Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру жәнепайдалану тұжырымдамасы туралы
(2014.11.04. берілген өзгерістермен)
ҚР Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 385 Жарлығымен күші жойылды
Осы Жарлыққа ҚР Президентінің 2010.30.09. № 1077 ҚБП Жарлығына сәйкес өзгерістер енгізілді
ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегi № 1641 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2005 ж., № 35, 480-құжат; 2007 ж., № 17, 186-құжат; 2009 ж., № 1-2, 1-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегi № 1641 Жарлығына өзгерiс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 мамырдағы № 336 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 17, 186-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегi № 1641 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 19 қаңтардағы № 725 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 1-2, 1-құжат).
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Президент Әкiмшiлiгiмен келісім бойынша екi ай мерзiмде Тұжырымдаманы iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тиiстi шешiмдердi әзiрлеу кезiнде Тұжырымдаманың негiзгi ережелерiн басшылыққа алсын.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Президентi | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2010 жылғы сәуірдің 2-і.
№ 962
ҚР Президентінің 2012.16.03. № 289 Жарлығымен бүкіл мәтін бойынша «І», «II», «III», «IV», «V», «VI», «VII» деген бөлімдердің нөмірленуі тиісінше «1», «2», «3», «4», «5», «6», «7» деген араб цифрларымен белгіленді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 2 сәуірдегі
№ 962 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
ҚР Президентінің 2014.11.04. № 794 Жарлығымен 1-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кiрiспе
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы қаңтардағы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi» атты Қазақстан халқына Жолдауында дағдарыстан кейiнгi дамуға дайындалуға, индустрияландыру арқылы әртараптандыруды жеделдету және адами капиталдың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру есебiнен экономиканың орнықты өсуiн қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарын және Қазақстан Республикасының үдемелi индустриялық-инновациялық дамуының 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру шеңберiнде мемлекеттiң одан әрi даму басымдықтары айқындалған болатын.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Ұлттық қор) қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тәсілдерін айқындау міндеті осы тұрғыдан қойылған, олар әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің пәрменділігін көрсеткен, жүргізіліп жатқан жинақтау саясатының қисынды жалғасы болады.
Жаңа Тұжырымдамада алғашқы Тұжырымдаманы iске асырудан алынған оң нәтижелер сақталған. Негiзгi мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды ұлғайту және Ұлттық қордың қаражатын жинақтауды үкiметтiк қарыз алумен алмастыруды болдырмау болып табылады.
2. Қазiргi жағдайды талдау
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 23 тамыздағы № 402 Жарлығымен бюджет кiрiстерiнiң қомақты бөлiгi табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетiн түсiмдер есебiнен қалыптастырылатын басқа елдерге ұқсас Ұлттық қор құрылған болатын. 2005 жылы Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған алғашқы тұжырымдамасы қабылданып, онда оның активтерiн басқарудың негiзгi қағидаттары мен тәсiлдерi айқындалған болатын.
2006 жылдың ортасынан берi қолданылған Ұлттық қор қаражатын ел экономикасына бағыттау схемасында республикалық бюджетке кепiлдендiрiлген және нысаналы трансферттер, сондай-ақ қаражатты отандық бағалы қағаздарға ұзақ мерзiмдi инвестициялау көзделген. Бұл ретте кепiлдендiрiлген трансферттi айқындау кезіндегі шектеу республикалық бюджет әзiрленетiн жылдың алдындағы жылдың соңындағы Ұлттық қор активтерiнiң үштен бiр бөлiгiнен аспауы болып табылды.
Қабылданған саясаттың нәтижесiнде экономикалық өсу кезеңiнде валютаның шамадан тыс түсуiн зарарсыздандыру, теңгенi айырбастау бағамына және инфляцияға қысымды азайту қамтамасыз етiлдi. Дағдарысқа қарсы белсендi саясат жүргiзу үшiн қаржы резервтерi құрылып, оның шеңберiнде Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары мөлшерiнде қаражат пайдаланылды және жинақтау саясаты сақталды. 2009 жылдың соңына қаражат 4,5 трлн. теңгенi құрады, оның 750,0 млрд. теңгесi iшкi активтерге («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-әуқат қоры» акционерлік қоғамы мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингi» акционерлік қоғамының облигацияларына), 24,4 млрд. АҚШ доллары - шетелдiк активтерге орналастырылды.
Құрылған уақытынан берi, яғни 2001 жылғы маусым - 2009 жылғы 31 желтоқсан аралығында Ұлттық қордың кiрiстiлiгi Қордың базалық валютасында (АҚШ долларымен) 55%-ды құрады, бұл жылдық мәнде 5,2%-ды құрайды.
Осы кезеңде Қордың тұрақтандыру функцияларын жүргiзу үшiн қажеттi көлем қалыптастырылды. Сонымен қатар қалпына келтiрiлмейтiн табиғи ресурстардан алынған қаражатты болашақ ұрпақ үшiн барынша сақтап қалу, республикалық бюджет пен Ұлттық қордың теңгерiмдiлiгi және мұнайлық емес тапшылықты жою туралы мәселе өзектiлiгiн сақтап қалуда.
Осы тұрғыдан Ұлттық қор қаражаты өсуiнiң бәсеңдеуiн ескере отырып, республикалық бюджетке берiлетiн кепiлдендiрiлген трансферт көлемiн тiркеу жолымен оның құбылмалылығын болдырмау қажет болып отыр, бұл ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтауды қамтамасыз етедi.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының негiзгi мақсаты мен қағидаттары
Ұлттық қордың негiзгi мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру және республикалық бюджеттiң әлемдiк шикiзат нарықтарындағы жағдайға тәуелдiлiгiн төмендету арқылы қаржы ресурстарын жинау болып табылады. Осылайша, Ұлттық қордың функциялары жинақтау және тұрақтандыру болып табылады.
Жинақтау функциясын орындау үшiн Ұлттық қорда азайтылмайтын қалдық белгiленедi, сондай-ақ Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшерiне шек қойылмайды. Тұрақтандыру функциясын iске асыру республикалық бюджетке кепiлдендiрiлген трансферттi қамтамасыз етудi көздейдi.
Тұтас алғанда, Ұлттық қор қаражатын бөлудiң ашықтығына қол жеткiзу үшiн олар ел экономикасына республикалық бюджет арқылы ғана жiберiлетiн болады.
Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мынадай қағидаттарға негiзделетiн болады:
транспаренттiлiк - Ұлттық қордың бекітілген (нақтыланған, түзетiлген) көрсеткiштерiн, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру туралы және пайдалану туралы есептердi, Ұлттық қордың қаражатын инвестициялық басқару туралы есептердi мiндеттi түрде жариялау;
толықтық - Ұлттық қор туралы есептiлiкте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық түсiмдер мен шығыстарды көрсету;
уақтылылық - Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке алу және оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі Үкiметтiң шоттарына тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртiптi сақтай отырып мерзiмiнде аудару;
тиiмдiлiк - Ұлттық қорды тәуекел деңгейi орташа болған жағдайда ұзақ мерзiмдi перспективада активтердi сақтау мен кiрiстiлiктi қамтамасыз ету қажеттiлiгiне сүйене отырып басқару.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тәртібі
1. Ұлттық қордың қаражатын жинақтау
Ұлттық қордың қаражатын жинақтау мынадай түсiмдердiң есебiнен жүзеге асырылатын болады:
1) мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн тiкелей салықтар (жергiлiктi бюджеттерге есепке алынатын салықтарды қоспағанда), оларға корпоративтiк табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндiруге салынатын салық, бонустар, экспортқа салынатын рента салығы, үстеме пайдаға салынатын салық, өнiмдi бөлу бойынша үлес және қызметiн өнiмдi бөлу туралы келісімшарт бойынша жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемi жатады;
2) мұнай секторының ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетiн басқа түсiмдер (жергiлiктi бюджеттерге есепке алынатын түсiмдердi қоспағанда), оның iшiнде мұнай келісімшарттарының талаптарын бұзғаны үшiн түсiмдер (жергiлiктi бюджеттерге есепке алынатын түсiмдердi қоспағанда);
3) республикалық меншiктегi және кен өндiру және өңдеушi салаларға жататын мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруден түсетiн түсiмдер;
4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түсетiн түсiмдер;
5) Ұлттық қорды басқарудан түсетiн инвестициялық кiрiстер;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсiмдер мен кiрiстер.
Iшкi нарықтағы ақша ұсынысы шамадан тыс болған жағдайда инфляцияның өсуiне жол бермеу үшiн, сондай-ақ табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетiн кiрiстердiң Қазақстан экономикасының басқа секторларының дамуына керi әсерiн жою мақсатында Ұлттық қорда өзге де түсiмдер шоғырландырылуы мүмкiн. Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшерi шектелмейтiн болады.
ҚР Президентінің 2012.16.03. № 289 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2013.21.06. № 586 Жарлығымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді; ҚР Президентінің 2014.11.04. № 794 Жарлығымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ұлттық қордың қаражатын пайдалану
Қаражатты пайдаланудың жаңа тәсіліне сәйкес 2011 жылдан бастап абсолютті мәні 8 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджетке тіркеу оның жаңалығы болып табылады.
Бұл ретте республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің тіркелген мөлшері экономикадағы жағдайға байланысты 15%-ға дейін азайту немесе ұлғайту жағына түзетілуі мүмкін.
Экономикалық өсу қарқыны орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейге қатысты төмендесе, республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері экономикалық өсуді қолдау мақсатында 9,2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайтылуы мүмкін. Экономикалық өсу орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейден жоғары болса, республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері Ұлттық қордың жинақтау функциясын қамтамасыз ету мақсатында 6,8 млрд. АҚШ долларына дейін азайтылуы мүмкін.
Республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің тіркелген мөлшерінен (8 млрд. АҚШ доллары) ауытқу сомасы туралы шешімді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес қабылдайды.
Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі қаржы жылының басында болжамдалған параметрлермен салыстырғанда асыра орындалған жағдайда, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес ағымдағы қаржы жылына бөлінген республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің сомаларын азайту жағына түзету бойынша шешім қабылдай алады.
Өзін-өзі ақтамайтын, бірақ әлеуметтік маңызы бар ірі жобаларды қаржыландырудың баламалы көздері болмаған жағдайда, оларды іске асыруға Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлу Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша ғана көзделетін болады. Бұл ретте бөлінетін қаражаттың пайдаланылу ашықтығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер республикалық бюджет арқылы өтуі тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мақсаттарға арнап республикалық бюджетке Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді бөлуден басқа, шығыстардың басқа түрлерін қаржыландыруға, оның ішінде мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеше секторлар субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарын сатып алуға, акциялар пакеттерін, қазақстандық компаниялардың қатысу үлестерін сатып алуға, екінші деңгейдегі банктерді қорландыруға, заңды және жеке тұлғаларға кредит беруге, активтерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалануға тыйым салынады.
Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшін тиісті қаржы жылының соңына ЖІӨ-нің болжамды мәнінің 30%-ы мөлшерінде азайтылмайтын қалдық белгіленеді. Бұл ретте республикалық бюджетке кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансфертті жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, азайтылмайтын қалдық лимитін сақтау қажеттілігіне байланысты кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансферттің мөлшері тиісті шамаға азайтылатын болады.
Тұтастай алғанда Ұлттық қордың қаражаты кепілдендірілген трансфертті, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешімімен айқындалған нысаналы трансфертті қамтамасыз етуге және басқару мен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Ұлттық қордың шотында ай сайын (тоқсан сайын) республикалық бюджетке берілетін айлық (тоқсандық) кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуге арналған қаражат қалыптастырылады. Көрсетілген шамадан асып кеткен сома Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы бекіткен Ұлттық қор активтерін айырбастау және қайта айырбастау қағидаларына сәйкес айырбасталуы және рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялануы тиіс.
ҚР Президентінің 2012.16.03. № 289 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2012.14.11. № 430 Жарлығымен (бұр.ред.қара) 5-бөлім өзгертілді; ҚР Президентінің 2014.11.04. № 794 Жарлығымен 5-бөлім жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Ұлттық қордың активтерін басқару
Тұтастай алғанда Ұлттық қордың активтерін басқару саясаты консервативтік болып қала береді. Сонымен қатар Ұлттық қордың қаражатын басқару кезінде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары сақтау, өтімділіктің жеткілікті деңгейін ұстау, тәуекел деңгейі орташа болған кезде ұзақ мерзімді перспективада кірістілікті қамтамасыз ету болып табылады. Ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуын көздейді.
Ұлттық қор активтерінің ұйымдық құрылымы оның мақсаттарына сәйкес айқындалады.
Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқаруды - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, қызметін жалпы үйлестіруді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
Ұлттық қордың активтерін орналастыру, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен материалдық емес активтерді қоспағанда, шетелдік қаржы нарықтарында айналымдағы және рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне енгізілген қаржы құралдарында жүзеге асырылуы тиіс.
Бұл ретте шектеулер Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес сатып алу туралы шешімді 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылдаған, Ұлттық қор активтерінің құрылымында ескерілетін қазақстандық қаржы құралдарына қолданылмайды.
ҚР Президентінің 2014.11.04. № 794 Жарлығымен 6-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, үкiметтiк қарыз алудың және квазимемлекеттік
сектордың өзара қарым-қатынасы
Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтау, сондай-ақ оның активтерiн тиiмдi басқару Қазақстан Республикасының орнықты дамуында маңызды рөл атқарады және мемлекеттік сектордың да, сол сияқты квазимемлекеттік сектордың да қарыз алуды дұрыс жоспарлауын және республиканың экономикалық қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауды талап етедi.
Осылайша, ұлттық холдингтердiң, ұлттық басқарушы холдингтердiң және олардың еншiлес компанияларының қарыз алуы мен мiндеттемелерiнiң барабар деңгейiн айқындау Ұлттық қордың жинақталған активтерi ескерiлетiн сындарлы тәсiлдi талап етедi. Үкiмет осы мақсатта ұлттық басқарушы холдингтер мен олардың еншiлес компанияларының борышын мониторингтеу мен бағалаудың тиiстi көрсеткiштерiн және осы ұйымдар сақтауға мiндеттi қарыз алу жөніндегі шектеулердi айқындайды.
Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі жаңа тәсiл квазимемлекеттік сектордың Ұлттық қордан облигациялық қарыздарды тарту мүмкiндiгiн жояды. Бұдан басқа, Үкiмет бюджет заңнамасында белгiленген шектеулер шеңберiнде Астана және Алматы қалаларының муниципалдық қарыз алуы арқылы жергiлiктi атқарушы органдар борышының өсуiн реттейтiн болады.
Ұлттық қордың қаражатын үкіметтік қарыз алумен алмастыруды болдырмау мақсатында мынадай шектеулер енгізілетін болады:
үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың жыл сайынғы тіркелген шартты инвестициялық кірісінің 4,5%-ынан аспауы тиіс;
Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар республикалық бюджет кірістерінің 15%-ынан аспауы тиіс.
ҚР Президентінің 2014.11.04. № 794 Жарлығымен 7-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Қорытынды
Осы Тұжырымдама шеңберіндегі шараларды iске асыру Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жұмыс iстеуiнiң және оның жинақтарын қалыптастырудың оңтайлы моделiн таңдаудың негiздерiн, инвестициялық стратегияны өзгертудi көздейдi және Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізудi талап етедi.
Осы мақсатта Ұлттық қордың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының тиiстi нормативтiк құқықтық актілеріне тиiстi өзгерістер енгiзiлетiн болады.
Бюджеттiң және Ұлттық қордың теңгерiмдiлiгi жөніндегі саясат осы онжылдықтың соңына ЖIӨ-нiң 3%-ынан артық болмауға тиiс мұнайлық емес тапшылықты азайтуға, сондай-ақ кейiннен тек даму бюджетiн қаржыландыруға көше отырып, Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы шығыстарға жұмсауды қысқартуға бағытталатын болады.
Жоғарыда баяндалған тәсілдерді ескере отырып, 2020 жылға қарай Ұлттық қордың қаражаты кемінде 180 млрд. АҚШ долларын (ЖІӨ-ге қатысты 32%) құрауы тиіс.
Тұтас алғанда, осы Тұжырымдамада көзделген шараларды iске асыру республикалық бюджеттiң тұрақтылығын одан әрi қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және мұнай кiрiстерiн ұрпақтар арасында қайта бөлуге ықпал ететiн болады.