Бұл ретте банктің бұрын қабылданған уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы шешімдерін және клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін орындауы талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжаттарын орындау мақсатында тыйым салынатын ақша сомасы шегінде тоқтатыла тұрады.
Талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжаттарын орындау мақсатында клиенттің банк шоттарындағы ақшасына біреуден көп тыйым салу кезінде олар банктің оларды қабылдау кезектілігі тәртібімен орындалуға жатады.
Уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы өзге де шешімдері және клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдері талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжаттарын орындау мақсатында салынған тыйым алып тасталғаннан кейін немесе оның күші жойылғаннан кейін банктің оларды қабылдау кезектілігі тәртібімен орындалады.
29.03.2000 № 42-II; 24.12.2001 № 276-II; 13.03.03 ж. № 394-II; 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарына сәйкес 741-бап өзгерді; 2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 741-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 741-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
741-бап. Клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қою
Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге де ұйымдардағы ақшаларын олардың келісімінсіз алып қою тек қана заңды күшіне енген сот актісі негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Салық кодексінде, кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда жүргізілуі мүмкін.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 13.03.03 ж. № 394-II 09.07.03 ж. № 482-II (бұрынғы ред. қара); 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара); 2007.15.05. № 253-III (бұр.ред.қара) Заңдарымен 742-бап өзгертілді
742-бап. Клиенттiң ақшасын алу кезектілігi
1. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған барлық талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болған жағдайда, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, ақшаны алу клиенттiң немесе өзге тұлғалардың өкiмдерi түсу ретiне қарай (күнтiзбелiк кезектілік) жүзеге асырылады.
2. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған кезектi талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда банк сомасы аталған талапты қанағаттандыруға жеткiлiктi, клиенттің пайдасына түсетiн ақшаны жинақтайды. Клиентке бiрнеше талап қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, банк клиенттiң ақшасын мынадай кезектілік бойынша алуды жүргiзедi:
1) бiрiншi кезекте адам өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттердi өтеу жөніндегі талаптарды қанағаттандыруды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүзеге асырылады;
2) екiншi кезекте еңбек шарты жұмыс iстейтiн адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбекақы төлеу жөніндегі, авторлық шарт бойынша сыйлықақы төлеу, клиенттiң мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына және мiндеттi әлеуметтiк аударымдарды Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына аудару жөніндегі мiндеттемелерi бойынша есеп айырысу үшiн ақша алуды көздейтiн атқару құжаттары бойынша ақша алу жүргiзiледi;
3) үшiншi кезекте клиенттiң бюджет алдындағы мiндеттемелерi бойынша ақша алу жүргiзiледі;
4) төртiншi кезекте басқа да ақшалай талаптарын қанағаттандыру көзделген атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргiзiледi;
5) бесiншi кезекте клиентке қойылған басқа да талаптарды қанағаттандыру үшін күнтiзбелiк кезектілік тәртібімен ақша алу жүргiзiледi.
Бiр кезекке жататын талаптар бойынша банктен ақша алу тиiстi құжаттардың түскен уақыты бойынша кезектілікпен жүргiзiледi.
3. Клиент болып табылатын заңды тұлға тараған кезде кредит берушiлердiң талабын қанағаттандыру осы Кодекстiң 51-бабында көзделген кезектілікпен жүргiзiледi.
ҚР 2005.23.12. № 107-III Заңымен 743-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
743-бап. Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банктiк қызмет көрсетуi
Банктiк қызмет көрсетудiң жекелеген түрлерiн банктiк қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар көрсетуге құқылы.
Мұндай ұйымдардың банктік қызметтің жекелеген түрлерін көрсетуi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiмен белгіленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
744-бап. Банктiк қызмет көрсетуге ақы төлеу
Клиент банктiк қызмет көрсету шарты бойынша өзiне банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген ережелер мен тәртiп бойынша ақы төлейдi.
745-бап. Банк құпиясы
Банк құпиясын жария етпеуге банк кепiлдiк бередi.
Банк құпиясын құрайтын мәлiметтер тiзбесi және оны беру негiздерi банк қызметiн реттейтiн заң актілерімен белгiленедi.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 746-бап жаңа редакцияда
746-бап. Клиенттерге банктiк қызмет көрсету шарттарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар клиенттерге банктiк қызмет көрсетуге байланысты бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының банк қызметiн реттейтiн заң актілерінде және банктiк қызмет көрсету шарттарында белгiленген шекте жауап бередi.
2. Банктiк шот
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес 747-бап өзгерді
747-бап. Банктiк шот шарты
1. Банктiк шот шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) пайдасына түсетiн ақшаны қабылдауға, клиенттiң клиентке немесе үшiншi тұлғаларға ақшаның тиiстi сомаларын аудару (беру) туралы өкiмдерiн орындауға және банктiк шот шартында көзделген басқа да қызметтердi көрсетуге мiндеттенедi.
Банктiк шот шарты бойынша клиентке немесе ол көрсеткен адамға клиенттiң банктегi ақшасына есеп жүргiзу мақсатында тараптар келiскен шарттар бойынша клиенттiң бiр ыңғайландырылған дербес коды берiледi. Клиенттiң бiр iзге түсiрiлген дербес кодын беру, жою, банктiң клиент ақшасына есеп жүргiзу тәртібі банктiк заңдармен белгiленедi.
2. Заңды тұлғалар мен азаматтар қызмет көрсету банктерiн өз бетiнше таңдайды және олар банктiк шот шартын бiр банкпен де, бiрнеше банкпен де жасауға құқылы.
3. Егер заң актілерінде немесе тараптар келісімінде өзгеше белгіленбесе, банктік шот шарты мерзімсіз болып табылады.
748-бап. Банктік шот шартының нысаны
1. Банктiк шот шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Банктiк шот шартының жазбаша түрiн сақтау осы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
749-бап. Клиенттiң ақшасына билiк ету
1. Банк клиенттiң банктегi ақшасын алып қоюды егер заң актілерінде немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, клиент өкімінiң негiзiнде жүзеге асырады.
Егер заңдарда немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, банк клиенттiң ақшаны пайдалану бағытын белгiлеу мен бақылауға және оның өз қалауынша ақшаға билiк ету құқығына заңдарда көзделмеген шек қоюға құқығы жоқ.
2. Егер ақшаны азамат салған болса, банктегi ақшаға билiк ету құқығын не азаматтың өзi, не ол осы құқықты сенiп берген адам пайдаланады.
Егер ақшаны заңды тұлға салған болса, банктегi ақшаға билiк ету құқығын осы заңды тұлғаның басшысы және (немесе) ол уәкiлдiк берген өзге адамдар пайдаланады.
3. Банктегi ақшаға клиент атынан билiк етудi жүзеге асыратын адамдардың құқықтары клиент банкке заңдарда және шартта көзделген құжаттар ұсыну арқылы расталады.
4. Банктiк шот шартында банктегi ақшаға билiк етудiң тәртібі белгiленуге тиiс. Мұндай тәртiпке қойылатын талаптар банктiк заңдармен белгiленедi.
2009.11.07 № 185-IV ҚР Заңымен 750-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
750-бап. Банктiк шот шарты бойынша банк орындайтын операциялар
1. Банктiк шот шартына сәйкес банк:
1) клиент талап еткен кезде ақшаның болуын қамтамасыз етуге;
2) клиенттiң пайдасына түскен ақшаны қабылдауға;
3) клиенттiң үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы өкімін орындауға;
4) үшiншi тұлғалардың, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) банктiк шот шартында көзделсе, клиенттiң ақшасын алып қою туралы өкiмдерiн орындауға;
5) банктiк шот шартында белгiленген тәртiп бойынша клиенттен қолма-қол ақша алуды және оған берудi жүзеге асыруға;
6) клиенттiң талап етуi бойынша клиенттiң банктегi ақша сомасы және жүргiзiлген операциялар туралы ақпаратты шартта көзделген тәртiппен беруге;
7) клиентке шартта, заңдарда және банктiк тәжiрибеде қолданылатын іскерлік айналым дағдыларында көзделген өзге де банктік қызмет көрсетуге мiндеттi.
2. Банк клиенттiң пайдасына келiп түскен ақшаны қабылдауға, сондай-ақ клиенттiң ақшасын алып қоюды немесе оның ақшасын берудi, егер заң актілерінде және соларға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi шығарған нормативтiк құқықтық актiлерде өзге мерзiмдер көзделмесе, оның бір ізге түсірілген дербес коды бойынша тиісті нұсқаумен банкке келiп түскен күннен кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей, сондай операцияларды көрсете отырып жүргiзуге мiндеттi.
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес 751-бап өзгерді
751-бап. Ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы
Банктегi ақшаны пайдаланғаны үшiн банк шартта белгiленетiн мөлшер мен тәртiп бойынша сыйақы төлейдi.
752-бап. Банктiк шот шартын бұзу
1. Банктiк шот шарты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, клиенттiң өтiнiшi бойынша кез келген уақытта бұзылады.
2. Банктік шот шартын бұзу клиенттің бір ыңғайландырылған дербес кодын жою үшiн негiз болып табылады.
3. Банкте қалған ақша клиентке берiледi не оның нұсқауы бойынша үшiншi тұлғалардың пайдасына аударылады (алып қойылады).
753-бап. Банктердiң банктiк шоттары
Осы тараудың ережелерi, егер заң актілерінде немесе оларға сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, банктердiң банктiк шоттарына қолданылады.
3. Ақша аудару
754-бап. Ақша аудару туралы шарт
1. Ақша аудару туралы шарт бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша клиентке бiр-ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ үшiншi тұлғаға ақша аударуға мiндеттенедi.
2. Банктiң клиентке бiр ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ ақша аудару тәртібі банк қызметiн реттейтiн заң актілерімен белгiленедi.
755-бап. Ақша аудару туралы шарттар жасасу
Егер банк қызметін реттейтін заң актілерінде өзгеше көзделмесе, егер банк клиенттiң тапсырмасын клиент оған осындай банктiк қызмет көрсету туралы ұсыныс жасаған кезде орындауға қабылдаған жағдайда, банктік шот ашпай-ақ ақша аудару туралы шарт жасалған болып есептеледi.
4. Банк салымы
09.07.03 ж. № 482-II ҚР Заңымен ; 2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 756-бап өзгертілді
756-бап. Банк салымы шарты
Банк салымы шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптан (салымшыдан) ақша (салым) алуға, олар бойынша банктік салым шартында көзделген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге және салымның осы түрi үшiн заң актілерінде және шартта көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша салымды қайтаруға мiндеттенедi.
Салымдар түрiнiң әрқайсысы бойынша банктер клиенттiң ақшасын есепке алу мақсатында оған бiрыңғайландырылған дербес код бередi. Бiрыңғайландырылған дербес кодты беру, жою, клиенттiң ақшасына есеп жүргiзу тәртібі Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленедi.
Банк салымдарының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленуі мүмкін.
757-бап. Банк салымдарының түрлерi
1. Салымдарды қайтару талаптарына қарай олар мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) талап етiлмелi салым;
2) мерзiмдi салым;
3) шартты салым.
2. Талап етiлмелi салым салымшының бiрiншi талап етуi бойынша толық немесе iшiнара қайтарылуға тиiс.
Мерзiмдi салым белгiлi бiр мерзiмге салынады.
Шартты салым банк салымы шартында белгiленген мән-жайлар болғанға дейiн салынады.
3. Мерзiмдi салымды салымшы белгiленген мерзiм өткенге дейiн, ал шартты салымды банктiк салым шартында белгiленген мән-жайлар басталғанға дейiн талап еткен жағдайда салым бойынша сыйақы, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе талап етiлмелi салым бойынша белгiленген мөлшерде төленедi.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 758-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
758-бап. Банк салымы шартының нысаны
1. Банк салымы шарты жазбаша түрде және заң актілерінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерінде және банктiк тәжiрибеде қолданылып жүрген іскерлік айналым дағдыларында белгіленген талаптарға сай жасалуға тиіс.
2. Салымшының талап етуi бойынша салымның жасалғанын куәландыратын құжат не оның атына, не белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына ресiмделуi мүмкiн.
3. Банк салымының жазбаша нысанын сақтамау осы құқықтың жарамсыздығына әкеп соғады.
759-бап. Банк салымы шартының қолданылу мерзiмi
1. Банк салымы шарты салым сомасы банкке келiп түскен күннен бастап жасалған болып саналады.
2. Талап етiлмелi банк салымы шарты мерзiмсiз болып табылады.
3. Салымшы мерзiмдi салымның сомасын оның мерзiмi өткеннен кейiн, сондай-ақ шартты салымның сомасын банк салымы шартты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар пайда болғаннан кейiн талап етпесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, банк салымы шарты талап етiлмелi салым шарттарымен ұзартылған болып саналады.
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 760-бап өзгертілді
760-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы
1. Банк салымшыға банк салымы шартында белгiленетiн мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейдi.
2. Банк салымы шартында көзделген салым мерзімін ұзарту жағдайларын қоспағанда, банктiң салым бойынша сыйақының мөлшерiн бiржақты тәртiппен өзгертуге құқығы жоқ.
761-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы төлеудiң тәртібі
1. Банк салымы шарты бойынша банк сыйақыны банк салымы шартында белгiленген тәртiппен және мөлшерде төлейдi.
2. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, банк салымы бойынша сыйақы салымшыға оның талап етуi бойынша әр тоқсан аяқталғаннан кейiн салым сомасынан бөлек төленедi, ал бұл мерзiмде талап етiлмеген сыйақының сомасы салымның сыйақы төленетiн сомасын арттырады.
Салымды қайтару кезiнде салымшыға сол кездегі оған тиесілі барлық сыйақы төленедi.
3. Талап етiлмелi салым бойынша салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны салым сомасынан бөлек алуға құқылы.
Мерзiмдi салым бойынша да салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны оның мерзiмi аяқталғанға дейiн салым сомасынан бөлек алуға құқылы, бiрақ бұл ретте, банк салымы туралы шартта өзгеше көзделмесе, сыйақының мөлшері банк талап етілмелі салым үшiн қолданатын мөлшерге сәйкес қайта есептелiнедi. Салым мерзiмiнiң аяқталуы бойынша салымшы өзiне тиесілі сыйақыны ол салымды талап ете ме немесе етпей ме оған қарамастан, толық мөлшерде алуға құқылы (осы Кодекстiң 759-бабының 3-тармағы).
Шартты салым бойынша салымшының оған тиесiлi сыйақыны салымның сомасынан бөлек алуы банк салымы шартында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Сыйақы салымды қайтару үшiн көздемеген мерзiмдерде және нысанда төленедi (осы Кодекстiң 765-бабы).
5. Салымды толық қайтару кезiнде салымшыға сол кездегi өзiне тиесiлi барлық сыйақы төленедi.
762-бап. Салымдарды енгізу
1. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшылар салымдарды қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз аудару арқылы да енгiзедi.
2. Талап етiлмелi салым кезiнде салымшы ақшаны кез келген сомада және кез келген кезеңде жекелеген жарналармен енгiзе алады. Бұл ретте жаңа түскен сомалар бойынша сыйақы есептеу, сыйақының банкке ақша түскен күнi қолданылған мөлшерiне қарай жүргiзiледi.
Мерзiмдi салымдар, сондай-ақ шартты салымдар кезiнде, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшы ақшаны бiр жолғы жарна түрiнде енгiзедi.
763-бап. Үшiншi тұлғалардың салымға ақша енгізуi
Банкке үшiншi тұлғалардан салымшының атына оның бiрыңғайландырылған дербес коды туралы қажеттi деректер көрсетiле отырып түскен ақша салымға енгiзiледi.
764-бап. Үшiншi тұлғалардың пайдасына салымдар
1. Банкке салым белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына енгiзiлуi мүмкiн.
Пайдасына салым енгiзiлетiн азаматтың атын (осы Кодекстiң 15-бабы) немесе заңды тұлғаның атауын (осы Кодекстiң 38-бабы) көрсету тиiстi банк салымы шартының елеулi талабы болып табылады.
Шарт жасасу қарсаңында қайтыс болған азаматтың не сол кезде болмаған заңды тұлғаның пайдасына банк салымы шарты жарамсыз болады.
2. Үшiншi тұлға салымшының құқығынан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда банк салымы шартын жасаған тұлға салымға өзi енгiзген ақшаға қатысты салымшының құқықтарын пайдалана алады.
3. Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген жағдайда, ол банк салымы шартында көзделген талаптарды сақтаған кезде ғана оларға билiк етуге құқылы. Бұл талаптар басталғанға дейiн үшiншi тұлға салымға тек салым енгiзген тұлғаның жазбаша рұқсаты бойынша ғана билiк ете алады.
Салым бойынша талап, банк салымы шартында жазбаша түрде жазылуға, заң актілеріне қайшы келмеуге және салымды берудi қиындататын түсiнiксiздiгi болмауға тиiс.
Шартты салымды алу үшiн үшiншi тұлға банкке белгiленген талаптарды орындағандығын растайтын құжаттар табыс етедi.
Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген тұлғаның: үшiншi тұлға осы талаптың орындалғанын растайтын құжат ұсынбаған жағдайда, өзi белгiлеген талаптарды өзгертуге; үшiншi тұлға салым енгізу кезiнде көрсетiлген талапты орындамаған не ол банк салымы шартында көзделген талапты орындағанға дейін қайтыс болған жағдайда салымға билік етуге құқығы бар.
4. Yшiншi тұлғаның пайдасына шарт туралы ережелер (осы Кодекстiң 391-бабы), егер ол осы баптың ережелерiне қайшы келмесе, үшiншi тұлғаның пайдасына банк салымы шартына қолданылады.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 765-бап жаңа 6-1-тармақпен толықтырылды
765-бап. Банк салымдарын қайтару
1. Банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының алғашқы талап етуi бойынша:
1) талап етiлмелi салымдар бойынша - салымшы талаптарының келiп түсуi бойынша;
2) мерзiмдi салымдар бойынша - банк салымы шартында көзделген мерзiмнiң басталуы бойынша;
3) шартты салымдар бойынша - банк салымы шарты басталуымен салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар болған кезде беруге мiндеттi.
2. Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын қайтарып алуға құқығы бар.
Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының талабы келiп түскен кезден бастап бес күннен кешiктiрмей беруге мiндеттi.
3. Шартты салымдар бойынша салымшының банк салымы шарты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар басталғанға дейiн салымды қайтарып алуға құқығы бар. Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн осы баптың 2-тармағында көзделген мерзiмде беруге мiндеттi.
4. Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын алу құқығынан бас тартуы туралы банк салымы шартының, сондай-ақ шартты салымның ережелерi көзделген талаптар басталғанға дейiн жарамсыз болып табылады.
5. Шетел валютасымен енгiзiлген салым, егер заң актілерінде, банк салымы шартында немесе тараптардың қосымша келісімiнде өзгеше көзделмесе, нақ сондай валютамен қайтарылуға тиiс.
6. Банк салымшының салымды немесе оның бiр бөлiгiн қайтару туралы талабын осы баптың 2-3-тармақтарында көзделген мерзiмде орындамаған жағдайда сыйақыны төлеу банк салымы шартында көзделген талаптарда жалғастырылады.
6-1. Осы баптың ережелерi кепiл нысанасы болып табылатын және банкке салымшының мiндеттемелерiн қамтамасыз ету үшiн енгiзiлген салымдарға қолданылмайды.
2009.28.08 № 192-IV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
7. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен банк салымын беру тоқтатыла тұруы мүмкін.
766-бап. Банк салымын қайтаруды қамтамасыз ету
Банк өзі алған салымдарды қайтаруды қамтамасыз ету үшін пайдалануға мiндеттi амалдар мен әдiстер заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерімен және банк салымы шартымен белгiленедi.
767-бап. Банк салымы бойынша жасалған операциялар үшiн банк көрсеткен қызметтерге ақы төлеу
Салымшы банк салымдары бойынша жасалған операциялар жөніндегі банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген тәртiппен ақы төлейдi.
39-тарау. Сақтау
1. Сақтау туралы жалпы ережелер
768-бап. Сақтау шарты
1. Сақтау шарты бойынша бiр тарап (сақтаушы) оған екiншi тараптың (жүк берушiнiң) берген затын сақтауға және бұл затты сақталған күйiнде қайтаруға мiндеттенедi.
2. Сақтау шарты зат сақталуға берiлген кезден бастап жасалған деп танылады.
3. Қозғалмайтын мүлiктi күзетуге осы тараудың күшi қолданылмайды.
769-бап. Затты сақтауға қабылдау туралы шарт
1. Сақтауды кәсiпкерлiк қызмет ретiнде жүзеге асыратын сақтаушы шарт бойынша өзiне жүк берушiнiң затын сақтауға қабылдау және жүк берушiнiң берген затын осы тараудың ережелерiне сәйкес сақтау мiндеттемесiн өз мойнына алуы мүмкiн.
2. Шарт бойынша өзiне затты сақтауға қабылдау мiндеттемесiн алған сақтаушының бұл заттың өзiне сақтауға берiлуiн талап етуге құқығы жоқ. Алайда шартта көзделген мерзiмде затты сақтауға бермеген жүк берушi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сақталмай қалуға байланысты келтiрiлген залалдар үшiн сақтаушының алдында жауапты болады.
3. Егер жүк берушi сақтаушының қызметiнен бас тартқандығы туралы қисынды мерзiмде мәлiмдеген болса, ол затты сақтауға бермегенi үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, шартта келісілген мерзiмде зат сақталуға өткізілмеген, ал бұл мерзiм шарт жасалған күннен бастап отыз тәулiк өткенге дейiн белгiленбеген жағдайларда сақтаушы затты сақтауға қабылдау мiндетiнен босатылады.
770-бап. Затты сақтауға қабылдау мiндетi
Өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне қарай сақтауды жүзеге асыратын сақтаушының, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, техникалық мүмкіндік бола тұра затты сақтауға қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Мұндай жағдайларда сақтау шарттары жария деп танылады (осы Кодекстің 387-бабы).
771-бап. Заттарды иесіздендіріп сақтау
1. Иесiздендiрiп сақтау кезiнде сақтауға алынған заттар басқа жүк берушiлердiң сол тектес және сапасы сондай заттарымен араласып кетуi мүмкiн. Жүк берушiге заттар сол тектес және сапасы сондай тең немесе тараптардың келісілген мөлшерiнде қайтарылады.
2. Заттарды иесiздендiрiп сақтау кезiнде, егер заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде белгiленсе, заттар осы тектес және сапасы сондай заттардан оқшау ұсталуға тиіс.
772-бап. Сақтау шартының нысаны
1. Сақтаушының нөмiрлер, жетондар және басқа да заңды деп танылған белгiлер беруi арқылы заттарды қысқа мерзiмге сақтауға сақтау камераларына және вокзалдардың, әуежайлардың, мекемелердiң, кәсiпорындардың, театрлардың, мұражайлардың, стадиондардың, асханалардың және т.б. киiм iлгiштерiне өткізулердi қоспағанда, сақтау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Егер сақтауға алынған заттар сақтаушы жүк берушiге сақтау қолхатын, түбіртек, куәлік, сақтаушы қол қойған өзге де құжаттар беру жолымен куәландырылған болса, шарттың жазбаша нысаны сақталған болып есептеледi.
3. Тұрмыстық қызмет көрсету түріндегі сақтау шарты ауызша нысанда жасалуы мүмкiн.
4. Сақтауға алынған зат пен сақтаушы қайтарған заттың бірдейлігі туралы дау туған жағдайда куәгерлік айғақтарға жол берiледi.
5. Заттарды төтенше жағдайлар (өрт, су тасқыны және басқалар) кезiнде сақтауға өткізу, шарттың жазбаша нысаны болмаған жағдайда сақтауға өткiзiлген заттардың құнына қарамастан куәгерлiк айғақтар бойынша дәлелденуi мүмкiн.
773-бап. Сақтау мерзiмi
1. Егер зат талап етiлмелi сақтауға немесе мерзiмi көрсетiлмей өткiзiлген болса, сақтаушы осындай жағдайлардағы заттың әдеттегi сақталу мерзiмi өткен соң жүк берушiнiң заттарды қайтып алуын талап етуге құқылы, бiрақ жүк берушiге затты қабылдап алуға жететiндей қисынды мерзiм беруге мiндеттi.
2. Жүк берушi шарт бойынша сақтаудың өзге мерзiмi көзделгенде де кез келген уақытта сақтаушыдан затты талап етуге құқылы. Алайда бұл жағдайда жүк берушi, егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтаушыға мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын, тоқтатылуынан туған залалдарды өтеуге мiндеттi.
774-бап. Сақтаушыға сыйақы беру және оның шығындарын өтеу
1. Сақтау шарты бойынша сақтаушыға берiлетiн сыйақы мөлшерi тараптардың келісімiмен белгiленедi. Заң актілерінде белгiленген жағдайларда сыйақының мөлшерi таксалар, ставкалар, тарифтер бойынша айқындалуы мүмкiн.
2. Тараптардың келiсуiмен немесе заң актілерімен сақтаудың тегiн түрi шарттастырылуы мүмкiн. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушi сақтаушыға заттарды сақтау үшiн қажеттi, нақты жұмсалған шығындарды өтеуге мiндеттi.
3. Егер заңдарда немесе тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмеген болса, сақтаушыға сақтағаны үшiн сыйақы сақтау аяқталған соң, ал егер кезең бойынша төлеу көзделген болса - әрбiр кезеңнiң аяқталуы бойынша төленуге тиiс. Егер сақтау, шартта белгiленген сақтау мерзiмiнен бұрын тоқтаса, сақтаушыға сыйақының соған мөлшерлес бөлiгi төленуi тиiс.