4. Егер шартта көзделген мерзiм өткеннен кейін сақтауда тұрған затты жүк беруші қайтарып алмаған болса, ол сақтаушыға затты бұдан әрi сақтағаны үшiн сол бұрынғы мөлшерде сыйақы төлеуге мiндеттi.
5. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтау бойынша шығындар сыйақының сомасына енгiзiледi. Төтенше шығындар сыйақының сомасына немесе шартта көзделген шығындардың құрамына кірмейдi деп ұйғарылады.
775-бап. Сақтаушының заттардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерi
1. Сақтаушы өзiне берiлген заттардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн шартта көзделген, сондай-ақ басқа да қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi.
2. Егер сақтау тегiн жүзеге асырылатын болса, сақтаушы сақтауға алынған затқа өз заты сияқты қамқорлық жасауға мiндеттi.
3. Зат оның табиғи бұзылуы немесе табиғи кемуi ескерiле отырып сақтауға қабылданған күйiнде қайтарылуға тиiс.
4. Шартта көзделген, сондай-ақ, егер затты пайдалану оның сақталуын қамтамасыз етуi үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, сақтаушының затты пайдалануға құқығы жоқ.
5. Сақтаушы затты қайтарумен қатар, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, оны сақтау уақытында алынған нәтижелер мен кiрiстердi де беруге құқылы.
776-бап. Сақтау жағдайларын өзгерту
1. Затты сақтаудың сақтау шартында көзделген жағдайларын өзгерту қажет болған кезде сақтаушы бұл туралы жүк берушiге дереу хабарлауға және оның жауабын күтуге мiндеттi.
2. Заттың жоғалу және бүлiну қаупi туған жағдайда сақтаушы жүк берушiнiң жауабын күтпестен, сақтаудың шартта көзделген әдiсi мен орнын өзгертуге мiндеттi (осы баптың 1-тармағы).
3. Егер зат сақталу кезiнде бүлiнуге ұшыраса немесе оның сақталуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермейтiн және жүк беруші тарапынан шаралар қолдануды күтуге болмайтын басқа жағдайлар туындағанда, сақтаушы сақтау және сату бойынша өз шығындарын өтей отырып, затты немесе оның бiр бөлiгiн сатуға құқылы.
777-бап. Затты үшiншi тұлғаға сақтауға беру
1. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмеген болса, сақтаушының жүк берушiнiң келісімiнсiз, егер бұл орайда жүк берушiнiң мүдделеріндегі қажеттілік тумаса және сақтаушы оның келiсуiн алу мүмкiндiгiнен айырылса, затты үшiншi тұлғаға беруге құқығы жоқ. Заттың үшiншi тұлғаға берiлгендiгi туралы сақтаушы дереу жүк берушiге хабарлауға мiндеттi.
2. Сақтаушы затты сақтауға берген үшiншi тұлғаның iс-әрекетi үшiн жауап бередi.
778-бап. Сақтаушының заттың сақталмағандығы үшiн жауапкершiлiгi
Сақтаушы сақтауға алған заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi. Егер ол заттың жоғалуы, кем шыққаны немесе бүлiнуi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдесе, жауаптылықтан босатылады.
779-бап. Сақтаушы-кәсiпкердiң жауапкершiлiгi
1. Сақтауды өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне орай жүзеге асыратын тұлға, тек заттың жоғалуы, кем шығуы немесе бүлiнуi дүлей күштiң салдарынан не заттың өзiне тән ерекшелiгiнен, не жүк берушiнiң қасақана пиғылынан немесе өрескел абайсыздығынан болған жағдайларда ғана заттың сақталмағаны үшiн жауаптылықтан босатылады.
2. Егер шартта көзделген сақтау мерзiмi немесе осы Кодекстiң 773-бабында белгiленген тәртiппен сақтаушы көрсеткен мерзiм өткен соң жүк берушi затты қайтарып алмаған болса, оның тарапынан қасақана пиғыл немесе өрескел абайсыздық болғанда ғана сақтаушы бұл заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi.
780-бап. Сақтаушының жауаптылық мөлшерi
1. Заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушiге келтiрiлген шығындарды, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 350-бабына сәйкес сақтаушы өтейдi.
2. Егер шартта немесе сақтаушы берген өзге де жазбаша құжатта көрсетiлгендей сақтауға өткізу кезiнде затқа баға беру жүргiзiлген болса, сақтаушының жауаптылығы баға сомасының негiзiнде айқындалады.
3. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушiге заттың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен келтiрiлген залалдар:
1) затты жоғалтқаны және оның кем шыққаны үшiн - жоғалған немесе кем шыққан заттың құны мөлшерiнде;
2) заттың бүлiнгенi үшiн - оның құны төмендеген соманың мөлшерiнде өтеледi.
4. Егер сақтаушы жауап беретін заттың бүлінуі салдарынан, зат сапасының соншалықты өзгергендiгiнен оны бастапқы мақсат бойынша пайдалану мүмкін болмайтын жағдайда, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi одан бас тартуға және сақтаушыдан бұл заттың құнын өтеуді, сондай-ақ басқа да залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
781-бап. Затты алу мерзiмдерiн бұзудың зардабы
1. Жүк берушi осы Кодекстiң 773-бабында көзделген мерзiм аяқталғаннан кейiн сақтауға берiлген затты қайтарып алуға мiндеттi.
2. Жүк берушi өз затын алудан жалтарған жағдайда сақтаушы кемiнде бiр ай бұрын ескерткеннен кейiн, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде көзделген тәртiппен затты сатуды талап етуге құқылы.
3. Затты сатудан түскен сомалар сақтаушыға тиесiлi сома шегерiлiп тастап жүк берушiге берiледi.
782-бап. Сақтаушыға келтiрiлетiн залалдардың орнын толтыру
Егер сақтаушы заттың сақтауға қабылдағанда бұл ерекшелiктер туралы бiлмесе және бiлуi тиiс болмаса, жүк берушi сақтаушыға заттың өз ерекшелiктерiнен туындаған залалдардың орнын толтыруға мiндеттi.
783-бап. Сақтау туралы жалпы ережелердi оның жекелеген түрлерiне қолдану
Егер осы Кодекстiң 784-802-баптарында көзделген сақтаудың жекелеген түрлерi туралы ережелерде және (немесе) басқа да заң актілерінде өзгеше белгiленбеген болса, сақтау туралы жалпы ережелер оның жекелеген түрлерiне қолданылады.
2. Сақтаудың жекелеген түрлерi
784-бап. Ломбардта сақтау
1. Затты ломбардта сақтау шарты ломбардтың атаулы сақтау түбiртегiн беруiмен ресiмделедi.
2. Ломбардқа сақтауға өткізілетін зат тараптардың келісуі бойынша, осы тектес және сапасы сондай затқа, оны сақтауға қабылдау кезі мен жеріндегі саудада әдетте белгіленетін бағаларға сәйкес бағалануға тиiс.
3. Ломбард сақтауға қабылдаған затты оның осы баптың 2-тармағына сәйкес жүргiзiлген толық бағасының сомасына қарай жүк берушiнiң пайдасына сақтандыруға мiндеттi.
785-бап. Ломбардтан талап етiлмеген зат
1. Жүк берушi затты қайтарып алудан жалтарған жағдайда ломбард оны үш ай бойына сақтауға мiндеттi. Бұл мерзiм өткен соң ломбард талап етiлмеген затты осы Кодекстiң 781-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiппен сатуы мүмкiн.
2. Затты сатудан түскен сомадан сақтағаны үшiн ақы және ломбардқа тиесiлi өзге де төлемдер өтеледi. Қалған соманы ломбард сақтау түбiртегінiң иесiне оны көрсетуі бойынша қайтарады.
786-бап. Құндылықтарды банкте сақтау
1. Банк бағалы қағаздарды, қымбат металдарды, тастарды және өзге де құндылықтарды, сондай-ақ құжаттарды сақтауға қабылдай алады.
2. Құндылықтарды банкте сақтау шарты банктiң жүк берушiге атаулы сақтау құжатын беруiмен ресiмделедi, оны көрсету банктiң жүк берушiге немесе оның өкiлiне сақтаудағы құндылықтарды беруi үшiн негiз болып табылады.
3. Жеке банк сейфiн (сейфтiң ұясын, сақтауға арналған бөлек үй-жайды) пайдалану арқылы құндылықтарды сақтау шарты банктiң құндылықтарды сақтауға қабылдау жөнiнде iс-әрекет жасауы және жүк берушiге сейфтiң кiлтiн, жүк берушiнiң сәйкестендiрме карточкаларын, көрсетушiнiң сейфтi ашу мен одан құндылықтарды алу құқығын куәландыратын өзге де белгi немесе құжат беруi жолымен жасалады.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi кез келген уақытта сейфтен құндылықтарды алуға, оларды қайта қоюға, сақтаулы жатқан құжаттармен жұмыс iстеуге құқылы. Банктiң бұл орайда жүк берушiнiң құндылықтарды алғандығын және қайтарғандығын есепке алуға құқығы бар.
5. Жүк берушi сейфтегi құндылықтардың бiр бөлiгiн, оның ішінде уақытша алған жағдайда банк құндылықтардың қалған бөлігінің сақталуына жауапты болады.
6. Осы бапта белгiленген құндылықтарды банк сейфiнде сақтау ережелерi банк өз сейфін (сейфтің ұясын, сақтауға арналған бөлек үй-жайды) мүліктік жалдау талабымен басқа тұлғаға пайдалануға берген жағдайда қолданылмайды.
787-бап. Көлiк ұйымдарының сақтау камераларында сақтау
1. Көлiк ұйымдарының қарамағындағы сақтау камералары жол жүру құжаттарының болуына қарамастан жолаушылардың және өзге де азаматтардың заттарын сақтауға қабылдауға мiндеттi. Көлiк ұйымдарының сақтау камераларында сақтау шарты жария шарт деп танылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
2. Заттардың сақтау камерасына (автоматты камерадан басқа) қабылдануын растап жүк берушiге түбiртек немесе нөмiрлi жетон берiледi. Түбiртек немесе жетон жоғалған жағдайда сақтау камерасына өткiзiлген заттар жүк берушiге бұл заттардың оған тиесiлi екендiгiне дәлелдер көрсетуi бойынша берiледi.
3. Сақтау камерасына өткiзiлген заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушi шеккен залалдардың сомасы, егер заттарды сақтауға өткізу кезiнде оған бағалау жүргiзiлген болса не егер тараптар өтелуге тиiстi залалдардың сомасына қатысты келісімге келген болса, жүк берушiге тәулiктiк мерзiмде төленедi.
4. Заттар сақтау камерасына арнайы ережелерде немесе тараптардың келісімiнде белгiленген шектердегi мерзiмге өткiзiледi. Көрсетiлген мерзiмде талап етiлмеген заттарды сақтау камерасы тағы да үш ай бойына сақтауға мiндеттi. Бұл мерзiм өткен соң талап етiлмеген заттар сатылуы, ал сатудан түскен сомалар осы Кодекстiң 181-бабына сәйкес бөлiнуi мүмкiн.
788-бап. Ұйымдардың киiмiлгiштерiнде сақтау
1. Егер затты сақтауға өткізу кезiнде сақтағаны үшiн сыйақы беру айтылмаған болса, ұйымдардың киiмiлгiштерiнде сақтау тегiн болады деп ұйғарылады.
2. Сақтаушы заттың киiмiлгiште сақтауға қабылданғанын растап, жүк берушiге заттың сақтауға қабылданғандығын растайтын нөмiрлi жетон немесе басқа да таңба бередi.
3. Киiмiлгiшке өткiзiлген зат жетонды көрсеткен адамға берiледi. Бұл ретте сақтаушы жетонды көрсетушiнiң затты алуға өкiлеттiгiн тексеруге мiндеттi емес. Алайда сақтаушы жетонның оны көрсеткен адамға тиесiлi екендiгiне күмән келтiрсе, затты жетон көрсетушiге қайтаруды тоқтата тұруға құқылы.
4. Сақтаушы жүк берушi жетонды жоғалтып алғанда да киiмiлгiштен затты беруге құқылы, бiрақ оның киiмiлгiшке зат өткiзгендiгi фактiсi немесе оның жүк берушiнiкi екендiгi күмән тудырмауы немесе жүк өткізушi оны дәлелдеуi керек.
789-бап. Қонақүйде сақтау
1. Қонақүй сақтаушы ретiнде, онда тұратын адамның қонақүйге енгізген ақшасын, өзге де валюталық құндылықтары мен бағалы қағаздарын қоспағанда, жоғалу мен бүлiну дүлей күштiң, заттың өз ерекшелiктерi салдарынан не тұратын адамның өзiнiң, оның қасында жүргендердiң немесе оған келушiлердiң кiнәсiнен болған жағдайлардан басқа кезде, бұл туралы ерекше келісім жасамай-ақ, заттың жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап береді.
2. Қонақүй ақшаның, өзге де валюталық құндылықтар мен бағалы қағаздардың жоғалғаны үшiн олар сақтауға қабылданған жағдайда ғана жауап бередi.
3. Қонақүйде тұратын адам өз затының жоғалғанын немесе бүлiнгенiн байқаған бойда бұл туралы дереу қонақүй әкiмшiлiгiне мәлiмдеуге мiндеттi. Бұлай жасамаған жағдайда қонақүй заттың сақталмағаны үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
4. Қонақүй мұндай жауапкершiлiктi өзiне алмайтындығы туралы хабарлама бергенмен, онда тұратындардың заттарын сақтау жөніндегі жауапкершiлiктен босатылмайды.
5. Осы баптың ережелерi мейманханаларға, демалыс үйлерiне, санаторийлерге, жатақханаларға және осы сияқты ұйымдарға, сондай-ақ ұйымға келушi азаматтардың сыртқы киiмдерiн, бас киімдерiн және өзге де заттарын сақтау үшiн арнайы орын бөлінген ұйымдарға қатыста да қолданылады.
790-бап. Даулы заттарды сақтау (секвестр)
1. Секвестр туралы шарт бойынша затқа деген құқық жөнiнде араларында дау туған екi немесе бiрнеше адам даулы затты даудың шешiлуi бойынша соттың шешiмi не дауласып жүрген барлық адамның келiсуi (шарттық секвестр) бойынша бұл зат кiмге берiлсе, соған қайтаруды мiндетiне алатын үшiншi адамға бередi.
2. Даулы зат соттың шешiмi бойынша секвестр тәртібімен сақтауға берiлуi мүмкiн (сот секвестрi).
Сот секвестрi бойынша сақтаушы сот тағайындаған адам да, дауласушы жақтардың өзара келiсуi бойынша белгiленген адам да болуы мүмкiн. Екi жағдайда да, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, сақтаушының келісімi талап етiледi.
3. Секвестр тәртібімен сақтауға қозғалатын да, қозғалмайтын да заттар берiлуi мүмкiн.
3. Тауар қоймасында сақтау
791-бап. Тауар қоймасы
Тауарлар сақтауды жүзеге асыратын және кәсiпкерлiк қызмет ретiнде сақтауға байланысты қызметтер көрсететiн коммерциялық ұйымдар тауар қоймасы деп танылады.
792-бап. Ортақ пайдаланылатын тауар қоймасы
1. Егер заң актілеріне сәйкес шектеулi адамдар тобынан тауарлар қабылдайтын қоймалар қатарына жатқызылмаған болса, тауар қоймасы ортақ пайдаланылатын қойма деп танылады.
2. Ортақ пайдаланылатын тауар қоймасымен жасалатын қоймада сақтау шарты жария шарт деп танылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
793-бап. Тауар қоймасының мiндеттерi
1. Тауар қоймасы стандарттарда, техникалық талаптарда, технологиялық нұсқаулықтарда, сақтау жөніндегі нұсқаулықтарда, тауарлардың жекелеген түрлерiн сақтау ережелерiнде, қойма үшiн мiндеттi өзге де арнаулы нормативтiк құжаттарда белгiленген сақтау талаптарын (режимiн) сақтауға мiндеттi.
2. Тауар қоймасы сақтауға қабылдау кезiнде өз есебінен тауарларға тексеру жүргiзуге мiндеттi.
3. Тауар қоймасы, тауар иесiне тауарларды немесе олардың үлгiлерiн тексеру егер сақтау иесiздендiре отырып жүзеге асырылатын болса, байқап көру және тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар қабылдауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
4. Тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн сақтау жағдайын дереу өзгерту қажет болған жағдайда тауар қоймасы талап етiлген шұғыл шараларды өз бетiнше қабылдауға құқылы. Ол тауар иесiне қабылданған шаралар туралы хабарлауға мiндеттi.
5. Тауардың бүлiнуi байқалған жағдайда қойма дереу акт жасауға және тауар иесiн оның тауар қоймасына мәлiмдеген мекен-жайы бойынша хабардар етуге мiндеттi.
794-бап. Тауар иесiнiң тауар қоймасына қоятын талаптары
Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауар иесi қоймадан тауар алу кезiнде дұрыс сақталмаудың салдарынан тауардың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi туралы, ал көзге байқалмайтын бүлiнулер туралы - оларды табу үшiн қажет әдеттегi мерзiм iшiнде тауар қоймасына мәлiмдеуге мiндеттi. Егер тауардың бүлiнгенi және кем шыққаны туралы тиiстi мерзiмде мәлiмденбеген болса, бұл залалдар оның қасақана пиғылынан немесе өрескел абайсыздығынан келтiрiлген жағдайларды қоспағанда, тауар қоймасы залалдар үшiн жауапты болмайды.
795-бап. Тауар қоймасының сақтау жөніндегі шығындарының орнын толтыру
Қойманың жүк берушiнiң мүдделерiнде жүзеге асырылған (тауарларды сақтандыру, тиеу-түсiру жұмыстары, кеден баждарын төлеу және т.б.) қосымша операциялар бойынша, шартта көзделген немесе заң актілерінде көзделген шығындар ставкаларының орнын толтыруға құқығы бар. Бұл құқық сақталатын тауарды қойманың ұстап қалу құқығымен қамтамасыз етiледi.
796-бап. Тауар қоймасының сақтау шартынан бас тартуы
Егер жүк берушi елеулi зиян келтiруге қауiп төндiретiн тауарлардың қатерлi сипатын жасырса, тауар қоймасы сақтау шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 797-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
797-бап. Қойма құжаттары
1. Тауар қоймалары тауарлардың сақтауға қабылданғандығын растап мынадай қойма құжаттарын:
1) жай қойма куәлiгiн;
2) қос қойма куәлiгiн беруi мүмкiн.
1-1. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда тауар қоймалары тауарлардың иесіздендіріліп сақтауға қабылданғанын растайтын қос немесе жай қойма куәлігін беруге міндетті.
2. Қос қойма куәлiгi, оның әр бөлiгi және жай қойма куәлiгi бағалы қағаздар болып табылады.
3. Қос және жай қойма куәлiгi кепiл нысанасы бола алады.
798-бап. Жай қойма куәлiгi
1. Жай қойма куәлiгi ұсынушының атына берiледi.
2. Жай қойма куәлiгiнде осы Кодекстiң 799-бабының 2-тармағының 2), 3), 5)-10) тармақшаларында көзделген мәлiметтер, сондай-ақ оның ұсынушыға берiлгендiгi көрсетiлуге тиiс.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 799-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
799-бап. Қос қойма куәлiгi
1. Қос қойма куәлiгi мазмұны бойынша бiрдей және қажет болған жағдайда бiреуiн басқасынан айыруға болатын қойма куәлiгiнен және кепiлдiк куәлiктен (варранттан) тұрады.
2. Қос қойма куәлiгiнiң әр бөлiгiнде:
1) қос қойма куәлiгiнiң тиiстi бөлiгiнiң атауы;
2) тауарды сақтауға қабылдаған қойманың атауы мен мекен-жайы;
3) қойма тiзiлiмi бойынша қойма куәлiгiнiң ағымдағы нөмiрi;
4) сақтауға тауар қабылданған ұйымның атауы немесе азаматтың аты-жөнi, сондай-ақ тауар иесiнiң орналасқан жерi (тұрғылықты жерi);
5) тауардың атауы мен мөлшерi, тауарларға арналған орындардың саны;
6) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, қабылданған тауардың сомасы;
7) сақтауға алынған тауардың, егер бұлай белгiленетiн болса, сақталу мерзiмi;
8) сақтауға ақы төлеудiң тарифтерi мен тәртiбі;
9) қойма куәлiгiнiң берiлген күнi;
10) уәкiлеттi адамның қолы және тауар қоймасының мөрi көрсетiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қос қойма куәлігінің нысаны мен мазмұнына қойылатын қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 800-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
800-бап. Қос қойма куәлiгiн ұстаушының тауарға құқықтары
1. Қос қойма куәлiгiн ұстаушының қоймада сақтаулы тауарға толық көлемде билiк етуге құқығы бар.
2. Кепiл куәлiгiнен бөлiп алынған қойма куәлiгiн ұстаушы тауарға билiк етуге құқылы, бiрақ оны кепiл куәлiгi бойынша берiлген кредиттi өтегенге дейiн қоймадан ала алмайды. Қойма куәлiгiн ұстаушы тапсыру жазбаларын (индоссамент) жасау және құжаттың өзiн беру жолымен, бiрақ тауардың орнын ауыстырмай, қоймаға қойылған тауарға меншiк құқығын басқаға беруді жүзеге асыра алады.
3. Кепiл куәлiгi бөлiп алынбаған қойма куәлiгiн индоссамент бойынша алған сатып алушы кепiлден бос қойма тауарының иесiне айналады. Кепiл куәлiгiнсiз қойма куәлiгін алу кезiнде тауарға меншiк құқығы кепiл құқығымен жүктемеленген болып ұйғарылады. Кепiл талаптары туралы (тауарға кепiлдiк құқығын белгiлеудiң сомасы мен мерзiмi туралы) мәлiметтердi, мүдделi тұлғалар айқын көре алатын қойма тiзiлiмiнен алуға болады.
4. Кепiл куәлiгiн ұстаушының осы куәлiк бойынша берiлген қарыздың және сол бойынша сыйақының мөлшерiнде тауарға кепiл құқығы болады. Тауарға кепiл құқығын белгілеу кезiнде бұл туралы қойма куәлiгiне белгi жасалады.
5. Сатып алушы немесе сатушы кепiлмен қамтамасыз ететiн тиiстi соманы кепіл ұстаушыға (кредиторға) немесе тауар қоймасына енгiзе отырып, тауарды кепiлден босата алады, оны тауар қоймасы кепiл куәлiгiн заңды ұстаушыға беруге мiндеттi.
6. Кепiл куәлiгiн ұстаушы оның кепiлмен қамтамасыз етiлген талаптарын мерзiмiнде қанағаттандырмаған жағдайда заң актілерімен белгiленген тәртiппен оған кепiл куәлiгi бойынша берiлген тауарды сатуға және кепiл берушiнiң басқа да кредит берушiлерi алдындағы өз талаптарын артықшылықпен жабуға құқылы. Сатудан түскен сома жетпеген жағдайда кепiл куәлiгiн ұстаушы оның алынбаған бөлiгiн кепiл куәлiгiмен қамтамасыз етілген талаптарға ақы төлеу жөнінде бірге жауапты болатын барлық индоссанттардан өндiрiп алуы мүмкiн.
801-бап. Қойма және кепiл куәлiктерiн беру
Қойма куәлiгi мен кепiл куәлiгi беру жазбасы (индоссаменттер) бойынша бiрге немесе бөлек берiлуi мүмкiн.
802-бап. Қос қойма куәлiгi бойынша тауар беру
1. Тауар қоймасы қойма және кепiл куәлiктерiн (қос қойма куәлiгiн) ұстаушыға қоса алғандағы осы екi куәлiктiң орнына тауар бередi.
Кепiл куәлiгi жоқ, бiрақ ол бойынша қарыз сомасын енгiзген қойма куәлiгiн ұстаушыға тек тауар қойма куәлiгiне айырбастап және кепiл куәлiк бойынша барлық қарыз сомасының жарнасы талабымен берiледi.
2. Қойма және кепiл куәлiктерiн ұстаушы тауарды бөлiп-бөлiп берудi талап етуге құқылы. Бұл орайда бастапқы куәлiктердiң орнына оған қоймада қалған тауарларға жаңа куәлiктер берiледi.
3. Осы баптың талаптарына қарамастан кепiл куәлiгi жоқ және ол бойынша қарыз сомасын енгiзбеген қойма куәлiгiн ұстаушыға тауар берген тауар қоймасы кепiл куәлiгiн ұстаушының алдында ол бойынша барлық есептелетiн соманың төленуi үшiн жауапты болады.
40-тарау. Сақтандыру
ҚР 18.12.2000 № 128-II Заңымен 803-бап өзгертілді
803-бап. Сақтандыру шарты
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сақтандыру шарты бойынша бiр тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал екiншi тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде өзiнiң пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн төлеуге мiндеттенедi.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде сақтандыру шартында көзделген тәртіппен және жағдайларда өзге де төлемдерді жүзеге асыру жағдайлары көзделуі мүмкін.
ҚР 2006.05.07. № 164-III Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сақтандыру сақтандыру шарты негізінде жүзеге асырылады.
804-бап. Осы Кодекспен реттелетiн сақтандыру қатынастары
Сақтандырушылар мен сақтанушылар арасындағы қатынастар, сондай-ақ олардың сақтандыру шартын жасау және оны орындау процесi кезiнде туындайтын сақтандырылғандармен және пайда алушылармен қатынастары осы Кодекспен реттеледi.
ҚР 18.12.2000 № 128-II Заңына сәйкес 805-бап жаңа редакцияда
805-бап. Сақтандыру нысандары
1. Сақтандыру нысандары:
1) мiндеттілік дәрежесi бойынша - ерiктi және мiндеттi;
2) сақтандыру объектiсi бойынша - жеке және мүлiктiк;
3) сақтандыру төлемiн жүзеге асыру негiздерi бойынша жинақтаушы және жинақтаушы емес болып табылады.
2. Сақтандыру қызметiн лицензиялау мақсатында заң актілерінде өзгеше жiктеу көзделуi мүмкiн.
806-бап. Мiндеттi және ерiктi сақтандыру
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Міндетті сақтандыру - егер сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, талаптары тараптардың келісімімен айқындалатын, заңнамалық актілердің талаптарына орай жүзеге асырылатын сақтандыру.
2. 2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Өз өмiрiн немесе денсаулығын сақтандыру мiндетiн азаматқа заң актілерімен де, шартпен де жүктеуге болмайды.
Мiндеттi сақтандыру сақтанушының есебiнен жүзеге асырылады.
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мiндеттi сақтандыру кезiнде сақтанушы, егер сақтандырудың осы түрін реттейтін заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, тараптардың келісімімен айқындалған талаптар бойынша сақтандырушымен шарт жасауға мiндеттi.
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырудың осы түрiн жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалады. Сақтандырудың міндетті түрін реттейтін заңнамалық актілерде тәртібі мен талаптары белгіленген міндетті сақтандыру шартын жасасу, егер осы заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, жоғарыда аталған сақтандырушы үшін міндетті болып табылады.
6. Ерiктi сақтандыру - тараптардың еркiн бiлдiруiне орай жүзеге асырылатын сақтандыру.
Ерiктi сақтандырудың түрлерi, шарттары мен тәртібі тараптардың келісімi бойынша белгiленедi.
807-бап. Сақтандыру объектiсi
2006.20.02. № 128-III ( бұр. ред . қара); 2007.07.05. № 244-III ҚР Заңдарымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Азаматтардың және заңды тұлғалардың, соның ішінде:
1) азаматтардың белгілі бір жасқа дейін немесе сақтандыру шартында белгіленген мерзімге дейін өмір сүруіне, өліміне, азаматтардың өмірінде белгілі бір оқиғалардың басталуына;
2) жазатайым жағдайлардың және өзге де оқиғалардың, аурулардың салдарынан азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілуіне;
3) мүлікті иеленуіне, пайдалануына және оған билік етуіне;
4) басқа тұлғаларға, соның ішінде шартты (міндеттемелерді) бұзу салдарынан келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты кез келген мүліктік мүдделері мүліктік және жеке сақтандыру объектілері бола алады.
Сақтандырудың мiндеттi түрлерi бойынша сақтандыру объектiсi заң актілерімен айқындалады.