мерзiмдерi
Он сегiз жасқа толғанға дейiн қылмыс жасаған адамдар үшiн осы Кодекстiң 77-бабында көзделген соттылықты жою мерзiмдерi қысқартылады және тиiсiнше:
а) бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңiл түрлерiн өтегеннен кейiн төрт айға;
б) кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн бiр жылға;
в) ауыр және аса ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн үш жылға тең болады.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 87-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
87-бап. Осы бөлiмнiң ережелерiн он сегiз бен жиырма бір жас аралығындағы адамдарға қолдану
Он сегiз бен жиырма бір жас аралығындағы қылмыс жасаған адамдарға жасаған әрекетiнiң сипатын және жеке басын ескере отырып, сот ерекше жағдайларда, оларға ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыруды қоспағанда, осы бөлiмнiң ережелерiн қолдана алады.
VII бөлім. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары
88-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану негiздерi
1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын:
а) есi дұрыс емес жағдайда осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі баптарда көзделген әрекеттердi жасаған;
б) қылмыс жасағаннан кейiн психикасы жазаны тағайындау немесе орындау мүмкiн емес болып бұзылған;
в) қылмыс жасаған және есiнiң дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуынан зардап шегетiн;
г) қылмыс жасаған және алкоголизмнен немесе нашақорлықтан не уытқұмарлықтан емдеуге мұқтаж деп танылған адамдарға тағайындауы мүмкiн.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының бұзылуы бұл адамдардың өзге елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiне не өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндiруiне байланысты жағдайларда ғана тағайындалады.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындаудың тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқарушылық кодексiмен және денсаулық сақтау туралы заңдарымен белгiленедi.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған және өзiнiң психикалық жағдайы бойынша қауiп келтiрмейтiн адамдар жөнiнде сот бұл адамдарды емдеу немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарында көзделген тәртiппен психиатриялық-неврологиялық мекемелерге жiберу туралы мәселенi шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына қажеттi материалдар жiбере алады.
89-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану мақсаттары
Осы Кодекстiң 88-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарды емдеу немесе олардың психикалық жағдайын жақсарту, сондай-ақ олардың осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі баптарда көзделген жаңа әрекеттердi жасауын болғызбау медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың мақсаттары болып табылады.
90-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлерi
1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының:
а) емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емделу;
б) жалпы үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
в) мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
г) интенсивтi қадағаланатын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрлерiн тағайындауы мүмкiн.
2. Есi дұрыс күйiнде жасалған қылмысы үшiн сотталған, бiрақ алкоголизмнен, нашақорлықтан (уытқұмарлықтан) емдеудi не психикасының есi дұрыстығын жоққа шығармайтындай бұзылуынан емдеудi қажет ететiн адамдарға сот жазамен бiрге емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу түрiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
91-бап. Емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу
Егер адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша психиатриялық стационарға орналастырып емдеудi қажет етпесе, осы Кодекстiң 88-бабында көзделген негiздер болған жағдайда емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу тағайындалуы мүмкiн.
92-бап. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу
1. Егер адамның психикасының бұзылу сипаты тек психиатриялық стационарда ғана жүзеге асырыла алатын емдеудiң, күтудiң, ұстаудың және қадағалаудың шарттарын талап ететiн болса, осы Кодекстiң 88-бабында көзделген негiздер болған жағдайда психиатриялық стационарда осындай мәжбүрлеп емдеу тағайындалуы мүмкiн.
2. Жалпы үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамдық қауiптi әрекетiнiң сипаты бойынша стационарлық емдеу мен қадағалауды қажет ететiн, бiрақ интенсивтi қадағалауды қажет етпейтiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
3. Мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамдық қауіпті әрекетiнiң сипаты бойынша тұрақты қадағалауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
4. Интенсивтi қадағалайтын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамдық қауiптi әрекетiнiң сипаты бойынша өзiне немесе басқа адамдарға айрықша қауiптi болған тұрақты және интенсивтi қадағалауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
93-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзарту, өзгерту және тоқтату
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзартуды, өзгертудi және тоқтатуды психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы негiзiнде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеме әкiмшiлiгiнiң ұсынуы бойынша сот белгiлейдi.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгiленген адам сотқа осындай шараны тоқтату туралы немесе өзгерту туралы ұсыныс енгізу үшiн негiздердiң бар екенi жөніндегі мәселенi шешу үшiн кемiнде алты айда бiр рет психиатр-дәрiгерлер комиссиясында куәландырылып отыруға тиiс.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған кезде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң әкiмшiлiгi мәжбүрлеп емдеудi ұзарту үшiн сотқа қорытынды бередi. Мәжбүрлеп емдеудi бiрiншi ұзарту емдеу басталған кезден бастап алты ай өткеннен кейiн жүргiзiлуi мүмкiн, мәжбүрлеп емдеудi одан кейiн ұзарту жыл сайын жүргiзiледi.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын өзгертудi немесе тоқтатуды адамның психикалық жай-күйi өзгерiп, бұрын тағайындалған шараны қолдану қажет болмай қалған немесе медициналық сипаттағы өзге мәжбүрлеу шарасын тағайындау қажет болған жағдайда сот жүзеге асырады.
4. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеудi қолдану тоқтатылған жағдайда сот мәжбүрлеп емдеуде болған адам жөнiнде қажеттi материалдарды оны емдеу немесе психиатриялық-неврологиялық мекемеге жiберу туралы мәселенi денсаулық сақтау туралы заңдарда көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына беруi мүмкiн.
94-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданғаннан кейiн жаза тағайындау
1. Қылмыс жасағаннан кейiн немесе жазасын өтеу кезiнде өз iс-әрекетi үшiн өзiне есеп беру немесе оларға ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикалық аурумен науқастанған адамға, егер ескіру мерзiмi өтпесе немесе оны қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатуға негiз болмаса, ол сауыққаннан кейiн сот жаза қолдана алады.
2. Психикасы қылмыс жасағаннан кейiн бұзылған адам емделген жағдайда жаза тағайындау немесе оны жаңарту кезiнде адамға психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қолданылған уақыт психиатриялық стационарда болған бiр күнi бас бостандығынан айырудың бiр күнi есебiмен жазалау мерзiмiне есептеледi.
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңына сәйкес 95-бап өзгертілді
95-бап. Жазаны орындауға қосылған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары
1. Осы Кодекстiң 88-бабының бiрiншi бөлiгiнің в) және г) тармақтарында көзделген жағдайларда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы - бас бостандығынан айыру орнында, ал сотталған адам жөніндегі өзге де жаза түрлерi денсаулық сақтау органдарының емханалық психиатриялық көмек көрсететiн мекемелерiнде орындалады.
2. Сотталған адамның стационарлық емдеудi талап ететiн психиатриялық жай-күйi өзгерген кезде сотталған адамды психиатриялық стационарға немесе өзге де емдеу мекемесiне орналастыру Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарында көзделген тәртiп пен негiздер бойынша жүргiзiледi.