Қазақстан Республикасының әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесінің қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың қызмет өткеруі туралы ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 шілдедегі № 639 Қаулысы
(2008.25.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2009 жылғы 23 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 18 наурыздағы Заңының 26-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесінің қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруі туралы ереже бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 28 желтоқсандағы № 1755 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 49-50, 590-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
6 және 8-тармақтар алынып тасталсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министр | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 30 шілдедегі
№ 639 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасының әділет органдары қылмыстық-атқару
жүйесінің қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет
өткеруі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесі (бұдан әрі - ҚАЖ) қызметкерлерін қызметке қабылдау, олардың қызмет өткеру және қызметтен босату тәртібін айқындайды.
2. ҚАЖ қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері және осы Ереже құрайды.
3. ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. ҚАЖ-ға қызметке қабылдау
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ҚАЖ-ға қызметке он сегіз жасқа толған, өздерінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы мен дене бітімі, білім деңгейі бойынша оларға жүктелген лауазымдық міндеттерін орындауға қабілетті Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
ҚАЖ-ға қызметке үміткерлер іріктеудің тәртібі мен шарттарын «Қазақстан Республикасының Әділет министрі» (бұдан әрі - Министр) айқындайды.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. ҚАЖ-дың қатардағы және кіші басшы құрамдағы лауазымдарына отыз екі жастан аспаған, орта білімнен төмен емес білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Орта басшы құрамдағы лауазымдарына орта арнаулы білімнен төмен емес білімі бар, ал аға басшы құрамдағы лауазымдарына - қырық жастан аспаған, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Жекелеген жағдайларда бұл шекті жас Министрдің шешімімен өзгертілуі мүмкін.
Бұрын ҚАЖ-дан босатылған және қызметке жаңадан қабылданатын Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жас шектеулері осы Ереженің 96-тармағының талаптарына сүйеніп белгіленеді.
6. Қазақстан Республикасының азаматы заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда ҚАЖ-ға қызметке қабылдана алмайды.
7. ҚАЖ-ға қызметке қабылдау Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы тексеруден, сондай-ақ қызметке жарамдылығын анықтау үшін Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссияларында (бұдан әрі - ӘДК) медициналық куәландырудан өткен жағдайда жүзеге асырылады.
8. Қазақстан Республикасының азаматтары ҚАЖ-ға қызметке кіру кезінде ҚАЖ қызметкерлерінің мәртебесін және соған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерге пайдалануға әкеп соқтыратын іс-әрекеттерге жол бермеу мақсатында өздеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер қабылдайды. Аталған шектеу жазбаша нысанда тіркеледі. Шектеулерді қабылдамау қызметке қабылдаудан бас тартуға әкеп соғады.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. ҚАЖ-ға қызметке алғаш рет түскен адамдар арнаулы бастапқы оқудан және тағылымдамадан өтеді, өту тәртібі мен шарттарын Министр белгілейді.
Бұл ретте әскери қызметшілер, ҚАЖ білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдерін бітірген, сондай-ақ ішкі істер, қаржы полициясы, прокуратура, кеден, өртке қарсы қызмет органдарынан іссапарға жіберілген адамдар арнаулы бастапқы оқудан және тағылымдамадан өтпейді.
Арнаулы бастапқы оқудан және тағылымдамадан өтетін адамдарды ұстау тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
10. ҚАЖ-ға қызметке қабылдау ҚАЖ-дың уәкілетті органы бекіткен лауазымдар номенклатурасына сәйкес ҚАЖ-дың тиісті мемлекеттік мекемелері басшыларының бұйрықтарымен ресімделеді. Бұл бұйрық қол қойдырып хабарланады.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
11. ҚАЖ білім беру ұйымдарында оқу үшін орта білімі бар, денсаулық жағдайы бойынша ҚАЖ-да қызмет өткеруге жарамды адамдар қабылданады.
ҚАЖ білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Кәсіптік орта, жоғары оқу орындарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесіне сәйкес Министр айқындайды.
12. ҚАЖ білім беру ұйымдарына оқуға түскен адамдармен келісім-шарт жасалады, онда білім беру ұйымын аяқтаған соң одан әрі ҚАЖ-да қызмет өткеру шарты мен мерзімі көзделеді.
Он сегіз жасқа толмаған адамдармен келісім-шарт жасасқан жағдайда келісім-шарт оның ата-анасымен, асырап алушыларымен немесе қамқоршыларымен жасалады. Кейіннен курсант (тыңдаушы) он сегіз жасқа толған соң онымен келісім-шартты міндетті түрде қайта жасасу жүзеге асырылады.
Келісім-шарттың нысанын, оны жасасу, өзгерту және бұзу тәртібін ҚАЖ-дың уәкілетті органы белгілейді.
13. ҚАЖ білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдеріндегі оқу уақыты әскери қызмет өткеруге теңестіріледі.
3. ҚАЖ-да қызмет өткеру
14. ҚАЖ-дың қызметінде немесе кадрында тұрған, белгіленген тәртіппен арнайы атақ берілген адамдар ҚАЖ қызметкерлері болып табылады.
ҚАЖ қызметкерлері үлгі лауазымдарының тізбесін және оларға сәйкес келетін шекті арнайы атақтарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
15. ҚАЖ білім беру ұйымдарының курсанттарын (тыңдаушыларын) қоса алғанда, ҚАЖ қызметкерлерінің лауазымдарына тағайындалған немесе ҚАЖ кадрына тіркелген әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 5 мамырдағы № 371 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды жүргізу тәртібі туралы ережеге сәйкес әскери есептен шығарылады және ҚАЖ-дың арнаулы есебінде тұрады.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 16-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
16. ҚАЖ қызметкерлерін лауазымға тағайындауды, ауыстыруды және қызмет бабында жоғарылатуды ҚАЖ-дың уәкілетті органы бекіткен лауазымдар номенклатурасына және Министр бекітетін ҚАЖ лауазымдар санаттарына қойылатын үлгі біліктілік талаптарына сәйкес ҚАЖ-дың тиісті мемлекеттік мекемелері басшыларының бұйрықтарымен жүргізіледі. Бұл ретте мынадай шарттар сақталады:
1) ҚАЖ қызметкерлерін лауазымға тағайындау және қызмет бабында ауыстыру кезінде оларды негізгі немесе тектес мамандығы бойынша немесе тәжірибесіне сәйкес пайдалану қамтамасыз етілуі тиіс, ал олар үшін жаңа мамандық бойынша лауазымдарда пайдалану қажет болған жағдайда, тағайындар алдында олар тиісті курстарда (жиындарда) қайта даярлаудан өтуі тиіс;
2) бос тұрған лауазымның міндетін уақытша атқарудың үздіксіз мерзімі екі айдан, ал бос емес лауазым бойынша - төрт айдан аспауы тиіс.
ҚАЖ-да уақытша болмаған қызметкерлердің қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен және шарттарда кәсіптерді (лауазымдарды) біріктіруге немесе міндеттерді орындауға рұқсат етіледі.
Өздерінің тікелей бастықтарының міндеттерін уақытша орындап жүрген штаттағы орынбасарларға олардың қызметтік міндеттеріне қарамастан, қосымша ақы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
Лауазым бойынша міндеттерді уақытша орындаудың үздіксіз мерзімі қызметке кірісу туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап міндеттерді атқарудан босату күнін қоса алғанда есептеледі.
Лауазым бойынша міндетін атқарушы етіп тағайындауды ҚАЖ қызметкерлерін лауазымға тағайындау және оларды ауыстыру құқығы берілген ҚАЖ-дың тиісті мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрығымен ресімделеді;
3) ұйымдық-штаттық іс-шаралар (қысқарту, қайта ұйымдастыру, көшіру, тарату) жүргізу кезінде, сондай-ақ ҚАЖ қызметкерлерін анағұрлым ұтымды пайдалануды, қызметте бос орын болған жағдайды қоспағанда, айқындауды қажет ететін өзге де жағдайларда ҚАЖ қызметкерлері 2 айдан аспайтын мерзімге ҚАЖ органының қарамағына алынады.
Қарамағындағы ҚАЖ қызметкеріне, сондай-ақ ҚАЖ органдарын, мекемелерін, ұйымдарын қайта ұйымдастыру кезеңінде кадр қызметтері жазбаша түрде басқа теңдес бос лауазым ұсынады, ал мұндай лауазым болмаған кезде ҚАЖ қызметкері оның біліктілігі мен денсаулық жағдайын ескере отырып орындай алатын төмен тұрған лауазым немесе ақысы аз төленетін жұмыс ұсынады. Ұсынылған лауазымнан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкермен еңбек қатынастары тоқтатылады.
Бала күтіміне байланысты демалыста болған кезеңінде ҚАЖ қызметкері ҚАЖ-дың тиісті органының немесе мекемесінің қарамағына есепке алынады. Бала күтіміне байланысты демалыстан шыққан соң оған тең дәрежелі лауазым ұсынылады.
ҚАЖ қызметкерлеріне қарамағында болған уақыты үшін ақшалай үлес ұйымдық-штаттық іс-шаралар (қысқарту, қайта ұйымдастыру, көшіру, тарату) жүргізуге байланысты ғана, бірақ штаттық лауазымнан босатылған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімге соңғы негізгі лауазымы бойынша лауазымдық жалақысы және арнайы атағы үшін қосымша ақысы мөлшерінде төленеді. Олар сондай-ақ тұрғын үйін ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, егер олар қарамағына алынғанға дейін осындай өтемақы алған жағдайда ақшалай өтемақы алуға құқылы.
Осы Ережеде белгіленген ҚАЖ қызметкерлерінің демалыстарда, емдеу мекемелерінде (ӘДК-нің жолдамасы бойынша тексеруде) емдеуде болуы бұрынғы қызмет атқарған жерінен тиісті ҚАЖ органы орналасқан жерге дейін жол жүріп барған уақыты; арнайы жоғары және орта оқу орындарының сырттай, кешкі бөлімдерінің оқу-емтихандық сессияларында болу уақыты; қылмыстық іс тоқтатылған немесе ақтау үкімі шығарылған жағдайларда тұтқындалған күнінен бастап босатылған күнін қоса алғанда қылмыстық жауапкершілікке тартылуға байланысты тұтқында болған уақыты қарамағында болу кезеңіне есептелмейді.
Кезекті демалысын пайдаланбаған, атқарып отырған қызметтерінен босатылған және оның қарамағындағы ҚАЖ қызметкерлеріне оларды қызметте одан әрі пайдалану туралы мәселені шешу кешіктірілген жағдайларда, олардың өтініші бойынша пайдаланылмаған демалысы беріледі. Оларға кезекті демалыс уақыты үшін ақшалай үлес қарамағында болу мерзіміне қарамастан, қарамағына алынған күні негізгі лауазымы бойынша алатын мөлшерде төленеді;
4) ҚАЖ қызметкерлерін қызмет бабында ауыстыру, оларды ҚАЖ-дың тиісті органының қарамағына алмай-ақ жүзеге асырылуы тиіс. Тиісті органның қарамағында тұрған ҚАЖ қызметкерлерін лауазымға тағайындау мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ лауазымнан босатқан күннен бастап екі айдан кешіктірмей жүргізіледі. ҚАЖ қарамағында тұрған көрсетілген адамдарды қызметте пайдалану тәртібін ҚАЖ-дың уәкілетті органы белгілейді;
5) ҚАЖ қызметкерлерін басқа лауазымдарға, сондай-ақ басқа елді мекенге шұғыл ауыстыру қажет болған кезде, бұл туралы шешімді, осы адамдардың дайындығы мен қызмет тәжірибесін, сондай-ақ оларда және олардың отбасы мүшелерінде медициналық қарсы көрсеткіштердің жоқтығын ескере отырып, олардың келісімі бойынша тиісті тікелей бастықтар қабылдайды;
6) ҚАЖ қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау ӘДК-ның медициналық куәландыруының нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.
ҚАЖ-дың білім беру ұйымдары диплом алдындағы практикадан өту үшін ҚАЖ-дың мемлекеттік мекемелеріне жіберген курсанттар (тыңдаушылар) практикадан өту кезеңінде лауазымға тағайындалады. ҚАЖ-дың білім беру ұйымдарының түлектері бөлуге сәйкес қызмет өткеруге жіберіледі.
17. ҚАЖ қызметкерлерін қызмет бабында лауазымдық ауыстыру қызметтік қажеттілікке сәйкес, кадрлардың біліктілігін, кәсіптік даярлығын және мамандығын ескере отырып жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 18-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
18. ҚАЖ қызметкерлерін қызмет бабында ауыстыру:
1) жоғары тұрған лауазымдарға - қызмет бабында жоғарылату ретінде осы адамдардың келісімімен;
2) тең дәрежелі лауазымдарға - басқа лауазымдармен алмастыру қажет болған жағдайда не оларды іскерлік және жеке қасиеттерін ескере отырып анағұрлым орынды пайдалану, жаңа мамандыққа даярлау үшін, сондай-ақ отбасы жағдайы, алмастыру тәртібімен сондай-ақ жеке өтініші бойынша осы адамдардың келісімімен;
3) ҚАЖ білім беру ұйымдарына оқуға түсуіне байланысты - атқаратын штаттық лауазымынан босата отырып, сондай-ақ ҚАЖ білім беру ұйымдарында оқуын бітірген соң лауазымға тағайындалған кезде;
4) төмен тұрған лауазымдарға:
штаттар қысқарған кезде немесе ҚАЖ-дың мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру кезінде - осы адамдарды тең дәрежелі лауазымдарға ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда және олардың келісімімен;
денсаулық жағдайы бойынша - ӘДК-ның қорытындысы (қаулысы) негізінде және олардың келісімімен;
аттестаттау қорытындылары бойынша анықталған қызметіне сәйкес келмеуі бойынша;
тәртіптік жаза ретінде;
жеке өтініші бойынша;
заңнамалық актілерде көзделген өзге де жағдайларда жүргізіледі.
Төмен тұрған лауазымдарға ауыстырылған ҚАЖ қызметкерлері кейіннен қызмет бабында жоғарылай алады.
ҚАЖ қызметкерлерін қызмет бабында ауыстыру туралы шешім ауыстыру негізі көрсетіле отырып, жеке құрам бойынша ҚАЖ-дың тиісті мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрығымен ресімделеді.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 19-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
19. ҚАЖ-да қызмет өткеру кезінде кәсіби әлеуетін анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында ҚАЖ аумақтық бөлімшелерінің, мекемелерінің басшыларын және олардың орынбасарларын алмастыру жүзеге асырылуы мүмкін.
ҚАЖ аумақтық бөлімшелерінің басшыларын және олардың орынбасарларын алмастыру ҚАЖ уәкілетті органы басшысының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрінің шешімімен, ҚАЖ мекемелерінің басшылары мен олардың орынбасарларын - ҚАЖ аумақтық бөлімшелері басшыларының ұсынысы бойынша ҚАЖ уәкілетті органы басшысының шешімі бойынша кемінде бес жылда бір рет жүзеге асырылады. Қабылданған шешім бұйрықпен ресімделеді. ҚАЖ аумақтық бөлімшелерінің, ҚАЖ мекемелерінің басшыларын және олардың орынбасарларын басқа мекенге қызметке алмастыруға ҚАЖ қызметкерінің жазбаша келісімімен жол беріледі.
Алмастыруға мүгедек балалары (қамқоршы болып табылатын), оның ішінде асырап алған ұлдары (қыздары) немесе асырауында қарт ата-аналары бар лауазымды адамдар жатпайды. Көрсетілген жағдайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
Лауазымды адамдарды олардың бұрынғы атқарып отырған міндеттері сипатының өзгеруі болжанатын қызметке алмастырған кезде, олар ҚАЖ білім беру ұйымдарында қажетті бейін бойынша теориялық және практикалық даярлық курсынан өтуі мүмкін.
20. ҚАЖ қызметкерлерін қызмет бабында ауыстыру басшы кадр резервінде тұрған ҚАЖ қызметкерлері ішінен олардың іскерлік және жеке қасиеттері, денсаулық жағдайы және қолданыстағы тәртіптік жазаларының болмауы ескеріле отырып жүргізіледі.
Басшы кадр резервіне тіркелген басшы құрамдағы адамдармен жұмыс ҚАЖ-дың уәкілетті органы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
21. Қызмет бабында ауыстырылған ҚАЖ қызметкерлері істерді тапсырғаннан кейін, ҚАЖ органы қызмет бабында ауыстыру туралы бұйрықты немесе жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 3 күн ішінде, ал ерекше жағдайларда бір ай мерзімнен кешіктірілмей жаңа қызмет орнына іссапарға жіберілуі тиіс.
22. ҚАЖ қызметкерлеріне қызметтік куәліктер мен жетондар беріледі. Қызметтік куәліктің сипаттамасын Министр, жетонның - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді.
Куәлік ҚАЖ қызметкерлеріне лауазымға тағайындалған, арнайы атақ берілген кезде және бұрын берілген куәліктің қолданылу мерзімі өткеннен кейін беріледі. Қызмет бабында ауыстырылған, арнайы атақ берілген, ҚАЖ-дан шығарылған және қолданылу мерзімі өткен кезде бұрын берілген куәлік ол алынған жерге қайтарылады.
23. ҚАЖ қызметкерлері қолданыстағы заңнамада белгіленген мөлшерлерде ақшалай үлес алады, сондай-ақ үлгілері мен тиесілік нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін нысанды киім-кешекпен тегін қамтамасыз етіледі.
ҚАЖ білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының біліктілігі жоғары ғылыми кадрларды аттестаттау саласындағы уәкілетті органы берген тиісті дипломы болған жағдайда, ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежелері үшін және ғылым кандидатына бір айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде және ғылым докторларына екі айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.
Күндізгі магистратураға және адъюнктураға ҚАЖ білім беру ұйымдарын бітірісімен тікелей қабылданған ҚАЖ қызметкерлеріне тиісті кафедраның оқытушысы жалақысының 70 %-ы мөлшерінде лауазымдық жалақы, сондай-ақ арнайы атағы үшін қосымша ақы төленеді.
24. ҚАЖ қызметінде немесе кадрында тұрған адамдарға атқаратын лауазымына, біліктілігіне және еңбек сіңірген жылдарына сәйкес белгіленген тәртіппен мынадай арнайы атақтар беріледі:
1) қатардағы құрам:
әділет қатардағы қызметтері;
2) кіші басшы құрам:
әділет кіші сержанты, әділет сержанты, әділет аға сержанты, әділет старшинасы, әділет прапорщигі, әділет аға прапорщигі;
3) орта басшы құрам:
әділет кіші лейтенанты, әділет лейтенанты, әділет аға лейтенанты, әділет капитаны;
4) аға басшы құрам:
әділет майоры, әділет подполковнигі, әділет полковнигі;
5) жоғары басшы құрам:
әділет генерал-майоры.
25. Қатардағы және басшы құрамның арнайы атақтары ҚАЖ-ға қызметке қабылданған адамдарға біліктілігі, білімі, қызметке көзқарасы, еңбек сіңірген жылдары және атқаратын штаттық лауазымы, сондай-ақ осы Ережеде көзделген басқа да шарттар ескеріле отырып жеке өзіне, дәйекті түрде беріледі.
26. Дәйектілігіне қарай арнайы атақтар алғашқы және кезекті болып бөлінеді.
Орта және аға басшы құрамның алғашқы арнайы атақтарын беруді және ҚАЖ кадрына есепке алуды Министр жүргізеді.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 27-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
27. Қатардағы, Орта және аға басшы құрамның кезекті арнайы атақтарын:
әділет капитанына дейін қоса алғанда - ҚАЖ аумақтық органдарының және жоғары білім берудің кәсіптік оқыту бағдарламаларын іске асыратын ҚАЖ білім беру ұйымдарының басшылары;
әділет подполковнигіне дейін қоса алғанда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлеріне - уәкілетті органының басшысы;
әділет полковнигін - Министр береді.
Жоғары басшы құрамның арнайы атақтарын Министрдің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 28-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
28. Кезекті арнайы атақтары, осы Ережеде көзделген жағдайларды қоспағанда, кезекті атақ атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген атаққа сәйкес болған жағдайда және арнайы атақта еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі өткен соң дәйекті түрде беріледі.
29. Арнайы атақтарда еңбек сіңірудің мынадай мерзімдері белгіленеді:
1) қатардағы және кіші басшы құрам:
әділет қатардағы қызметкері атағында - 3 ай;
әділет кіші сержанты атағында - 1 жыл;
әділет сержанты атағында - 2 жыл;
әділет аға сержанты атағында - 3 жыл;
әділет прапорщигі атағында - 5 жыл;
2) орта және аға басшы құрам:
әділет кіші лейтенанты атағында - 1 жыл;
әділет лейтенанты атағында - 2 жыл;
әділет аға лейтенанты атағында - 3 жыл;
әділет капитаны атағында - 4 жыл;
әділет майоры атағында - 5 жыл;
әділет подполковнигі атағында - 5 жыл.
Әділет старшинасы, әділет аға прапорщигі, әділет полковнигі, сондай-ақ жоғары басшы құрам атақтарында еңбек сіңіру мерзімі белгіленбейді.
Орта және аға басшы құрамның арнайы атағындағы еңбек сіңіру мерзімі осы атақты беру туралы бұйрыққа қол қойылған күнінен бастап оның алдындағы атақты беру сәтінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептеледі.
Әділет лейтенанты алғашқы арнайы атағы ҚАЖ жоғары оқу орнын ұйымын, сондай-ақ басқа да жоғары оқу орындарын бітірген соң берілген және ҚАЖ-да қызмет өткеріп жүрген ҚАЖ қызметкерлері үшін әділет лейтенанты атағында еңбек сіңіру мерзімі 1 жыл болып белгіленеді.
Арнайы атақ беру заңсыз кешіктірілген жағдайда арнайы атақта еңбек сіңіру мерзіміне оның алдындағы арнайы атақта еңбек сіңіру мерзімі аяқталған сәттен бастап есептеледі.
Орта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған қатардағы және кіші басшы құрамның атағы бар ҚАЖ қызметкерлері орта басшы құрамның арнайы атағын беруге, бар атағында еңбек сіңірген мерзіміне қарамастан ұсынылады.
30. Әділет кіші лейтенанты алғашқы арнайы атағы:
қатардағы және кіші басшы құрамның лауазымдарында тұрған, арнаулы орта оқу орындарын бітірген және орта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған ҚАЖ қызметкерлеріне;
қатардағы және кіші басшы құрамның лауазымдарында тұрған, жоғары немесе орта оқу орындарының соңғы курстарын оқып жүрген, орта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған ҚАЖ қызметкерлеріне;
арнаулы орта оқу орындарын бітірген адамдарға беріледі.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запасында тұрған және жоғарырақ офицерлік атағы бар адамдарды қоспағанда, аға басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған адамдарға әділет майоры атағынан жоғары емес алғашқы арнайы атақ беріледі. Аталған адамдарға кезекті атақ беру жалпы негіздерде жүзеге асырылады.
31. Әділет лейтенанты арнайы атағы:
әділет кіші лейтенанттарына арнайы атақта еңбек сіңірудің осы Ережеде белгіленген мерзімі өткеннен соң, ал ҚАЖ жоғары және орта білім беру ұйымдарын бітіргендерге - бұл атақта еңбек сіңіру мерзіміне қарамастан;
ҚАЖ жоғары немесе арнаулы орта білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімін бітірген ҚАЖ қызметкерлеріне;
қатардағы және кіші басшы құрамның арнайы атағы бар, өзге де жоғары, орта оқу орындарын бітірген және орта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған ҚАЖ қызметкерлеріне;
жоғары білімі бар және орта немесе аға басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған адамдарға беріледі.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 32-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
32. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запасында тұрған адамға оны ҚАЖ басшы құрамының лауазымына тағайындаған соң оның әскери атағына сәйкес арнайы атақ беріледі.
Запастағы офицерлерді ҚАЖ кадрына қабылдау кезінде оларға алғашқы арнайы атақ, егер кадрға қабылдау күніне олар әскери қызметті өткеру кезеңінде өздеріне әскери атақ берілген мерзімдерін немесе запаста болу кезінде берілген атақтарындағы мерзімдерін өткерген болса (яғни, әскери қызметте белгіленген мерзімнен 1 жылға артық), олардың әскери атақтарынан бір сатыға жоғары (бірақ олар тағайындалатын лауазымда көзделген атақтан жоғары емес) берілуі мүмкін.
33. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының, ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, ішкі істер, қаржы полициясы, прокуратура, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кедендік бақылау қызметкерлеріне (соның ішінде бұрынғы қызметкерлеріне) оларды ҚАЖ органдарының қатардағы және басшы құрамдағы тиісті лауазымдарына тағайындау кезінде олардың әскери және арнайы атақтары ҚАЖ қызметкерлерінің арнайы атақтарына теңестіріледі, оларға ҚАЖ-да еңбек сіңіру жылдары әскери қызметпен немесе еңбек қызметімен байланысты үзілістерге қарамастан, олардың әскери және арнайы атақтар, сыныптық шендер беруді көздейтін лауазымдардағы жұмыс уақытын ескере отырып есептеледі.