Мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 сәуірдегі № 555 Қаулысы
Осы редакция 2010 жылғы 5 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі 70-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету ережесі бекітілсін.
2. «Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелердің ақылы қызметтер көрсету ережесін және Мемлекеттік кітапханалардың, мұражайлар мен мұражай-қорықтардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден қаражат түсу және оны пайдалану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі № 262 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 11, 121-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбында «Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелердің ақылы қызметтер көрсету ережесін және» деген сөздер алып тасталсын;
1-тармақтың 1) тармақшасы алып тасталсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 20 сәуірдегі
№ 555 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету ережесі
1. Осы Ереже мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың ақылы қызметтер көрсету тәртібін анықтайды.
2. Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелер (мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар) заңды және жеке тұлғаларға өздерінің негізгі қызметіне қатысы жоқ ақылы қызметтер көрсетеді.
Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелердің (мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың) ақылы негізде тауарлар (жұмыстар мен қызметтер) ұсынуы сатып алынатын тауарлардың (жұмыстар мен қызметтердің) құны және/немесе көлемі көрсетілген растаушы құжаттар (шарттар, түбіртектер, шот-фактуралар, жүкқұжаттар және басқалар) бойынша жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік кітапханалар ақылы қызметтердің мынадай түрлерін көрсетеді:
1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрлерінен көшірмелер дайындау және оларды өңдеу;
2) мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін материалдар дайындау;
3) құжаттарды талдамалы-синтетикалық өңдеуді орындау және қосымша библиография жасау;
4) қолжазбаларды, құнды кітаптарды және құжаттарды қалпына келтіру;
5) көшпелі ақпараттық-көрме іс-шараларын ұйымдастыру;
6) білім беру және аударма қызметтерін көрсету;
7) қолжазбаларға және құнды кітаптарға сараптама жасау;
8) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсыну;
9) құжаттарды электронды жеткізу, тақырыптық ақпарат іздестіру және құрастыру;
10) экскурсиялық қызмет көрсетуді, фото және бейне түсірілімдерді жүргізу;
11) кітапхана шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізу.
4. Мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар ақылы қызметтердің мынадай түрлерін көрсетеді:
1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрлерінен көшірмелер дайындау және оларды өңдеу;
2) байланыс оператормен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсыну;
3) фото және бейне түсірілімдер жүргізу;
4) кәдесый және полиграфия өнімдерін өткізу;
5) мұражайлар мен мұражай-қорықтар шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізу.
5. Осы Ереженің 3 және 4-тармақтарында көрсетілген тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақша мемлекеттік мекемелердің иелігінде қалады.
6. Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелердің (мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың) ақылы негізде ұсынылатын тауарларының (жұмыстарының және қызметтерінің) бағалары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілуі тиіс.
7. Ақылы қызметтер көрсетуден түсетін қаражатқа салық салу тәртібі және салықтар мен алымдар бойынша жеңілдіктер беру Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледі.