79. Тәртіптік жаза ҚАЖ қызметкерінің уақытша еңбекке жарамсыздығы уақытында, демалыста немесе іссапарда болған уақытында қолданылмайды.
Егер де теріс қылық туралы осы уақытқа дейін немесе оның жасалатыны белгілі болатын болса, уақытша еңбекке жарамсыздығы, демалыс, іссапар уақыты тәртіптік жаза қолданудың айлық мерзімінің қолданысын тоқтатады.
80. Тәртіптік жаза қолдану алдында ҚАЖ қызметкерінен жазбаша түсініктеме алынуы тиіс.
Әрбір тәртіптік теріс қылығы үшін ҚАЖ қызметкеріне бір ғана жаза қолданыла алады.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 81-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
81. Бастықтың қарамағындағы қызметкеріне тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдауы алдында қызметтік тергеу жүргізілуі тиіс.
Ол кінәлі адамдарды теріс қылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында өткізіледі. Теріс қылық жасаған адамның түсініктеме беруден бас тартуы тиісті актіде белгіленеді және жаза қолдануға кедергі бола алмайды.
Қызметтік тергеу ҚАЖ-дың тиісті мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрығымен тағайындалады және теріс қылық жасаған немесе оның анықталған күнінен бастап он бес күнтізбелік күннен аспай жүргізіледі.
Қызметтік тергеу ҚАЖ қызметкерінің уақытша еңбекке жарамсыз, демалыста немесе іссапарда болған кезеңінде тоқтатыла тұрады.
Тергеу жүргізілетін ҚАЖ қызметкері басшылар белгіленген құзыреті шегінде жауапкершілігі туралы мәселе шешілгенге дейін, бірақ он төрт күннен аспайтын мерзімге лауазымды міндеттерді орындаудан уақытша босатылуы мүмкін.
ҚАЖ қызметкері міндетті түрде оның тәртіптік жауапкершілікке тартылуына байланысты барлық материалдармен таныс болуға тиіс.
82. Жаза қолдану туралы бұйрықта жаза қолданылған адам, жаза қолданылған теріс қылығы және жаза түрі көрсетіледі.
ҚАЖ қызметкеріне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық:
1) уақытша еңбекке жарамсыз;
2) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттемелер орындау уақытында қызметтен босату;
3) демалыста немесе іссапарда болған кезеңінде шығарыла алмайды.
83. Тәртіптік жаза қолданылған ҚАЖ қызметкеріне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қойдырып жарияланады. Қызметкер тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тартқан жағдайда, ол туралы осы бұйрыққа тиісті жазба жазылады.
Тәртіптік түрде жазаланған сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған ҚАЖ қызметкерлеріне ҚАЖ-дың тиісті мемлекеттік мекемесінің басшысы қолданған жазалар туралы мәліметтерді кадр қызметі құқықтық статистика және ақпарат жөніндегі уәкілетті органға міндетті түрде ұсынуы керек.
84. Аға басшы, егер оған берген құқықтарды асыра пайдаланбаса, кіші басшы қолданған тәртіптік жазаны жеңілдетіп немесе алып тастай алмайды. Алайда, ол жасалған бұзушылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған бастық қолданған тәртіптік жазаның күшін жоя алады және анағұрлым қатаң немесе жеңіл жаза қолдана алады.
85. ҚАЖ қызметкеріне бұйрықпен қолданылған тәртіптік жаза, егер оған осы уақытқа дейін жаңа жаза қолданылмаса, оны қолданған күннен кейін алты ай өткеннен кейін алынды деп саналады. Тәртіптік жаза тікелей бастығының ұсынысымен мерзімінен бұрын алынуы мүмкін. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаны уақытынан бұрын алып тастауға жол берілмейді.
86. Арнайы атағын (лауазымын) төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолданылған жағдайда арнайы атағы (лауазымы) төмендетілген күннен бастап алты айдан кейін бұрынғы арнайы атағы (лауазымы) қалпына келтірілуі мүмкін.
Арнайы атағы төмендетілген басшы құрамдағы адамдардың бұрынғы арнайы атағы атқаратын лауазымына қарамастан, бір мезгілде тәртіптік жазасы алына отырып қайта қалпына келтіріледі.
Жазалаулар мен көтермелеулер туралы мәліметтер мен актілер ҚАЖ қызметкерінің қызмет өткеру тізіміне енгізу жолымен ҚАЖ кадр қызметтерінің есебіне алуға жатады.
87. ҚАЖ қызметкерлеріне қатысты қабылданатын шешімдер мен іс-әрекеттерге олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа шағым бере алады.
88. Өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалған және қамауда ұстау түрінде алдын алу шарасы қолданылмаған ҚАЖ қызметкері осы қылмыстық іс бойынша сот шешімі қабылданғанға дейін Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен тергеу жүргізу кезеңінде лауазымдық міндетін атқарудан шеттетіледі. Лауазымынан шеттетілген уақыты үшін оған ақшалай үлес төленеді.
Қылмыс жасалуына оларды айыпталушы ретінде тартылған жағдайда, ҚАЖ қызметкерлеріне қатысты белгіленген тәртіппен алдын алу шарасы - қамауға алынған жағдайда ақшалай үлес қылмыстық іс бойынша шешімді қабылдауға дейін қамауда ұсталған күннен бастап тоқтатылады. Сот қолданған жаза түріне қарамастан қамауда болған уақыты үшін ақшалай үлес төленбейді.
Ақтау үкімі шығарылған, ақтау негіздері бойынша қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда, қызметкерге қызметте еріксіз болмаған мерзіміне ақшалай үлес қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтеледі.
89. Қылмыс жасағаны үшін сотталуына байланысты ҚАЖ-дан босатылған, кейін ақталған және арнайы атағы қызметіне сәйкес қалпына келтірілген ҚАЖ қызметкерлеріне қызметте еріксіз болмаған мерзіміне ақшалай үлес қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтеледі.
90. ҚАЖ қызметкерлерін аттестаттау (бұдан әрі - аттестаттау) олардың кәсіби даярлық деңгейін, құқықтық мәдениетін және адамдармен жұмыс істеу қабілетін бағалау мақсатында жүргізіледі. Мемлекеттік қызмет өтілі кемінде 20 жыл болатын қызметкерлер тестілеуге жатпайды.
Аттестаттау кезіндегі негізгі бағалау өлшемі ҚАЖ қызметкерлерінің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеттілігі болып табылады.
91. ҚАЖ қызметкерлері ҚАЖ-да үздіксіз қызметте болған әр үш жыл өткеннен кейін аттестаттаудан өткізіледі. Бұл ретте, аттестаттау көрсетілген мерзім күнінен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.
ҚАЖ-да қызметте болу қызметкердің ҚАЖ-дағы қызметтен шығу күнінен бастап оны ҚАЖ-ға қызметке қабылдау күніне дейін үш айдан аса уақыт өтпесе, оның аталған кезең ішінде өзге де заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынастары болмаған жағдайда, үздіксіз деп есептеледі.
92. Аттестаттаудан өткізілетін ҚАЖ қызметкерлері жаңа лауазымдарға тағайындалған жағдайда, олар тағайындалғаннан кейін бір жыл өткен соң аттестаттаудан өткізіледі. Бірдей лауазымдарға тағайындалған кезде, егер ол функционалдық міндеттерін өзгертуге әкеп соқпаса, бұл мерзім есептелмейді.
ҚАЖ қызметкерлері ішінен әйелдер, олар жүкті болған және бала бағу кезінде аттестаттауға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан кейін және бір жылдан кешіктірілмей аттестациядан өткізіледі.
93. ҚАЖ қызметкерлерін аттестаттаудан өткізу дайындығын ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 8 шілдедегі № 1612 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін аттестаттаудан өткізу туралы үлгі ережеге сәйкес айқындалады.
94. ҚАЖ қызметкерлерінің соғыс уақытында қызмет өткеру тәртібі заңнамамен белгіленеді.
3. Қызметтен босату
95. ҚАЖ-да қызметті тоқтатуға негіздемелер:
1) ҚАЖ-дан босату;
2) соттың ҚАЖ қызметкерін белгіленген тәртіппен хабарсыз кеткен деп тануы;
3) ҚАЖ қызметкерінің қайтыс болуы (қаза табуы) болып табылады.
96. Қызметте ҚАЖ қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген әскери қызметте болудың шекті жасына дейін бола алады.
Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар мынадай шекті жасқа дейін ҚАЖ-да қызметте болады:
әділет кіші лейтенанттарынан бастап әділет подполковниктеріне дейін қоса алғанда - 45 жас;
әділет полковниктері - 53 жас;
әділет генерал-майорлары - 58 жас.
Қажет болған кезде және ҚАЖ қызметкерлерінің келісімімен олардың қызмет өтеу мерзімін бес жылға дейін Министр ұзартуы мүмкін.
Ерекше жағдайларда Министрдің шешімі бойынша аға басшы құрамдағы қызметкерлерге осы мерзім дәл осындай тәртіппен қайтадан бес жылға дейін, ал ғылыми дәрежесі немесе атағы бар жекелегендеріне - он жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Қызмет өткеру мерзімін ұзарту туралы мәселені шешу кезінде ҚАЖ қызметкерлері олардың қызмет атқаруға жарамдылығын анықтау үшін медициналық комиссияға жіберіледі.
Қызметте қалдыру мерзімін ұзарту туралы шешім ҚАЖ қызметкерлерін осы Ережеде көзделген негіздер бойынша босату мүмкіндігін жоймайды.
97. ҚАЖ қызметкерлерін қызметтен босату:
1) егер босатылушылар, тиісті әскери атақтары бар және денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды адамдардың запаста болуы үшін «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген шектеулі жасқа жетпесе - запасқа (әскери есепке қойыла отырып);
2) егер босатылушылар, тиісті әскери атақтары бар немесе ӘДК денсаулық жағдайы бойынша әскери есептен шығара отырып, әскери қызметке жарамсыз деп таныған адамдардың запаста болуы үшін "Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген шектеулі жасқа жеткен болса әскери есептен шығарыла отырып жүргізіледі.
98. ҚАЖ қызметкерлері қызметтен запасқа (әскери есепке қойыла отырып):
1) зейнетақы алуға құқық беретін еңбек сіңірген жылдары (қызмет мерзімі) және әскери қызметте болудың шекті жасына жетуі бойынша;
2) әскери қызметке жарамсыздығы немесе шектеулі жарамдылығы туралы ӘДК-ның қорытындысы (қаулысы) негізінде - денсаулық жағдайы бойынша;
3) штаттың қысқаруына немесе ҚАЖ органдары мен мекемелерінің қайта ұйымдастырылуына орай, басқа лауазымды пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда;
4) өз еркімен;
5) сынақ мерзімінің ішінде қызметке жарамсыздығы анықталған жағдайда;
6) қызметтік тәртіпті ұдайы бұзғандығы үшін;
7) аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған, қызметке сай келмеуі бойынша;
8) теріс қылық жасағаны үшін;
9) заңды күшіне енген соттың айыптау үкімінің шығуына немесе ақтамайтын негіздер бойынша қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты;
10) Қазақстан Республикасы азаматтығы тоқтатылған жағдайда босатылады. Осы тармақтың 6), 8), 9) тармақшаларымен көзделген босатылу негізі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңнаманы бұзумен байланысты теріс себептер бойынша босатылған болып саналады.
99. Қызметтен босатылатын ҚАЖ қызметкерлері, зейнетақы алуға құқығы бар ҚАЖ қызметкерлерін қоспағанда, сондай-ақ қызмет өткеру үшін басқа да мемлекеттік органдарға қызметке жіберілгендер нысанды киім-кешегін ҚАЖ органы мен мекемесінің тиісті қызметіне тапсырады.
100. Қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты болмаса да, бірақ көпшіліктің алдында ҚАЖ-дың абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттер; қасақана құқық бұзушылықтар; ҚАЖ қызметкерінің ар-намысына нұқсан келтіретін теріс қылықтар: қоғамдық орындарда ішімдікке масайған немесе есірткіге елірген немесе өзге де түрдегі елітілген күйде жүруі, тергеудегі, сотталған адамдармен рұқсат етілмеген байланыс жасауы, қылмыс жасаған азаматтарға демеушілік етуі, қызмет бабын жеке басының қамы үшін және пайдакүнемдік ниетпен қолдануы, білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен, тыңдаушыларымен және курсанттарымен жарғыдан тыс қарым-қатынастар жасауға жол беруі; мемлекеттік және қызметтік құпияны, ҚАЖ-ға зиян келтіретін жедел сипаттағы ақпараттарды жария етуі сияқты беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін ҚАЖ қызметкерлері осы Ереженің 98-тармағының 8) тармақшасына сәйкес қызметінен босатылады.
Аталған негіздер бойынша, сондай-ақ теріс қылықтары бойынша босатылған ҚАЖ қызметкерлері ҚАЖ-ға қайта қызметке қабылданбайды.
101. Зейнетақы алуға құқық беретін еңбек сіңірген жылдары (қызмет мерзімі) және әскери қызметте болудың шекті жасына жетуі бойынша, өзінің қалауымен қызметтен босайтын ҚАЖ қызметкерлері жоспарлы босатылу күнінен кемінде бір ай бұрын өзі қабылдаған шешім туралы ҚАЖ органының немесе мекемесінің тікелей бастығына ескертіп, ол туралы баянат береді.
102. ҚАЖ қызметкері ҚАЖ білім беру ұйымдарын бітіргеннен кейін ҚАЖ-да әрі қарай қызмет өткеруден бас тартқан не келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда ол оны оқыту кезеңінде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай үлесіне жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндетті. Ұсталуға тиіс сома келісім-шарт мерзімі аяқталғанға дейінгі әрбір толық қызмет атқармаған айға тепе-тең түрде есептеледі.
Шақырылу жасына жеткен және сабаққа үлгермеушілігі, тәртіпсіздігі бойынша, сондай-ақ өз еркімен оқудан шығарылған ҚАЖ білім беру ұйымдары күндізгі бөлімдерінің курсанттары (тыңдаушылары), егер оқу орнына түскенге дейін мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтемесе, әскери есепке қою үшін тұрғылықты жері бойынша әскери басқару органдарына жіберіледі. Олар мемлекетке оларды оқыту кезеңінде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай үлесіне жұмсалған бюджет қаражатын өтеуге міндетті. Ұсталуға тиіс сома оқу орнында болған әрбір толық айға тепе-тең түрде есептеледі.
103. Осы Ереженің 98-тармағы 1), 2), 3) тармақшаларымен көзделген негіздер бойынша қызметтен босатылатын ҚАЖ қызметкерлері бұл туралы, әдетте, босатылардан кемінде екі ай бұрын хабардар етіледі.
104. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихат депутаттары болып сайланған ҚАЖ қызметкерлері ҚАЖ қызметінен босатылады. Олар өздерінің депутаттық өкілеттіктері аяқталғаннан кейін, белгіленген тәртіппен ҚАЖ-ға қызметке қайта қабылдануы мүмкін.
105. ҚАЖ қызметкерлерін босату оларды тағайындауға құқығы бар басшылықтың бұйрықтарымен жүргізіледі. Қызметкерді босату күні, егер бұйрықта босату күні көрсетілмесе, бұйрыққа қол қойылған күн деп есептеледі.
ҚАЖ органдарынан қызметкерлерді босату (жеке құрам тізімінен алып тастау) туралы бұйрық шығарылғаннан кейін, егер бұл ретте қолданыстағы заңнама бұзылып және босатумен байланысты (тізімнен шығару) жаңа жағдаяттар ашылмаған болса, бұндай актілерді өзгертуге болмайды.
ҚР Үкіметінің 2008.25.01. № 68 Қаулысымен 106-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
106. ҚАЖ қызметкерлері одан әрі қызмет өткеру үшін өздерінің жазбаша өтініші негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамаларына, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, қаржы полициясы, прокуратура, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кедендік бақылау органдарына ҚАЖ жеке құрамының тізімінен алына отырып іссапарға жіберілуі мүмкін. Іссапарға жіберу ҚАЖ қызметкерінің баянаты негізінде тиісті мемлекеттік органдардың келісімімен жеке түрде жүргізіледі.
107. Қызметтен заңсыз босатылған немесе лауазымы мен атағы төмендетілген ҚАЖ қызметкерлерін босату, лауазымын немесе атағын төмендету туралы шешім қабылдаған лауазымды адам бұрынғы немесе оған тең дәрежелі лауазымға қайта қабылдайды және атағын қайтарады. Адамдарды қызметке қайта қабылдау (лауазымы мен атағын қайтару) егер ол адамның қызметтен шығарылуы мен лауазымы, атағы төмендетілуінің заңсыздығы туралы шешім қабылданған сәттен бастап, үш ай ішінде өтініш жасалса, ол сол күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей қалпына келтіріледі. Заңсыз босатылуына, лауазымы мен дәрежесінің төмендетілуіне байланысты амалсыздан жұмысқа шықпаған уақыты, ҚАЖ-дағы қызмет өтіліне (күнтізбемен есептегенде) және арнайы атағы бойынша еңбек сіңірген жылдарына қосылады. Бұл ретте, оларға жұмысқа себепсіз шықпаған уақыты үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен материалдық шығыны өтеледі.
Тергеу және анықтау органдарының қаулылары, ақтайтын негіздер бойынша істердің тоқтатылуы, соттың заңды күшіне енген ақтау үкімі, шешімі не жұмыстан босату, лауазымын немесе атағын төмендету туралы шешім қабылдаған немесе оларға тең және жоғары бастықтар шығарған қызметтік тексерудің нәтижелері бойынша қорытынды ҚАЖ-дағы қызметін, лауазымын, арнайы атағын қалпына келтіру үшін негіз болып табылады.
108. ҚАЖ-дан босатылған, қайтыс болған, қаза тапқан, хабарсыз жоқ болып кеткен немесе хабарсыз кеткен ҚАЖ қызметкерлері ҚАЖ-дың уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен ҚАЖ кадрларынан шығарылады.
109. Қызметтен босатылғаннан кейін ҚАЖ қызметкерлері заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес әскери есепке қойылады.