Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі № 645 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 4 сәуірдегі № 469 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі № 645 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 25, 257-құжат) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесінде:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
«8) «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамы».»;
3-тармақта «республикалық бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында» деген сөздер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің (бұдан әрі - министрлік) Стратегиялық жоспарында» деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақта «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне (бұдан ірі — министрлік)» деген сөздер «министрлікке» деген сөзбен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 9-бөліммен толықтырылсын:
«9. Агроөнеркәсіптік кешенді «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамының қатысуымен қолдау тәртібі
55. Осы бөлімде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы білімді тарату жүйесі - ауыл шаруашылығы саласындағы әдістер мен технологияларды жетілдіруге, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі мен кірістілігін арттыруға және агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне арналған оқыту және практикалық бағдаламаларды іске асыру жолымен ауылдық аумақтардың тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйесі;
56. Агроөнеркәсіптік кешенді «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - «ҚазАгроИнновация» АҚ) қатысуымен қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті дамыту;
2) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық қызметті ынталандыру және дамыту;
3) агроөнеркәсіптік кешен саласында адам ресурстарын дамыту.
57. Агроөнеркәсіптік кешенді «ҚазАгроИнновация» АҚ қатысуымен қолдау заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізу, жоғары бағалы өсімдіктер сорттарының, ауыл шаруашылығы жануарларының, құстар мен балықтардың тұқымдары мен түрлерінің тектік қорларын сақтау және дамыту жолдары арқылы агроөнеркәсіптік кешен саласында ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтер көрсету;
2) инновациялық жобаларды қаржыландыруға қатысу, агроөнеркәсіптік кешенде инновациялық инфрақұрылымды құруға және дамытуға көмек көрсету, инновация, зияткерлік меншікті қорғау саласында халықаралық ынтымақтастықтың дамуына көмек көрсету арқылы ауыл шаруашылығы өндірісіне перспективалы агротехнологияларды енгізу (коммерцияландыру және трансферт (қарыз алу);
3) мамандандырылған инфрақұрылымды қалыптастыру мен дамыту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді оқыту жолымен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы білімді тарату саласында қызмет көрсету арқылы жүзеге асырылады.».
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |