2. Банкрот деп танылған салық төлеушіні (салық агентін) тарату тәртібі Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
621-бап. Салық берешегі бар салық төлеушілердің (салық
агенттерінің) тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау
1. Салық қызметі органдары салық берешегі туындаған күннен бастап алты ай ішінде өтелмеген:
заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 150 еселенген мөлшерінен асатын мөлшердегі;
дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустар мен адвокаттардың - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен асатын мөлшердегі салық берешегі бар салық төлеушілердің (салық агенттерінің) тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Бұл ретте тізімде салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) не атауы, экономикалық қызмет түрі, сәйкестендіру нөмірі, салық төлеуші (салық агенті) басшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) және салық берешегінің жалпы сомасы көрсетіледі.
2009.10.07. № 178-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған салық төлеушілер (салық агенттері) тізімі осы бапта көрсетілген өлшемдерге сәйкес салық төлеушілерді (салық агенттерін) тізімге енгізу, сондай-ақ салық берешегін өтеген және салықтық міндеттемелері тоқтатылған салық төлеушілерді тізімнен шығарып тастау арқылы аяқталған тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей тоқсан сайын жаңартылады.
622-бап. Дара кәсіпкер, жекеше нотариус, адвокат болып табылмайтын салық төлеуші жеке тұлғаның салық берешегін өндіріп алу
1. Дара кәсіпкер, жекеше нотариус, адвокат болып табылмайтын салық төлеуші жеке тұлға салық берешегінің сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда салық органы сот бұйрығын шығару туралы өтінішпен немесе аталған салық төлеушінің мүлкі есебінен салық берешегі сомасын өндіріп алу туралы талап-арызбен сотқа жүгінеді.
2. Сот бұйрығын шығару туралы өтініш немесе дара кәсіпкер, жекеше нотариус, адвокат болып табылмайтын салық төлеуші жеке тұлғаның салық берешегі сомасын өндіріп алу туралы талап-арыз бойынша іс қарау Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
3. Дара кәсіпкер, жекеше нотариус, адвокат болып табылмайтын салық төлеуші жеке тұлғаның салық берешегі есебіне оның мүлкін өндіріп алуды Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен атқарушылық іс жүргізу органдары жүргізеді.
87-тарау. ІРІ САЛЫҚ ТӨЛЕУШІЛЕР МОНИТОРИНГІ
623-бап. Жалпы ережелер
1. Ірі салық төлеушілер мониторингі (бұдан әрі - осы тараудың мақсаты үшін - мониторинг) ірі салық төлеушілердің нақты салық салынатын базасын анықтау, Қазақстан Республикасының салық заңнамасының сақталуын және трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауды жүзеге асыру мақсатында қолданылатын нарықтық бағаларды бақылау мақсатында олардың қаржылық-шаруашылық қызметін талдау жолымен жүзеге асырылады.
2. Мониторингке, осы Кодекстің 99-бабында көзделген түзетулерді есепке алмағанда, анағұрлым көп жылдық жиынтық табысы бар үш жүз ірі салық төлеуші жатады.
Түзетуді есепке алмағандағы жылдық жиынтық табыс мониторингке жататын ірі салық төлеушілер тізбесін бекітудің алдындағы жылдың салық кезеңі үшін корпоратиівтік табыс салығы бойынша декларация деректері негізінде айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мониторингке жататын ірі салық төлеушілер тізбесін аталған тізбе қолданысқа енізілетін жылдың алдындағы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.
Егер мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесін қолданысқа енгізер жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сай келетін салық төлеуші таратылу алдында тұрса, мұндай салық төлеуші бұл тізбеге енгізілуге жатпайды.
Мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің бекітілген тізбесі оны бекіткен жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізіледі.
Мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің бекітілген тізбесі қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл бойына қолданыста болады және осы кезең ішінде қайта қаралуға жатады
4. Мониторингке жататын ірі салық төлеуші қайта ұйымдастырылған жағдайда оның құқық мирасқоры (құқық мирасқорлары) мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің келесі тізбесі қолданысқа енгізілгенге дейін мониторингке жатады.
5. Мониторингке жататын ірі салық төлеуші таратылған жағдайда, сондай-ақ оны банкрот деп тану туралы сот шешімі күшіне енгізілген күннен бастап аталған салық төлеуші мониторингке жататын ірі салық төлеушілер тізбесінен шығарып тасталған деп танылады.
624-бап. Мониторинг бойынша есептілікті ұсыну тәртібі мен мерзімі
1. Мониторингке жататын ірі салық төлеушілер мониторинг бойынша есептілікті электронды цифрлы қолтаңбамен расталған электронды құжат нысанында табыс етеді.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мониторинг бойынша есептілікке мыналар жатады:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кітабы;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кітабы;
3) бухгалтерлік баланс;
4) өндірілген және сатып алынған тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қозғалысы туралы есеп;
5) өндірілген өнімнің, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің өзіндік құны;
6) қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есеп;
7) дебиторлық және кредиторлық берешекті таратып жазу.
3. Мониторингке жататын және банктік қызметті, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде не Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне сәйкес жүзеге асыратын ірі салық төлеушілерге арналған мониторинг бойынша есептілікке мыналар жатады:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кітабы;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кітабы;
3) бухгалтертерлік баланс;
4) кірістер мен шығыстар туралы есеп;
5) дебиторлық және кредиторлық берешекті таратып жазу.
4. Мониторингке жататын ірі салық төлеушілер болып табылатын сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдары үшін мониторинг бойынша есептілікке мыналар жатады:
1) сақтандыру қызметі туралы есеп;
2) бухгалтерлік баланс;
3) кірістер мен шығыстар туралы есеп.
5. Мониторингке жататын және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері бойынша қызметті, сондай-ақ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша қызметті жүзеге асыратын ірі салық төлеушілерге арналған мониторинг бойынша есептілікке мыналар жатады:
1) зейнетақы активтері бойынша есеп;
2) зейнетақы активтерін басқару бойынша есеп;
3) бухгалтерлік баланс;
4) кірістер мен шығыстар туралы есеп.
6. Мониторингке жататын ірі салық төлеушілер осы баптың 2-5-тармақтарында көрсетілген есептілікті есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысандар бойынша тоқсан сайын ұсынып отырады.
Егер мониторинг бойынша есептілік нысандарын ұсыну мерзімінің соңғы күні жұмыс күні болмаса, ұсыну мерзімі келесі жұмыс күні болып табылады.
88-тарау. ТӘУЕКЕЛДЕРДІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ
625-бап. Жалпы ережелер
1. Тәуекелдерді басқару жүйесі тәуекелдерді бағалауға негізделген және тәуекелді анықтау және алдын алу мақсатында салық қызметі органдары әзірлейтін және (немесе) қолданатын шараларды қамтиды. Тәуекелдерді бағалау нәтижелері негізінде салық бақылауының нысандарын саралап қолдану жүзеге асырылады.
2. Тәуекел - салық төлеушінің (салық агентінің) мемлекетке нұқсан келтіретін және (немесе) нұқсан келтіруі мүмкін салық міндеттемесін орындамау және (немесе) толық орындамау ықтималдығы.
3. Салық қызметі органдарының тәуекелдерді басқару жүйелерін қолдану мақсаттары:
1) назарын тәуекелі жоғары салаларға шоғырландыру және қолда бар ресурстарды анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
2) салық салу саласында бұзушылықтарды анықтау бойынша мүмкіндіктерді кеңейту.
4. Тәуекелдерді басқару жүйесі салық бақылауын жүзеге асыру кезінде, оның ішінде:
1) салық тексерулерін жүргізу үшін;
2) осы Кодекстің 274-бабының ережелері ескеріле отырып, қосылған құн салығының асып кеткен соманы қайтарудың оңайлатылған тәртібіне құқықты айқындау үшін салық төлеушілерді (салық агенттерін) іріктеу мақсатында пайдаланылады.
5. Тәуекелдерді бағалау уәкілетті орган бекітетін және құпия ақпарат болып табылатын тәуекел көрсеткіштерінің, тәуекелдерді айқындау критерийлерінің, салық төлеушілерді тәуекел санатына жатқызу өлшемдерінің негізінде жүзеге асырылады.
6. Тәуекелдерді басқару жүйесі тәуекелдерді басқарудың ақпараттық жүйесін қолдана отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
626-бап. Салық қызметі органдарының тәуекелдерді бағалау
және басқару жөніндегі іс-қимылдары
Салық қызметі органдары салық төлеуші (салық агенті) ұсынған салық есептілігінің деректеріне, уәкілетті органдардан алынған мәліметтерге, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы басқа да құжаттарға және (немесе) мәліметтерге талдауды жүзеге асырады.
Мұндай талдаудың нәтижелерін салық қызметінің органдары осы Кодекстің 625-бабында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдаланады.
89-тарау. САЛЫҚТЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР
§ 1. Салықтық тексерулер ұғымы, типтері мен түрлері
627-бап. Салықтық тексерулер ұғымы, типтері мен түрлері
1. Салықтық тексеру - салық қызметі органдары:
1) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының, сондай-ақ орындалуын бақылау салық қызметі органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының орындалуын;
2) тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) кәсіпкерлік қызметімен байланысты мәселелер бойынша тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтер алу үшін тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) қызметіне қатысты құжаттары, ақпараттары бар адамдарды;
3) салықтық тексерудің нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) жоғары тұрған салық органы қызметінің хабарламаға шағымды қараудың нәтижелері бойынша шығарған шешіміне шағым берген салық төлеушіден (салық агентінен) қосымша мәліметтер алу үшін жүргізетін тексеру.
2. Қажет болған кезде салық қызметі органдары салықтық тексеру барысында:
оның орналасқан жеріне қарамастан салық салу объектісі және (немесе) салық салумен байланысты объекті болып табылатын мүлікті зерттеп-тексеруді;
салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкін (тұрғын үйінен басқа) түгендеуді жүргізуі мүмкін.
Мыналар:
нұсқамада көрсетілген салық қызметі органдарының лауазымды адамдары және осы Кодекске сәйкес салық қызметі органдары тексеру жүргізуге тартатын өзге де адамдар;
рейдтік тексеру кезінде - нұсқамада көрсетілген аумақтың учаскесінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын салық төлеуші;
салықтық тексерудің басқа түрлері кезінде - нұсқамада көрсетілген салық төлеуші салықтық тексерулерге қатысушылар болып табылады.
Арнайы білімді және дағдыларды талап ететін мәселелерді зерттеп-тексеру, консультация алу үшін салық қызметі органы салықтық тексерудің нәтижесіне мүдделі емес маманды салықтық тексеруге тартуы мүмкін.
Салықтық тексеруге қатысушы болып табылатын салық қызметі органы лауазымды адамының жазбаша түрде қойған сұрақтары бойынша салықтық тексеруге тартылған маман қорытынды жасайды, ол салықтық тексеру барысында пайдаланылады. Мұндай жазбаша сұрақтар мен қорытындылардың көшірмесі салықтық тексеру актісіне, соның ішінде салық төлеушіге табыс етілетін салықтық тексеру актісінің данасына қоса беріледі.
Салық қызметі органы маманды салықтық тексеруге тартқан жағдайда салық төлеуші өз тарапынан маманды тартуға құқылы, оның қорытындысы салық төлеуші маманының қорытындысын салық қызметі органына салықтық тексеру актісіне қол қойылған күннен кешіктірмей ұсынған жағдайда, салықтық тексеру актісіне қоса беріледі.
3. Салықтық тексерулерді тек қана салық қызметі органдары жүзеге асырады.
4. Салықтық тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) құжаттық тексеру;
2) рейдтік тексеру;
3) хронометраждық зерттеп-тексеру.
5. Құжаттық тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) кешенді тексеру - салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің барлық түрлері бойынша салық міндеттемелерінің орындалуы, міндетті зейнетақы жарналарының толық және уақтылы есептелуі мен аударылуы және әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы есептелуі мен төленуі бойынша салық қызметі органы салық төлеушіге қатысты жүргізетін тексеру.
Кешенді тексеруге тақырыптық тексеру мәселелері де енгізілуі мүмкін.
Жүргізілуі осы Кодекстің 37-40-42-баптарында көзделген құжаттық тексеру тарату тексеруі болып табылады және ол кешенді тексеруге жатады;
2) тақырыптық тексеру - мыналар:
салықтың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлері бойынша салық міндеттемесінің орындалуы;
міндетті зейнетақы жарналарының толық және уақтылы есептелуі, ұсталуы мен аударылуын, сондай-ақ әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы есептелуі мен төленуі;
банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы Кодексте, сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндеттерді орындауы;
трансферттік баға белгілеу;
акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу;
соттың заңды күшіне енген үкімінің немесе қаулысының негізінде жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеушімен жасасқан операциялар бойынша салық міндеттемелерін айқындау;
сот кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға ниеттенбестен жүзеге асырылған деп таныған мәміле (мәмілелер) бойынша салық міндеттемелерін анықтау мәселелері бойынша;
салық төлеуші (салық агенті) мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуды айқындау;
халықаралық шарттардың (келісімдердің) ережелерін қолдану заңдылығы;
қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау;
резидент еместің салықтық өтініші және төленген табыс салығын бюджеттен немесе қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың негізінде шартты банк салымынан қайтару;
салық органдарының осы Кодекстің 608-бабында белгіленген тәртіппен камералды бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын салық төлеушінің (салық агентінің) орындамауы мәселелері бойынша салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты салық қызметі органы жүргізетін тексеру.
Бұл ретте тақырыптық тексеру бір мезгілде осы тармақшада көрсетілген бірнеше мәселелер бойынша жүргізілуі мүмкін. Тақырыптық тексеру бюджетке төленетін салықтың барлық түрлері және басқа да міндетті төлемдер бойынша міндеттемелердің орындалуына тексеру жүргізуді көздемейді;
3) қарсы тексеру - салық қызметі органы салық төлеушімен (салық агентімен) операцияларды жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты жүргізетін тексеру, салық қызметі органдары аталған салық төлеушіні тексеру барысында пайдалану үшін осындай операциялар туралы қосымша ақпарат алу мақсатында оған қатысты тақырыптық және кешенді тексеру жүргізеді.
Қарсы тексеру кешенді, тақырыптық және қосымша тексерулерге қатысты қосалқы тексеру болып табылады.
4) қосымша тексеру - салық қызметі органының шешімі негізінде мыналарды:
салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексерудің нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) жоғары тұрған салық қызметі органының шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарылған шешіміне салық төлеушінің (салық агентінің) шағымында жазылған мәселелер бойынша шағымын;
төленген табыс салығын бюджеттен немесе қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес шартты банк салымынан қайтаруға резидент еместің салықтық өтінішін қайта қарау туралы өтінішін қарайтын тексеру.
Қосымша тексеру салық төлеушінің (салық агентінің) шағымы бойынша шешім шығару үшін қажетті қосымша ақпарат алу мақсатында және төленген табыс салығын бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға резидент еместің салықтық өтінішін қайта қарау кезінде жүргізіледі.
6. Рейдтік тексеру - салық қызметі органы аумақтың белгілі бір учаскесінде осындай аумақта кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жекелеген салық төлеушілерге қатысты олардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауына мынадай:
1) салық органдарында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін сақтау;
3) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін лицензиялау ережелерін және өндіру, сақтау және өткізу шарттарын сақтау;
4) салық органы шығарған касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін орындау мәселелері бойынша жүргізетін тексеру.
Рейдтік тексерулер жүргізуге қатысу үшін қоғамдық бірлестіктердің (бизнес-қоғамдастықтардың) өкілдері осындай бірлестіктердің келісімі бойынша тартылуы мүмкін.
Қоғамдық бірлестіктердің (бизнес-қоғамдастықтардың) өкілдері рейдтік тексеру жүргізу кезінде салық төлеушінің құқықтары сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Рейдтік тексеру актісінде қоғамдық бірлестіктер (бизнес-қоғамдастықтар) өкілдерінің қатысу фактісі тіркеледі.
7. Хронометраждық зерттеп-тексеру - салық органдары салық төлеушінің зерттеп-тексеру жүргізілетін кезең ішіндегі нақты табысын және табыс алуға байланысты нақты шығындарын анықтау мақсатында жүргізетін тексеру.
8. Салықтық тексеру жүргізу, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) қызметін тоқтата тұрмауға тиіс.
9. Салықтық тексерулер мынадай типтерге бөлінеді:
1) жоспарлы тексеру - салықтық тексерулер жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын кешенді және тақырыптық тексерулер, оны салық қызметі органы тоқсан сайын бекітіп отырады. Салықтық тексерулер жоспары салық төлеуші (салық агенті) ұсынған салық есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді талдау негізінде жасалады;
2) жоспардан тыс тексеру - осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген, оның ішінде салық төлеушінің (салық агентінің) өзінің өтініші бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылатын салықтық тексерулер.
10. Салық қызметі органдары заңды тұлғаның өзіне салықтық тексерудің жүргізілуіне қарамастан заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерін тексеруге құқылы.
Салық төлеушінің құрылымдық бөлімшенің таратылуына байланысты салықтық тексеру жүргізуге салықтық өтініш беру жағдайларын қоспағанда, резидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін тіркеу есебінен шығарған кезде тарату салықтық тексеруі жүргізілмейді.
11. Құжаттық тексеруге жататын кезең осы Кодекстің 46-бабына сәйкес белгіленген талап қою мерзімінен аспауға тиіс.
12. Салық қызметі органдары камералдық тексерудің нәтижелері бойынша соттың заңды күшіне енген үкімінің немесе қаулысының негізінде жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеушімен жасасқан операциялар бойынша салық міндеттемелерін айқындау мәселелері бойынша бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, осындай операциялар және (немесе) мәміле (мәмілелер) жасалған салықтық кезең ішінде салық қызметі органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық қызметі органдары анықтаған бұзушылықтар жойылғанға және осы Кодекстің 608-бабының 2-тармағында көзделген мерзім өткенге дейін салықтық тексерулер жүргізілмейді.
Жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеуші туралы ақпарат салық қызметі органы соттың заңды күшіне енген үкімін немесе қаулысын алғашқы алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органның сайтында орналастырылады.
§ 2. Салықтық тексерулер жүргізудің тәртібі мен мерзімі
628-бап. Салықтық тексерулер жүргізудің мерзімділігі
Салықтық тексерулер мынадай мерзімділікпен:
1) кешенді тексерулер - осы Кодекстің 630-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жылына бір реттен жиі емес;
тақырыптық тексерулер - осы Кодекстің 630-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 627-бабы 5-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген сол бір мәселе бойынша жылына бір реттен жиі емес:
2) қарсы тексерулер - салық төлеушінің (салық агентінің) жүргізілген операцияларды салық есебінде дұрыс көрсеткені туралы қосымша ақпарат алу қажет болған кезде;
3) рейдтік тексерулер - салық төлеуші табыс еткен салық есептілігіне, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтеріне, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерге талдау жүргізу нәтижелерінің алынуына қарай;
4) хронометраждық зерттеп-тексерулер - салық төлеуші ұсынған салық есептілігіне, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтеріне, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерге талдау жүргізу нәтижелерінің алынуына қарай жүргізіледі.
629-бап. Салықтық тексерулер жүргізудің мерзімі
1. Нұсқамада көрсетілетін салықтық тексерулер жүргізудің мерзімі, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, нұсқама тапсырылған кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
2. Салықтық тексеру жүргізу мерзімін:
1) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, құрылымдық бөлімшелері жоқ заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер және Қазақстан Республикасында орналасқан жері бір орыннан аспайтын жағдайда қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместер үшін:
салықтық тексеруді тағайындаған салық органы - қырық бес жұмыс күніне дейін;
жоғары тұрған салық қызметі органы - алпыс жұмыс күніне дейін;
2) құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар және Қазақстан Республикасында орналасқан жері бір орыннан асатын жағдайда қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместер, сондай-ақ мониторингке жататын ірі салық төлеушілер үшін:
салықтық тексеруді тағайындаған салық органы - жетпіс бес жұмыс күніне дейін;
жоғары тұрған салық қызметі органы бір жүз сексен жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.
3. Уәкілетті орган өзі тағайындаған салықтық тексеру мерзімін:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілер үшін - алпыс жұмыс күніне дейін;
2) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілер үшін бір жүз сексен жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.
4. Салықтық тексеру мерзімінің жүргізілуі салық төлеушіге (салық агентіне) салық қызметі органының мәліметтер мен құжаттарды беру туралы талаптарын тапсыру күні мен салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру жүргізу кезінде сұрау салынған мәліметтер мен құжаттарды беру күні арасындағы, сондай-ақ басқа аумақтық салық органдарына, мемлекеттік органдарға, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасы аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға салық қызметі органының сұрау салуы жіберілген күн мен аталған сұрау салу бойынша мәліметтер мен құжаттарды алған күн арасындағы уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады.
Салықтық тексеру мерзімінің жүргізілуі шетел мемлекетіне ақпарат беру туралы сұрау салу жіберілген күн мен салық қызметі органдарының халықаралық келісімдерге сәйкес жіберілген сұрау салу бойынша мәліметтер алған күн арасындағы уақыт кезеңіне де тоқтатыла тұрады.
5. Осы баптың 4-тармағында белгіленген негіздер бойынша тоқтатыла тұру мерзімі:
1) мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің;
2) резидент заңды тұлғаның таратылуына, резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын қызметін тоқтатуына, дара кәсіпкердің қызметінің, жекеше нотариустың, адвокат қызметінің тоқтатылуына байланысты жүргізілетін салықтық тексеру;
3) трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша заңды тұлғалардың тақырыптық тексерулерінің;
4) қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау бойынша тақырыптық тексерулерінің салықтық тексеру мерзіміне кірмейді.