4. Адвокаттар алқасы төралқасының өтініші осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арыз дайындау үшін негіз болып табылады.
Аумақтық әділет органының ұсынымы осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арыз дайындау үшін негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасының Әділет министрі сот шешімі негізінде адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданысы тоқтатылған адамға жіберіледі. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысының тоқтатылғаны туралы соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етіледі.
5. Осы баптың 2-тармағында көзделген негіздерден басқа, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтатуды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі:
1) заңды күшіне енген сот шешімі бойынша адвокат әрекет қабілеті жоқ немесе әрекет қабілеті шектеулі, қайтыс болды не хабар-ошарсыз кетті деп танылған;
2) адвокат Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқан;
3) адвокат қасақана қылмыс жасағаны үшін ақтамайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған;
4) қасақана қылмыс жасағаны үшін адвокатқа қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
5) адвокатқа медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда жүзеге асырады.
6. Аумақтық әділет органының ұсынымы осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларда адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдау үшін негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасының Әділет министрі адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданысы тоқтатылған адамға жіберіледі. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысының тоқтатылғаны туралы соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етіледі.»;
7) 14-бапта:
2-тармақтағы «жазбаша келісім» деген сөздер «жазбаша шарт» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтың 2) тармақшасы «сұратуға» деген сөзден кейін «және алуға» деген сөздермен толықтырылсын;
5-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Адвокат соттардың, прокуратураның, қылмыстық процесті жүргізуші органдардың әкімшілік ғимараттарына белгіленген тәртіппен өзінің адвокаттық куәлігін көрсетуі бойынша еркін кіру құқығын пайдаланады.»;
8) 15-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
«Адвокат өзінің кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отыруға міндетті.»;
5-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Адвокат сенім білдірушінің құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге қолайлы әсерін тигізетін іс жүзіндегі мән-жайларды анықтау жөніндегі кез келген, заңмен тыйым салынбаған іс-әрекеттерді орындауға міндетті.»;
9) 17-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын адвокаттық қызметке араласуға не осы қызметке қандай да болмасын тәсілмен кедергі жасауға тыйым салынады.»;
4-тармақ «Адвокаттардан,» деген сөзден кейін «олардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілерінен,» деген сөздермен толықтырылсын;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Адвокаттық іс жүргізу, онымен байланысты өзге де материалдар мен құжаттар, сондай-ақ адвокаттың мүлкі, оның ішінде ұялы байланыс құралдары, аудиоаппаратурасы, компьютерлік техникасы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайларда, тексеруге, қарауға, алуға, алып қоюға және тексеріске жатпайды.»;
10) 18-баптың 2-тармағы «Адвокаттардың,» деген сөзден кейін «олардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілердің» деген сөздермен толықтырылсын;
11) 19-бап мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Заңды тұлғаны тіркемей-ақ кәсіптік қызметін дара жүзеге асыратын адвокаттың азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауға, адвокаттық іс жүргізуді сақтауды және адвокаттық құпияны сақтауды қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға қажетті қызметтік үй-жайы болуға міндетті.»;
12) 23-баптың 2-тармағының 5) және 6) тармақшалары алып тасталсын;
13) 24-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) және 14-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«4-1) есептік көрсеткішке еселенетін мөлшердегі мүшелік жарна ставкаларын белгілейді;»;
«14-1) адвокаттар алқасының мүлкіне билік ету тәртібін белгілейді;»;
14) 31-бапта:
1-тармақта:
1) тармақшасындағы «айналысу құқығына» деген сөздер «айналысуға» деген сөзбен ауыстырылсын;
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) адвокат өз міндеттерін орындау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары мен нормаларын, адвокаттар алқасының жарғысында бекітілген адвокатураны ұйымдастыру және оның қызметінің принциптерін, адвокаттардың кәсіби әдебі ережелерін өрескел не бірнеше рет бұзған;»;
15) 32-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Азаматтарға білікті заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін адвокаттар алқасының төралқасы заң консультацияларын, оның ішінде мамандандырылған заң консультацияларын құрады.»;
16) 4-тарау алып тасталсын.
7. «Қылмыстың жасалуына сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстаудың тәртібі мен шарттары туралы» 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 6, 190-құжат; 2001 ж., № 17-18, 245-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 154-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2008 ж., № 15-16, 63-құжат):
17-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы «заң консультациясының осы іске адвокаттың қатысу құқығына берілген ордерін немесе маңызы бойынша онымен теңестірілген құжатты» деген сөздер «адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттігін куәландыратын ордерінің екінші данасын» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап. Осы Заң 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы желтоқсанның 11-і.
№ 230-ІV ҚРЗ