Мемлекеттік резервті сақтауды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің шығындарын өтеу, сондай-ақ төтенше жағдайлардың зардаптарын жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету және ізгілік көмек көрсету үшін шығарылатын мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 маусымдағы № 556 Қаулысы
Осы редакция 2010 жылғы 11 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік резервті сақтауды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің шығындарын өтеу, сондай-ақ төтенше жағдайлардың зардаптарын жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету және ізгілік көмек көрсету үшін шығарылатын мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 30 маусымдағы
№ 556 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік резервті сақтауды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің шығындарын өтеу, сондай-ақ төтенше жағдайлардың зардаптарын жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету және ізгілік көмек көрсету үшін шығарылатын мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік резервті сақтауды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің шығындарын өтеу, сондай-ақ төтенше жағдайлардың зардаптарын жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету және ізгілік көмек көрсету үшін шығарылатын мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органның ведомстволық бағыныстағы ұйымдары (бұдан әрі - ведомстволық бағыныстағы ұйымдар) мен мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері (бұдан әрі - сақтау пункттері) жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің шығындарын өтеу тәртібі
3. Ведомстволық бағыныстағы ұйымдар мен сақтау пункттері мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органмен (бұдан әрі - уәкілетті орган) жасасқан мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау және сақтауға байланысты қызметтер көрсету жөніндегі шарт (бұдан әрі - сақтау шарты) негізінде жүзеге асырады.
4. Сақтау шарты мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтауға салу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалады.
5. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау жөніндегі шығындарды өтеу осы мақсаттарға республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен және шегінде тиісті бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын броньнан шығарған жағдайда оларды сақтау жөніндегі шығындарды өтеу материалдық құндылықтарды қоса шығарып болғанға дейін жүргізіледі.
6. Мемлекеттік резервті сақтау жөніндегі бағдарламаның (кіші бағдарламаның) әкімшісі жыл сайын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес алдағы қаржы жылына және үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өтінімді бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынатын уәкілетті орган болады.
7. Осы бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша шығыстардың сомасы
белгіленген тәртіппен, оның ішінде жыл сайын ведомстволық бағыныстағы ұйымдар мен сақтау пункттері ұсынатын материалдық құндылықтарды ұстауға және сақтауға жұмсалатын шығындар есебі негізінде есептеледі.
8. Уәкілетті орган мемлекеттік резервті сақтау жөніндегі қызмет көрсету үшін бөлінген бюджет қаражатының уақтылы және мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
3. Төтенше жағдайлардың зардаптарын жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету және ізгілік көмек көрсету үшін шығарылатын мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу тәртібі
9. Төтенше жағдайлардың зардаптарын жою, нарыққа реттеушілік ықпал ету және ізгілік көмек көрсету үшін шығарылған мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары үшін шығындарды өтеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген республикалық және жергілікті бюджеттерді орындау тәртібіне сәйкес жүргізіледі.
10. Ресми ізгілік көмек көрсету үшін мемлекеттік резервтен шығарылған материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде төтенше резервтен жүзеге асырылады.
11. Төтенше жағдайлардың зардаптарын жою және нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін мемлекеттік резервтен шығарылған материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен жүзеге асырылады.
12. Материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеуге ақша бөлу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын дайындауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
13. Қазақстан Республикасы ресми ізгілік көмек көрсетуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервін пайдаланған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін дайындау кезінде Халықаралық ізгілік көмек мәселелері жөніндегі комиссияның оң ұсынымы болуы қажет.
14. Шығарылған материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шығарған шешім негізінде уәкілетті орган аумақтық қазынашылық бөлімшелеріне ақша қаражатын бөлу негізділігін растайтын құжаттарды (орындалған жұмыстар актілерін, темір жол жүкқұжаттарын және басқаларды) ұсынады.
Көрсетілген құжаттардың дұрыстығы үшін уәкілетті орган жауапты болады.
15. Уәкілетті орган мемлекеттік резервке материалдық құндылықтар салуды мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.
16. Шығындарды өтеуге бөлінген бюджет қаражатының тиімді және нысаналы пайдаланылуы үшін уәкілетті орган жауапты болады.