Ауыл шаруашылығы санағын өткізудің ережесі мен мерзімдерін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 қарашадағы № 1081 Қаулысы
(2008.25.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2010 жылғы 18 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының 5-бабының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Ауыл шаруашылығы санағын өткізудің ережесі мен мерзімдері бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 15 қарашадағы
№ 1081 қаулысымен
бекітілген
Ауыл шаруашылығы санағын өткізудің ережесі мен мерзімдері
1. Жалпы ережелер
Осы Ереже Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі және «Мемлекеттік статистика туралы» 1997 жылғы 7 мамырдағы заңдарына, басқа да нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес әзірленді және ауыл шаруашылығы санағын өткізудің тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.
1. Ауыл шаруашылығы санағының мақсаты ауыл шаруашылығының белгілі бір күнгі құрылымы мен жай-күйі туралы ақпарат жинау болып табылады.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ауыл шаруашылығы санағы - ауыл шаруашылығының белгілі бір күнгі құрылымы мен жай-күйі туралы ақпарат жинау жөніндегі статистикалық операция;
2) ауыл шаруашылығы санағының субъектілері - ауыл шаруашылығы санағының объектілеріне иелік ететін жеке және заңды тұлғалар;
3) ауыл шаруашылығы санағының объектілері - жер (саяжай) учаскелері, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптары, жеміс-жидек екпелері, жүзімдіктер, ауыл шаруашылығы жануарлары, ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік, ауыл шаруашылығының өндірістік үй-жайлары мен жабдығы және ауыл шаруашылығы қызметін көрсетуге байланысты өзге де мамандандырылған үй-жайлар;
4) сұхбат жүргізуші - санақ парақтарындағы сұрақтар бойынша ауыл шаруашылығы санағының субъектілеріне сұрау салуды жүзеге асыратын адам;
5) нұсқаушы-бақылаушы - ауыл шаруашылығы санағы объектілерінің толық қамтылуына, санақ парақтарындағы деректердің дұрыстығына бақылауды, сондай-ақ сұхбат жүргізушінің жұмысына нұсқау беру мен бақылауды жүзеге асыратын адам;
6) санақ парағы - ауыл шаруашылығы санағының субъектілері туралы мәліметтері бар белгіленген үлгідегі құжат;
7) уәкілетті орган - мемлекеттік статистикаға басшылықты жүзеге асыратын, өкілеттігі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын орталық атқарушы орган.
2. Ауыл шаруашылығы санағын ұйымдастыру және жүргізу тәртібi
3. Ауыл шаруашылығы санағы санақ парақтарын толтыру жолымен:
1) сұхбат жүргізушілердің жеке тұлғаларға сұрау салу жүргізу әдісімен;
2) заңды тұлғалардың өздері толтыруы әдісімен жүзеге асырылады.
4. Санақ парақтары уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде толтырылады.
5. Ауыл шаруашылығы санағы кемінде он жылда бір рет өткізіледі және бірнеше кезеңмен жүргізілуі мүмкін.
Ауыл шаруашылығы санағы дайындық, негізгі және қорытынды кезеңдерді қамтиды.
6. Дайындық кезеңі 2 (екі) жыл ішінде жүзеге асырылуы мүмкін. Дайындық кезеңінде мынадай іс-шаралар іске асырылады:
1) уәкілетті органның ауыл шаруашылығы санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуі;
ҚР Үкіметінің 2008.25.03. № 283 Қаулысымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) ауыл шаруашылығы санағын өткізу кезінде атқарушы билік органдарының келісілген іс-қимылдарын үйлестіруді және қамтамасыз етуді, мәселелерді жедел шешуді жүзеге асыру үшін республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде ауыл шаруашылығы санағына жәрдемдесу комиссияларын құру. Комиссиялардың құрамына әрбір деңгейге сәйкес орталық атқарушы органның жауапты хатшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға), ал мұндай болмаған жағдайда - мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, облыстардың, аудандар мен қалалар әкімдіктерінің басшылары кіреді;
3) уәкілетті органның ауыл шаруашылығы санағын өткізу жөнінде санақ парақтарын, әдіснамалық, нұсқаулық құралдарды әзірлеуі және бекітуі;
4) облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы санағы субъектілерінің тізімін қалыптастыруы, нақтылауы және уәкілетті органға ұсынуы;
5) уәкілетті органның ауыл шаруашылығы санағының деректерін енгізу және өңдеу үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді, ауыл шаруашылығы санағын өткізу үшін оқыту бағдарламалары мен құралдарды әзірлеуді ұйымдастыруы, сондай-ақ санақ кадрлары үшін оқыту семинарларын өткізуді ұйымдастыруы;
6) уәкілетті органның, ауыл шаруашылығы санағына жәрдемдесу комиссияларының және санақ кадрларының ауыл шаруашылығы санағының субъектілері мен халық арасында ауыл шаруашылығы санағын өткізудің мақсаттары мен тәртібі туралы бұқаралық-түсіндіру жұмысын жүргізуі;
7) уәкілетті органның санақ кадрларын іріктеуі және олармен ауыл шаруашылығы санағына қатысуға шарттар жасасуы;
8) уәкілетті органның санақ кадрлары қатарынан аудан деңгейінде санақ бөлімдерін, ауылдық округ деңгейінде нұсқаушылық және есептеу учаскелерін құруы.
7. Негізгі кезең 7 (жеті) ай ішінде жүзеге асырылуы мүмкін. Негізгі кезеңде мынадай іс-шаралар іске асырылады:
1) сұхбат жүргізушілердің алынған мәліметтерді санақ парақтарына түсіре отырып, ауыл шаруашылығы субъектілеріне сұрау салуы. Әрбір сұхбат жүргізуші сұрау салуға жататын субъектілердің тізбесін нұсқаушы-бақылаушылар анықтайды;
2) санақ бөлімінің сұрау салу аяқталғаннан кейін санақ парақтары деректерінің дұрыстығын және ауыл шаруашылығы санағының субъектілерін қамтудың толықтығын анықтау үшін ауыл шаруашылығы санағы субъектілерінің кемінде 10%-ын қамти отырып, іріктемелі бақылап аралауды ұйымдастыруы;
3) санақ бөлімінің санақ парақтарын уәкілетті органға беруін ұйымдастыруы;
4) уәкілетті органның санақ парақтары деректерінің түсуіне қарай оларды енгізуді ұйымдастыруы.
8. Қорытынды кезең 2 (екі) жыл ішінде жүзеге асырылуы мүмкін. Қорытынды кезеңде мынадай іс-шаралар іске асырылады:
1) уәкілетті органның ауыл шаруашылығы санағының қорытындыларын шығаруы;
2) уәкілетті органның ауыл шаруашылығы санағының қорытындыларын жиынтық және қорытылған деректер түрінде жариялауды ұйымдастыруы.
3. Қорытынды ережелер
9. Ауыл шаруашылығы санағының қорытындылары әркімге қолжетімді болып табылады және ресми жариялануға тиіс.
10. Санақ құжаттамасының дербес мәліметтері құпия болып табылады, жария етуге жатпайды және статистикалық мақсаттар үшін ғана пайдаланылады.