Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгi туралы 1998 ж.
26 маусымдағы № 233-1 Қазақстан Республикасының Заңы
(2007.07.08. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2009 жылғы 10 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 5 баптар)
2-тарау. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесi және (6 - 8 баптар)
оның негiзгi мiндеттерi
3-тарау. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан (9 - 15 баптар)
Республикасы Парламентiнiң, Үкіметінiң, соттарының,
мемлекеттік органдары мен меншiк нысандарына
қарамастан ұйымдарының ұлттық қауiпсiздiктi
қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiктерi
4-тарау. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету (16 - 25 баптар)
5-тарау. Қорытынды ережелер (26 - 29 баптар)
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының тәуелсiз егемендi мемлекет ретiнде дамуының басты шарты болып табылады.
Осы Заң мемлекеттік органдардың, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың және азаматтардың ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы құқықтық қатынастарын реттейдi, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң мақсатын, жүйесi мен бағыттарын белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 28.04.00 ж. № 45-11 Заңымен ; ; 2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді
1-бап . Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
сыртқы қауiпсiздiк - Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерiнiң шет мемлекеттер, шетелдiк ұйымдар мен азаматтар тарапынан туындайтын қауiп-қатерден қорғалуының жай-күйi;
әскери қауiпсiздiк - Қазақстан Республикасының ел тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына әскери сипатта төндiрiлетiн нақты және ықтимал қауiп-қатер мен қол сұғушылықтан қорғалуының жай-күйi;
ақпараттық қауiпсiздiк - мемлекеттік ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ ақпарат саласында жеке адамның құқықтары мен қоғам мүдделерi қорғалуының жай-күйi;
ұлттық қауiпсiздiк тұжырымдамасы - жеке адам мен азаматтардың конституциялық құқықтарын, Қазақстан қоғамның құндылықтарын, түпқазық мемлекеттік институттарды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ресми қабылданған көзқарастар мен шаралар жүйесi;
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi (бұдан әрi ұлттық қауiпсiздiк) - елдiң ұлттық мүдделерiнiң нақты және ықтимал қауiп-қатерден қорғалуының жай-күйi;
Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi (бұдан әрi - ұлттық мүдделер) - iске асырылуына мемлекеттiң адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын, Қазақстан қоғамы құндылықтарын, түпқазық мемлекеттік институттарды қорғауды қамтамасыз ету қабiлетi байланысты болатын Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық әлеуметтiк және басқа да қажеттерiнiң жиынтығы;
қоғамдық қауіпсіздік - Қазақстан азаматтары өмірінің, денсаулығының және игілігінің, сондай-ақ Қазақстан қоғамы құндылықтарының оларға залал келтіре алатын ықтимал қауіптер мен қатерлерден саяси-құқықтық, рухани-адамгершілік, әлеуметтік қорғалуы;
ұлттық қауiпсiздiк объектiлерi - жеке адам, оның құқықтары мен бостандықтары, қоғам, оның материалдық және рухани құндылықтары, мемлекет, оның конституциялық құрылысы, тәуелсiздiгi және аумақтық тұтастығы;
ұлттық қауiпсiздiк субъектiлерi - өз өкiлеттiгiн билiктiң заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi тармақтарының органдары арқылы жүзеге асыратын мемлекет, азаматтар мен ұйымдар;
ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп-қатер - ұлттық мүдделердi iске асыруға кедергi жасайтын немесе оларға қауiп төндiретiн жағдайлардың, процестер мен факторлардың жиынтығы;
экологиялық қауiпсiздiк - жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өмiрлiк маңызды мүдделерi мен құқықтарының қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсерлер салдарынан туындайтын қауiп-қатерден қорғалуының жай-күйi;
экономикалық қауiпсiздiк - Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының оның тұрақты дамуы мен экономикалық тәуелсiздiгiне қатер төндiретiн iшкi және сыртқы жағдайлардан, процестер мен факторлардан қорғалуының жай-күйi.
2-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдары
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
3-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету принциптерi
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң принциптерi:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі қызметтi жүзеге асыру кезiнде заңдылықты сақтау;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiнiң бiр-бiрiне жедел хабардар етiп отыруы және келісілген iс-қимыл жасауы;
3) ұлттық қауiпсiздiктiң барлық түрлерiнiң бiрлiгi, өзара байланысы және теңестiрiлгендiгi;
4) саяси, экономикалық және ақпараттық шаралардың басымдығы;
5) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өзара жауапкершiлiгi;
6) ұлттық қауiпсiздiктi қорғау жөніндегі iс-әрекеттiң күллi жиынтығын iске асыруды бақылау болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi
Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi:
1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;
2) елде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты сақтау;
3) Қазақстанның бүкiл халқының игiлiгi үшiн экономикалық даму;
4) қазақстандық патриотизмдi тәрбиелеу және Қазақстан халқының бiрлiгiн нығайту;
5) Қазақстан қоғамының материалдық және рухани құндылықтарын сақтау мен еселей түсу;
6) Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының, оның iшiнде мемлекеттік тәуелсiздiгiнiң, бiрегей құрылысы мен президенттiк басқару нысанының, тұтастығының, мемлекеттік шекарасына қол сұғылмаушылық пен ел аумағының бөлiнбестiгiнiң бұлжымас берiктiгi;
7) мемлекеттік институттардың тұрақты жұмыс iстеуi, оларды нығайту және қызметiнiң пәрмендiлiгiн арттыру;
8) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларының жарақталуы мен жауынгерлiк әзiрлiгiн қамтамасыз ету;
9) заңдарды бұлжытпай орындау және құқық тәртібін сақтау;
10) әрiптестiк негiзiнде халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне төнетiн қауiп-қатер
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне төнетiн қауiп-қатерлер мыналар:
1) заңдылық пен құқық тәртібінiң әлсiреуi, оның iшiнде ұйымдасқан нысандарын қоса алғанда қылмыстылықтың өсуi, мемлекеттік органдардың қылмыстық құрылымдармен астасуы, лауазымды адамдардың капиталдың заңсыз айналымына сүйеушi болуы, сыбайлас жемқорлық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалу дәрежесi төмендеуiне ықпал ететiн қару мен есiрткi заттардың заңсыз айналысы;
2) конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған iс-әрекет, оның iшiнде Қазақстан Республикасының бiрегей құрылысына, тұтастығына, қол сұғылмаушылығына, аумағының бөлiнбестiгiне қиянат келтiретiн iс-әрекет;
3) елдiң қорғаныс қабiлетiнiң әлсiреуi, мемлекеттік шекараның қол сұғылмаушылығына төнген қауiп-қатер, Қазақстан Республикасына қатысты күш қолдану, оған қарсы агрессия;
4) шет мемлекеттердiң арнаулы қызметтерi мен ұйымдарының, сондай-ақ жеке адамдардың Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге бағытталған барлаушылық, террорлық, диверсиялық және өзге де iс-әрекеттерi;
5) мемлекеттік органдардың қызметiне iрiткi салу, олардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн бұзу, елдiң басқарылу дәрежесiн төмендету;
6) кез келген нысандағы саяси экстремизм, оның iшiнде әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты немесе алаусыздықты қоздыру;
7) ұлтаралық және конфессияаралық жанжалдардан, жаппай тәртiпсiздiктерден, рұқсат етiлмеген жиналыстардан, митингiлерден, шерулер мен демонстрациялардан, заңсыз тосқауылдар мен ереуiлдерден көрiнетiн әлеуметтiк-саяси жағдайдың шиеленiсуi;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құру;
9) экологиялық жағдайдың күрт нашарлауы, табиғи апаттар мен табиғи және техногендiк сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар, жұқпалы аурулар мен iндеттер;
10) стратегиялық ресурстардың ел мүдделерiне кереғар пайдаланылуын, инвестициялық белсендiлiктiң артуына, соның iшiнде Қазақстан Республикасына шетелдiк инвестициялардың құйылуына кедергi жасауды қоса алғанда, мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, капиталды елден сыртқа бақылаусыз әкетуi;
11) демографиялық жағдайдың нашарлауы, соның iшiнде бала туудың күрт төмендеуi, өлiм-жітiмнiң көбеюi, бақылаусыз көшi-қон процестерiнiң туындауы;
12) елдiң білім және интеллектуалдық әлеуетi сапасының нашарлауы;
13) елдiң ұлттық мүдделерiн қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлердiң жетiлдiрiлмегендiгi немесе болмауы.
2-тарау. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесi
және оның негiзгi мiндеттерi
6-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесi
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiн қолданылып жүрген заңдардың негiзiнде және бiрыңғай мемлекеттік саясат шеңберiнде оны қамтамасыз ететiн, бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайтын күштер, өз құзыретi шегiнде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн бүкiл жауапкершiлiктi толық мойнына алатын өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар құрайды.
7-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң негiзгi мiндеттерi
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң негiзгi мiндеттерi:
1) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп-қатердi болжау және анықтау;
2) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп-қатердiң алдын алу мен оны зарарсыздандыру жөніндегі жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн әзiрлеп, жүзеге асыру;
3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi күштердi құрып, әзiрлiкте ұстау;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жалпыға бiрдей және аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысу болып табылады.
8-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi
1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiне:
1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құрамалары;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2) ұлттық қауiпсiздiк, iшкi iстер, сыртқы барлау, әскери және қаржы полициясы органдары, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметi, салық және кеден қызметтерi, төтенше жағдайлардың зардаптарын жою қызметтерi жатады.
2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi күштер бiр-бiрiмен заңдарда белгiленген шекте өзара iс-қимыл жасайды және өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша бiр-бiрiне өзара хабардар етiп отырады.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету өз құзыретi шегiнде дербес, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiнiң өтiнiштерi бойынша жүзеге асыратын барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бәрiне мiндеттi болып табылады.
3-тарау. Қазақстан Республикасы Президентінің,
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, Үкіметінiң, соттарының,
мемлекеттік органдары мен меншiк
нысандарына қарамастан ұйымдарының ұлттық қауiпсiздiктi
қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiктерi
9-бап. Қазақстан Республикасының Президентінің өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Президентi:
1) елдiң ұлттық мүдделерiн қорғау саласында мемлекеттік билiктiң барлық тармақтарының үйлесiмдi iс-қимылын қамтамасыз етедi;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша актiлер шығарады;
3) Қауiпсiздiк Кеңесiн құрады, оның мiндеттерi мен өкiлеттiгiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк тұжырымдамасын бекiтедi;
4) Ұлттық қауiпсiздiкке төнген нақты, ықтимал қатердi айқындайды және Қауiпсiздiк Кеңесiнiң пiкiрiн ескере отырып, барлық азаматтардың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі қажеттi шаралар қолданады;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзге де қажеттi өкiлеттiктi жүзеге асырады.
10-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Парламентi:
1) Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша заңдар қабылдайды, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгiзедi;
2) соғыс және бейбiтшiлiк мәселелерiн шешедi;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Республиканың Қарулы Күштерiн бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөніндегі халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн пайдалану жөнiнде шешiм қабылдайды;
4) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша парламенттiк тыңдау өткiзедi;
5) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы жүктеген өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.
11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжілісiне ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдардың жобаларын енгiзедi және сол заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгi тұжырымдамасын әзiрлеудi ұйымдастырады;
3) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі қызметiне басшылық етедi;
2007.07.08. № 321-III ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) мыналардың:
ұлттық холдингтердің және (немесе) ұлттық компаниялардың не олардың аффилиирленген тұлғаларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына берілген және (немесе) олардың меншігінде тұрған стратегиялық объектілердің;
мемлекетпен аффилиирленбеген заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке тұлғалардың меншігінде тұрған стратегиялық объектілердің тізбелерін түзеді;
2007.07.08. № 321-III ҚР Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды
3-2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы стратегиялық объектілер жөніндегі комиссияның ұсынымдары негізінде жеке және заңды тұлғаларға тиесілі Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қауіп туғызуы мүмкін стратегиялық объектілермен азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасуға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды:
2007.07.08. № 321-III ҚР Заңымен 3-3) тармақшамен толықтырылды
3-3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан стратегиялық объектілер жөнінде комиссия құрады ;
4) Конституцияға, заңдарға және Президенттiң актілеріне сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзге де қажеттi өкiлеттiктi жүзеге асырады.
12-бап. Соттардың өкiлеттiгi
Соттар:
1) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiне қол сұғылатын қылмыстар туралы iстер бойынша сот төрелiгiн жүзеге асырады;
2) азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Конституцияның, осы Заңның және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етедi.
13-бап. Мемлекеттік органдардың өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерiнiң бiрiншi басшылары арқылы және өздерiнiң құзыретi шегiнде:
1) қарамағындағы ұйымдардың ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жоспарлау мен өткізу жөніндегі қызметiне басшылық етедi;
2) жоғары тұрған мемлекеттік органдарға ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныс енгiзедi;
3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) әрекеттерi (немесе әрекетсiздiгi) ұлттық мүдделердiң бұзылуына, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiруге әкеп соғатын лауазымды адамдарды, мемлекеттік қызметшiлердi тиiсiнше жауапқа тартады.
Орыс тіліндегі өзгерістерді қара
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
14-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың өкiлеттiгi
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдар өздерiнiң құзыретi шегiнде:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданып, жұмыс ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген жұмылдыру қуаттары мен жұмылдыру резервтерiнiң (ресурстарының) сақталуын қамтамасыз етедi.
15-бап. Қауiпсiздiк Кеңесi
1. Қауiпсiздiк Кеңесi Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы консультациялық-кеңесшi орган болып табылады.
2. Қауiпсiздiк Кеңесiн ұйымдастыру мен оның қызмет тәртібін Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
4-тарау. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
16-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезіндегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерi
1. Қазақстан Республикасы ұлттық заңдар мен халықаралық шарттарға сәйкес өз аумағындағы әрбiр адамның және азаматтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Қазақстан Республикасы өз шегiнен тыс жердегi Қазақстан азаматтарына мемлекеттiң қорғалуы мен қамқоршылығына кепiлдiк бередi.
2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңдармен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершiлiгiн сақтау мақсатында қажет болатын мөлшерде ғана шектелуi мүмкiн. Бұл орайда азаматтар мен ұйымдар заңдарда белгiленген тәртiппен ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету субъектiлерiнен өз құқықтары мен бостандықтарының шектелулi жөнiнде түсiндiрме алуға құқылы.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде өз өкiлеттiгiн асыра сiлтеген лауазымды адамдар заңда белгiленгенiндей жауапты болады.
4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге жәрдем көрсеткен азаматтар мен ұйымдарға мемлекеттік қолдау жасауға, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларды құқықтық жағынан қорғауға кепiлдiк берiледi.
17-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге:
1) мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдары, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі шараларды iске асыруға заңды негiзде қатысушы азаматтар құзыретiнiң ара-жiгiн жiтi ажыратып, олардың үйлесiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ете отырып, дәйектi iске асырылатын бiртұтас мемлекеттік саясат;
2) нақты және ықтимал қауiп-қатерге ұлттық мүдделердi қорғау жөнiнде лайықты шаралар қолдану;
3) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өзара жауапкершiлiгi, олардың мүдделерiн теңестiрiп отыру арқылы қол жеткiзiледi.
2. Қазақстан Республикасы өзiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн өз қолында бар барлық құралдар мен әдiстер, оның iшiнде бiржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдар мен әдiстер арқылы қамтамасыз етедi.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету:
1) осы саладағы мемлекет қызметiнiң негiзгi бағыттарын белгiлеу;
2) ұлттық қауiпсiздiкке төнген қатердi анықтау және болжау;
3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қатердiң алдын алу және оны зарарсыздандыру жөнiнде, оның iшiнде осы қатердi туғызушы себептер мен жағдайларды жою жөнiнде оралымды және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн жүзеге асыру;
4) ұлттық мүдделерге тiкелей қатер төнген, оларға қол сұғылған жағдайларда, оның iшiнде iшкi мемлекеттік, шекарааралық және ғаламдық сипаттағы тосын және төтенше жағдайлар туындаған реттерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi мен құралдарын жұмылдыру;
5) ұлттық мүдделердi қорғау жөніндегі шешiмдер мен iс-әрекеттердi дереу қабылдау, ұлттық қауiпсiздiкке қол сұғатын кез келген заңсыз iс-әрекеттердiң жолын кесу, өзге де құқық шектеу шараларын жүзеге асыру;
6) ұлттық мүдделерге қол сұғушылыққа байланысты зардаптарды оқшаулау және жою, қалпына келтiру шаралары кешенiн жүзеге асыру арқылы ұлттық мүдделердiң қорғалуының қажеттi деңгейiне қол жеткізу мен оны сақтап отырудан тұрады.
18-бап. Экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Экономикалық қауiпсiздiк мемлекеттік органдардың, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:
1) Қазақстанның экономикалық тәуелсiздiгiн қамтамасыз етуге;
2) Қазақстанның дүниежүзiлiк экономикалық жүйеден экономикалық тұйықталуына жол бермеуге;
3) ел экономикасының ресурстық-энергетикалық негiзiн сақтау мен нығайтуға;
4) Қазақстанның геосаяси төңiрегiнде туындайтын ықтимал терiс факторлардың әсерiне байланысты мемлекет экономикасының шетiндiк дәрежесiн барынша азайтуға;
5) отандық және халықаралық қаржы институттарымен өзара тиiмдi ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, отандық экономиканы қалпына келтiру мен дамытуға арналған iшкi, сыртқы несие ресурстары мен инвестициялық мүмкiндiктер бағытының басымдығына;
6) мемлекеттік бюджет тапшылығының мүмкiн болатын шектi деңгейiнен асып кетпеуге және оның кiрiс бөлiгiн нығайтуға;
7) бюджет қаражаты мен мемлекеттік ресурстардың нысанасыз пайдаланылмауына жол бермеуге;
8) сыртқы қарыздың республикалық бюджет туралы заңда белгiленген мөлшерге қарағанда ұлғайып кетуiне жол бермеуге;
9) Қазақстан аймақтарының әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы қатерлi теңдессiздiкке жол бермеуге;
10) бәсекенi көтермелеу және монополизмдi шектеу жағдайында ел экономикасында қазақстандық тауар өндiрушiлердiң үлесiн арттыруға;
11) экономикалық өсудi қамтамасыз етуге бағытталған шешiмдерiмен және iс-әрекеттерiмен қамтамасыз етiледi.
2. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау, оның iшiнде мемлекеттiң өнеркәсiп әлеуетiн сақтау мен нығайту мақсатында мемлекет шетелдiк инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, Қазақстан экономикасының шетелдiк ұйымдар мен шетел қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгіндегі объектiлердiң жай-күйi мен пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
ҚР 2005.14.10 № 79-III Заңымен 3 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарын пайдалану жөніндегі келісім-шарттар жасалған (өзгертiлген) кезде, осы келісім-шарттардың орындалуы мен олардың орындалуын бақылау, сондай-ақ мемлекеттік органның жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға iшiнара немесе толық беруiне рұқсат беруi немесе рұқсат беруден бас тартуы туралы шешiм қабылдауы кезiнде және жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесін (акциялар пакетін) иеліктен айыруға рұқсат беруi немесе рұқсат беруден бас тартуы кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.