Қазақстан Республикасының
Заңы
Өзара сақтандыру туралы
(2007.07.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2009 жылғы 30 желтоқсандагы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң өзара сақтандыруды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді және өзара сақтандыру қоғамдары қызметінің құқықтық негіздерін белгілейді.
1-тарау.
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қосымша жарна - өзара сақтандыру қоғамы мүшесінің өзара сақтандыру қоғамының өзара сақтандыру ережелерінде көзделген тәртіппен және жағдайларда қосымша енгізетін сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігі;
2) өзара сақтандыру - сақтандыру нысандарының бірі, онда әрбір сақтандырушы өзара сақтандыру қоғамының мүшесі болып табылады;
3) өзара сақтандыру қоғамы (бұдан әрі - қоғам) - өз мүшелерінің мүліктік мүдделерін өзара сақтандыруды жүзеге асыру мақсатында тұтыну кооперативі ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға;
4) уәкілетті орган - қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру
туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді әрі осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3. «Сақтандыру қызметі туралы» және «Тұтыну кооперативі туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қоғамдар қызметіне осы Заңмен реттелмеген бөлігінде қолданылады.
3-бап. Өзара сақтандыру принциптерi
Өзара сақтандыру принциптері мыналар:
1) қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерінің теңдігі;
2) қоғам мүшелерін өзара қорғау және олардың өзара жауапкершілігі.
4-бап. Өзара сақтандыру объектілерi
1. Өз қызметтеріне байланысты белгілі бір тәуекелдермен біріккен қоғам мүшелерінің заңды мүліктік мүдделері өзара сақтандыру объектісі болуы мүмкін.
2. Өзара сақтандыру Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес «өмірді сақтандыру» саласы және «жалпы сақтандыру» саласы бойынша жүзеге асырылады.
3. Өзара сақтандырудағы сақтандыру салалары мен сыныптарын біріктіру Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қызметі лицензиялануға жатпайтын қоғам Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленетін сақтандыру сыныптарын біріктіру жөніндегі шектеулер ескерілген, қоғамның жарғысында көзделген сақтандырудың екі және одан да көп сыныптарының белгілері мен мазмұнын ұштастыратын сақтандыру түрін әзірлеуге құқылы.
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Қоғамдардың сақтандырудың міндетті түрлері жөніндегі қызметі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
5-бап. Уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің қызметі лицензиялануға жатпайтын
қоғамға қатысты құзыретi
1. Уәкілетті орган:
1) қоғам жарғысын және оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды алдын ала келіседі;
2) қоғамдардың тізілімін жүргізеді;
3) қаржылық және статистикалық есептілікті қоспағанда, қоғамдардың есеп беру тізбесін, нысанын, оны ұсыну мерзімі мен тәртібін белгілейді;
4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жазалау шараларын қолданады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органмен келісім бойынша:
1) қоғамдардың қаржылық есептілік тізбесін, нысанын және оны уәкілетті органға табыс ету мерзімін;
2) қоғамдардың статистикалық есептілік тізбесін, нысанын және оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне табыс ету мерзімін белгілейді.
2-тарау.
ҚОҒАМДЫ ҚҰРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ТОҚТАТУ,
МҮШЕЛЕРІНДЕ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРI
6-бап. Қоғамның атауы
1. Қоғамның атауында «өзара сақтандыру қоғамы» деген сөздер болуға тиіс.
2. Қоғамның атауында кез келген тілде толық не қысқартылған түрде «ұлттық», «мемлекеттік», «орталық», «бюджеттік», «республикалық» деген сөздер болмауға тиіс.
7-бап. Қызметі лицензиялануға жатпайтын қоғамды
мемлекеттік тіркеу
1. Қоғамды мемлекеттік тіркеу жарғыны уәкілетті органмен алдын ала келіскеннен кейін жүзеге асырылады.
Қоғамның жарғысын алдын ала келісу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттар табыс етіледі:
1) қоғамның жарғысын алдын ала келісуге өтініш;
2) қоғам жарғысының нотариат куәландырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген үш данасы;
3) қоғамды құру туралы шешімнің қабылданғанын куәландыратын құжаттар.
2. Қоғамның жарғысын алдын ала келісуге берген өтінішті уәкілетті орган өтініш беруші осы баптың 1-тармағында көзделген құжаттарды табыс еткен күннен бастап бір ай ішінде қарауға тиіс.
3. Қоғамның жарғысын алдын ала келісуден мынадай негіздер бойынша бас тартылуы мүмкін:
1) ұсынылған құжаттардың осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі;
2) жарғы ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі.
4. Қоғам мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органды мемлекеттік тіркеуден өткені туралы хабардар етуге міндетті.
8-бап. Қоғамның құрылтай құжаттары
1. Қоғамның құрылтай шарты мен жарғысы оның құрылтай құжаттары болып табылады.
2. Қоғамның құрылтай шартында Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген ережелерден басқа:
1) құрылтайшылардың сақтандыру шартына қол қою және сақтандыру сыйлықақыларын енгізу жөніндегі міндеті;
2) құрылтайшылардың қоғамды құруға және оның қызметін ұйымдастыруға байланысты әкімшілік шығыстарға енгізетін ақшалай жарналарының мөлшері қамтылуға тиіс.
3. Қоғамның жарғысында, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген мәліметтерден басқа:
1) өзара сақтандыруға жататын мүліктік мүдделердің ортақтығын, қоғам мүшелерінің қай кәсіп иесі екенін, қызметтер аясы мен мүдделерінің ортақтығын көрсетуді қоса, қоғам мүшелерін біріктіру негіздемесі;
2) қоғам мүшелерінің жауапкершілігі, оның ішінде сақтандыру міндеттемелері бойынша, сондай-ақ қосымша жарналар енгізу жөніндегі субсидиарлық жауапкершілігі;
3) сақтандыру сыныптары;
4) сақтандыру сыйлықақылары мен өзге жарналарды төлеу тәртібі;
5) қоғам құратын сақтандыру және өзге де резервтерді қалыптастыру мен пайдалану тәртібі;
6) өз қаражатын инвестициялау тәртібі;
7) қоғам мүшелеріне қоғам қызметі туралы ақпарат беру тәртібі;
8) қоғам мүшелігіне кіру тәртібі, сондай-ақ қоғамға мүшелікті тоқтату негіздемелері және тәртібі қамтылуға тиіс.
Қоғам жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да ережелер болуы мүмкін.
4. Қоғамның жарғысына жеке тұлғалар үшін - тегі, аты және қалауы бойынша әкесінің аты, сондай-ақ тұратын жері мен жеке басын куәландыратын құжат деректері, заңды тұлғалар үшін - толық атауы, орналасқан жері мен мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы деректер көрсетілген қоғам мүшелерінің тізімі қоса беріледі.
Қоғам өз мүшелерінің тізімін жүргізу мен сақтауды қамтамасыз етеді.
5. Қоғам жарғысы қоғам мүшелігіне кандидаттарға танысу үшін берілуге тиіс.
6. Қоғамның жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар осы Заңның 7-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен алдын ала келісілуге жатады.
9-бап. Қоғам мүшелерi
1. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қоғамның мүшелері болып табылады.
Қоғам мүшелерінің саны екеуден кем болмауға тиіс.
2. Қоғамға мүше болу жасалған сақтандыру шартына сәйкес алғашқы сақтандыру сыйлықақысын төлеген соң туындайды.
10-бап. Қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерi
1. Қоғам мүшелері:
1) қоғам көрсететін сақтандыру қызметінің барлық түрлерін пайдалануға;
2) қоғамды басқаруға қатысуға және оның органдарына сайлануға;
3) өзара сақтандыру ережелерінде және қоғам қызметін реттейтін өзге де құжаттарда белгіленген шарттарда өздерінің мүліктік мүдделерін сақтандыруға;
4) қоғамның органдарынан өздерінің қызметі, қоғам қызметі туралы кез келген ақпаратты алуға, оның ішінде қоғам жарғысында белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есеп, есептілік деректерімен және басқа да құжаттамамен танысуға;
5) қоғам жарғысында көзделген тәртіппен және жағдайларда қоғамдағы мүшелігін тоқтатуға;
6) тиісті жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегінде қоғамнан қарыз алуға;
7) сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге қарыздар алуға;
8) қоғамның атқарушы органының қарауына сақтандыру жағдайының басталу тәуекелінің алдын алу үшін ақша беру туралы өтініш беруге;
9) қоғамның жарғысында көзделген тәртіппен қоғам мақсаттары үшін өзге де жарналар енгізуге;
10) қоғамның атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) қатысты қоғам мүшелерінің жалпы жиналысына шағымдар жасауға;
11) қоғам мүшелерінің мүдделерін қозғайтын қоғам органдарының шешімдеріне сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.
2. Қоғам мүшелері:
1) қоғам жарғысын сақтауға;
2) қоғам органдарының өз құзыреті шегінде қабылдаған шешімдерін орындауға;
3) сақтандыру сыйлықақыларының төлемдерін уақтылы төлеуге;
4) осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес қоғам мүшелерінің жалпы жиналысы белгілеген мөлшерде қосымша жарналар төлеуге міндетті.
3. Қоғамның жарғысында қоғам мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де құқықтары мен міндеттері белгіленуі мүмкін.
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы Заңның 22-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғам мүшесін сақтандыру сыйлықақыларын және қосымша жарналарды төлеу міндетінен босатуға, оның ішінде қоғамға қойылатын талаптарды есепке алу жолымен босатуға жол берілмейді.
11-бап. Қоғамға мүшелікті тоқтату
1. Қоғамға мүшелік:
1) қатысушылар құрамынан өз еркімен шыққан;
2) қоғам жарғысында көзделген негізде және тәртіппен қоғам мүшелігінен шығарылған, оның ішінде сақтандыру сыйлықақысын төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған;
3) қоғам мүшесі - заңды тұлға таратылған;
4) қоғам мүшесі қайтыс болған, өлді деп жарияланған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарсыз кетті деп танылған;
5) қоғам таратылған жағдайларда тоқтатылады.
2. Егер қоғам мүшесі қоғам мақсаты үшін бұрын өзге жарналар енгізген жағдайда, ол қоғамға мүшелігі тоқтатылған кезде қоғам алдындағы берешегін шегере отырып, оларды қоғамның жарғысында көзделген мерзімде кері қайтарып алуға құқылы.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғам мүшесі төлеген сақтандыру сыйлықақылары мен қосымша жарналар қайтарылуға жатпайды.
3. Қоғамға қатысушылардың оның құрамынан ерікті түрде шығу туралы өтінішін қарауды және өтініш берушіге осы баптың 2-тармағында көрсетілген жарналарды қайтаруды қоғам өтініш берілген күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде жүзеге асырады.
4. Қоғам мүшесі қайтыс болған жағдайда оның мұрагері қоғамның жарғысында көзделген тәртіппен қоғамға кіруге құқылы.
Мұрагер қоғамға кіруден бас тартқан жағдайда, қоғам мұра қалдырушының бұрын енгізген осы баптың 2-тармағында көзделген өзге де жарналарын төлейді.
5. Құрылтай шартында белгіленген мерзімде сақтандыру сыйлықақыларын енгізбеген және сақтандыру шартына қол қоймаған құрылтайшы құрылтайшылар құрамынан шығарылады.
12-бап. Қоғамды қайта ұйымдастыру немесе тарату
Қызметі лицензиялануға жатпайтын қоғамды қайта ұйымдастыру немесе тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қызметі лицензиялануға жататын қоғам Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қайта ұйымдастырылады немесе таратылады.
3-тарау.
ҚОҒАМНЫҢ ҚЫЗМЕТI
13-бап. Өзара сақтандыру қызметін лицензиялау
1. Өзара сақтандыру қызметі осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, лицензиялануға жатпайды.
2. Қоғам:
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды қоспағанда, міндетті сақтандыру туралы заңдарда көзделген тәртіппен және жағдайларда сақтандырудың міндетті түрлері жөніндегі;
2) қоғам мүшелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі;
3) егер бір жылғы сақтандыру сыйлықақысының жиынтық мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жүз елу мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асып кетсе, қоғам өз мүшелерін сақтандыру жөніндегі қызметтерді жүзеге асырған жағдайда лицензия талап етіледі.
3. Қызметті жүзеге асыруға лицензия алған қоғам осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес болмай қалған немесе жоғарыда аталған тармақта көзделген қызметті жүзеге асырудан ерікті түрде бас тартқан жағдайда, ол уәкілетті органға лицензияны қайтаруға міндетті және қызметті осы Заңға сәйкес лицензиясыз жүзеге асыруға құқылы.
14-бап. Қызметі лицензиялануға жатпайтын қоғамның
өзара сақтандыруды жүзеге асыру тәртібi
1. Қоғамның өзара сақтандыруды лицензиясыз жүзеге асыру қызметі осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
2. Қоғам өз мүшелерінің мүліктік мүдделерін өзара сақтандыруды сақтандыру шартын жасасу арқылы жүзеге асырады.
3. Өзара сақтандыру жүзеге асырылатын жалпы шарттар қоғам мүшелерінің жалпы жиналысында бекітілген өзара сақтандыру ережелерінде айқындалады.
Өзара сақтандыру ережелерін өзгерту қоғам мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша жүргізіледі, бірақ ол жылына бір реттен жиі болмауға тиіс.
15-бап. Қоғамның қызметi
1. Өзара сақтандыру қоғам жүзеге асыратын қызметтің негізгі түрі болып табылады.
2. Қоғам өзара сақтандырудан басқа мынадай қызмет түрлерін:
1) инвестициялық қызметті:
уәкілетті орган беретін лицензия негізінде қызметін жүзеге асыратын қоғамдар үшін Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен;
қызметін уәкілетті орган лицензиялауға жатпайтын қоғамдар үшін қоғамның жарғысында көзделген тәртіппен;
2) тиісті жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегінде өз мүшелеріне қарыздар беруді;
3) өз мүшелеріне сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге қарыздар беруді;
4) қоғамдар қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету өнімін сатуды;
5) сақтандыру және сақтандыру қызметі жөніндегі арнайы әдебиетті ақпарат жеткізгіштің кез келген түрінде сатуды;
6) қоғамның мұқтаждары үшін бұрын сатып алынған мүлікті сатуды немесе жалға беруді;
7) сақтандыру қызметіне байланысты мәселелер бойынша консультация беру қызметін көрсетуді;
8) өзара сақтандыру саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оқытуды ұйымдастырып, өткізуді жүзеге асыруға құқылы.
3. Қоғамға осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген мәмілелерді жүзеге асыруға және операциялар жүргізуге тыйым салынады.
4. Қоғамдар өзара сақтандыру бойынша қауымдастықтарға (одақтарға) біріккен, сондай-ақ олар бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негізінде консорциум құрған жағдайларды қоспағанда, қоғамның басқа заңды тұлғаларға қатысуына жол берілмейді.
5. Қоғам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер құруға құқылы.
16-бап. Қайта сақтандыру қызметi
1. Қоғам өзі қабылдаған сақтандыру тәуекелдерінің бәрін немесе бір бөлігін уәкілетті органның тиісті лицензиясы бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына немесе онда тізбесін Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің белгілі бір рейтингі болса, Қазақстан Республикасының резиденті емес қайта сақтандыру ұйымына қайта сақтандыруға беруге құқылы.
2. Қоғамның өзі қабылдаған сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға беруі осы баптың 1-тармағында көрсетілген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына дербес немесе сақтандыру брокері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Қоғам делдалдық қызметті немесе қайта сақтандыру тәуекелдерін қабылдау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
4-тарау.
ҚОҒАМНЫҢ ОРГАНДАРЫ
17-бап. Қоғамның органдары
1. Қоғамның органдары мыналар:
1) жоғары орган - қоғам мүшелерінің жалпы жиналысы;
2) атқарушы орган - алқалы орган (басқарма) немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адам (төраға);
3) бақылау органы - ішкі аудит қызметі.
2. Қоғамның жарғысында қоғамның өзге де органдарды құруы көзделуі мүмкін.
18-бап. Қоғам мүшелерінің жалпы жиналысы
1. Қоғам мүшелері жалпы жиналысының айрықша құзыретіне:
1) қоғамның өз мүшелерімен жасаған сақтандыру шарттарының талаптарын айқындау;
2) қоғамның бюджетін бекіту;
3) қоғам аудитін жүргізу туралы шешім қабылдау және аудиторлық ұйымды таңдау;
4) қоғам мен оның мүшелері арасындағы дауларды қарау тәртібін айқындау;
5) өзара сақтандыру ережелерін бекіту;
6) сақтандыру тарифтерін есептеу тәртібін айқындау;
7) қоғамның қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті, қоғамның сақтандыру және өзге де резервтерін қалыптастыру мен толықтыру, оларды пайдалану тәртібін айқындау;
8) қоғамның инвестициялық саясатын бекіту;
9) сақтандыру тәуекелдерін оларды қайта сақтандыру үшін беру саясатын бекіту және сақтандырудың әрбір түрі бойынша өзінің ұстап қалу лимиттерін белгілеу;
10) тиісті жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегінде қоғам мүшелеріне қарыздар беру туралы шешім қабылдау;
11) қоғам мүшелеріне сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге қарыздар беру туралы шешім қабылдау;
12) қоғамның атқарушы органы ұсынған қорытынды негізінде сақтандыру жағдайының басталу тәуекелдерінің алдын алуға арналған іс-шараларды өткізуге ақша бөлу туралы шешім қабылдау;
13) ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мөлшерін және шарттарын айқындау;
14) қоғамға жаңа мүшелердің кіруі туралы шешім қабылдау;
15) Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актілерінде, сондай-ақ қоғамның жарғысында көзделген өзге де мәселелер жатады.
2. Қоғам мүшелерінің жалпы жиналысы қоғам қызметіне байланысты кез келген мәселені қарауына қабылдауға құқылы.
3. Жалпы жиналысты (оның ішінде кезектен тыс жиналысты) шақыру, өткізу, шешім қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасының тұтыну кооперативі туралы заңнамасында айқындалады.
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Жалпы жиналыстың шешімі қабылданған кезде қоғамның әрбір мүшесі қоғам мүлкіндегі өз үлесінің шамасына қарамастан, бір дауысқа ие болады.
19-бап. Атқарушы орган
1. Қоғамның атқарушы органының құзыретіне:
1) қоғам қызметінің басым бағыттары бойынша ұсыныстар қалыптастыру;
2) қоғамның инвестициялық саясатын әзірлеу;
3) сақтандыру тәуекелдерін оларды қайта сақтандыру үшін беру саясатын және сақтандырудың әрбір түрі бойынша өзінің ұстап қалу лимиттерін әзірлеу;
4) жылдық қаржылық есепті және қоғамның келесі жылға арналған бюджетінің жобасын әзірлеу;
5) бекітілуі қоғам мүшелері жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған есептерді қоспағанда, қоғам есептерін бекіту;
6) Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актілерінде, сондай-ақ қоғамның жарғысында айқындалған өзге де мәселелер жатады.
2. Қоғамның төрағасы қоғам мүшелерінің жалпы жиналысында қызметке сайланады және қызметтен босатылады.
Қоғамның төрағасы қоғамның мүшесі болмауы да мүмкін.
3. Қоғамның басшысын қоса алғанда, оның атқарушы органы (басқармасы) өзінің жарғысында көзделген санда және мерзімге қоғам мүшелерінің жалпы жиналысында сайланады.
Қоғам мүшелері жалпы жиналысының шешімі бойынша қоғам басқармасының кез келген мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
4. Қоғамның атқарушы органының басшысы осы органның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және оның отырыстарын басқарады.
5. Егер қоғам басқармасының отырысына оның мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, ол шешім қабылдауға құқылы. Шешімдер жай көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда басқарма төрағасының даусы шешуші болып табылады.
6. Қоғамның атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдауының тәртібі қоғамның жарғысында және қоғам мүшелерінің жалпы жиналысында қабылданған өзге де құжаттарда айқындалады.
20-бап. Қоғамның ішкі аудит қызметi
1. Қоғамның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін ішкі аудит қызметі құрылады, егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмеген болса, ол қоғам мүшелерінен тұрады.
2. Қоғамның ішкі аудит қызметінің жұмыс істеу тәртібі қоғамның жарғысында және ішкі құжаттарда айқындалады.
3. Қоғамның атқарушы органының мүшесі ішкі аудит қызметінің мүшесі бола алмайды.
4. Ішкі аудит қызметі қоғамның қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізеді, қоғам мүшелерінің жалпы жиналысына қоғамның жылдық қаржылық есебі мен бухгалтерлік балансы бойынша қорытынды береді. Қоғам мүшелерінің жалпы жиналысы қоғамның ішкі аудит қызметінің қорытындысы болмаған кезде қоғамның жылдық қаржылық есебі мен бухгалтерлік балансын бекітуге құқылы емес.
5. Ішкі аудит қызметінің мүшелерін, оның ішінде оның төрағасын қоғам мүшелерінің жалпы жиналысы қоғам жарғысында белгіленген мерзімге сайлайды. Ішкі аудит қызметінің мүшелері өз өкілеттіктерін басқа тұлғаларға беруге құқылы емес.
Қоғам мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша ішкі аудит қызметінің кез келген мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
6. Ішкі аудит қызметі мүшелерінің қоғам қызметі туралы кез келген ақпаратты алуға құқығы бар.
Ішкі аудит қызметінің мүшелері қоғам басқармасының отырыстарына қатысады.
7. Ішкі аудит қызметі қоғам мүшелерінің жалпы жиналысын:
1) егер атқарушы органның қызметі қоғамның мақсаттарына қол жеткізуді және міндеттерін орындауды қамтамасыз ете алмаған жағдайда;