Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 тамыздағы № 840 қаулысы
(2011.27.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011 жылғы 16 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қoca берiлiп отырған Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесi бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінiң заң жобалау қызметiн жетiлдiру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 11 қыркүйектегi № 1376 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 40, 455-құжат) мынадай өзгерiс пен толықтыру енгізiлсiн:
2-тармақта 2) тармақша алынып тасталсын;
көрсетiлген қаулымен бекітілген Заң жобалау қызметi мәселелерi жөнiндегі ведомствоаралық комиссия туралы ережеде:
4-тармақтың он бiрiншi абзацында «қатынастар бойынша» деген сөздерден кейiн «заң жобаларының тұжырымдамаларын және» деген сөздермен толықтырылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 21 тамыздағы
№ 840 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру
ережесi
1. Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесi (бұдан әрі - Ереже) «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң Регламентiне (бұдан әрi - Үкiметтiң Регламентi) сәйкес заң жобаларын әзiрлеушi уәкiлеттi органдарда (бұдан әрi - Уәкiлеттi органдар) заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 172; 2007.20.03. № 217 (бұр. ред. қара); 2009.25.12. № 2206 (бұр.ред.қара); 2010.23.06. № 632 (бұр.ред.қара) қаулыларымен 2-тармақ өзгертілді
2. Уәкiлеттi органдардың заң жобалау қызметiн жүзеге асыруы мынадай кезеңдерді қамтиды:
заң жобаларының тұжырымдамаларын әзірлеу;
Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптама жүргізу ережесіне сәйкес заң жобаларының тұжырымдамаларына ғылыми сараптама жүргізу;
заң жобаларының тұжырымдамаларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда (бұдан әрі - Комиссия) қарау;
жұмыс тобын құру. Жұмыс тобының құрамына міндетті түрде «Қазақстан Республикасы Заң шығару институты» мемлекеттік мекемесінің өкілдері енгізіледі, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, депутаттарды және ғылымның тиісті салаларының ғалымдарын тарту ұсынылады;
заңнамалық кесiмдердiң жобаларын даярлау;
заңнамалық кесiмдер жобаларына ғылыми сараптама жүргiзу;
Үкіметтiң Регламентiне сәйкес мемлекеттік органдармен заң жобаларын келiсу;
заңнамалық кесiмдер жобаларын жетілдiргенде тұжырымдамалық өзгерістер енгiзілген жағдайда қосымша ғылыми сараптама жүргiзу;
заң жобаларын Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу;
заң жобаларын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң палаталарында қарау кезiнде оларды ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз ету.
Жоғарыда көрсетілген кезеңдердің әрқайсысында заң жобалау қызметін жүзеге асыру уәкілетті органның заң қызметінің басшысымен келісілуі тиіс.
Заң сараптамасын жүргізу үшін келісуге жіберген кезде заң жобасының әр парағына уәкілетті органның заң қызметінің басшысы қол қояды.
ҚР Үкіметінің 2009.25.12. № 2206 Қаулысымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Уәкілетті органдар заң жобаларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының келесі екі жылға арналған Перспективалық жоспарын орындау үшін, Мемлекет басшысының тапсырмалары мен жыл сайынғы жолдауын, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын, мемлекеттік бағдарламалар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламаларды, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі жоспарларды, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімдерін ескере отырып, сондай-ақ үш жылдық кезеңге арналған бюджеттке сәйкес әзірлейді.
4. Заңнамалық кесiмнiң жобасы Комиссия мақұлдаған оның тұжырымдамасына қатаң сәйкестiкпен әзiрленуi тиiс.
5. Комиссия:
1) қолданыстағы заңнамада реттелiп қойған құқықтық қатынастарды регламенттеудi көздейтiн;
2) құқықтың негiз қалаушы қағидаттарына қайшы келетiн;
3) реттеу мәнi Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының 3-тармағында көрсетiлген қоғамдық қатынастарға сәйкес келмейтiн заң жобаларының тұжырымдамаларын мақұлдамайды.
ҚР Үкіметінің 2007.20.03. № 217 Қаулысымен (бұр. ред. қара); 2009.04.06. № 822 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Заң жобаларының барлық тұжырымдамалары бойынша Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі оларды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне енгізген сәттен бастап он бес күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген талаптарға тұжырымдаманың сәйкестiгiн көрсететiн алдын ала қорытынды дайындайды. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігінiң қорытындысын Комиссия заң жобасының тұжырымдамасымен және заң жобасы тұжырымдамасының ғылыми құқықтық сараптамасының қорытындысымен бiрге қарайды.
ҚР Үкіметінің 2009.25.12. № 2206 Қаулысымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Заң жобасының тұжырымдамасын әзiрлеудi уәкiлеттi орган қажет болған кезде заң жобалау қызметi саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдарын, ғалымдарды, білімнiң әртүрлi салаларындағы мамандарды тарта отырып жүзеге асырады. Жаңа редакциядағы заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеген кезде заң жобасының тұжырымдамасымен бірге оның алдын ала мәтінін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қарауына енгізу қажет.
ҚР Үкіметінің 2009.04.06. № 822 Қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу кезінде әзірлеуші:
құқықтық реттеудің тиісті саласында қолданылып жүрген заңнаманы талдауы, қазіргі құқықтық тетіктердің (олар болған жағдайда) тиімділігінің жеткіліксіз болу себептерін анықтауы, заңнамадағы олқылықтарды, қайшылықтарды, ескірген нормаларды не ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін көптеген актілердің болуын, қолданыстағы заңнаманы дұрыс қолданбау себептерін анықтауы;
экономикалық, социологиялық, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты зерделеуі, қорытуы және талдауы, нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың болжамды әлеуметтік, қаржы-экономикалық, экологиялық, құқықтық, криминологиялық және өзге де салдарына, актіні қабылдауға байланысты белгілі бір саладағы қоғамдық қатынастардың ықтимал үрдістері мен даму нұсқаларына зерттеу жүргізуі;
қажетті қаржы-экономикалық есептемелер жүргізуі;
шетелдік тәжірибені зерделеуі, салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуі қажет.
ҚР Үкіметінің 2009.04.06. № 822 Қаулысымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Заң жобасының тұжырымдамасы осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша жазылуға тиіс.
Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының ережелерін, қоғамдық өмірдің тиісті салаларында және аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын, қолданыстағы заңнаманың проблемалары бойынша өткізілетін ғылыми-практикалық конференциялардың, семинарлардың, кеңестердің материалдарын, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын материалдарды, бұқаралық ақпарат құралдарында қамтылған ақпаратты ескере отырып жүзеге асырылады.
Заңды қабылдау қажеттілігі туралы куәландыратын дәлелдерді баяндау нақты, келеңсіз құбылыстар мен процестердің қолданыстағы заңнамамен жеткілікті жасалмаған байланысын тиянақты түрде орнататын болуы тиіс. Дәлелдемелер ретінде орын алған жағдайдың қысқаша мән-жайын, заң нормаларын қолданудың дұрыстығы, қорытындылар мен ұсыныстар туралы пікірді көрсете отырып, практикадан мысал келтіру қажет.
Әлеуметтік салдарларды болжау кезінде актіні қабылдаудың жалпы қоғамның, сондай-ақ оның жекелеген әлеуметтік топтарының дамуына әсер етуіне, білім беру және халықты жұмыспен қамту деңгейіне, қоғамның әлеуметтік құрылымына, денсаулық сақтау қызметінің қол жетімділігіне, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, азаматтық қоғам институттарын дамытуға ықпалына және басқа да салдарларға талдау жүргізіледі.
Қаржы-экономикалық салдарларды болжау кезінде актіні қабылдауға байланысты:
республикалық және жергілікті бюджеттен тікелей және жанама шығыстар;
құқық қолданушылар мен актінің нормаларын іске асырудың өзге де субъектілерінің шығыстары;
республикалық және жергілікті бюджеттің кірістері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың кірістері;
өзге де шығыстар мен кірістер, сондай-ақ өзге де экономикалық әсер (бәсекенің дамуына ықпалы; кредиттік ресурстардың қол жетімділігі, жаңа жұмыс орындарын ашу және басқа да салдарлар) бағаланады.
Экологиялық салдарларды болжау кезінде актіні қабылдау нәтижесінде қоршаған ортаға ықпал ететін әсердің бағыты, сипаты және деңгейі бағаланады.
Құқықтық салдарларды болжау шеңберінде келешектегі актінің қаралып отырған саладағы құқықтық қатынастарды құқықтық реттеудің қолданыстағы тетігіне ықпалы, атап айтқанда: заңнамадағы олқылықтар мен қарама-қайшылықтардың, тиімсіз және декларативті нормалардың болуы, құқықтар мен міндеттерді іске асыру тетігінің жоқтығы бағаланады.
Криминологиялық салдарларды болжау кезінде заң жобасының тұжырымдамасына оның қоғам, мемлекет қажеттілігіне және қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатқа сәйкестігі мәніне ондағы құқық бұзушылықтар жасауға тікелей немесе жанама ықпал ететін, көзделген жауапкершілік шараларынан заңды негіздерде бас тарту мүмкіндігін туғызатын ережелерді (олқылықтар, өзге де кемшіліктер) анықтау, сондай-ақ осындай актіні қабылдау нәтижесінде криминогенді не криминогендікке қарсы сипаттағы өзге де салдарларды анықтау арқылы талдау жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бюджеттен болжанып отырған қаржылық шығындар туралы ақпаратқа тиісті қаржылық есептемелер қоса берілуі тиіс.
Салдарларды болжау кезінде болашақ актінің мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының мақсатты индикаторларына, көрсеткіштеріне, тәуекелдеріне әсері бағаланады.
ҚР Үкіметінің 2006.14.02. № 99 қаулысымен 10-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); ҚР Үкіметінің 2009.25.12. № 2206 Қаулысымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Заң жобасын әзiрлеушi уәкiлеттi орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды жұмыс тобының функцияларын орындайтын өзiнiң бөлiмшелерiнiң бiрiне тапсырады. Жобаны дайындауда жобаны дайындайтын органның заң бөлiмшесi қызметкерлерінің қатысуы мiндеттi.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.
Жұмыс тобының жұмысына қатысу үшін әр түрлі білім салаларының, ғылыми мекемелердің мамандары және ғылыми қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өкілдері тартылуы мүмкін.
11. Егер заң жобалау жұмыстарының жоспарымен немесе заң жобасын әзiрлеу туралы тапсырмамен өзгеше белгiленбесе, Уәкілеттi орган заң жобасын дайындауды ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік ұйымдарға немесе шарттық негiзде мамандарға, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына соның iшiнде шетелдiктерге тапсыра алады.
Уәкілеттi орган баламалы жобаларды дайындауды бiр немесе бiрнеше тұлғаға тапсыруға құқылы. Заң жобаларының сапасы, уақытылы әзiрленуi мен ұсынылуы үшiн Уәкiлеттi органдардың бiрiншi басшылары жеке жауап бередi.
12. Уәкiлеттi органдардың заң жобалау жұмыстарының жоспарларын және заң жобаларын әзiрлеу жөніндегі жекелеген тапсырмаларды орындауын жалпы бақылауды, осы бағыттағы олардың қызметiне әдiстемелiк басшылық жасауды және сол үшiн қажеттi ақпараттық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі жүзеге асырады.
13. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының, 3-тармағымен регламенттелген негiз қалаушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтiн аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеуi және «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының талаптарына сәйкес ресiмделуi тиiс.
ҚР Үкіметінің 2009.04.06. № 822 Қаулысымен 14-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14. Заң жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының ережелерін, қоғамдық өмірдің тиісті салаларында және аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын ескере отырып жүзеге асырылады.
15. Заң жобасының нормаларында мiндеттi түрде:
құқықтық реттеудiң мәнi;
құқықтық реттеудiң негізгі қағидаттары;
заң жобасының мәтiнiнде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар айқындалуы тиiс.
Сондай-ақ, заң жобасында заңды қолданысқа енгізу тәртібі, заң күшiне енгеннен кейiн өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi қолдану тәртібі мен шарттары көрсетiлуi мүмкiн.
16. Құқықтық нормалардың мазмұны қисындалған жүйелi әрi әртүрлi ұғыну мен түсiндiруге жол бермейтiн мазмұны айқын болуы тиiс.
Заң жобасын әзiрлеу кезiнде, Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде пайдаланылатын терминдер тiзбесiнде көзделген терминология пайдаланылады.
Нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнi әдеби тiл мен заң терминологиясының нормалары сақтала отырып жазылады. Ескiрген және көп мағыналы сөздер және теңеулер, эпитеттер, метафоралар қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берілмейдi.
17. Қабылдануы Қазақстан Республикасының Конституциясында немесе заңнамалық кесiмде тiкелей көзделген заң жобасына түсiндiрме жазбада Конституцияның немесе өзге де заңнамалық кесiмнiң бабын мiндеттi түрде көрсету керек.
18. Заң жобасының өтпелi ережелерiнде оны қолданысқа енгiзгенге дейiнгi қатынастарды заң жобасында реттеу тәртібі көрсетіледi, жаңа құқық нормаларына көшу мерзiмдерi мен тәсiлдерi белгіленедi.
19. Заңнамалық кесiмнiң қорытынды ережелерiнде осы кесiмнiң қолданысқа енгiзілуі туралы, бұрын шығарылған кесiмнiң күшiн жою туралы нормалар бекітіледi, осы кесiмдi орындау және дамыту мақсатында қажет болған кезде басқа мемлекеттік органдардың кесiмдер шығару талаптары белгiленедi.
ҚР Үкіметінің 2009.25.12. № 2206 Қаулысымен мазмұн 19-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2010.23.06. № 632 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2011.05.04. № 359 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 19-1-тармақ өзгертілді
19-1. Заң жобаларының және оларға қосымшалардың әр парағына әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы қол қояды.
Заң жобаларының және қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы не негізгі жобаның қабылдануына байланысты заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заң жобаларының көшірмелеріне, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырмалы кестесіне әзірлеуші мемлекеттік органның заң қызметі басшысының қолы қойылады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне заң жобаларын қарауға және келісуге енгізген кезде олармен бір мезгілде «Қазақстан Республикасы Заң шығару институты» мемлекеттік мекемесінің заң жобаларының тұжырымдамалары мен мәтіндерін әзірлеуге қатысқанын растайтын қорытындысы енгізіледі.
Мемлекеттік органдар мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге енгізетін мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған заң жобалары мынадай материалдарды қамтуы тиіс:
1) заң жобасын, ал қажет болған кезде қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы және/немесе негізгі жобаның қабылдануына байланысты заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заң жобаларын да (оның ішінде электрондық жеткізгіштерде);
2) осы заң жобасын (заң жобаларын) Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын;
3) Үкімет Регламентінің талаптарына сәйкес дайындалған Үкімет қаулысының жобасына түсіндірме жазбаны;
4) заң жобасы мақсаттарының, міндеттері мен негізгі ережелерінің жан-жақты сипаттамасымен бірге жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі бар заң жобасына (заң жобаларына) түсіндірме жазбаны (жазбаларды);
5) қабылданатын Заңның қолданылуының ықтимал экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, экологиялық салдарының болжамдарын.
Қабылданатын заңның қолданылуының әлеуметтік және экономикалық салдарын бағалау мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Қабылданатын заң жобаларының қолданылуының әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылады;
6) егер заң жобасын іске асыру мемлекеттік кірістердің қысқаруына немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаюына әкеп соқтыратын болса, қаржы-экономикалық есептемелерді;
7) заң жобасын (заң жобаларын) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағын (парақтарын);
8) халықаралық шарттарды ратификациялау және күшін жою туралы заң жобаларын қоспағанда, заң жобасының (заң жобаларының) ғылыми сараптамасының нәтижелері бойынша қорытындыны (қорытындыларды). Заң жобасын әзірлеуші ғылыми сараптаманың қорытындысымен (қорытындыларымен) келіспеген жағдайда тиісті қорытындымен келіспеу себептеріне жазбаша дәлелді негіздер келтірілуге тиіс;
9) қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырмалы кестесі;
10) егер заң жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын болса, заң жобасына салалық мүдделері заң жобасында тікелей қозғалатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылары қоса беріледі. Әзірлеуші сараптамалық қорытындымен (қорытындылармен) келіспеген жағдайда сараптамалық қорытындымен келіспеу себептеріне жазбаша дәлелді негіздер келтіруге тиіс. Мемлекеттік органдар өзінің ресми сайтында сарапшылық кеңестің отырысына шығарылған қолданыстағы әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша сарапшылық кеңес мүшелері мен өзге де мүдделі тұлғалардың ұсыныстарын, мемлекеттік органдардың жауаптарын, хаттамаларды және сараптамалық қорытындыларды сақтайды;
11) Үкімет Регламентінің қосымшасына сәйкес нысан бойынша анықтама парақты;
12) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заңдарының жобаларына қатысты республикалық бюджет комиссиясының оң шешімінің көшірмесін;
13) жобаның қабылдауына байланысты өзгертілуі немесе күші жойылды деп танылуы тиіс заңнамалық актілердің тізбесін;
14) егер Қазақстан Республикасы заңының қолданылуын қамтамасыз ету үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажет болса, заң жобасын іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын (егер мұндай қажеттілік болмаса, бұл ілеспе хатта көрсетіледі).
Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган заңға тәуелді актінің тиісті жобасын сұратады және жоғарыда көрсетілген барлық материалдармен бір мезгілде енгізеді.
ҚР Үкіметінің 2009.25.12. № 2206 Қаулысымен 20-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
20. Заң жобасына:
есептемелер, тарифтер кестелерi, графикалар, карталар;
бланкiлер, құжаттар, сызбалар үлгiлерi және қосымша қолдану мәнi бар басқа да материалдар қоса берілуi мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 2007.20.03. № 217 Қаулысымен 20-1-тармақпен толықтырылды
20-1. ҚР Үкіметінің 2009.25.12. № 2206 Қаулысымен алынып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2007.20.03. № 217 Қаулысымен 21-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); ҚР Үкіметінің 2011.27.05. № 590 Қаулысымен 21-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21.Үкімет Парламенттің қарауына енгізетін заң жобалары бойынша «Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Үкіметтің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптама жүргізу ережесіне сәйкес заң жобасында реттелетін құқықтық қатынастарға қарай тиісті ғылыми сараптама (құқықтық, лингвистикалық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және басқа) жүргізу міндетті. Бұл ретте қабылдануынан туындайтын болжамды салдар экологиялық, соның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған органы қорғауға қауіп төндіруі мүмкін заңнамалық кесімдердің жобалары міндетті түрде экологиялық сараптама жасауға жатады. Заң жобасын әзірлеуші оны мүдделі мемлекеттік органдармен келіскенге дейін жобаның тиісті сараптамасының жүргізілуін қамтамасыз етеді, оның нәтижелері бойынша қорытынды заң жобасына басқа да материалдармен бірге келісуші мемлекеттік органдарға мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылады.
ҚР Үкіметінің 2007.20.03. № 217 Қаулысымен 21-1-тармақпен толықтырылды
21-1. ҚР Үкіметінің 2009.25.12. № 2206 Қаулысымен алынып тасталды (бұр.ред.қара)
22. Заң жобасын мемлекеттік органдармен келiсу, заң жобасын Үкiметтiң қарауына енгізу тәртібін Үкiметтiң Регламентi белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының
уәкiлеттi органдарында
заң жобалау жұмыстарын
ұйымдастыру ережесiне
қосымша
Әзiрленетiн заң жобалары бойынша тұжырымдама нысаны
1. Заң жобасының атауы.
2. Заң жобасын әзiрлеу қажеттiлiгiнiң негiзi.
3. Заң жобасын қабылдау мақсаттары.
4. Заң жобасын реттеу мәнi.
5. Заң жобасының құрылымы.
6. Заң жобасын қабылдаған жағдайда болжанып отырған құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық салдарлар.
7. Басқа заңнамалық кесiмдердi әзiрленетiн заң жобасымен бiр мезгiлде (кейiннен) сәйкес келтiру қажеттiлiгi.
8. Заң жобасы мәнiнiң өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдермен регламенттелуі.
9. Қаралатын мәселе бойынша шетелдiк тәжiрибенiң бар-жоғы.
10. Заң жобасын iске асыруға байланысты болжанып отырған қаржы шығындары.