33. Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жыл сайынғы арттыруға, айлық есептік көрсеткіштің, ең төмен күнкөріс деңгейінің, зейнетақының ең төмен мөлшерінің, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мөлшерінің өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін өзгерту зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның шешімі негізінде жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 33-1-тармақпен толықтырылды
33-1. Сот шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған қамқоршылықтағы (қорғаншылықтағы) адам үшін төлем алушы қамқоршы (қорғаншы) ауыстырылған жағдайда Орталықтың бөлімшесі тиісті шешімді дайындайды және оны зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға ұсынады.
34. Зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау туралы шешім қабылданғаннан кейін Орталықтың бөлімшесі осы Ережеге 15-қосымшаға сәйкес нысандағы журналға тіркелгеннен кейін, осы Ережеге 16-қосымшаға сәйкес нысандағы куәлікті жазады және қолын қойғызып береді, ол зейнетақы немесе жәрдемақы алушының мәртебесін растайтын ресми құжат болып табылады.
35. Алатын төлемдердің түрі немесе мөлшері өзгерген жағдайда, Орталықтың бөлімшесі куәлікке қосымша бетте болған өзгерістер туралы қажетті жазба жасайды, олар Орталық бөлімшесінің мөртабанымен расталады.
4. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың тұрғылықты жері
өзгерген кезде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау тәртібi
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 36-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
36. Басқа елдерден Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген адамдарға зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы», «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы» заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Орталықтың бөлімшесі өтініш берушінің бұрынғы тұрған жеріндегі зейнетақы ісін (жәрдемақы алушының ісін) сұратуды жүзеге асырады.
37. Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген, бұрын Қазақстан Республикасында зейнетақы тағайындалған адамдардың: Қазақстан Республикасында бұрын тағайындалған зейнетақы төлемін Қазақстан Республикасы шегінен тыс кету сәтінде белгіленген мөлшерде қалпына келтіруді не «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жаңа тағайындау рәсімінен өтуді таңдауға құқығы бар.
38. Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген адамдар зейнетақы мен жәрдемақы тағайындату үшін бұрынғы тұрған жеріндегі зейнетақы немесе жәрдемақы төлемінің тоқтатылғаны туралы құжатты қоса бере отырып, өтінішті және осы Ереженің 3-10-тармақтарында көзделген құжаттарды ұсынады.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 39-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
39. Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен және қайта оралған адамдарға кеткен елінде төлем алмаған жағдайда зейнетақы мен жәрдемақы төлеу кеткен елінің зейнетақы және жәрдемақы төлеу жөніндегі уәкілетті органдары берген, төлем алмағаны туралы анықтаманы ұсынған кезде, төлем тоқтатылған күннен бастап, бірақ оларды алу үшін өтінім жасардың алдындағы үш жыл ішіндегі мөлшерден асырылмай төленеді.
Бұл ретте зейнетақы Қазақстан Республикасы шегінен тысқары жерге кету сәтінде белгіленген мөлшерде қайта жаңартылады. Егер кету кезеңінде зейнетақыларды арттырулар жүргізілген болса, оның мөлшері осы арттыруларды ескере отырып белгіленеді.
40. Алушылар республиканың басқа өңірлеріне кеткен жағдайда, зейнетақы мен жәрдемақы төлемін жаңадан тұратын жеріндегі Орталықтың бөлімшесі зейнетақы немесе жәрдемақы алушының өзі немесе оның сенім білдірілген адамы осы Ереженің 3-тармағына сәйкес ұсынған өтініші мен құжаттарының, сондай-ақ зейнетақы ісінің немесе жәрдемақы алушы ісінің негізінде жүзеге асырылады.
41. Республиканың басқа өңірлеріне кеткен адамдардың зейнетақы ісі немесе жәрдемақы алушының ісі Орталықтың басқа бөлімшелерінің сұратуы бойынша осы Ережеге 17-қосымшаға сәйкес нысандағы анықтама-аттестатпен қоса жіберіледі.
42. Орталықтың бөлімшесі Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетушінің өтініші негізінде іс қолына беріледі немесе басқа елдердің уәкілетті органдарының сұратуы бойынша жіберіледі.
Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кетушілерге зейнетақы мен жәрдемақы төлеу әділет органдарында тіркеуден шығарылған айын қоса жүргізіледі.
5. Зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тәртібi
43. Орталықтың бөлімшесі зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау туралы шешімін алып, зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау туралы журналға тиісті жазба жасайды, іске нөмір беріледі.
44. Тегі, аты немесе әкесінің аты, жеке шотының нөмірі, туған күні, тұратын жері өзгерген жағдайда алушы Орталықтың бөлімшесіне осы өзгерістер туралы, тиісті өзгерістерді растайтын құжаттарды қоса, өтініш береді. Деректемелердің өзгеруі туралы белгі зейнетақы немесе жәрдемақы алушының ісінің мұқабасына жасалады, сондай-ақ ОДБ-ға тиісті өзгерістер жасалады.
45. Орталықтың бөлімшелері:
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі органдары, селолық (ауылдық) әкімдер, жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар аумақтық органдары ұсынатын қайтыс болғандар мен қайтыс болғандар деп жарияланған адамдардың тізімдерін және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы бөлімшелері ұсынатын Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткендердің тізімдерін ағымдағы айдан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей, ай сайын салыстырып тексеруді;
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті ұсынатын консулдық есепке тұрған және шет мемлекеттің аумағында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының тізімдерін, шет мемлекеттің аумағында тұрған, қайтыс болған Қазақстан Республикасы азаматтарының тізімдерін (ақпараттың түсуіне қарай) тоқсан сайын салыстырып тексеруді;
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ұсынатын хабарсыз кеткен, іздеуде жүрген адамдардың тізімдерін ай сайын салыстырып тексеруді;
оқып жүрген адамды оқу орнынан шығарған немесе сырттай оқыту нысанына ауыстырған жағдайда оқу орындарының хабарламасын салыстырып тексеруді жүргізеді.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 46-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
46. Орталық бөлімшесінің қызметкерлері адамның өлімі, кету фактілері, төлемді тоқтата тұру немесе алып тастау, төлемді қайта жаңарту, сондай-ақ алушылардың қайтыс болуына, кетуіне, төлемдерді тоқтата тұруға байланысты, оның ішінде осы Ереженің 45 және 57-тармақтарына сәйкес салыстырып тексеру деректері бойынша қажеттілік сомаларын азаю жағына қарай түзету жөніндегі негіздемелер, іс-әрекеттер белгіленген ұстап қалу сомалары туралы ОДБ-ға күн сайын жазба жасайды.
47. Орталық алушылар бойынша енгізілген және қолда бар деректердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) бекіткен күнделікті төлем кестесінің негізінде зейнетақы мен жәрдемақы төлеміне бюджеттік қаражат қажеттілігін қалыптастырады және Министрлікке төлем айының алдындағы айдың 25-күніне ұсынады.
48. Ұсынылған зейнетақы және жәрдемақы төлеу кестесіне сәйкес қаржыландыру үшін Министрлік зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге бюджеттік қаражат қажеттілігіне орай өтінімді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсынады.
49. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Министрліктен зейнетақы және жәрдемақы төлеміне қажеттілік туралы өтінімді алып, тиісті кезеңге арналған міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспары мен зейнетақы және жәрдемақы төлеміне өтінімде көрсетілген қажеттілік шегінде рұқсат береді.
50. Орталық бюджеттік қаражатты алып, зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге төлем тапсырыстарын, сондай-ақ зейнетақылар мен жәрдемақылардан ұстап қалуларды қалыптастырады.
51. Орталық зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуді Орталықтың бөлімшелері басып шығаратын және зейнетақы мен жәрдемақыларды беру жөніндегі уәкілетті ұйымға ұсынатын, осы Ережеге 18, 19-қосымшаларға сәйкес № 7, 7Д нысанындағы тізім-ведомостардың негізінде шоттарға есептеу, алушылардың үйіне апарып беру жолымен жүргізеді.
52. № 7, 7Д нысанындағы тізім-ведомостар екі данада басылады және зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйым мен Орталық бөлімшесінің қолымен және мөртабанымен расталады әрі олардың әрқайсысында бір-бір данадан сақталады.
53. Зейнетақыларды немесе жәрдемақыларды үйге апарып беруді зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйым Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, сексен жасқа толған зейнетақы алушыларға, бірінші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ бөгде адамның күтіміне мұқтаж және денсаулық жағдайы бойынша зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымға бара алмайтыны туралы медициналық қорытындысы бар адамдарға жүргізеді.
54. Зейнетақы мен жәрдемақыны беру жеке басын куәландыратын құжатын ұсынғанда, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың шоттарына есептелген сомалар шегінде, сондай-ақ № 7, 7Д нысанындағы тізім-ведомостар бойынша жүргізіледі.
55. Осы мақсатқа арналған шығыстар, алып жүрген төлемнің түріне қарай тиісті бюджеттік бағдарлама есебінен жүзеге асырылады.
56. Шетелдікке және азаматтығы жоқ адамға Қазақстан Республикасында зейнетақы немесе жәрдемақы төлеуді Орталықтың бөлімшесі Қазақстан Республикасы аумағында оның жеке басын куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімі ішінде жүргізеді.
Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімі өткеннен кейін зейнетақы немесе жәрдемақы төлемі тоқтатыла тұрады, ал құжаттың қолданылу мерзімі ұзартылған кезде тоқтатылған зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері Орталықтың бөлімшесі тоқтатқан күннен бастап қайта жаңартылады.
57. Зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйым шоттарында 3 және одан да көп айлар бойы қозғалыс жоқ зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың тізімдерін, соңғы операцияның күнін, сондай-ақ сенімхат бойынша алушылардың шоттарынан зейнетақы мен жәрдемақы алынғаны туралы мәліметтерді көрсете отырып, тоқсан сайын Орталық бөлімшелеріне ұсынады.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 58-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
58. Алушыларға артық есептелген (төленген) зейнетақы мен жәрдемақы сомаларын қайтару үшін Орталықтың облыстық филиалдары зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның сенімхаты бойынша сот органдарына жүгінеді.
Артық есептелген (төленген) зейнетақы мен жәрдемақы сомаларын қайтару алушының өтініші бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
59. Қате есептелген, бірақ аударылмаған зейнетақы мен жәрдемақы сомалары Орталық бөлімшесі бастығының өкімі бойынша Орталықтың есеп айырысу шотына қайтарылуға тиіс.
6. Жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау және
жүзеге асыру тәртібi
60. Зейнетақы немесе жәрдемақы алушы адам қайтыс болған жағдайда, оны жерлеуді жүзеге асырған адамға алушы қайтыс болған сәтте тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген мөлшерінде, Ұлы Отан соғысына қатысушы немесе оның мүгедегі қайтыс болған жағдайда отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жерлеуге берілетін біржолғы төлемақы төленеді.
61. Жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау үшін жерлеуді жүзеге асырған заңды немесе жеке тұлға қайтыс болған зейнетақы немесе жәрдемақы алушының тұрғылықты жеріндегі Орталықтың бөлімшесіне қажетті құжаттар мен олардың көшірмелерін қоса бере отырып, осы Ережеге 20 қосымшаға сәйкес нысандағы өтінішті береді. Құжаттардың көшірмелерін өтініш берушіге қайтарылатын ұсынылған түпнұсқалармен салыстырғаннан кейін Орталық бөлімшесінің бастығы растауға тиіс. «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен расталған құжаттардың көшірмелерін қабылдауға жол беріледі.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 62-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
62. Жерлеуге берілетін біржолғы төлем мынадай құжаттардың негізінде жүзеге асырылады:
1) жерлеуді жүзеге асырған адамның жеке куәлігінің көшірмесі, не заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің көшірмесі (заңды тұлғалар үшін) немесе жерлеуді жүзеге асырған жеке кәсіпкердің патентінің (жеке адамдар үшін) көшірмесі;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі органдары берген сақтандыру анықтамасы;
3) өлім туралы куәлігінің көшірмесі.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 63-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
63. Жерлеуге берілетін біржолғы төлемді жүзеге асыру үшін қажетті өтініш пен құжаттар Орталықтың бөлімшесіне ұсынылады.
Сканермен көшірілген өтініш және құжаттар жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау туралы осы Ережеге 21-қосымшаға сәйкес нысандағы шешімнің жобасымен бірге электронды түрде не қағаз түрінде бір күн ішінде Орталықтың филиалына жіберіледі.
64. Орталықтың филиалдары қабылданған құжаттарды қағазға шығарады, хабарламаны жасайды және оларды алған сәттен бастап бір күн ішінде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жібереді.
65. Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бір күн ішінде жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау туралы шешім қабылдайды, бұдан кейін шешімді және қабылданған құжаттарды Орталықтың филиалына жібереді.
66. Орталықтың филиалы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау туралы шешімін алып, бір күн ішінде шешімді сканермен көшіреді және оны электронды түрде Орталықтың бөлімшесіне жібереді.
Орталықтың бөлімшесі электронды түрде алынған жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау туралы шешім бойынша бір күн ішінде осы Ережеге 22, 23, 24-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша жерлеуге берілетін біржолғы төлемді төлеуге қажеттілік-өтінімді жасайды және Орталықтың филиалы арқылы Орталыққа жібереді.
Орталықтың бөлімшесі осы Ережеге 25-қосымшаға сәйкес нысандағы жерлеуге берілетін біржолғы төлемді алушылардың тізім-ведомосын жасайды және оны зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымға береді.
67. Орталық жеке тұлғаларға жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тиісті банкті операциялардың түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдарда ашылған шотқа аударуды жүргізеді.
Заңды тұлғаларға жерлеуге берілетін біржолғы төлемді аударуды Орталық олардың ағымдағы шоттарына жүргізеді.
68. Жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау туралы шешімнің қағаз нұсқасы Орталықтың бөлімшесіне жіберіледі, онда қайтыс болған зейнетақы немесе жәрдемақы алушының ісіне тігіледі.
7. Түзеу мекемелерінде зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау
және төлеу тәртібi
69. Түзеу мекемесінде жүрген зейнетақы немесе жәрдемақы алуға құқығы бар адамға зейнетақы немесе жәрдемақы өтінішінің және түзеу мекемесі орналасқан жердегі Орталықтың бөлімшесіне мекеме әкімшілігі ұсынатын, осы Ереженің 3-10-тармақтарында көзделген құжаттардың негізінде тағайындалады.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 70-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
70. Егер адам түзеу мекемесіне орналастырылған сәтте зейнетақы немесе жәрдемақы алушы болып табылса, түзеу мекемесі орналасқан жердегі Орталықтың бөлімшесі түзеу мекемесінің әкімшілігі осы Ереженің 40, 41-тармақтарына сәйкес ұсынған, көрсетілген адамның өтініші негізінде зейнетақы немесе жәрдемақы төлемдерін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы», «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы» заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 70-1-тармақпен толықтырылды
70-1. Түзеу мекемесі орналасқан жердегі Орталықтың бөлімшесі зейнетақы/жеке іс қағазын алғаннан кейін оны есепке қояды және түзеу мекемесінің арнаулы шотына зейнетақылар мен жәрдемақыларды толық көлемінде аудару үшін деректемелерін көрсете отырып, сотталушының деректерін ОДҚ енгізеді.
71. Алушы түзеу мекемесінде болған уақытында зейнетақы немесе жәрдемақы алмаған жағдайда, төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қайта жаңартылады.
8. Интернаттық және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде
зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тәртібi
72. Интернаттық (отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, Жасөспірімдер үйі, балалар үйі, жалпы және арнаулы үлгідегі немесе ақыл-eci кемшін балаларға арналған интернат-үйі және т.б.) және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекеме орналасқан жердегі Орталықтың бөлімшесі зейнетақы немесе жәрдемақы төлеуді осы Ереженің 40, 41-тармақтарына сәйкес жүзеге асырады.
73. Интернаттық және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын іс-әрекетке қабілетті адамдардың зейнетақылары мен жәрдемақылары зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымда ашылатын жеке шоттарына аударылады.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1327 Қаулысымен 74-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
74. Сот шешімі бойынша іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған және қамқоршылыққа (қорғаншылыққа) мұқтаж, мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдарға (бұдан әрі - іс-әрекетке қабілетсіз қамқорлықтағылар) зейнетақылар мен жәрдемақылар қамқоршылары (қорғаншылары) зейнетақы мен жәрдемақыларды беру жөніндегі ұйымда ашатын олардың банктік шоттарына есептеледі және қамқоршы (қорғаншы) оны қамқорлығындағылардың (қорғаншылығындағы) жеке мұқтаждарына қосымша тамақ, дәрілік заттар, киім, аяқ киім, іш киім, бірінші кезектегі қажет заттарды, жұмсақ және қатты мүкәммал, санитарлық гигиена мен медициналық көмек заттарын сатып алуға пайдаланады.
75. Қамқоршы (қорғаншы) Орталықтың бөлімшесіне адамды іс-әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сот шешімінің және іс-әрекетке қабілетсіз адамға медициналық-әлеуметтік мекеме әкімшілігінің қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгендігі туралы қамқоршылық және қорғаншылық органы шешімінің көшірмесін ұсынады.
76. Қамқоршы (қорғаншы) іс-әрекетке қабілетсіз қамқорлықтағы адамдар үшін алатын зейнетақы немесе жәрдемақы сомаларын жұмсаудың дұрыстығы мен заңдылығы үшін жауапты болады.
9. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың жоғалған немесе жарамсыз
болған істерін қалпына келтіру тәртібi
77. Зейнетақы немесе жәрдемақы алушылардың жоғалған немесе (өрт, су тасқыны және басқа жағдайлар кезінде) жарамсыз болған істерінің телнұсқаларын Орталықтың бөлімшесі жоғалғаны (ісінің болмауы) туралы актінің, зейнетақы тағайындау жөніндегі комиссия шешімінің хаттамасынан үзінді көшірменің және (немесе) азаматтардың зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындауға берген өтініштерін тіркеу журналының, істердің электронды мұрағатының негізінде қалыптастырады және оны зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді. Орталықтың бөлімшесі азаматтардан осы Ереженің 3-10-тармақтарында көзделген құжаттарды, сондай-ақ зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау фактісі мен шарттарын растайтын басқа да құжаттарды сұрата алады.
78. Құжатты алу мүмкіндігі болмаған, яғни сол немесе өзге фактіні тіркеу тәртібі (хаттаманың немесе зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау туралы тіркеу кітабы) болмаған не фактіні тіркеу тәртібі сақталмаған және бұл жағдайларда оларға жүгіну мүмкіндігі болмаған, фактіні растайтын құжаттар болғанымен, оларда құжатты дәлелдеу мәнінен айыратын, түзету мүмкін емес қателер немесе жаңсақтықтар болған кезде, талап етілетін заңды фактілер сот органдары арқылы расталады.
79. Зейнетақы немесе жәрдемақы алушы ісінің қалпына келтірілген телнұсқасы мұқабасының оң жақ үстіңгі бұрышына «Телнұсқа» деген белгі қойылады.
80. Куәлігін жоғалтқан жағдайда, алушының өтініші бойынша Орталықтың бөлімшесі телнұсқа жазып береді. Оның оң жақ үстіңгі бұрышына Телнұсқа" деген белгі қойылады.
Телнұсқаны беру кезінде куәліктерді тіркеу журналына тиісті жазба жасалады.
10. Істерді мұрағатта есепке алу, беру және сақтау тәртібi
81. Олар бойынша зейнетақы немесе жәрдемақы төлемдері жүзеге асырылатын істер (қолданыстағы істер) іс нөмірлерінің өсуіне қарай қатаң тәртіппен сақталады.
82. Зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау үшін ұсынылған құжаттар іске қосылады және бүкіл сақталу мерзімінде сонда сақталады. Іске қосылған құжаттар қылмыстық процесті жүргізу үшін және қылмыстық іс қозғау туралы қаулы бар болған жағдайда талап етілсе, құжаттар ресми адамдардың сұратуы бойынша, құжаттарды алу туралы қаулының негізінде берілуі мүмкін, ал олардың көшірме түсірілген (сканермен көшірілген) көшірмелері істі сақтау мерзімі аяқталғанға дейін сақталады. Құжаттарды алуды жүргізу кезінде, сұратушы тарап іске қатысы болуы мүмкін құжаттарды ғана алумен шектелуге тиіс.
83. Зейнетақы немесе жәрдемақы төлемі тоқтатылған істер алушының өзі немесе отбасының мүшелері келгенге дейін «Бақылауда» деген белгімен қолданыстағы істерден бөлек сақталады. Алты ай өткеннен кейін іс соңғы төлемнің күні мен сомасы көрсетіле отырып есептен алынады және Орталық бөлімшесінің мұрағатына өткізіледі. Алты айдан артық мерзімге тоқтатылған істер бойынша зейнетақы немесе жәрдемақы төлеуді Орталықтың бөлімшесі зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау туралы шешімі бойынша қайта жаңартады.
84. Қолданыстағы істерді беру істер қозғалысының және оларды сақтаудың есебі жөніндегі журналға қол қою арқылы бақылау карточкасы бойынша қатаң тәртіппен жүргізіледі.
Қолданыстағы істі берген кезде оның орнына бақылау карточкасы қойылады, қайтарған кезде бақылау карточкасы іске салынады. Алушы қызмет көрсетуші бір учаскеден екіншісіне ауысқан кезде Орталықтың бөлімшесі қызметкерлерінің арасында істерді қабылдау және беру беруші мен қабылдаушының қолы қойылған журнал бойынша жүргізіледі. Учаскені Орталық бөлімшесінің басқа қызметкеріне толық берген кезде қызмет көрсету үшін істерді қабылдау-беру актісі жасалады. Деректерді ОДБ-ға енгізуді қызметкерлер қатаң бекітілген учаскелер бойынша өздеріне құпия берілген пароль арқылы жүргізеді.
85. Орталықтың бөлімшесі жыл сайын есепте тұрған (қолданыстағы) зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың істерін түгендеуді жүргізеді, оның барысында зейнетақы немесе жәрдемақы алушы ісінің деректерінің болуы және түгендеу сәтінде қалыптасқан ОДБ деректерімен сәйкестігі салыстырып тексеріледі.
Қолданыстағы істе құжаттардың болуы, алушылардың анкеталық деректерінің (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, тұратын мекенжайы, зейнетақысының немесе жәрдемақысының ай сайынғы мөлшері, ұстап қалулардың мөлшері, төлеу мерзімі) дұрыс толтырылуы тексеріледі.