5-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ БІРЛЕСТІКТЕРІН
ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРГЕ
САРАПТАМА ЖАСАУҒА ҚАТЫСУЫ
24-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерi
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасау үшін аккредиттелуге үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері:
республикалық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестіктер;
қалалық, аудандық деңгейлерде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалалық, аудандық бiрлестiктерiн, шағын кәсiпкерлiк жөніндегі қалалық, аудандық бiрлестiктер түрiнде кәсiпкерлер бiрлестiктерiн құрады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін қаржыландыру жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті мүшелік жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қамтамасыз етіледі.
25-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін
аккредиттеу
1. Жеке кәсіпкерлердің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасауға қатысуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда аккредиттелуге жатады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Аккредиттелуге:
республикалық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы - (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық, облыстық бiрлестiктерiнің филиалдары, шағын кәсiпкерлiк жөніндегі республикалық, облыстық бiрлестiктер филиалдары;
қалалық, аудандық деңгейлерде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бiрлестiктерiнің филиалдары, шағын кәсiпкерлiк жөніндегі республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бiрлестiктерінің филиалдары жатады.
3. Егер аккредиттелуге бір өңірді, бір саланы білдіретін екі және одан да көп бірлестік үміткер болған жағдайда, онда осы бірлестіктің мүшесі болып табылатын ұйымдардағы (жеке кәсіпкерлік субъектілеріндегі) жұмыскерлердің жиынтығында неғұрлым көп санына ие болып отырған бірлестік аккредиттелуге жатады.
4. Егер аккредиттелуге бір әкімшілік-аумақтық бірлік, бір қызмет саласын білдіретін екі және одан да көп коммерциялық емес ұйым үміткер болған жағдайда, онда азаматтардың неғұрлым көп санын біріктірген коммерциялық емес ұйым аккредиттелуге жатады.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеуді жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
26-бап. Сарапшылық кеңестер
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестерге жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
Сараптамалық кеңестің отырысы бір тоқсанда кемінде бір рет жүргізіледі.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мен коммерциялық емес ұйымдар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестің құрамына ұжымдық мүше ретінде кіреді және өкілеттігі сенімхатпен расталатын өз өкілі арқылы әрекет етеді.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің құрамы мемлекеттік органдар басшыларының шешімдерімен бекітіледі.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін мемлекеттік орган, мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, оны сарапшылық кеңестің қарауына енгізеді.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Сараптамалық кеңестің нормативтік құқықтық актілердің жобасын қарауы осы Заңның 5-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбестен жүзеге асырылуы мүмкін.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3-2-тармақпен толықтырылды
3-2. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.
4. Сарапшылық кеңестер туралы үлгі ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Сарапшылық кеңестердің жұмысын талдау мен оның мониторингін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның жанынан құрылатын үйлестіру кеңесі жүзеге асырады.
Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның басшысы үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады.
Үйлестіру кеңесінің құрамын уәкілетті органның басшысы қалыптастырады.
6-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІН ТІРКЕУ ЖӘНЕ ТАРАТУ
27-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік
тіркеу
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін - заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды мемлекеттік тіркеу келіп тіркелуі сипатында болады және дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу кезінде мәлімделген орналасқан жері бойынша аумақтық салық органында (бұдан әрі - тіркеу органы) дара кәсіпкер ретінде есепке қою болып табылады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мына шарттардың біреуіне сай келетін:
1) тұрақты негізде жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын;
2) жеке кәсіпкерліктен Қазақстан Республикасының заңдарында жеке тұлғалар үшін белгіленген салық салынбайтын жылдық жиынтық табыстың мөлшерінен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық жиынтық табысы бар дара кәсіпкерлер міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.
Осы баптың 2-1-тармағында көрсетілген тұлғаларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік тіркеусіз аталған дара кәсіпкерлердің қызметіне тыйым салынады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мынадай табыстарды:
1) төлем көзінен салық салынатын;
2) мүлік табыстарын;
3) өзге де табыстарды алу кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік мерзімсіз беріледі.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу үшін:
1) тіркеу органы белгілеген нысан бойынша өтінішін;
2) дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркегені үшін алым сомасын бюджетке төлегенін растайтын құжатын;
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3) түпнұсқасы ұсыныла отырып, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) 3,5 х 4,5 сантиметр көлемдегі фотосуретін;
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) дара кәсіпкердің орналасқан жерін растау құжатын тіркеу органына ұсынады.
Азаматтарды тіркеу кітабы немесе жылжымайтын мүлікке жекеменшік немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжат дара кәсіпкердің орналасқан жерін растайтын құжат болып табылады.
Егер өтініш беруші кәмелет жасына толмаса, жоғарыда аталған құжаттарға ата-анасының, асырап алушының немесе қамқоршының келісімі, ал мұндай келісу болмаса, кәмелет жасына толмағанды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы сот шешімі қоса беріледі.
Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
Осы баптың 4-тармағында аталған құжаттар болған кезде тіркеу органы, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, құжаттарды ұсынған күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеуден өткізеді.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін алым төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беруге өтініште көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер өзгерістер туралы осы орган белгілеген нысан бойынша тіркеу органына он жұмыс күнінің ішінде хабарлауға міндетті. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер қайта тіркеуді жүзеге асыруға және жаңа куәлік алуға міндетті.
7. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті жоғалтқан жағдайда, оның өтініші бойынша оған мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасы беріледі.
Мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшін дара кәсіпкерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен алым алынады.
8. Бірлескен дара кәсіпкерлікті тіркеу кезінде өтінішті үшінші тұлғалармен және мемлекеттік органдармен қатынастарда мүдделерін білдіретін уәкілетті тұлға береді.
Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік уәкілетті тұлғаға жазылады. Куәлікке тіркеу органының басшысы куәландырған бірлескен дара кәсіпкер мүшелерінің тізімі қоса беріледі.
9. 2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен алып тасталсын (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
28-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің банкроттығы,
оларды қайта ұйымдастыру және тарату
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісі борышқордың сотқа өтініші немесе кредитордың, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өзге адамдардың сотқа өтініші негізінде сот шешімімен банкрот деп жарияланады.
Дара кәсіпкердің банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың кезектілігі бөлігіндегі ерекшеліктермен заңды тұлғалар үшін белгіленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлға болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектісін қайта ұйымдастыру немесе тарату жеке кәсіпкерліктің нақты ұйымдық-құқықтық нысаны үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Дара кәсіпкердің қызметі ерікті немесе мәжбүрлеу тәртібімен, сондай-ақ осы Заңда көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
Дара кәсіпкердің қызметі өзіндік кәсіпкерлік кезінде - дара кәсіпкер өз бетімен, бірлескен кәсіпкерлік кезінде - барлық қатысушылар бірлесіп қабылдаған шешім негізінде кез келген уақытта ерікті түрде тоқтатылады.
Дара кәсіпкер қызметін ерікті түрде тоқтату үшін тіркейтін органға кәсіпкерлік қызметін тоқтату туралы өтініш береді.
Бірлескен кәсіпкерлікті тоқтату туралы шешім, егер ол үшін оған қатысушылардың жартысы дауыс берсе, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қабылданды деп саналады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жеке кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) ол банкрот деп танылған;
2) тіркеу кезінде жіберілген жойылмайтын сипаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарға байланысты дара кәсіпкерді тіркеу жарамсыз деп танылған;
3) қызметін күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) ол қайтыс болды деп жарияланған;
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) ол хабар-ошарсыз кетті деп танылған жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.
5. Осы бапта көзделген негіздемелерден басқа, дара кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) өзіндік кәсіпкерлік - дара кәсіпкер әрекетке қабілетсіз деп танылған, қайтыс болды деп жарияланған немесе ол қайтыс болған жағдайда;
2) отбасылық кәсіпкерлік және жай серіктестік - егер осы тармақтың 1-тармақшасында аталған мән-жайлар болуы салдарынан бірлескен кәсіпкерлік қатысушысының біреуі қалған немесе бір де бірі қалмаған жағдайда, сондай-ақ некені бұзуға байланысты мүлікті бөлу кезінде тоқтатылады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.08.12 № 225-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Дара кәсіпкердің қызметі оның өтініші немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеуші органда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледі.
Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығару дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті тіркеуші органға тапсырғаннан кейін және кәсіпкерлік қызметпен байланысты салық міндеттемелерін орындағаннан кейін жүргізіледі.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің күші жалған кәсіпкерліктің жасалу фактісін анықтаған, заңды күшіне енген сот үкімінің немесе қаулысының не қылмыстық қудалау органының күші жойылмаған қаулысының негізінде жойылуға жатады.
7. Белгіленген жағдайларда тіркеусіз дара кәсіпкерлікті жүзеге асыру кезінде оны тоқтату ерікті сипатта болса - нақты тоқтатылған кезден бастап, мәжбүрлеп тоқтату кезінде тиісінше соттың шешімі заңды күшіне енген кезден бастап ол тоқтатылды деп есептеледі.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
8. Орындалмаған мiндеттемелерi жоқ және мемлекеттік органдар төмен немесе орташа дәрежедегі тәуекел санатына жатқызған жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен қайта ұйымдастырудың және ерiктi таратудың оңайлатылған тәртібі белгіленеді.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 7-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
7-тарау.
мемлекеттік реттеу
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 29-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
29-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен түрлерi
1. Жеке кәсiпкерлiкті мемлекеттік реттеудің мақсаттары жеке кәсiпкерлiк субъектiсi өндiретiн және өткізетін өнiмнiң адамдар өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн, олардың мүліктік мүдделерін қорғауды, қоршаған ортаға қауiпсiздiгiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау болып табылады.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің түрлерi:
1) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсiпкерлiктің субъектілеріне, сондай-ақ өнiмдерiне, процестерiне талаптар белгiлеу;
2) сәйкестiктi, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдарды аккредиттеу;
3) өнiмнiң, процестердің жекелеген түрлерiнiң Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн мiндеттi растау;
4) жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік бақылау;
5) лицензиялау, сертификаттау, аккредиттеу және рұқсаттардың өзге де түрлерін беру;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру;
7) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгiлеу.
30-бап. Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке
кәсіпкерлік өнімдеріне, процестеріне талаптар
белгілеу
Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарымен өнімдерге, процестерге жеке кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін орындауға міндетті талаптар белгілейді.
31-бап. Сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ
зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегi
органдарды аккредиттеу
Сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдарды аккредиттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
32-бап. Өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің
сәйкестігін міндетті растау
Өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің сәйкестігін міндетті растау, егер бұл Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті болса, белгіленеді.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік бақылау
1. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік бақылау, өнiмдерге, процестерге Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен белгiленген талаптардың және өнiмдердiң жекелеген түрлерiнiң, процестердiң сәйкестiгiн растау жөніндегі талаптардың орындалуы мемлекеттік әкiмшiлiк ету мақсаттарына қол жеткiзу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайларда белгiленедi.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау:
1) ұйымдастырылу және жүргізілу тәртібі осы Заңда айқындалатын тексерулер;
2) ұйымдастырылу және жүргізілу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын алдын алу-профилактикалық сипаты бар бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті органдар бақылау объектілеріне (субъектілеріне) келместен, тәуекелдерді бағалау жүйесінің бекітілген критерийлерін ескере отырып, қажеттілік пен жеткіліктілік принциптеріне сәйкес жүргізеді.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүргізген кезде жеке кәсіпкерлік субъектісін алдын ала хабардар ету және өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнаулы есеп саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда (бұдан әрі - құқықтық статистика органы) тіркеу талап етілмейді.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарының түріне қарай оның қорытындылары бойынша бұзушылық анықталған жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауаптылық туралы істі қозғамастан, бірақ оған бұзушылықты жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, қорытынды материалдар (анықтама, нұсқама және басқа да) жасалуы мүмкін.
4. Осы Заңның 37-бабын, 39-бабының 2 және 3-тармақтарын, 41-бабын қоспағанда, осы баптың және осы Заңның 8-тарауының күші:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесiп өтумен;
2) Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 59-тарауында көзделген талаптарды қоспағанда, кеден ісі саласындағы мемлекеттік бақылаумен;
3) кедендік шекараны кесіп өткен кездегі өсімдіктер карантині бақылауын, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық бақылауды жүргізумен;
4) жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтаумен;
5) көліктегі қауіпсіздік талаптарын сақтау тұрғысынан көліктік бақылау бекеттерінде автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өтуімен;
6) кеме иелелерінің және шағын көлемдi кемелер экипаждары мүшелерінің Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі және сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңдарына сәйкес шағын көлемдi кемелерді қауіпсіз түрде пайдалану жөніндегі талаптарын орындауын бақылаумен;
7) жеке тұлғалардың азаматтық қаруды сақтау, тағып жүру және пайдалану талаптарын сақтауымен;
8) базарларда, жануарлардан, өсімдіктерден алынатын өнімдер мен шикізаттарды бір технологиялық циклде өндіруді, дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдарда ветеринария және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асырумен;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және мемлекеттік орман қоры аумағында орман қорын күзету, қорғау, оны пайдалану, ормандарды молықтыру жөне орман өсіру саласындағы талаптардың сақталуына, сондай-ақ жануарлар және өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуын бақылауды жүзеге асырумен;
10) карантиндік аймақтарды және қолайсыз мекендерде жануарлар мен құстардың аса қауіпті аурулары бойынша іс-шараларды бақылаумен;
11) жеке тұлғалардың әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтауымен;
12) ішкі істер органдарының жүрізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде қарудың, жарылғыш және улы заттардың, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, азаматтық, пиротехникалық заттардың және олар қолданылған бұйымдардың заңды айналымы саласындағы бақылаумен;
13) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруді жүзеге асыратын субъектінің аумағында Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес орнатылған акциздік бекеттер арқылы бақылаумен;
14) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптарын сақтаумен;
15) Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржылық ұйымдар мен қаржы нарығының қызметін реттейтін заңнамасын сақтаумен;
16) Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының, сондай- республикалық бюджеттің атқарылуын реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтаумен байланысты қатынастарға қолданылмайды.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
34-бап. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау
Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
35-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің
азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндеттi
сақтандыру
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыру, егер осы Заңның 29-бабының 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік реттеу түрлерін қолдану мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
36-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік
органдар мен олардың лауазымды адамдарының
жауаптылығын белгілеу
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
8-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
37-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылаудың негізгі принциптері мен міндеттерi
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасындағы жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік бақылау:
1) заңдылық;
2) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң адалдық презумпциясы;
3) жариялылық;
4) бәрiнiң заң мен сот алдындағы теңдiгi;
5) мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының кәсіптік біліктiлiгi мен құзыреттiлiгi;
6) лауазымдық мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және олардың өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны үшiн мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының жауаптылығы;
7) жазалау алдында құқық бұзушылықты болғызбаудың басымдығы;
8) қажеттілік пен жеткіліктілік;
9) мемлекеттік органдар арасында бақылау өкілеттіктерінің аражігін ажырату;
10) адал жеке кәсіпкерлік субъектілерін көтермелеу, құқық бұзушыларға бақылауды шоғырландыру;
11) жеке кәсіпкерлік субъектілері мен тұтынушылардың өздерінің заңды құқықтарын өз бетінше қорғау қабілеттілігін арттыру;
12) мемлекеттік бақылау жүйесінің есептілігі мен ашықтығы принциптерiне негiзделедi.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеті экономикалық қауіпсіздікті, алдау практикасының алдын алуды, табиғи және энергетика ресурстарын үнемдеуді, ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қоса алғанда, жеке кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және сататын өнімдердің адамдар өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін, олардың мүлкін қорғауды, қоршаған ортаға қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
3. Мемлекеттік органдар осы Заңның қосымшасына сәйкес өздеріне жүктелген бақылау және қадағалау функцияларына сәйкес жеке кәсіпкерлікті бақылауды жүзеге асырады.