Осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көрсетілмеген салықтық тексерулер үшін тоқтата тұру мерзімі салықтық тексеру мерзіміне қосылады.
6. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, қарсы тексеруден басқа осы баптың 2 - 5-тармақтарының ережелері ескеріле отырып, құжаттық тексеру жүргізу мерзімі:
1) осы баптың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, құрылымдық бөлімшелері жоқ заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер және Қазақстан Республикасында біреуден аспайтын орналасқан жері болған кезде қызметін тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын резидент еместер үшін - алпыс жұмыс күнінен;
2) осы баптың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар және Қазақстан Республикасында біреуден көп орналасқан жері болған кезде қызметін тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын резидент еместер үшін - бір жүз сексен жұмыс күнінен;
3) мониторингке жататын ірі салық төлеушілер үшін - бір жүз сексен жұмыс күнінен аспауға тиіс.
7. Қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау бойынша тақырыптық салықтық тексерулер жүргізу, ұзарту және тоқтата тұру мерзімі осы Кодекстің 273-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген мерзімдер сақтала отырып белгіленеді.
8. Егер тексерілетін салық төлеуші демалыс және мереке күндері қызметін жүзеге асырса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімде хронометражды зерттеп-тексерулер жүргізген кезде сол күндер қосылуы мүмкін. Хронометражды зерттеп-тексерулер тәулік мерзіміндегі уақытқа қарамастан салық төлеушінің жұмыс режиміне сәйкес жүргізілуі мүмкін.
630-бап. Кезектен тыс құжаттық тексерулерді жүргізудің ерекшеліктері
1. Кезектен тыс құжаттық тексерулер:
1) бұрын тексерілген салық кезеңі үшін;
2) осы Кодекстің 628-бабында белгіленген кезең аяқталғанға дейін салықтық тексеру жүргізу қажет болғанда жүзеге асырылады.
2. Бұрын тексерілген кезеңді кезектен тыс құжаттық тексеру:
1) кешенді салықтық тексеру жүргізілген жағдайда - екі реттен артық емес;
2) тақырыптық салықтық тексеру жүргізілген жағдайда - белгілі бір салықтың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің жекелеген түрі бойынша екі реттен артық емес жүргізілген жағдайда жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағының және осы Кодекстің 628-бабының ережесі:
1) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген негіздер бойынша салықтық тексеру жүргізген;
2) салық төлеушінің (салық агентінің) бұрын тексерілген салық кезеңіне қосымша салық есептілігін осындай қосымша салық есептілігінде көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру мақсатында табыс еткен;
3) салық қызметі органының бұрын жіберілген сұрау салулары бойынша алдыңғы салықтық тексеру барысында келіп түспеген жауап алынған;
4) осы Кодекстің 608-бабында белгіленген тәртіппен камералды бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы салық органдарының хабарламасын салық төлеуші (салық агенті) орындамаған;
5) мыналарға:
резидент заңды тұлғаның, резидент емес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің бөліну жолымен қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына;
резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын қызметін тоқтатуына;
дара кәсіпкердің, жекеше нотариустың, адвокат қызметінің тоқтатылуына;
салық төлеушінің салықтық өтініші негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылуына байланысты жүргізілетін кешенді және (немесе) тақырыптық салықтық тексерулер жүргізілген;
6) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты жүзеге асырылатын кешенді және (немесе) тақырыптық салықтық тексерулер жүргізілген жағдайларда;
7) тақырыптық тексерулерді:
қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомасының дұрыстығын растау мәселесі бойынша салық төлеушінің қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген талаптары негізінде;
акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша, сондай-ақ ол бойынша лицензиар лицензия қолданысын уақытша тоқтата тұрған бұзушылықтарды жою мәселесі бойынша;
осы Кодекстің 616-бабына сәйкес салық төлеуші (салық агенті) мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуды айқындау мәселелері бойынша;
резидент еместің төленген табыс салығын бюджеттен немесе қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарт ережелеріне сәйкес шартты банк салымынан қайтаруға салықтық өтініші негізінде;
банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың салық төлеушінің (салық агентінің) банк шотынан ақшаларды есептен шығару бойынша операцияларды жүзеге асырған күні салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың, өсімпұлдардың, айыппұлдардың сомаларын уақтылы аудармау, аудармау (есепке алмау) және банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кассаларына салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды, өсімпұлдарды, айыппұлдарды төлеу есебіне қолма-қол ақша енгізу мәселелері бойынша;
соттың заңды күшіне енген үкімі немесе қаулысы негізінде жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеушімен жасалған операциялар бойынша салық міндеттемелерін айқындау мәселелері бойынша;
сот кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға ниеттенбестен жүзеге асырылған деп таныған мәміле (мәмілелер) бойынша салық міндеттемелерін анықтау мәселелері бойынша тақырыптық тексерулер жүргізген;
8) қарсы тексерулер жүргізген жағдайларда;
9) мыналарды:
салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) хабарламаға шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарылған жоғары тұрған салық қызметі органының шешіміне шағымын - осы шағымда көрсетілген мәселелер бойынша;
резидент еместің төленген табыс салығын бюджеттен немесе қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес шартты банк салымынан қайтаруға салықтық өтінішін қайта қарау туралы жүгінісін қарау барысында жүргізілген қосымша салықтық тексерулер жүргізу кезінде қолданылмайды.
4. Салық төлеушінің (салық агентінің) өзінің өтініші бойынша немесе Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген негіздер бойынша жүргізілген салықтық тексерулерді қоспағанда, кезектен тыс құжаттық тексерулер, осы Кодекстің ережелері ескеріле отырып, уәкілетті органның шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.
5. Салық төлеуші салықтық тексерудің нәтижелеріне және (немесе) жоғары тұрған салық қызметі органының хабарламаға шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарылған шешіміне сотқа шағым жасаған жағдайда, алдын ала тексерілген кезең үшін шағым жасалған мәселе бойынша кезектен тыс кешенді және (немесе) тақырыптық тексеру соттың шешімі заңды күшіне енгізілгенге дейін жүргізілмейді.
631-бап. Салықтық тексеру туралы хабарландыру
1. Салық қызметі органдары, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе:
резидент заңды тұлғаның, резидент емес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің бөліну жолымен қайта ұйымдастырылуына;
резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын қызметін тоқтатуына;
дара кәсіпкердің, жекеше нотариустың, адвокат қызметінің тоқтатылуына;
салық төлеушінің салықтық өтініші негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылуына байланысты жүргізілетін тексерулерді қоспағанда, жоспарлы кешенді және (немесе) жоспарлы тақырыптық салықтық тексеру жүргізу басталғанға дейін күнтізбелік отыз күн бұрын, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық төлеушіге (салық агентіне) жүргізілген салықтық тексеру туралы хабарламаны жібереді немесе тапсырады.
2. Хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша жіберіледі немесе тапсырылады.
Тапсырысты хатпен хабарланатын етіп почта арқылы жіберілген хабарлама почта немесе өзге байланыс ұйымының жауабы алынған күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
3. Салық төлеуші (салық агенті) тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша болмаған жағдайда, жоспарлы кешенді және (немесе) жоспарлы тақырыптық тексеру хабарландырусыз жүргізіледі.
4. Хабарламада салықтық тексерудің түрі, тексерілуге жататын мәселелердің тізбесі, қажетті құжаттардың алдын ала тізбесі, салықтық тексеру жүргізу кезіндегі салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ салықтық тексеру жүргізу үшін қажетті басқа да деректер көрсетіледі.
5. Салық қызметі органы салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру жүргізу үшін қажетті салық салуға байланысты құжаттарды жасырып қалуының немесе жойып жіберуінің негізделген тәуекелі бар болған не тексеруді жүргізуді мүмкін емес ететін немесе оны толық көлемде жүргізуге мүмкіндік бермейтін басқа да мән-жайлар болған жағдайларда салық төлеушіге (салық агентіне) тексерудің басталуы туралы хабарламастан салықтық тексеруді бастауға құқылы.
Салық органы салықтық тексеруді жоғары тұрған салық қызметі органының жазбаша рұқсатының негізінде салық төлеушіге хабарламастан жүзеге асырады.
632-бап. Салықтық тексеру жүргізуге негіз
1. Салықтық тексеру жүргізуге мынадай деректемелерді:
1) нұсқаманың салық органында тіркелген күні мен нөмірін;
2) нұсқама шығарған салық органының атауын;
3) салық төлеушінің (салық агентінің) тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) не толық атауын;
4) сәйкестендіру нөмірін;
5) тексеру түрін;
6) тексеретін тұлғалардың, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылған өзге де мамандардың лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (олар болған жағдайда);
7) тексеру жүргізілетін мерзімді;
8) тексерілетін салық кезеңін (құжаттық тексерулер кезінде) қамтитын нұсқама негіз болып табылады.
2. Рейдтік тексеру тағайындалған кезде нұсқамада аумақтың тексерілетін учаскесі, тексеру барысында анықталуға жататын мәселелер, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 7) тармақшаларын қоспағанда, 1-тармағында көзделген мәліметтер көрсетілуге тиіс.
3. Құжаттық тексерулер тағайындалған кезде нұсқамада тексеру түріне қарай тексеруге жататын:
1) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің тексерілетін түрі туралы;
2) міндетті зейнетақы жарналарын толық және уақытылы есептеу, ұстап қалу және аудару, сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды толық және уақтылы есептеу және төлеу;
3) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы Кодексте, сондай-ақ Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамалық актілерінде белгіленген міндеттерді орындауы;
4) трансферттік баға белгілеу;
5) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу;
6) салық төлеуші (салық агенті) мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуларды айқындау;
7) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын басқа да ұйымдардың салық төлеушінің (салық агентінің) банк шотынан ақшаларды есептен шығару бойынша операцияларды жүзеге асырған күні салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың, өсімпұлдардың, айыппұлдардың сомасын уақтылы аудармауы, аудармауы (есепке алмауы) және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын басқа да ұйымдардың кассаларына салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды, өсімпұлдарды, айыппұлдарды төлеу есебіне қолма-қол ақшаларды қабылдамауы;
8) соттың заңды күшіне енген үкімі немесе қаулысы негізінде жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеушімен жасасқан операциялар бойынша салық міндеттемелерін айқындау;
9) сот кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға ниеттенбестен жүзеге асырылған деп таныған мәміле (мәмілелер) бойынша салық міндеттемелерін айқындау;
10) халықаралық шарттардың (келісімдердің) ережелерінің қолданылу заңдылығы;
11) қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау;
12) салық төлеуші (салық агенті) мен оның өнім берушілерінің және сатып алушыларының арасындағы есеп айырысуларды растау мәселелері көрсетіледі.
Кешенді тексеру жүргізген кезде салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері нұсқамада көрсетілмейді.
4. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, нұсқамаға салық қызметі органының бірінші басшысы немесе оны ауыстыратын тұлға қол қоюға, ол салық органының елтаңбалы мөрімен расталуға және уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіпке сәйкес арнаулы журналда тіркелуге тиіс.
Қарсы және рейдтік салықтық тексерулер жүргізуге, сондай-ақ хронометраждық зерттеп-тексеруге нұсқамаға салық қызметі органының бірінші басшысының орынбасары қол қоюы мүмкін.
5. Осы Кодекстің 629-бабында көзделген тексеру жүргізу мерзімі ұзартылған және (немесе) тексеруді жүргізетін тұлғалар ауыстырылған және (немесе) тексерілетін салық кезеңі өзгерген жағдайда қосымша нұсқама ресімделіп, онда бұдан бұрынғы нұсқаманың нөмірі мен тіркелген күні, осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылатын тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты (олар болған жағдайда) көрсетіледі.
6. Рейдтік тексерулерді қоспағанда, бір нұсқама негізінде бір ғана салықтық тексеру жүргізілуі мүмкін.
7. Нұсқама мынадай:
1) салық төлеушінің қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау бойынша қосылған құн салығы декларациясына, сондай-ақ сол бойынша лицензиар лицензияның қолданылуын уақытша тоқтата тұрған бұзушылықтарды жою мәселесі бойынша жүргізілетін тақырыптық тексерулерді жүргізген;
2) қарсы тексерулерді жүргізген;
3) мыналарға:
резидент заңды тұлғаның, резидент емес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің бөліну жолымен қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына;
резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын қызметін тоқтатуына;
дара кәсіпкердің, жекеше нотариустың, адвокаттың қызметінің тоқтатылуына, сондай-ақ салық төлеушінің салықтық өтініші негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылуына байланысты жүзеге асырылатын құжаттық тексерулер жүргізген жағдайларды қоспағанда, салықтық тексеру жүргізу басталғанға дейін салық төлеушілердің (салық агенттерінің) қызметіне тексерулер тағайындау туралы актілердің статистикалық есебін жүргізу мен бақылау органында мемлекеттік тіркелуге жатады.
633-бап. Салықтық тексеру жүргізудің басталуы
1. Салық төлеушіге (салық агентіне) нұсқама берілген күн салықтық тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
2. Салық қызметі органының салықтық тексеру жүргізуші лауазымды адамдары салық төлеушіге (салық агентіне) өзінің қызмет куәлігін көрсетуге міндетті.
3. Салық қызметі органының салықтық тексеру жүргізуші лауазымды адамы, рейдтік тексеруді қоспағанда, салық төлеушіге нұсқаманың түпнұсқасын тапсырады. Нұсқаманың көшірмесіне салық төлеушінің (салық агентінің) нұсқамамен танысқаны және оны алғаны туралы қолы, нұсқаманы алған күні мен уақыты қойылады.
4. Рейдтік тексеру жүргізілген кезде салық төлеушіге немесе оның тауарларды өткізуді жүзеге асыратын және қызмет көрсететін қызметкеріне танысу үшін нұсқаманың түпнұсқасы көрсетіледі және оның көшірмесі тапсырылады. Түпнұсқаға салық төлеушінің немесе оның тауарларды өткізуді жүзеге асыратын және қызмет көрсететін қызметкерінің нұсқамамен таныстырылғаны және оның көшірмесін алғаны, күні және нұқсаманың көшірмесін алған уақыты туралы қолы, нұсқаманың көшірмесін алған күні мен уақыты қойылады.
5. Салық төлеуші (салық агенті) салық қызметі органы нұсқамасының данасына қол қоюдан бас тартқан жағдайда тексеру жүргізетін салық қызметі органының қызметкері куәгерлерді (екеуден кем емес) тарта отырып, қол қоюдан бас тарту туралы акті толтырады. Бұл ретте қол қоюдан бас тарту туралы актіде:
1) толтырылған орны мен күні;
2) акт жасаған салық қызметі органы лауазымды адамының тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда);
3) тартылған куәгерлердің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда), жеке куәлігінің нөмірі, тұрғылықты жерінің мекен-жайы;
4) нұсқаманың нөмірі, күні, салық төлеушінің (салық агентінің) атауы, оның сәйкестендіру нөмірі;
5) нұсқамаға қол қоюдан бас тартудың мән-жайлары көрсетіледі.
6. Салық төлеушінің (салық агентінің) нұсқаманы алудан бас тартуы салықтық тексеру жүргізудің күшін жоюға негіз болып табылмайды.
7. Салық төлеушінің салық қызметі органы нұсқамасының данасына қол қоюдан бас тартуы, салық қызметі органдарының лауазымды адамдарын салықтық тексеруге жібермеуді білдіреді.
Осы тамақтың ережелері осы Кодекстің 636-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайларға қолданылмайды.
8. Салықтық тексеруді жүзеге асыру кезеңінде аталған тексеруді салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша тоқтатуға жол берілмейді.
634-бап. Хронометраждық зерттеп-тексеру жүргізудің ерекшеліктері
1. Хронометраждық зерттеп-тексеру жүргізу кезінде салық төлеуші және (немесе) оның өкілі қатысады.
2. Хронометраждық зерттеп-тексеру жүргізу үшін салық қызметі органдары зерттеп-тексерілетін салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объекті бойынша мәселелерді дербес айқындайды. Бұл ретте міндетті түрде мыналар:
1) салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер. Салық қызметі органдарының қажет болғанда салық төлеушінің тауарлық-материалдық құндылықтарына түгендеу жүргізуге құқығы бар;
2) ақшасының, ақша құжаттарының, бухгалтерлік кітаптардың, есептердің, сметалардың, бағалы қағаздардың, есеп-қисаптардың, декларациялардың және зерттеп-тексерілетін салық салу объектілерімен және (немесе) салық салуға байланысты объектілерімен байланысты өзге де құжаттардың болуы;
3) бақылау-касса машинасының фискалды есебі зерттеп-тексерілуге тиіс.
3. Хронометраждық зерттеп-тексеруді жүргізу кезінде хронометраждық зерттеп-тексеру жүргізуші салық қызметі органдарының лауазымды адамдары күнделікті хронометраждық-бақылау картасына зерттеп-тексеру барысында алынған мәліметтердің толық және нақты енгізілуін қамтамасыз етуге тиіс. Әрбір салық салу объектісіне және (немесе) салық салуға байланысты объектіге, сондай-ақ басқа да әрбір табыс алу көзіне бөлек хронометраждық-бақылау картасы жасалады, олар мынадай мәліметтерді:
1) салық төлеушінің атауын, сәйкестендіру нөмірін және қызмет түрін;
2) зерттеп-тексеруді жүргізу күнін;
3) салық салу объектісінің және (немесе) салық салуға байланысты объектісінің орналасқан жерін;
4) хронометраждық зерттеп-тексерудің басталу және аяқталу уақытын;
5) салық салу объектісін және (немесе) салық салуға байланысты объектіні, өткізілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құнын;
6) зерттеп-тексерілетін салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объекті бойынша деректерді;
7) зерттеп-тексеру нәтижелерін;
8) басқа да деректерді қамтиды.
4. Күнделікті зерттеп-тексеру жүргізілетін күн соңында барлық зерттеп-тексерілетін салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер, сондай-ақ басқа да әрбір табыс алу көздері бойынша жиынтық кесте жасалады.
5. Хронометраждық-байқау картасы мен жиынтық кестеге салық қызметі органының лауазымды адамы және салық төлеуші немесе оның өкілі міндетті түрде қол қояды және ол хронометраждық зерттеп-тексеру актісіне қоса беріледі.
Хронометраждық-байқау картасына қажет болған кезде құжаттардың көшірмелері, хронометраждық-бақылау картасында көрсетілген деректерді растайтын зерттеп-тексеру барысында алынған есептер және басқа да материалдар қоса беріледі.
6. Салық төлеушілерді хронометраждық зерттеп-тексерудің нәтижелері кешенді немесе тақырыптық салықтық тексеру қорытындысы бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомаларын есепке жазу кезінде ескеріледі.
635-бап. Қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының
дұрыстығын растау бойынша салық төлеушінің қосылған
құн салығы бойынша декларациясында көрсетілген
талаптар негізінде тақырыптық тексерулер жүргізу тәртібі
1. Қайтаруға жататын қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау бойынша тақырыптық тексеру асып кеткен соманы қайтару туралы талап көрсетіле отырып, қосылған құн салығы бойынша декларация ұсынған салық төлеушіге қатысты жүргізіледі.
2. Тексерілетін салық кезеңіне асып кеткен соманы қайтару туралы талап көрсетіле отырып, қосылған құн салығы бойынша декларация ұсынған салық кезеңі, сондай-ақ осы салық түрі бойынша тексеру жүргізілмеген, бірақ осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімінен аспайтын алдыңғы кезең де енгізіледі.
3. Тауарлар экспорты жағдайында осы Кодекске сәйкес қайтарылуға жататын қосылған құн салығы сомасын айқындау кезінде уәкілетті орган кеден ісі мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша бекіткен нысанда және тәртіппен табыс етілген кеден органының Қазақстан Республикасының кеден аумағынан экспорт режимінде тауарлар әкету фактісін растайтын мәліметтері ескеріледі.
Қазақстан Республикасының кеден аумағынан экспорт режимінде тауарларды әкету фактісін растайтын мәліметтер үшін кеден органы жауаптылықта болады.
4. Тауарлардың экспорты жағдайында қайтарылуға жататын қосылған құн салығының сомасын айқындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте ашылған төлеушінің банк шоттарына валюталық түсім түсірген не Қазақстан Республикасының аумағына сыртқы сауда тауар айырбасы жөніндегі (бартерлік) операциялар бойынша экспортталған тауарларды сатып алушы қосылған құн салығын төлеушіге жеткізілетін тауарларды нақты әкелу жүзеге асырылған тауарлардың экспорты есепке алынады.
Сыртқы сауда тауар айырбасы жөніндегі (бартерлік) операциялар бойынша тауарлар экспорты болған жағдайда, қайтарылуға тиіс қосылған құн салығының сомасын айқындау кезінде, сыртқы сауда тауар айырбасы жөніндегі (бартерлік) шарттың (келісімшарттың), сондай-ақ сыртқы сауда тауар айырбасы жөніндегі (бартерлік) операция бойынша экспортталған тауарлардың қосылған құн салығын төлеушіге сатып алушы жеткізген тауарлар бойынша импорттық кедендік жүк декларациясының болуы есепке алынады.
Валюталық түсімнің түсуі туралы салық қызметі органдарына қорытынды беруді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімі бойынша уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысан бойынша екінші деңгейдегі банктер жүзеге асырады.
Осы қорытындыны алу үшін салық қызметі органдары салықтық тексеру басталған күніндегі жағдай бойынша валюталық түсімнің түсуі туралы тиісті сұрау салу жібереді.
5. Тақырыптық салықтық тексеру жүргізу барысында салық органы тексеру жүргізілетін салық төлеушінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тікелей берушілеріне қарсы тексеру тағайындауы мүмкін. Егер тексеру жүргізілетін салық төлеушінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тікелей берушілері қосылған құн салығы бойынша басқа салық органында тіркелу есебінде тұратын болса, тақырыптық тексеруді тағайындаған салық органы тиісті салық органына қарсы тексеру жүргізу туралы сұрау салу жібереді.
6. Қосылған құн салығы сомаларын қайтаруды талап еткен салық төлеуші мен оның тікелей өнім берушісі - мониторингке жататын ірі салық төлеушісі арасындағы операциялар бойынша қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растауды тақырыптық тексеруді тағайындаған салық органы уәкілетті органнан осындай салық органы жіберген сұрау салауға алынған қосылған құн салығы сомаларын растау туралы мәліметтердің негізінде жүргізеді.
Уәкілетті органға сұрау салу осы баптың 8-тармағында көзделген тәртіппен сұрау салуды жіберу туралы шешім қабылданған тікелей өнім берушіге - мониторингке жататын ірі салық төлеушіге қатысты жіберіледі.