19-бап. Жол органдарының және автомобиль жолдарын басқарушылардың жауапкершiлiгi
Жол органдары және автомобиль жолдарын басқарушылар:
1) қызмет көрсететiн автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар көлiк құралдарының үздiксiз және қауiпсiз жүруiн қамтамасыз ететiн жағдайда күтiп ұсталуы үшiн және табиғат қорғау заңдары талаптарының сақталуы қамтамасыз етiлуi үшiн;
2) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес автомобиль жолдарын пайдаланушыларға залалдың орнын толтыра отырып, жол жағдайларына байланысты туындаған жол-көлiк оқиғалары салдарынан келтiрiлген залал үшiн;
3) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес автомобиль жолдарына бөлiнген белдеудiң фитосанитариялық жағдайы үшiн жауапты болады.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 3-1-тараумен толықтырылды
3-1-тарау. Қауіпсіздіктің жалпы талаптары
19-1-бап. Техникалық реттеу объектілерi
Автомобиль жолдары, жол-құрылыс материалдары, автомобиль жолдарын жобалау, салу (реконструкциялау және жөндеу) мен пайдалану процестері техникалық реттеу объектілері болып табылады.
19-2-бап. Автомобиль жолдарын жобалау кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Автомобиль жолдарын жобалау жылдамдықты барынша шектеу және өзгерту, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарттары және перспективалы кезеңнен кейін жолды реконструкциялау мүмкіндігін ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.
2. Автомобиль жолдарының жобалық шешімдері:
1) көлік құралдарының есептелген жылдамдықпен ұйымдасқан, қауіпсіз қозғалысын;
2) жүргізушілердің көзбен шолып бағдарлау шарттарын сақтауын;
3) қосылатын жолдар мен қиылысатын жолдардың қауіпсіз орналасуын;
4) автомобиль шиналарының жүру жолының беткі қабатына қажетті жанасуын;
5) автомобиль жолдарының, оның ішінде қорғағыш жол ғимараттарымен қажетті жайластырылуын;
6) жол және автокөлік қызметтерін қажетті ғимараттармен және құрылыстармен қамтамасыз етуге тиіс.
3. Өндірістік базаларды, жол және автокөлік қызметтерінің ғимараттары мен құрылыстарын жобалау кезінде атмосфералық ауадағы, су объектілеріндегі және топырақтағы ластаушы заттардың рұқсат етілетін шекті концентрациясының сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралар әзірленуге және жүзеге асырылуға тиіс.
4. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген кезде жол және жол қозғалысының:
1) адамдарға және қоршаған ортаға;
2) табиғат көріністеріне, жолдағы объектілерге және тарихи-мәдени мұраға тікелей және жанама әсерін бағалау қажет.
Орман екпелерін (жол бойындағы) отырғызу қандай да бір басқа қауіп-қатердің туындауын болғызбау шартымен көзбен шолып бағдарлауды жақсартуға және жолдың көзбен біркелкі көруін бұзуға жәрдемдесуге тиіс.
5. Жолдарды жобалау кезінде жол белгілерін оларды орнататын орындар мен орнату әдістерін көрсете отырып, орналастыру схемасын және жолды белгілеу схемасын әзірлеу қажет.
6. Автомобиль жолдарын жобалау кезінде қойылатын қауіпсіздік талаптары техникалық регламенттерде белгіленеді.
19-3-бап. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде жобалау-сметалық құжаттамалардың осы Заңның және автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды қолдану қажет. Жұмыс жүргізу әдістерін және механикаландыру құралдарын таңдау кезінде тиісті санитарлық нормаларды, атмосферадағы ластаушы заттардың рұқсат етілетін шекті нормаларын сақтау қажеттігі ескерілгені жөн.
Жолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде жасыл екпелерді сақтау немесе оларды қалпына келтіру қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Жол жұмысшыларының және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі қозғалысты ұйымдастыру және жұмыстар жүргізілетін орынды қоршау шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етілуге тиіс, олар жұмыстарды жоспарлау барысында қарастырылуға және оларды жүргізу кезінде ұдайы тексерілуге тиіс.
4. Жер төсемін тұрақтандыру мерзімі құрылыстың белгіленген мерзімінен едәуір асып кететін күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларда жол салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде суды бұруды және әр сатыдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып жол жабындысын сатылап салуды көздеуге рұқсат етіледі.
5. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезіндегі қауіпсіздік талаптары техникалық регламенттермен белгіленеді.
19-4-бап. Автомобиль жолдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Жолдардың жай-күйі жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге және көліктік-пайдалану жүктемесі деңгейіне сәйкес келуге тиіс.
Жол жиегіндегі белдеулердің ені жолдың осы түрі үшін белгіленген нормалардан кем болмауға тиіс.
Ақпараттық көрсеткіштер мен белгілер қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Жолдардың құрамы өңірдің климаттық ерекшеліктері мен көліктік-пайдалану жүктемесін ескере отырып, оларды пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Автомобиль жолдарының және елді мекендер көшелерінің жүргіншілер бөлігі, жаяу жүргіншілер тротуарлары мен велосипед жолдарының, қону алаңдарының, аялдама пункттерінің, сондай-ақ бөлуші белдеулердің, жер төсемінің жиектері мен қырларының топырақ жамылғылары жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
Жол жамылғыларында есептік жылдамдықты және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті беткі қабат болуы керек.
Жүргінші бөліктің жамылғысында отырып қалған жерлер, ой-шұңқырлар, көлік құралдары қозғалысын қиындататын өзге де ақаулары болмауға тиіс.
Қыс кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін және оны тиісті шаралар қабылдау арқылы ұйымдастыру барынша қамтамасыз етілуі қажет.
3. Жол-көлік оқиғаларының және жол жұмыстарын жүргізу орындарындағы көлік құралдары кідірістерінің алдын алу үшін жұмыстарды жүргізетін орындарда қоршау қондырғыларын, белгілер және таңбалар орнату көзделуі, сонымен бірге олардың тәуліктің кез келген уақытында көрініп тұруы қамтамасыз етілуі керек.
Жол қозғалысын ұйымдастыруда қолданылатын техникалық құралдар (қоршаулар, белгілер, таңбалар, бағыттаушы қондырғылар, жарықтандыру жүйелері, бағдаршамдар, қозғалысты басқарудың автоматтандырылған жүйелері) тәуліктің кез келген уақытында жақсы көрініп тұруға және ажырататындай болуға тиіс.
4. Жол қозғалысы, жолға күтім жасау және оны ұстау салдарынан болған шу, діріл және ауа мен судың ластану деңгейін автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттермен белгіленген талаптар негізінде тиісті шаралармен шектеп отырған жөн.
19-5-бап. Жол-құрылыс материалдарына қойылатын қауіпсіздік талаптары
Жол-құрылыс материалдары қоршаған ортаның әсеріне төзімді болуға, сондай-ақ олардың құрамындағы зиянды құрамдас бөліктері мен қоспалар жол берілетін нормадан аспауға тиіс.
4-тарау. Автомобиль жолдарын пайдалану
20-бап. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын пайдалану
1. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, жеке және заңды тұлғалар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын пайдалану құқығына ие болады.
2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын пайдаланушылар көлiк құралдарын жол жүрiсi қауiпсiздiгiн, жолдардың және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ететiн жағдайда пайдалануға, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге мiндеттi.
21-бап. Iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк құралдарының жүруі
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк құралдарының жүру ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
22-бап. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдарының жүруі
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдарының жүру тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi және ол Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда анықталады.
23-бап. Автомобиль жолдары маңындағы жер учаскелерi меншiк иелерiнің мiндеттерi
1. Автомобиль жолдарына аумақтары жалғасатын жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) кiрме жолдарды және жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға жалғасатын жолдарды салуды жол органдарымен келiсуге;
2) жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға жалғасатын жолдарды және оларға кiрме жолдарды техникалық жағынан дұрыс және тиiстi санитариялық жағдайда ұстауға, қоқыстан, ластан және қардан тазартып отыруға;
3) көрудi қиындататын және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн нашарлататын материалдар мен конструкцияларды жол бойындағы белдеуге жиып қоюға жол бермеуге мiндеттi.
2. 1-тармақта көрсетiлген талаптарды орындамау Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
24-бап. Автомобиль жолдарын жұмылдыру дайындығы
1. Жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытындағы төтенше жағдайларда пайдалану үшiн автомобиль жолдарын жұмылдыру дайындығын, меншiк нысандарына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Қазақстанның бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген жағдайда және iшiнара немесе жаппай жұмылдыру жарияланған кезде жеке меншiк жолдарды жол жүрiсiне қатысушылардың барлығы меншiк иесiнiң келісімiнсiз пайдаланады.
25-бап. Автомобиль жолдарын пайдаланушылардың жауапкершiлiгi
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жолдың үстiңгi қабатының, жер қыртысының, көпiрлердiң, өткерме жолдардың, суағар құрылыстарының, автопавильондардың, жол белгiлерiнiң, жол бойындағы екпелердiң, қорғаныш құрылғылардың және автомобиль жолдарын жайғастырудың басқа да элементтерiнiң бұзылуына жол берген, сондай-ақ Автомобиль жолдарын пайдалану қағидасын бұзған автомобиль жолдарын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
2. Пайдаланушылар автомобиль жолдары мен жол құрылыстарына келтiрген залалды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтейдi.
3. Автомобиль жолдарын жобалау, салу, күтiп ұстау, жөндеу, реконструкциялау және пайдалану процесiнде жол органдарымен туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.
26-бап. Автомобиль жолдарындағы медициналық жәрдем
Автомобиль жолдарындағы жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге жәрдемдi жол жүрiсiне қатысушылардың бәрi көрсетуге тиiс, олар зардап шеккендердi таяу маңдағы медициналық мекемеге жеткiзуге және болған оқиға туралы жол полициясы органына хабарлауға мiндеттi.
27-бап. Қоршаған ортаны қорғау
1. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, күтiп ұстау және оларды пайдалану кезiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдар талаптарының сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Автомобиль жолдарын жобалау және оларды реконструкциялау мен салуға арналған жобаларды әзiрлеу кезiнде қоршаған ортаны қорғау, карьерлердi, жол бойындағы белдеулердi, еңiстердi, орларды, бүлiнген жерлердi көп жылдық шөп егiп және ағаштар мен бұталар отырғызып өңдеу жөніндегі шаралар көзделуi керек. Су көздерi пайдаланылатын жерлердегi жобалық-сметалық құжаттамада санитариялық аймақ, уақытша автотұрақтар, эстакадалар және мұнай өнiмдерiнiң қалдықтарын жинауға арналған қорғаныш құрылысын салу көзделуге тиiс.
3. Автомобиль жолдары бойындағы қорғаныш екпелерді олардың иелері немесе пайдаланушылары тиісті түрде күтіп ұстауға тиіс.
4. Қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтамағаны үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
5-тарау. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының