Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 қаулысы
(2010.23.04. берілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2011 жылғы 27 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Білім беру грантын беру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58
Қаулысымен
бекітілген
Білім беру грантын беру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Білім беру грантын беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және білім беру гранттарын беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) білім беру гранты - кәсіптік білім алуға төлеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шарттармен білім алушыға берілетін ақшаның нысаналы сомасы;
2) білім беру саласындағы уәкілетті орган - білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
3) республикалық конкурстық комиссия - білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия (бұдан әрі - Комиссия).
2. Білім беру грантын беру тәртібі
3. Білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты білім саласындағы уәкілетті орган құратын Комиссия өткізеді.
4. Комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының (бұдан әрі - ЖОО) басшылары санынан қалыптасады.
Комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс. Комиссия отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі.
ҚР Үкіметінің 2008.28.05 № 509 қаулысымен;ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен ( бұр. ред. қара) 5 тармақ өзгертілді
5. Білім беру гранттары талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша мамандықтар кезектілігіне сай білім беру грантын беру туралы куәлікті берумен қоса ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша сертификаттар балдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.
Білім беру грантын алу конкурсында қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша балдар ескеріледі.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 5-1 тармақпен толықтырылды
5-1. Білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін азамат жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш, білімі туралы құжат (түпнұсқа), ұлттық бірыңғай немесе кешенді тестілеудің сертификатын, 3x4 көлеміндегі екі фотосурет, 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.
Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін азамат өтініште өзі таңдаған мамандық пен жоғары оқу орнын көрсетеді.
Таңдау бойынша пәндер сәйкес келген жағдайда азамат төрт мамандықты көрсете алады.
Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 23-31 шілде кезеңінде қабылданады.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 5-2 тармақпен толықтырылды
5-2. Осы Ереженің 6 және 6-1-тармақтарында көрсетілген білім беру грантын алуға басым құқығы бар азаматтар жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына аталған құқықты растайтын құжатты тапсырады.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 5-3 тармақпен толықтырылды
5-3. Шет тілінде берілген құжаттардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі нотариалды куәландырылған аудармасы болуы тиіс.
Шетелдік білім беру ұйымдары берген білімі туралы құжаттар заңнамада белгіленген тәртіппен нострификатталуы тиіс.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 5-4 тармақпен толықтырылды
5-4. Бірінші және екінші топтағы мүгедек азаматтар, мүгедек балалар, сондай-ақ бала кезден мүгедектер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына таңдаған мамандығы бойынша оқу үшін теріс көрсеткіштің жоқтығы туралы медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қорытындысын ұсынады.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 5-5 тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2010.23.04 № 343 Қаулысымен 5-5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-5. Конкурсқа қатысу үшін кемінде 50, ал «Жалпы медицина» медицина мамандығы бойынша кемінде 55 балл жинау қажет, оның ішінде бейіндік пән бойынша кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10), ал қалған пәндерден - кемінде 4 балл.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 5-6 тармақпен толықтырылды
5-6. Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер білім беру грантын алу конкурсына бір мамандық бойынша қатысады және тек шығармашылық емтихан тапсырған жоғары оқу орнын ғана көрсетеді.
6. Білім беру гранттарын алуға конкурс өткізу кезінде:
1) “Алтын белгі” белгісімен марапатталған адамдардың;
2) білім беру саласындағы уәкілетті орган тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 6-1 тармақпен толықтырылды
6-1. Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда І және II топтағы мүгедектердің, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (аттестаттары, куәліктері, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.
Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның жоғары орта балдары бар тұлғаларға беріледі.
Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен 7тармақ өзгертілді ( бұр. ред. қара)
7. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар, І және ІІ гоптағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін конкурс көрсетілген санаттар арасында бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен белгіленген квота бойынша өткізіледі.
Білім беру грантын алу конкурсына қатысушы азаматтар үшін белгіленген қабылдау квоталары өтініш берілген барлық мамандықтарға қолданылады.
8. Ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшін квота белгіленген мамандықтар бойынша конкурс мынадай түрде өтеді: осы мамандықтар мен оқыту тілі бойынша гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал қалған 30 пайыз грантқа конкурс тек ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға өткізіледі.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 8-1 тармақпен толықтырылды
8-1. Білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын Комиссия оқыту нысанына қарамастан, жоғары өту балымен мамандықтарға дайындау бағыттарының ішінде осы ереженің 5, 6, 6-1-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 8-2 тармақпен толықтырылды
8-2. Тиісті куәлік иелерінің тізімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Иегер білім беру грантынан бас тартқан жағдайда білім беру грантын беру туралы куәлік білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен жойылады. Осы мамандық бойынша босаған білім беру грантын Комиссия азаматтарға осы Ереженің 5, 6, 6-1-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 8-3 тармақпен толықтырылды
8-3. Білім беру грантын беру туралы куәлікті қабылдау комиссиялары азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 15 тамыздан кешіктірмей береді.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02 № 194 Қаулысымен Ереже 2-1 тараумен толықтырылды
2-1. Жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру гранттарын беру тәртібі
8-4. Жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру гранттары оқыту мамандықтарының бөлінісінде конкурстық негізде осы мамандық бойынша ақылы негізде оқитын білім алушыларға беріледі. Конкурс білім беру грантын беру туралы куәлікті берумен қоса аралық аттестаттаудың нәтижелері бойынша өткізіледі.
Бос білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде үлгерімнің орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда барлық оқу кезеңі ішінде тек қана А, А- («үздік»), содан соң А, А- («үздік») бағаларынан В+, В, В- («жақсы») бағаларына дейін бағалары бар білім алушылар басым құқыққа ие болады.
8-5. Жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру гранттарын беру рәсімі мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
қысқы және жазғы емтихан сессияларының қорытындылары бойынша жоғары оқу орындары 10 қаңтар мен 10 шілдеге дейін білім беру саласындағы уәкілетті органға білім беру гранттарын беру туралы куәлікті ұсынады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган оқуға түсу жылын ескере отырып, мамандықтар, оқытудың нысандары мен мерзімдері бөлінісінде бос білім беру гранттарының тізбесін жасайды және 15 қаңтар мен 15 шілдеге дейін олар бойынша ашық конкурс жариялайды. Конкурс туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің сайтында орналастырылады;
білім беру грантын тағайындауға үміткер ақылы негізде оқитын жоғары оқу орны білім беру саласындағы уәкілетті органға білім алушының мынадай құжаттарын ұсынады: өтініш және барлық оқу кезеңі ішіндегі үлгерімінің орташа балы көрсетілген жоғары оқу орнының басшысы растаған оның оқу карточкасының немесе транскриптінің үзіндісі. Құжаттар 25 қаңтарға және 25 шілдеге дейін ұсынылады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган конкурсқа ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді және конкурсқа қатысатын студенттердің үлгірім көрсеткіштерінің жиынтық ведомосын дайындайды. Комиссия конкурсқа қатысатын студенттердің үлгерім көрсеткіштерінің жиынтық ведомосын қарайды және білім беру гранттарын береді;
конкурстық іріктеудің нәтижелері бойынша Комиссияның шешімі шығарылады. Комиссияның шешімі негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның білім беру гранттарын беру туралы бұйрығы шығарылады.
8-6. Білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын Комиссия оқыту нысанына қарамастан, үлгерімнің жоғары орташа балымен мамандықтарға дайындау бағыттарының ішінде осы Ереженің 8-4-тармағында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
3. Маманды ауылдық жерге жұмысқа жіберу және өз бетімен жұмысқа тұру құқығын беру тәртібі
9. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру грантының иегерлері ауылдық жерге (бұдан әрі - ауыл) жұмысқа жіберіледі.
10. Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру гранты иегерлері үшін білім беру қызметтерін ұсынуға арналған шарт жасасқан кезде олардың оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылда орналасқан білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты өтеуі міндетті шарт болып табылады.
11. Педагогикалык және медициналық мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде ЖОО бітірушілерді (бұдан әрі - жас мамандар) жұмысқа жіберу мақсатында оларды дербес бөлу жүзеге асырылады.
Жас мамандарды жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) облыстың жергілікті атқарушы органы жыл сайын (15 сәуірден кешіктірмей) білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға (бұдан әрі - уәкілетті органдар) ауылда орналасқан білім беру ұйымдарында және медицина ұйымдарында кадрларға қажеттілік туралы өтінім береді;
2) уәкілетті органдар жыл сайын (1 мамырдан кешіктірмей) тікелей ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру грантының иегерлері оқитын ЖОО-ға ауылда орналасқан білім беру және медицина ұйымдары үшін кадрларға қажеттілікке өтінімдер жібереді;
3) ЖОО-да жас мамандарды жұмысқа дербес бөлу жөніндегі комиссия (бұдан әрі - бөлу жөніндегі комиссиясы) құрылады.
Бөлу жөніндегі комиссия туралы ережені уәкілетті органдар бекітеді.
12. ЖОО-дағы оқуды бір мезгілде бітірген ерлі-зайыптыларға бір ауылда орналасқан ұйымдарда жұмыс беріледі. Егер ерлі-зайыптылардың бірі оқуын бұрын бітірсе, онда оған жұмыс жалпы негіздерде беріледі. Мұндай жағдайда жұбайының (зайыбының) жұмыс орнын, оның ішінде зайыбының (жұбайының) жұмыс орны бойынша да таңдау құқығы бар.
Алған мамандығына сәйкес жұбайының зайыбының жұмыс орны бойынша бос орын болмаған жағдайда, оған басқа жақын орналасқан ауылдан таңдау не өз бетімен жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
13. ЖОО жыл сайын (10 тамыздан кешіктірмей) уәкілетті органдарға ауылда орналасқан білім беру ұйымдарына және медицина ұйымдарына жұмысқа жас мамандарды бөлу туралы ақпаратты ұсынады.
14. Дербес бөлу жөніндегі комиссияға дәлелді себептерсіз келмеген жас мамандар оның қатысуынсыз бөлінеді.
15. Ауылға жұмысқа жіберілген жас мамандар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік кепілдіктер алады.
16. Жұмысқа өз бетімен орналасу құқығы жас мамандардың мынадай санаттарына беріледі:
1) І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, отбасының тұрақты тұрғылықты жері бойынша олардың денсаулық жағдайы ескеріле отырып немесе олардың келісімімен бөлу жөніндегі комиссия ұсынған орындардың біріне;
2) отбасында еңбекке жарамды басқа да отбасы мүшелері болмаған кезде І және ІІ топтағы мүтедек ата-анасы барларға;
3) офицер және басшы құрамдағы әскери қызметшілердің, сондай-ақ мерзімнен тыс қызметтің сержанттары мен старшиналарының әйелдеріне (ерлеріне) мамандығы бойынша сол жерде жұмыс болған кезде олардың ерлерінің (әйелдерінің) тұрақты қызмет өткеру орны бойынша жұмыс беріледі;
4) әйелдер жүкті болған жағдайда немесе үш жасқа дейінгі (екі және одан да көп баласы барлар) баласы болған кезде.
17. Ағымдағы жылы оқуын бітірген жас мамандар (1 тамыздан
кешіктірмей) жұмыс орнына жолдама бойынша келеді.
Жергілікті атқарушы орган жас маман келгеннен кейін уәкілетті органдарға жұмыс орны және берілетін әлеуметтік көмек түрі туралы мәліметтерді ұсына отырып, бөлуге сай келгені туралы растау жібереді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58
қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. «Мемлекеттік білім гранты туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 қарашадағы № 1781 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 52, 512-құжат);
2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 қарашадағы №1781 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 27 мамырдағы № 807 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 24, 206-құжат);
3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 қарашадағы №1781 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 қарашадағы № 1517 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 40, 522-құжат);
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 28 маусымдағы № 703 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 20, 214-құжат).