Осы редакция 2007 жылғы 29 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 21 сәуірдегi
№ 313 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің
Әкімшілік полиция комитеті туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (бұдан әрі - Комитет) Ішкі істер министрлігінің құзыреті шегінде қоғамдық тәртіпті сақтау, мемлекеттік күзетілуге тиіс объектілердің қауіпсіздігі, көші-қон заңнамасын сақтау, күзет қызметін жүзеге асыру, арнайы мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
Комитеттің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу, қылмыстарды ашу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қадағалаусыз қалуды анықтау және жолын кесу, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде анықтауды және әкімшілік өндірісті жүзеге асыру;
заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасау және шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мәселелері жөніндегі заңнаманы сақтауын бақылау, виза жұмысын жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелерді қарау;
ұсталған және қамауға алынған адамдарды, оның ішінде белгілі мекен-жайы, құжаттары жоқ адамдарды ұстау орындарындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету;
мемлекеттік күзетілуге тиіс объектілерді күзету;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде лицензиялау және рұқсат ету қызметін жүзеге асыру.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің кесімдеріне, өзге де нормативтік құқықтық кесімдерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері болады, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық органдарында шот аша алады.
Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түсуге құқылы.
Егер Комитетке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқылы.
4. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бұйрықтар нысанында нормативтік құқықтық кесімдер шығарады.
5. Комитеттің құрылымын және штат санының лимитін Ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Комитеттің заңды мекен-жайы:
010010, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Манас көшесі, 4.
7. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті" мемлекеттік мекемесі.
8. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
9. Комитеттің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Комитетке оның функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2. Комитеттің функциялары мен құқықтары
10. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін функциялар:
қоғамдық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, ерекше күзетілетін және режимдік объектілердің қауіпсіздігі, көші-қон заңнамасын сақтау, Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелерді қарау, күзет қызметін жүзеге асыру, арнайы мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
Комитеттің қарауына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті сақтауды, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуды жетілдіруге бағытталған шараларды әзірлейді;
құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу саласындағы бағдарламаларды іске асырады;
ішкі істер органдарының құзыретіне жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өндірісті ұйымдастырады;
экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтауға, болдырмауға және олардың жолын кесуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес саласында республикалық ақпараттық жүйе құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету жөніндегі шараларды әзірлейді;
арнайы саптық бөлімшелердің заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі қызметін ұйымдастырады;
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және азаматтықтан шығару жөніндегі материалдарды қарайды;
өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерге тұрақты тұру үшін шығуын ресімдеуді, шетел азаматтарына виза беруді жүзеге асырады;
қылмыс жасауда күдікті не айыпты ретінде ұсталған және қамауға алынған, белгілі мекен-жайы, құжаттары жоқ адамдарды, әкімшілік қамауға алынғандарды ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде ұстауды, күдіктілер мен айыпталушыларды айдауылдауды, қылмыстық (әкімшілік) процесті жүргізетін органдардың оларға қатысты қаулыларын, ұйғарымдарын және өкімдерін орындауды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарында ұстауды ұйымдастырады;
күзет қызметі саласындағы үйлестіруді жүзеге асырады;
режимдік, ерекше күзетілетін объектілерді және мемлекеттік күзетілуге тиіс объектілерді күзетуді қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
халықаралық шарттарға сәйкес күзету мемлекетке жүктелген объектілерді күзетуді қамтамасыз етеді;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ішкі істер органдарының құзыретіне сай лицензиялар мен арнайы рұқсаттарды беруді ұйымдастырады және жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдардың, сондай-ақ шетелдерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтығын өзгерту туралы, Қазақстан Республикасының халқын тіркеу және құжаттандыру туралы ақпарат алмасу мәселелері бойынша Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитетімен өзара іс-қимыл жасасады;
мамандандырылған есептерді жасайды;
заңды және жеке тұлғалардың күзет белгісін беру құралдарын монтаждау, реттеу және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік саясаттың іске асырылуын бақылау жөніндегі функциялар:
әкімшілік полициясының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мен бөлімшелерінің қызметін бақылауды жүзеге асырады;
ішкі істер органдарында қоғамдық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және қылмысқа қарсы күрес саласында мемлекеттік құпияларды қорғау мен құпиялылық режимін сақтауды бақылау жөнінде шаралар қабылдайды;
лицензиаттардың қызметін, оның ішінде олардың қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының аумағындағы күзет қызметін бақылауды қамтамасыз етеді;
ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде режимдік талаптардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;
ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде режимдік талаптардың сақталуын бақылауды ұйымдастырады;
кәмелетке толмағандардың уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарында ұсталуын бақылауды жүзеге асырады;
қамауға алынғандар мен сотталғандарды айдауылдауды бақылауды жүзеге асырады;
шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібінің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;
ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
бөлінген бюджет қаражатының игерілуін және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет қызметі бөлімшелері мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуінен түсетін түсімді бақылауды жүзеге асырады.
11. Өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды жүзеге асыру үшін Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша нормативтік құқықтық кесімдер қабылдауға;
2) әкімшілік полициясы қызметінің мәселелері бойынша нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу, жетілдіру және іске асыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
3) мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан, лауазымды тұлғалар мен азаматтардан ақпарат сұратуға және алуға;
4) кеңестер, семинарлар, конференциялар, оның ішінде халықаралық, ұйымдастыруға және өткізуге;
5) Комитеттің жанынан жұмыс топтарын құруға, сондай-ақ Комитеттің құзыретіне жатқызылған қызмет бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін ғалымдар мен мамандарды, оның ішінде шетелдік, тартуға;
6) Комитеттің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша мемлекеттік органдар өткізетін отырыстар мен кеңестерге қатысуға құқылы.
3. Комитеттің мүлкi
12. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен жасалады және негізгі қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.
13. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
14. Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті өздігінен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
Комитетке заңнамалық кесімдерде белгіленген жағдайда және шекте мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.
4. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
15. Комитетті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
Комитет төрағасының заңнамада белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
Комитет төрағасы орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.
16. Төраға Комитеттің қызметін ұйымдастырады және басқарады әрі Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады, сондай-ақ аумақтық ішкі істер органдарының құрылымдық бөлімшелерін жедел басқаруды жүзеге асырады.
17. Осы мақсаттарда Комитет төрағасы:
1) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда және халықаралық қатынастарда Комитетті білдіреді;
2) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктері мен міндеттерін айқындайды;
3) заңнамаға және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітетін лауазымдар номенклатурасына сәйкес Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, еңбек шарттарын жасасады, өзгертеді және бұзады;
4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
5) белгіленген тәртіппен Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерін көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету мәселелерін шешеді және тәртіптік жазаға тартады;
6) өз құзыреті шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық ішкі істер органдары орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;
7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері арасында тәрбие жұмысын, олардың тәртіпті, заңдылықты және құпиялылық режимін сақтауын ұйымдастырады;
8) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады, шағымдар мен өтініштерді қарайды, олар бойынша шешімдер қабылдайды, тәртіп пен заңдылықты бұзу фактілері бойынша қызметтік тергеулер жүргізеді;
9) Комитеттің қызметкерлерін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының шегінде қызметтік іссапарларға жібереді;
10) Комитеттің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
18. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 21 сәуірдегi
№ 313 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігi
Әкімшілік полициясы комитетінің
Құрылымы
1. Басшылық
2. Алдын алу қызметі басқармасы
3. Патрульдік полиция басқармасы
4. Лицензия-рұқсат беру жұмысы басқармасы
5. Көші-қон полициясы басқармасы
6. Азаматтық және иммиграция басқармасы
7. Мемлекеттік күзет қызметі басқармасы
8. Арнайы полиция басқармасы
9. Арнайы мекемелер басқармасы
10. Әкімшілік басқарма