Қазақстан Республикасының
Заңы
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы
Осы редакция 2011 жылғы 5 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдаудың мақсаттарын, нысандары мен бағыттарын белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жаңартылатын энергия көздері - табиғи жаратылыс процестері есебінен үздіксіз жаңартылатын энергия көздері: күн сәулесінің энергиясы, жел энергиясы, қуаты отыз бес мегаватқа дейінгі қондырғыларға арналған гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жер асты суларының, өзендердің, су айдындарының жылуы, сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын органикалық қалдықтардан алынатын өзге де отын;
2) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі - жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін іске қосу үшін технологиялық қажетті тиісті инфрақұрылымы бар электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған дербес техникалық қондырғылар және олармен өзара байланысты құрылғылар;
3) уәкілетті орган - жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
4) электр энергиясының нормативтік шығасылары - электр энергиясының электр желілері бойынша электр энергиясын беруге және таратуға кететін технологиялық шығысы;
5) энергия өндіруші білікті ұйым - жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға.
2-бап. Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Биоотын өндіру және айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының биоотын өндіруді және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасымен реттеледі.
3. Электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру, беру және тұтыну процесінде туындаған, осы Заңмен реттелмеген қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасымен реттеледі.
4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды
қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу
3-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен нысандары
1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу экономиканың энергияны қажетсінуі мен электр және жылу энергиясын өндіру секторының қоршаған ортаға әсерін азайту және электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үлесін ұлғайту үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясы өндірісіне қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын (бағдарламасын) бекітуді және іске асыруды;
2) лицензиялауды;
3) электр энергетикасын дамыту бағдарламаларында электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің нысаналы көрсеткіштерін, үлесін белгілеуді;
4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласында қазақстандық кадрларды даярлау мен оқытуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге жағдайлар жасауды;
5) техникалық реттеуді;
6) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды қамтиды.
4-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттары
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу мынадай негізгі:
1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу және пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасау;
2) жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді ынталандыру;
3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жобалауды, салуды және пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық преференциялар беру;
4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін бірыңғай электр энергетикасына, жылу жүйесіне, электр және жылу энергиясының нарығына тиімді ықпалдастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау;
5) Қазақстан Республикасының парник газдары шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға жәрдемдесу бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен пайдаланудың салалық (секторлық) бағдарламаларын бекітеді;
3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мониторингін жүзеге асыру тәртібін бекітеді;
4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
5) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобаларын келісу және бекіту тәртібін, мерзімдерін бекітеді.
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен пайдаланудың салалық (секторлық) бағдарламаларын әзірлейді;
3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді және электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жобалау, салу, пайдалану және олардың техникалық қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік стандарттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
5) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын (бағдарламасын) бекітеді;
6) қуаты жиырма бес мегаватт және одан да жоғары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жобаларын келіседі;
7) жаңартылатын энергия көздерінің пайдаланылу мониторингін жүзеге асырады;
8) электр немесе жылу желілеріне қосатын және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосатын ең жақын нүктені анықтаудың тәртібі мен мерзімін айқындайды;
9) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінің энергия беруші ұйымдардың электр немесе жылу желілеріне қосылуын Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес бақылауды жүзеге асырады;
10) энергия өндіруші білікті ұйымдардан электр энергиясын сатып алу тәртібін айқындайды;
11) мемлекеттік органдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен пайдалану жөніндегі өзара іс-қимылын үйлестіреді;
12) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
7-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен пайдаланудың салалық (секторлық) бағдарламаларын іске асыруға қатысады;
2) орталықтандырылған электрмен жабдықтау экономикалық жағынан тиімсіз, электрлендірілмеген шалғай елді мекендерде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыруды ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен пайдаланудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады;
3) қуаты жиырма бес мегаватқа дейінгі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жобаларын, сондай-ақ жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесі үшін жылу энергиясын өндіруге арналған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жобаларын келіседі.
3-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін
пайдалануды қолдау
8-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жобалау және салу кезіндегі қолдау
Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын әзірлеу кезінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен пайдаланудың салалық (секторлық) бағдарламаларын ескереді;
2) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына және оларды орналастыру жоспарына (бағдарламасына) сәйкес жер учаскелерін резервке алады және береді.
9-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып өндірілген электр және (немесе) жылу энергиясын сату кезіндегі қолдау
1. Электр желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілер тікелей қосылған өңірлік электр желілері компаниялары тиісті энергия өндіруші білікті ұйымдар өндірген электр энергиясын толық көлемде, өздерінің желілерінде электр энергиясының нормативтік шығасыларын өтеу үшін осы шығасылар мөлшерінің елу процентінен аспайтын көлемде сатып алуға міндетті.
Энергия өндіруші білікті ұйымдардың электр энергиясын өндіру көлемі тиісті өңірлік электр желілері компаниясының нормативтік шығасылары мөлшерінің елу процентінен асқан жағдайда, осы электр энергиясының қалған көлемін жүйелік оператор ұлттық электр желісіндегі электр энергиясының нормативтік шығасыларын өтеу үшін сатып алады.
2. Энергия өндіруші білікті ұйымдар өндірген электр және (немесе) жылу энергиясын сатып алу-сату шарттары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде айқындалған, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің құрылысы жобасының өзін-өзі ақтау мерзімінен кем емес кезеңге жасалады.
3. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электр желілеріне тікелей қосылған жүйелік оператор тиісті энергия өндіруші білікті ұйымдардың өндірген электр энергиясын өз желілеріндегі электр энергиясының нормативтік шығасыларын өтеу үшін толық көлемде сатып алуға міндетті.
4. Энергия өндіруші білікті ұйымдар өндірген және елді мекенді жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне берілген, жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін параметрлерімен жылу энергиясын жылумен жабдықтаушы ұйым сатып алады.
Энергия өндіруші білікті ұйым өндірген жылу энергиясына жұмсалған шығындар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен энергиямен жабдықтаушы ұйымның тарифіне енгізіледі.
Энергия өндіруші білікті ұйым жылумен жабдықтаудың маусымдық сипатына байланысты жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне жылу энергиясын беру кезеңін энергиямен жабдықтаушы ұйыммен келіседі.
5. Энергия өндіруші білікті ұйым электр энергиясын босату бағасын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде белгіленген деңгейден аспайтын мөлшерде дербес белгілейді.
6. Электр және (немесе) жылу энергиясын жеткізу кезінде энергия өндіруші білікті ұйымдар энергия беруші ұйымдардың электр немесе жылу энергиясын берген қызметтеріне ақы төлеуден босатылады.
7. Энергия өндіруші білікті ұйым өндірген электр энергиясын сатып алуға және беруге жұмсалған шығындар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен осы өңірлік электр желілері компаниялары мен жүйелік оператордың электр энергиясын беру жөніндегі қызметінің тарифіне енгізіледі.
8. Энергия өндіруші білікті ұйымдар тұтынушылармен электр және (немесе) жылу энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасуға құқылы.
Энергия беретін ұйымдар энергия өндіруші білікті ұйымдардың электр энергиясы нарығына еркін қол жеткізуін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.
9. Энергия өндіруші білікті ұйымдар жаратылыстың табиғи жағдайларына қарай қуаттар авариялық істен шыққан және (немесе) қуат уақытша азайған жағдайларда ғана тұтынушылармен жасалған электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін резерв жасау мақсатында энергия өндіруші басқа ұйымнан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыруға құқылы. Резерв жасау мақсатында жеткізілетін электр энергиясын сату резерв жасауды жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының бағасы бойынша, электр энергиясын энергия беруші ұйымдардың желілері арқылы беру жөніндегі тарифтер ескеріле отырып жүргізіледі.
10-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілеріне қосу, электр және (немесе) жылу энергиясын беру кезіндегі қолдау
1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жаңа объектілер, сондай-ақ пайдалануға берілу мерзіміне қарамастан, қайта жаңартылған объектілер кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесіне қосылады.
2. Энергия беруші ұйым кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесінің кедергісіз және кемсітушіліксіз анықталуын және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілердің қосылуын қамтамасыз етеді.
3. Энергия беруші ұйымдардың электр желілерінің өткізу қабілеті шектелген жағдайда энергия беруші білікті ұйым өндірген электр энергиясын беруге басымдық берілуі тиіс.
4. Электр қуатын диспетчерлеу кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр генерациялаушы объектілер басымдықпен пайдаланылады.
5. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді қосу үшін энергия беруші ұйымдардың жұмыс істеп тұрған электр және жылу желілерін кеңейту мен қайта жаңартуды электр және (немесе) жылу желілерінің меншік иесі осы шығындарды энергия беруші ұйымның тарифіне міндетті түрде енгізе отырып, Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінің инфрақұрылымдық бөлігін қосу нүктесіне дейін салуды жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектінің меншік иесі шығындарды жоба құнына қоса отырып жүзеге асырады.
4-тарау. Қорытынды ережелер
11-бап. Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
12-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы шілденің 4-і.
№ 165-ІV ҚРЗ